• Руханият
  • 30 Қыркүйек, 2020

АҚИҚАТ – ЖАЛҒЫЗ, ШЫНДЫҚ – КӨП

Жақында Абай Шарапиевтің «Ақиқат» атты кітабы қолға түсті. Әулие әрі ақын, ғұлама әрі ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыз бен оның айналасындағы тұлғалардың бітім-болмысына арналған салмақты, танымдық әрі берері мол дүние екен. Мәшһүр Жүсіп музейінің ашылу тарихының тамырын тереңнен тартып, ащы болса да ашық, ауыр болса да асыл ақиқатын ақтарып жазған кітабы «Ақиқаттың өзін іздеуге арналған – «Ақиқат». Қылышынан қызыл қаны тамып тұрған Кеңес Одағында атын атауға тыйым салған танымал тұлғаларымыздың есімі жалпының ­жадына жатталып, ұрпақтың санасында сақталуы үшін кері тартқан саясаттың салқыны мен дауылына жалғыз өзі қарсы шыққан ұлттың шын жанашыры бола білген абзал жүректі, абыз аталарымыз болған. Ұлты мен ұрпағы үшін «мыңмен жалғыз алысқан» абыз атамыз Нағи Ахметовтің ерен еңбегі мен көрегендігі, көсемдігі көрсетілген бұл кітап жұртшылықтың назарына бірден ілігіп, оқырманын баурап алған елеулі еңбекке айналып отыр.

Кітаптың құрылымына келсек, ретіне қарай 10 тарауға бөлінген. Кіріспесіне Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларын арабтың қадим жазуы­нан қазіргі қазақ графикасына аударып, екі томдығын дайындаған белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітұлының мақаласы берілген. Екінші ­тарауын «Ой толғау» деп атаған екен. Осы кітаптың негізгі ­экспозициясы осы тараудан басталады. Кітаптағы оқиғаның өрбуі үшін үнемі белгілі бір проблема қозғалып барып, соның түйінін шешіп, күрмеуін ағыту қажет. Автор осы тарауында Мәшһүр Жүсіптің ел есінде қалуына үлес қосқан азаматтарды атай келе, кейбір мәселелерде бұрмалаушылықтар мен қате ақпараттардың тарағанына күйініп, ақиқатын ашуға бел буады. Кітаптың «Ой толғау» тарауын автор «Ал, енді мұражай қашан, қалай, кімнің бастауымен іске асырылды, мәшһүртану ісінің басы-қасында кімдер болды, шығармаларын шығаруға кім мұрындық болды? Осы сұрақтың жауабын қолымдағы заңды күші бар құжаттар арқылы дәлелдеп, оқырманның көзін ақиқатқа жеткізуді жөн көрдім. Мәшһүр Жүсіптің атын айту қиын болған заманда ақ тер, көк тер болып ерен еңбек еткен, мәшһүртанудың қалың сеңін қозғаған Ахметов Нағи ақсақал еді» дейді.
Автор ақиқатты ашудың жалғыз жолы – бұлтартпас дәлелдер мен жалтартпас дәйектер екенін айқын түсінгені байқалады. Ол өз кітабында архивтік, эпистолярлық құжаттар мен артефактілерді, эпиграфикалық, этнографиялық деректерді, қолхаттарды, дәлелді дәйектерді, айтылған ақиқи сөздер мен мол мұрағат қорларын, тіпті кейбір заттардың сақталған төлем чегін де жөні мен жолына қарай, жүйелеп, хронологиялық тәртіппен, сілтемесін келтіріп, шебер қолдана білген. Кітапта қолданылған архивтік құжаттардың көпшілігі отбасылық мұрағаттардан алынған материалдар. Ең ескісі 1937 жылы КСРО Орталық атқару комитетінің төрағасы қол қойып, Нағи Ахметовтің еңбекке және қорғанысқа дайын екендігіне дәлел ретінде берілген грамота. Кітапта кездесетін эпистолярлық құжаттардың басым бөлігі Нағи Ахметовтің Мәшһүр Жүсіп мұрасын сақтау, жарыққа шығару, музейін ашу сияқты аса қажетті мәселелер бойынша КОКП-ның ХХV съезіне, Қазақстан жазушыларының VІІ съезіне, Қазақстанның коммунистік партиясының ХІV съезіне, Қазақстанның ОК Бас хатшысы Д.А.Қонаевқа, ҚР ҒА президенті А.М.Қонаевқа, ҚазКСР-і Жоғарғы кеңесінің төрағасы С.Б.Ниязбековке және т.б. лауазымды тұлғаларға жазған хаттары. Сонымен қатар Мәшһүр Жүсіп музейіне экспонаттардың, фотоқұжаттардың және т.б. материалдардың тапсырылғаны туралы қолхаттары, музейдің ашылуы туралы жазылған бұйрықтар – бүгінгі тарихи дереккөзі ретінде аса құнды материалдар. Бұл қолхаттарда музейге тапсырылған көптеген артефактілердің тізім-тізбегі кездеседі. Қазіргі таңда Нағаңның өз қолымен тырнақтап жинап, музейге тапсырған дүниелері музейдің қорында бар ма, жоқ па соны түгендейтін күн туған сияқты. Ол үшін музей ­директоры Қажыман Пазыловтың және осы кітаптың авторы Абай Шарапиев ағаларымыздың ­бастамасымен белгілі бір комиссия құрылып, музейдің қорындағы экспонаттар, фотоқұжаттар және т.б. материалдардың толыққанды тізімін жасап, Нағи Ахметов ­жазып қалдырған қолхаттар негізінде ­салыстыру жұмыстарын жүргізу өте қажет. Нағи Ахметовтің қолхатында, мәселен, мынадай заттар тапсырдым деген дерек бар: 1. Шақша; 2. Портреті; 3. Тымақ; 4. Тақия; 5. Вывеска; 6. Рога оленя; 7. Портрет М.Жусупа; 8. Русс. класс, 6 шт.; 9. Книги, 70 шт.; 10. Штамп; 11. Часы; 12. Пластинка; 13. Сувениры, фигуры, 60 шт.; 14. Коран Кунанбая; 15. Ташпих және т.б. барлығы 21 затты атап өткен. Сонымен қатар 1977 жылы 53 тұлғамыздың фотосуреттерін жіберіп, тізімін берген екен. Бұлардың ішінде, Шоң би, Төлебай баба, Теміршот Айтбақин, Әміре Айтбақин, Мұқыш Боштаев, Әбутүсіп болыс және т.б. бүгінгі күні бейнелері белгісіз тұлғалардың аттары аталып, суреттерін жолдаған екен. Бұл фотолар шынымен де музей қорында болса, оларды ­жариялап, жалпы жұртқа таныту өте маңызды.
Нағи Ахметовтің эпиграфикалық ескерткіштерге үлкен мән беріп, Баянауыл өңіріндегі тарихи тұлғалардың жерленген жері елдің есінен шықпауы үшін басына тас қойып, құлпытас орнатуы алдымен Алла, артынан адам сүйсінерлік ­сауапты іс. Бұхар жырау, Әбжалап дуана, Жасыбай батыр, Үкібай би, Мәшһүр Жүсіп, Ақзейнеп әже және т.б. тарихи тұлғалардың ­басына белгі салып, құлпытас орнатып ­кеткен. Ал Мәшһүр Жүсіп атамыздың бәйбішесі Рабиға Шегебайқызы апамыздың басындағы құлпытастың арабша жазылған түпнұсқасын қазіргі қазақ жазуына аударып, ұрпаққа таныс­тырып кеткен. Ең өкініштісі, сол құлпытасты суретке түсіріп, түпнұсқа фотосын тапсырса нұр үстіне нұр болатын еді. Себебі қазіргі таңда бұл құлпытасты қайта бекітіп орнатқандар тастың аяқ жағындағы жазуын цементпен бекітіп, жердің астына құйып жіберген. Сондықтан да Нағи Ахметовтің аудармасында кездесетін Рабиға Шегебайқызы ­деген жазу жерге құйылып кеткендіктен оны оқу бүгінгі күні мүмкін емес.
Кітапта Нағи Ахметов Рабиға Шегебайқызының басына қойылған құлпытасты былай аударған екен.:
Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің әйелінің зиратындағы тастағы ­жазуы:
Бізді көрсең моламыз,
Тастан соққан қорамыз!
Жақсы емес жорамыз...
Жол бойында тұрамыз.
Айдабол Түлебай би
Шегебай қызы Рапия.
Көшіріп алған Ахмет ұлы Нағи, музейді ұйымдастырып ашқызған 8/VІІІ-1977 ж. (1-сурет).
Бұл құлпытасты мен де аударып шыққан едім. Осы жылдың тамыз айының басында ­Алматы қаласындағы Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бір топ ғалымдары «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми жобасы (жоба жетекшісі – т.ғ.д., проф., ҚР ҰҒА корр. мүшесі М.Қ.Әбусейітова) аясында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу мақсатында ғылыми экспедицияда болдық. Осы экспедиция барысында Жаңатілек ауылдық округіне қарасты Айдос елді мекені жанындағы Мәшһүр Жүсіптің бәбішесі Рабиға Шегебайқызының зираты басында болып, құлпытастағы арабжазулы эпитафияны аударып, өлшемі мен материалын және т.б. мәліметтерді тіркеуге алып, зерттеу нысанына енгіздік. Осы экспедиция барысында біз, ­Баянауыл төңірегіндегі тастардың, яғни ­тарихи жәдігерліктердің көбінің күтімсіз жатқанын, ­арабша ­жазуды танымағандықтан көптеген қателіктерге душар болған жағдайларды байқадық. Рабиға апамыздың тасын Мәшһүр Жүсіп кесене қоры орнатқан екен. Тастың арабшасын оқи алмаса, оқи алатын адамдарға көрсетіп, жәдігерлікті бұзбай, тарихи мұраны бүлдірмей қойғаны дұрыс болатын еді. Себебі, жоғарыда атап өткендей, құлпытастың аяқ жағы жерге көміліп кеткенімен қоймай, қасына қазіргі заманда қойылған тасқа да нақты аудармасы емес, үстірт аудармасы берілген. Темір қоршауын да құлпытасқа өте жақын орнатқан екен, сондықтан тастың тұтастай суретін алу өте қиындық тудырды. Мұндай тарихи мұраларды қайта жаңғырту, қайтадан оқу, зерттеу кезінде өте мұқият болған жөн. Себебі кішкентай бір қателіктен үлкен адасушылық туындауы әбден мүмкін.
Мәшһүр Жүсіптің өткен жолы мен меңгерген білімін, зерттеген ғылымын, ел арасында жинаған аңыз-әңгіме, шежіре, әфсана, фольклорлық мұраларын, дін ілімін зерттеп-зерделеу таусылмайтын қазына, әлі талай ұрпаққа азық ­болатын тау-толағай дүниелер. Соның бастауында болған Нағи Ахметовтің еңбегін елге жария еткен Абай Шарапиевтің бұл кітабының айтары әлі де көп. Осындай дүниелер әлі де жарыққа шығуы қажет-ақ. Мәшһүр Жүсіптің немересі Төлеубай Шарапиев, Сүйіндік Көпеевтердің жазғандары мен олардың сіңірген еңбегін, Иманғали Мәненұлының қалдырған мұралары мен атқарған еңбегін, Жұқаш Кәрібаев, Төлепберген Алдабергенов және т.б. мәшһүртанушылардың өмірі мен шығармашылығына арнап, талай-­талай том кітаптар шығару қажет. Жады жаттауға ­шебер қазақтың көп тарихы ­ауыздан ауызға жеткенімен, бүгінгі қаптаған ақпараттан ауызыңнан шығатын сөзді ұмытып қалатын деңгейге жеткен заманда қазіргі күні білетін бүкіл дүниемізді қағазға хаттап, ұрпаққа сақтап қою әрбір азаматтың парызы. Ауыздағы сөз бұзылады, қағаздағы дүние ешқашан ақиқатын жоймайтындығын осы «Ақиқат» кітабындағы материалдар дәлелдеп беріп отыр. Бұған көзіміз анық жетті деп ойлаймын. Бұл кітаптың құндылығы мен маңызы сол – кішкентай бір ауылдағы музейдің ашылу тарихын таныту арқылы оқырмандардың тарихқа, ­Отанына, тұлғатануға, өлкетануға деген құштарлығын арттырады.

Бағдат Дүйсенов,
Р.Б.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының
аға ғылыми қызметкері

1849 рет

көрсетілді

104

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы