• Қоғам
  • 23 Қыркүйек, 2020

МЕМЛЕКЕТ МАҚСАТЫ – ҚОҒАМДЫ САҚТАУ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығымен Қазақстанда «Еңбек күні» мерекесі белгіленген болатын. Ол қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Қазір еңбек күні Қазақстанда кеңінен насихатталып жүр. Еңбек күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы еңбек мәселесін көтергені де назардан тыс қалмасын деген оймен аз-кем пікірімізді білдірсек дейміз...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауында да халықтың еңбек етуіне, әлеуметтік мерей-мәртебеге жетуіне қатысты жайттар жан-жақты талқыланған болатын.
Елбасының Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын құру туралы идеяла­рының шеңберінде өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында ­­жұ­­мысшы кәсіптерін насихаттау мен жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту мәселесі осы күні де қоғам назарынан тыс қалған емес. Алайда әлемдік пандемия көп нәрсеге кедергі келтіргені де рас. Пандемияның жалпыәлемдік құбылысқа айналуы мен әлемдік ахуалдағы өзгерістер тұрғын халықтың көңіл күйіне, тұрмысына, тағдырына оңай тимеді. Сондықтан жалпақ әлеуметтің уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам өкіліне 42 500 теңге мөлшерінде көмек берілді. «…Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды». Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестицияның қарқыны да, көлемі де ұлғаятын болды. Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың және түпкілікті шешімдер топтамасы тұрмыс тапшылығын тартып отырғандардың, қалың бұқараның артқан үмітін ақтайды деп сенеміз.
Президент бастамасымен оқу-ағарту, денсаулық сақтау және басқа да кейбір салалардағы еңбекақының көбейтілуі төлемдік-қайырымдық жүйенің тынысын кеңейтеді. Кезеңдік міндеттердің қандай екенін халық алдын ала біліп, оның қалай жүзеге асып жатқанын қадағалап отыруға жағдай туды. Салымшыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану үшін мүмкіндік беру мәселесі таяу жылдардағы және ұзақ мерзімдегі міндеттерді сындарлы түрде жүйеге келтіреді. Бір айта кететін жағдай, дер кезінде қолға алынған жұмыссыздықпен күрес, ең алдымен, жастарды жұмыспен қамтып, сол арқылы демографиялық қиындықтарымызды жеңілдетуге орайлас шешілетін болды. Әйтпесе, уақытша тауып берілген жұмыс орыны, азғантай мал-мүлік тұрғын халықты табыссыздықтан, бюджет тапшылығынан біржолата құтқара алмайды. Бұл, әсіресе, қазіргі панде­мияға байланысты аса қиын тарихи кезеңдегі ерекше маңызды нар тәуекел. Мемлекеттік билік жауапкершілікті өз қолына алып саяси ерік көрсетуге мәжбүр болып отыр. 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді. Біздің еліміздің жаңа экономикалық бағыты ақылға қонымды, адамдарға ұғымды жеті түпқазық қағидаға негізделетін болады. Бұл экономикалық қарым-қатынастарды барлық тараптың мүдделерін мұқият ескеріп, осы заманға лайықтап қайта құруға талпынған үміт. Сонымен қатар осы реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады деп ойлаймын. Өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Ойда-жоқта орасан қарқын ала бастаған пандемияның даму процестерін ырықтан шығарып алмауға мейлінше зор үлес қосады.
Қазақстан мемлекетінің мақсаты – қоғамды сақтау. Жолдауда халыққа жұмыс, бюд­жетке табыс беретін өндіруші бизнесті дамыту жолдары айтылды. Енді жұмыссыздықты жою қолға алынып отыр. Соның арқасында бюджеттік түсімдер ең шетін әлеуметтік қиындықтарды біртіндеп жеңілдетуге, жағдайы төмен отбасылардың әл-ауқатын оңалтуға бағытталады.
Уақыттың ең негізгі өлшемі – нәтижелі аяқталған іс. Қазір Президент маңыз беріп отырған бұл мәселелердің шешімін табуы үшін жауапкершілік пен еңбекқорлық қажет.

Ләззат Спанқұлова,
экономика ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті

446 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы