• Қоғам
  • 23 Қыркүйек, 2020

ОТАНДЫҚ МЕДИЦИНАНЫҢ МӘРТЕБЕСІ МЕН ӘЛЕУЕТІН ҚАЛАЙ АРТТЫРАМЫЗ?

Хамидолла ИРМЕНОВ,
Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжінің директоры, медицина ғылымының кандидаты

Дәрігердің мәртебесін пандемия айқындап бергендей. Басшыдан ­бастап қосшыға дейін дәрігердің қоғамдағы рөлі қандай екенін жете түсінді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында бұған ерекше тоқталып өтті. Бұрын ауылда жолдың үстімен дәрігер келе жатса, оның ал­дын ешкім кесіп өтпейтін еді. Мұғалім мен дәрігердің абырой-беделі зор болатын.

ДӘРІГЕРДІҢ МЕРЕЙІ МЕН МӘРТЕБЕСІ

Қазір дәрігерге пациенттер анайы сөйлеп, дөрекі қылық көрсетіп, тіпті қол жұмсап жіберетінін де естіп ­қа­ла­мыз. Денсаулық сақшыларын кінәлаушылардың, қара күйе жағушы­лардың қатары көбейіп келе жатқаны өкінішті, әрине. Өмірде түрлі жағдайлар кездеседі ғой. Адам денсаулығына, өміріне қатер төнгенде, ақ халатты ­абзал жандар көмекке келеді.
Дәрігер мың адамды ажалдан құт­қарып, бір рет қана қателесуі мүм­кін. Ол да пенде ғой. Ендеше, ол құтқарған мың өмір неге ескеріл­мейді? Мұндай жағдайда оны кінә­лаудан бұрын мәселенің анық-қанығын толық зерттеп біліп алған жөн. Тура келген ажалдың алдында дәрігер де дәрменсіз екені хақ. Одан бөлек, ғаламтордан оқыған деректерге сүйеніп, не біреулердің айтуымен дәрігер тағайындаған емге қарсылық танытатындары да кездеседі. Иә, кей әріптестерім тарапынан да кемшіліктер кездесетін шығар. Адамның, маманның бәрі бірдей емес қой. Дегенмен де, мұның бәрі дәрігердің абырой-беделіне әсер етпей қоймасы анық. Осындай дау туындаған тұста істің ақ-қарасын білетіндер бейтарап қалмай, пікірін білдіріп отырғаны жөн деп ойлаймын.
Дәрігер болу өте қиын және екінің бірі жақсы дәрігер бола алмайды. Мен жақсы танитын бір хирург болды. Өзі көп оқып, барынша ізденетін. Түрлі курстарға қатысып, білім-біліктілігін жетілдіріп жүрді. Алайда іске келгенде қатты қиналатын. Яғни теориялық тұрғыдан білгенін тәжірибе жүзінде қолданар шақта абдырап қалатын. Мәселен, соқыр ішекке ота жасау үшін ол 1-1,5 сағат жүретін. Ал басқалары оны 15 минутта жасайды.
Батысқазақстандықтарға жақ­сы ­таныс жоғары санатты аку­шер-гинеколог Болат Біләлиев деген досым кешегі карантин кезінде о дүние­лік болды. Сауатты, жауапкер­шілігі жоғары маман ретінде ол кезінде Мозамбик ­Республикасына арнайы барып, онда 2,5 мың әйелге ота жасаған еді. Жетпіс жылдан аса ғұмырының елу жылға жуығын ­медицина саласына арнаған ол ­кесер тілігін жедел әрі сапалы жасаумен ерекшеленетін еді, марқұм. Міне, осындай мейірімділік пен ізгілік ­жаршыларын неге жиі насихаттамасқа?!
Медицина мамандарының ­мәр­тебесін көтеру арқылы тұтастай денсаулық сақтау саласының қыры мен сырын, ағы мен қарасын айыруға ­болатыны белгілі. Сол себепті ақ желеңді жандардың еңбегін елеп, қадір-қасиетін өсіру жағын ескерейікші.

ДӘРІГЕР ҚАЙ ЗАМАНДА ДА ДӘРІГЕР

Саналы ғұмырым медицина ­саласымен байланысты. ­Ата-анамдай болған апа-жездем осы саланың білікті мамандары, ғалымдары болды. Медицинаның қыр-сырын, Гиппократ антына берік болуды үйреткен жылы жүректі, алтын қолды ұстаздарым, әріптестерім бар. Содан шығар, дәрі­герлерге қатысты келеңсіздіктер туралы оқып, естіп, көрсем қай-қайсысы да жаныма батады. Бүгінгі таңда әріптестеріме қатысты оңды-солды айтылып жатқан сөздердің де ­заманы өтер. Әр нәрсенің құлдырау, өсу, шарықтау шегі болады емес пе. Абай атамыз да бұл өмірде баянды ештеңе жоқтығын жазып кеткен жоқ па. Оны жүріп өткен өмір жолыма қарап та айта аламын.
1985 жылы Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, туған өңірім Ақ Жайыққа оралып, еңбек жолымды Орал облыстық перзентханасында реаниматолог болып бастадым. Одан кейін облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері болдым. 2004 жылы облыстық ауруханаға жетекшілік жасадым. Сол кезде аурухананың жағдайы мәз емес еді. Екі-үш жылдың ішінде осындай олқылықтардың бәрін реттедік. Төрт жыл ішінде бұл емдеу орнының барлық корпусын жөндеп шықтық, жетіспейтін дәрігерлерді шақырдық, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына қараса бастадық. Мұның бәрі қызмет­керлердің көңіліне сенім ұялатты. Бұл істі Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып барған соң да жалғастырдым. Мемлекеттік бағдар­ла­малар аясында Оралда кардио­логиялық, онкологиялық орталықтар және өзге де қажетті емдеу мекемелері ашылды. Көрші Ресеймен арадағы жақсы қарым-қатынастың нәтижесінде Орынбордағы Федоров көз орта­лығының басшылығымен бірлесіп, облыстық аурухананың ішінен көз ауруларын емдеу бөлімін жа­сақтадық. Одан бөлек әлемге танымал немістің лор хирургі Хеннинг Хойманмен достық байланыс орнаттық. Ол ­Штудгарттан (Алмания) арнайы Оралға келіп ота жасап тұрды. Соның нәтижесінде біраз жыл бойы дым естімей жүрген ­облыс тұрғындарының, соның ішінде ауылдағы ағайынның отадан кейін құлақтары қалыпқа келді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан ізгі іске риза болған олар ел, облыс басшыларына ризашылықтарын білдірді. Төрт-бес жыл қатарынан келген Хойманнан біздің дәрігерлеріміз, әсіресе жас мамандар құлаққа ота жасаудың қыр-сырын меңгерді.
Дәрігер қай заманда да дәрігер ғой. Оның міндеті – күн-түн демей, адамдарға көмектесу. Ол қалыптасқан қағида. Алайда нарықтық заман жастардың көзқарасын өзгертуде. Сөздің шыны керек, ақша төленбесе, жастар қазір аяғын аттап басқысы келмейді. Ал біздің кезімізде бәрі басқаша болды. Кезекшілікке жөнді ақша төленбейтін. Соған қарамастан ауруханадағы кезекшілікке өзіміз сұранып баратын едік. Демалыс, мереке күндеріміз негізінен ауруханада өтетін. Міне, соның арқасында көп нәрсе үйрендік. Жоғарыда айтып өткен неміс әріптесіміз де кәсіби білікті маман болу үшін көп іздену, еңбек ету қажеттілігін жиі айтатын. Бастапқы кезде бұл істе әлеуметтік-материалдық тұрғыдан ұтылуың мүмкін, алайда ертең алдың жарық болады. Егер сен білімді, білікті, адал дәрігер болсаң, ел-жұрт құрмет тұтады, атақ-абырой, жақсы табыс өзі келеді. Жас әріптестеріміз осыны ескерсе екен деймін.

АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫН ДАМЫТУ

Жастар демекші, бүгінде олардың арасында медицина саласына баруға екі ойлы болып жүргендер қатары біртіндеп артып келеді. Себебі оқыту мерзімі ұзақ. Бұрын мединститутта алты жыл, сосын бір жыл интернатурада оқыса, қазір оларға қосымша резидентура деген шықты. Соның бәрін қосқанда он жылдай оқиды екен. Ұзақ оқудың сапаға да әсері жоқ емес. Мемлекет басшысы Жолдауында дәрігер мамандардың сапасын күшейтуді талап еткені белгілі. Сол себепті оқу үдерісіне өзгеріс енгізіп, мамандарды барынша жедел дайындауды қолға алатын уақыт келген сияқты. Әсіресе Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, эпидемио­лог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандарды 3-4-курстарда дуалды әдіске көшіріп, кадр тапшылығы бар медициналық ұйымдарға жолдаған дұрыс. Яғни саладағы оқыту үдерісіне байланысты оперативтік-нормативтік құжаттар уақытылы шығарылғаны жөн. Сонымен қатар медициналық оқу орындарының материалдық базалары заман талабына сай өзгертілуі тиіс деп ойлаймын. Инновациялық, симуляциялық тәжірибелер енгізіп, оқытушылық-профессорлық құрамының әлеуметтік жағдайына, олардың мәртебесі жоғары болуына мән берілу қажет.
Ауылда туып-өскен соң, ондағы жағдайға құлақ түріп, елеңдеп оты­расың. Кезінде ауыл медицинасын дамытуға арналған бағдарламалар болды. Ол өз нәтижесін берді. Тәуел­сіздігіміздің жиырма жылдығы ішінде Ақ Жайық өңірінде 200-ге жуық медициналық нысан бой көтеріп, олар дәрігерлермен қамтамасыз етілген еді. Жыл сайын жүзден астам жас мамандар шақыртылып, аудан деңгейіндегі медициналық көмектің аясы кеңейтілген болатын. Қазіргі қолдау шаралары сол кездегімен салыстырғанда төмендеу. Өйткені ауыл медицинасын дамытуды одан әрі жалғастыруға бағытталған арнайы бағдарлама жоқ. Мамандар жергілікті жерде көп тұрақтамайды. Бұл әсіресе кешегі пандемия кезінде анық бай­қалды. Сол себепті бұл мәселеге де жете мән беру қажет екені анық.

ТӘЖІРИБЕЛІ ТАРЛАНДАР ШОҒЫРЫ

Денсаулық сақтау саласында өзекті мәселе көп. Кадр тапшылығы, дәрігер­лердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, материалдық-техникалық жарақтандыру сынды түйткілдер уақыт өте шешіледі деп ойлаймын. Меніңше, ең басты мәселенің бірі – салада жастарға үлгі болатын, оларды бастап жүре алатын білімді де білікті тұлғалар шоғырын қалыптастыру. Қазір «дәрігерлердің санаты емес, сертификаты маңызды» деген желеумен санаттар алынып тасталды. Бұл дұрыс емес. Санат ақ желеңділерді алға талпындыратын, ізденісті арттыратын жайттың бірі емес пе. Тағы бір мысалды қағазбастылыққа қатысты айтқым келеді. Толған есеп, түрлі құжаттар толтыру дәрігерлерді шаршатып жіберді. Соған орай біраз әріптесіміз өздерінің ем-дом кабинеттерін ­ашуда, жеке клиникалардың шақыртуын қабылдауда. Сөйтіп, мемлекеттік емдеу мекемелерінен мықты мамандар кетіп жатыр. Мәселен, Батыс Қазақстан об­лыстық ауруханасына осы­дан бес-алты жыл бұрын еліміздің басқа өңірлерінің, Ресейдің тұрғындары келіп осында емделетін. Қазір олай емес. Себебі білімді де білікті мамандар азайды.
Адамгершілігі мол, кәсібіне адал, жөн-жосықты білетін, елдің жағ­дайымен жіті таныс, көпшілікпен тіл табыса жұмыс істей алатын тәжірибелі дәрігерлерге қарап жастар бой түзейді. Бір мысал келтірейін. Осыдан төрт-бес жылдай бұрын, яғни Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының ­басшысы ­болып қызмет атқарып жүрген кезімде Тимур Әжіғалиев деген жас жігіт келді. М.Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық университетін бітіріп келген беті екен. Онымен бірге қабылдауымда болған әкесі ­баласына облыс орталығындағы емхана, не ауруханадан жұмыс беруімді өтінді. Жас жігіттің өзі де жөнді қазақша білмеген соң ауылға баруға аса құштар болмады. Мен оларға жастар негізінен еңбек жолын ауылдан бастау керектігін айттым. Әрі мемлекеттік тапсырыс бойынша оқығасын, міндетті түрде ауданға жіберіледі деп, Оралдан 600 шақырымдай қашықтықтағы Бөкей ордасы ауданына жолдама бердім. Мұңайып шығып бара жатқанда Тимурға бір жылдан соң Оралға алдыратынымды айтып, аз-маз жігер бергендей болдым. Сөйтіп, келесі жылы шақырсам, ол тағы да бір жыл жасайын­шы деп өтініш білдірді. Нәтижесінде сол ауылда үш жыл еңбек етті. Аудандағы тәжірибелі мамандардың көмегімен білікті хирург болып қалыптаса бастады. Қазақы жерге барып қазақша жақсы сөйлейтін болды. Одан кейін оны Оралдың маңындағы Дариян ауылындағы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары етіп бекіттік. Ұйымдастыру, әкімшілік жұмыстарды үйреніп, мұнда да жақсы қырынан танылды. Өткен жылы ол Орал қаласындағы №5 емхананың директоры болды, ең бас­тысы Президенттік жастар резервіне енді. Міне, осындай жанып тұрған жастарды бастап жүретін, оларға дұрыс бағыт беретін тәжірибелі тарландар көп болса отандық медицина саласының мәртебесі де, әлеуеті де артары сөзсіз.
Мұны Үкімет, соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігімен қатар, Парламент те назарға алып, ҚР Президентінің Жолдау арқылы берген тапсырмасын орындау бағытындағы іс-шаралар жоспарына енгізіп, бұл бағытта тиісті заңнамалардың қабылдануына ұйытқы болса нұр үстіне нұр.

1617 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы