• Тұлға
  • 30 Қыркүйек, 2020

ШАМЫРҚАНБАЙ СЫНАР ШАРБОЛАТ

Аллаға мың тәубе – күнделікті тірлік қамымен, қызмет ретімен үлкен-кіші талай жанмен араласыппыз, дәмдес болыппыз. Жақсыдан үлгі алуға, жайсаңнан жылы сөз естуге ұмтылыппыз. Ойға алған шаруаның бір бөлігін еңсергендейміз. Не істеп, не қойсақ та сарапшымыз – халық. Үлкен жолда бағыт сілтеген, қамқорлығын аямаған аға-апаларға алғысымыз шексіз. Осындай ажарлы топтың алдыңғы легінде Сматолла Беркімбаев ағамыз болғанын айту – азаматтық парызым.
Смекең туралы тұшымды әңгімелерді ең алғаш әкем Жұмағалидан естігенмін. Жарықтық Кеңес үкіметінің саужой (сауатсыздықты жою – ликвидация безграмотных – Ж.Қ.) мектебінде оқып, небәрі екі кластық біліммен ауызға іліккен, көкірегі даңғыл, көңілі ояу болды. Мектеп қабырғасынан ұзай қойған жоқпыз, үйдегі шай дастарқанында отырғанымызда «құлағыңда қалсын» дей ме – Хайролла Иманалин, Бақи Шанов, Кемейдулла Төлеубай, Сматолла Беркімбаев, Рамазан Нұржанов, Зәкіратдин Байдосов, тағы басқа ағаларымыз жайында сүйсіне айтатын. Сөйтсек олар Шалқар топырағында туып, есейген соң облыстың өзге өңірлерінде лауазымды қызмет атқарып жүр екен. Сөз арасында «еті тірі, әлі өсетін балалар» деп қояды. Балаң көңілімізде әлгі ағаларды көруге құштарлық оянғаны да рас. Кейін Алланың ризығымен бірқатарымен аға-іні тұрғысында қатысқанымызды әдемі бұйырыс деп бағалаймын.

1977 жылы Байғанин ауданының ор­талығы Қарауылкелді ­селосында облыстық ақындар айтысы өтті. Бұл өзі – арада ондаған жыл түскеннен кейін облыс аумағында алғаш рет ұйымдастырылған шара екен. Шалқардың аудандық «Коммунизм таңы» газетінде жауапты хатшы маған өңір атынан додаға түсетін ­Данабек Қалмұратовтың қасында жолбасшы әрі атқосшы болу міндеті жүктелді. Бұрын көріп-білмеген Қарауылкелдіде екі тәулік аялдадық. Жырдан сарай тұрғызған сүлейлердің басы қосылды. Мәдени шараның барысында іркіліс жоқ. Аудандық мәдениет үйі алдында халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің ескерткіші сән-салтанатымен ашылды. Сонда ауданның бірінші басшысы Смекеңді алғаш көруім. Бір жағында Алматыдан осы шара үшін арнайы келген әйгілі Фариза Оңғарсынова апамыз, бұл кісі республикалық «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, екінші жағында облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Асанғали Шыңбаев ағамыз, үшеуі мәдениет үйіне кіріп келе жатты. Үлкен-кіші ерекше ілтипатпен жапырлай амандасуда. Сонда ұзын бойлы, тал бойында бір мін жоқ Беркімбаевтың сымбатты бітіміне ризашылығым көпке дейін санамда тұрып қалды. Қай шаруа да бірінші басшының көзқарасына, іскерлік қабілетіне байланысты жүзеге асады. Байғаниндіктер қолға алған ақындар айтысы қатысушылардың жігерін жанып, өлмес өнерге ынтызарлығын, келешекке сенімін нығайтқан-ды.
1984 жылы желтоқсан айында бұған дейін облыстық партия комитетінің партиялық комиссиясына төрағалық еткен С.Беркімбаев Шалқар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Мен – облыстық «Коммунизм жолы» газетінің Шалқар, Мұғаджар, Ырғыз аудандары бойынша меншікті тілшісімін, қызметтік бөлме Шалқар қаласында, аудандық кеңес атқару комитетінің ғимаратында.
Облыс басшылығының оңтүстік өңірдегі үлкен де күрделі аймақ тізгінін Беркімбаевқа ұстатуы бір жағынан дұрыс шешім еді. Бұған дейін Новоресей (кейін Хромтау атауына өзгертілді – Ж.Қ.), Байғанин, Темір аудандарын басқарған Сматолла Молдашұлы – бай тәжірибе жинақтаған, партиялық қызметтің қыр-сырына қаныққан, облыс, тіпті республика деңгейінде ең беделді басшылардың бірі. Ұлан-ғайыр жері бар Байғанинде ­табан аудармай 17 жыл 8 ай жетекшілік етіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған. Кейін бір әңгімесінде ағамыздың былай дегені бар:
– Шалқарға дейін маған бірнеше ауданға бару ұсынылды. Мен келісім бере қоймадым. Осы өңірді сұрауыма екі себеп болды: біріншісі – ата-бабамның ежелгі қонысы. Сонау отызыншы жылдардың дүрбелеңінде Ұлықұмның бір бөктерінде Қараөлеңді мекен еткен әкем Молдаш пен анам Әбира бала кезімде Новоресей жағында ертерек көшкен ағайындарын сағалап барған екен. ­Сонан есейіп, ел таныған соң көңіліме туған өлкемде қызмет етейін деген ниет орнықты. Екіншіден, облыстық партия комиссиясына төрағалық еткен тұсым Михаил Сергеевич Горбачевтің «Қайта құру» науқанына тұспа-тұс келді. Кешегі өзіммен бірге жүріп, араласқан дос-жолдастардың партиялық мәселесін қарап, ауыр шешімдер шығару оңай болмады. ­Сонан обкомның бірінші хатшысы Василий Андреевич Ливенцовқа жағдайды түсіндіруіме тура келді. Ол өтінішімді оң ниетпен қабылдады.
Смекең Шалқарға аяқ басқан тұста әңгіме-қауға өршіп тұрды. Теміржол бойындағы өңірде өзге ұлттардың озық ойлы өкілдерімен ерте араласқан іргелі жұрт өркениетке батыл дендеген еді. Әртүрлі жиналыс-кеңестерде ойын іркілмей ашық айтуға дағдыланған. Үкіметке қол жайып қарап отырмай, өз бетінше жарыса кең сарайдай үй салып жатты. Оны айтасыз, пәниден бақиға жөнелген туыс-бауырға силикат кірпіштен төбесіне айшық орнатып, бітімі бөлек кесене тұрғызу да бәсекеге айналғандай. Мұндай еркіндік кеңестік идеологияның қырық қатпарлы заң-зәкүндеріне тым қайшы. Облыстың, республиканың басшылығында отырған өзге ұлт өкілдеріне қазақтың кеңқоныш көңілі қайдан ұнай қойсын?! Қайсыбір жымысқы пиғылды адамдары қазақтың бірін-бірі көре алмайтын пасықтарын барынша пайдалануға тырысты. Сонан да билік органдарына Шалқар жақтан арыз сейілмеді. Әсіресе соңында автордың аты-жөні көрсетілмеген «домалақ» арыздардың жаны кірді.
Сматолла Беркімбаев алғашқы келген күнінен-ақ тәртіпті қолға алды. Бұрынғы басшылық тұсында еркінсіп кеткендер үшін етек-жеңді жинақтау оңайға түскен жоқ. Тұрғылықты халықтың негізгі дені оның жиналыс-кеңесті жүргізудегі, күн тәртібіне қойылған мәселені қараудағы ескерімділігін сүйсіне айтып жүрді. Бірінші хатшының табан астында сөз тауып айту шеберлігіне талай мәрте куә болдық. Бірнеше мысал келтірейін.
Ауданда жылдағы дағдымен шопандар слеті өткізілетін болды. Алдын ала құрылған дайындық комиссиясының шешімімен негізгі баяндаманы Сматолла Молдашұлы жасайды. Баяндама үшін қажетті материалды әзірлеу аудандық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Айнат Төребековке, соның негізінде мәтінін жазу маған жүктелді. Әркімнің өзінше жұмыс істеу әдісі бар. Баяндама нұсқасын ­жазып, машинкаға бастырған соң Айнат аға екеуміз ­аудан басшысына шақырылдық. Бірінші хатшы кабинетінде үшеуміз. Смекең мәтінді авторға дауыстап оқытып, өзі тыңдап отырғанды қалайды екен. ­Солай еттік те. Мен арасында тыңдаушы екі ағама ұрланып қарап қоямын. ­Хатшы маңғаз қалпында, өңінде бір өзгеріс байқалсайшы. Орта тұсында аудандағы жылқы шаруашылығының жайын сөз етер тұсқа келгенде «жолымүй» деген сөзді қостырды. Бұрын естімегенмін. Сөйтсем, тебіндеп жайылатын қасиетті түлігімізді бағушылардың көшпелі қонысы екен. Мәтінді оқып біттім. «Енді не айтар екен?» деймін іштей. Смекең көп күттірместен:
– Айнат, Жанғабыл, баяндама жаман шықпаған сияқты. Біраз еңбектеніпсіңдер. Мұндайда оны «жуған» да бөтен болмайды. Ондай дүниені сататын дүкен де онша қолайлы жерде емес, сордың жағасында, оған сендер бара да алмайсыңдар, ұят қой. Енді қайтесіңдер? Менің ақылым – түнде келінге де білдірмей көрпенің астында жатып, бір-бір шәйкеседен тартып жіберіңдер, – дегені. Горбачевтің атышулы «Салауатты өмір» науқанымен алкогольді ішімдікті жаппай сату тыйылған шақ.
Кабинеттің, оның қожасының мысы басады екен, қатты күле де алмайсың, Айнат ағам екеуміз сыпайы жымиып қана қойдық. Тапсырманың сәтімен орындалғанына мәзбіз.
Келесі күні үйге ертеңгісін автодүкен­мен жүргізуші әрі сатушы Өтеген Алматов ағам келіп, Бәдигүлге бір пакетті тиесілі пұлын алмай беріп тұр. Ішінде үндінің екі келі шайы, әйелдер үшін қымбат көйлектік мата. «РайПО-дағы төраға Әспенов беріп жіберді» дейді. Айнат ағамның үйіндегі жеңгейге де осындай сәлемдеме жетіпті. Екеуміз баяндама мәтіні үшін бірінші хатшының ықыласы деп түсіндік.
Смекеңнің өзім байқаған қасиеті – мерзімдік басылымдарды жібермей оқуға тырысады. ­Обком мен облатком органы – «Коммунизм жолына» көзқарасы айрық­ша. Осы газеттің меншікті тілшісі маған жылылық танытып, жиналыс-кеңес­терге қатыстырады, кейде аудан ішіндегі іссапарларға өзімен бірге ала шығатын болды. Коммунистік партияның дегені жүріп тұрған дәуірде атағынан ат үркеді дейтіндей бірінші хатшының мұндай пейілі, әрине, бөтен емес. Күні кеше қорашсына қараған қайсыбір ағайындарым «Жәке» деп амандасатынды шығарды.
Беркімбаев теміржолдың Шалқар стансасынан көрші Арал ауданына таяу «Тоғыз» кеңшарының орталығы орналасқан №76 Шілікті бекетіне дейінгі аралықтағы бекеттер мен стансаларды аралауға шықты. Қасында «Казсельхозтехника» бірлестігі Шалқар аудандық бөлімшесінің басқарушысы Мұқанбетпана Үмбеталин екеуміз. Соңғы ондаған жылдар бедерінде ауданның бірінші басшысы жол бойындағы елді мекендерді дәл осылай араламаған. Сматолла Молдашұлымен бетпе-бет жүздесіп, жағдай айтушылар аз болмай шықты. Хатшы әңгімені байыппен тыңдайды, байқағаным – семіз сөйлеп, құрғақ уәде беруге жоқ.
Көпмола стансасындамыз. Жаңыл­масам – бастығының есімі Сақи болуы керек:
– Смеке, жылда шопандарға, механи­заторларға деп, үнді шайын беріп жатасыздар. Теміржолда жұмыс істейтін бізге де қарастырсаңыздар, – деді.
Беркімбаев өтініш иесіне қарсы сауал қойды:
– Теміржолда еңбек еткеніңе неше жыл?
Станса бастығы даусын көтеріңкіреп мақтанышпен:
– Қырық үш жыл, – дегені.
Хатшының айтқаны мынау болды:
– Е, пойыздағы проводниктерді жақсы білетін болдың. Сен шайды солардан алып, бізге жеткізсейші...
Сол кезеңде өзбек ағайынның ­жо­лау­шылар пойыздарының жолсеріктері Мәс­кеуден қайтар сапарында жәшіктеп үнді шайын алып шығып, әр келісін екі-үш сом үстемесімен стансалар мен бекеттер тұрғындарына сататын. Смекең соны меңзеп тұр. Өтініш айтушы тосылып қалды. Орынды әңгімеге қайдан жауап қайтарсын?!
Аупартком бюросының мәжілісіне шақырылған лауазым иелері мәлімет-ақпараттарын барынша дайындап келетін. Жүргізіп отырған бірінші хатшы сауалына сол бойда нанымды уәж айтуы керек қой. Бірде кеңшарларда мал басының сақталу жайы қаралды. «Айшуақ» кеңшарында түйеден біршама бас шығын болған. Сонда Смекең директор Өтебалинге қарап:
– Аманғали-ау, түйе деген жарықтық пышаққа көп түсе бермейтін еді ғой, – деп ұялтқан-ды.
1998 жылдың шілде айында облыстық «Ақтөбе» газетінің Бас редакторы Идош Асқардың шақыруымен бірнеше ­аудан бойынша меншікті тілшілігімнен газеттің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалып, отбасыммен Ақтөбе қаласына көшіп келдім. Жас елуге таяп қалды, қызметтік іссапарлардан біршама жайды түйгендеймін. Жаңа орта жатырқамай бауырына тартты. Кешегі ел ұстаған ағалар қатары сөгіле қойған жоқ. Нұрқожа Орынбасаров, Пана Оралбаев, Сапар Сағынтаев, ­Алтынбек Әкімжанов, Үкітай Байжомартов, Нұрқайыр ­Телеуов, Кемейдулла Төлеубай, Төлебай Құрманалин, Сматолла Беркімбаев, ­Рамазан Нұржанов, Зәкіратдин ­Байдосов, Өтеміс Әкімов... Тізім осылай жалғаса береді. Қай-қайсысы да Ақтөбенің мақтанына айналып, кейінгі ұрпақ үшін бойтұмар болған дерліктей жандар.
Қазақстанның Тәуелсіздігі жариялан­ған бастапқы кезеңінде-ақ ел жадында бірнеше ғасыр бойына сақталып келген даңқты бабаларды ұлықтауда Шалқар ауданының жұртшылығы үлгі көрсеткен еді. Жоғарыда аталған ағалардың бірқатары Ұлықұм баурайында өткізілген шараларға құрметті қонақ ретінде шақырылып, біздің оларға қызмет еткеніміз бар. Еркін заманның кең тынысымен ағаларымыз ­баспадан өткен өмір жолдарын баяндайтын кітаптарын шығара бастады. Теміржолдың Ақтөбе бөлімшесіне басшылық етіп жүрген, жүріс-тұрысы орнықты інім Бөріханға ой тастадым.
– Смекең ағамызға айтып көрсеңіз қайтеді? Кейінгі жеткіншек ұрпаққа пайдасы тиер, кітабын дайындап шығарғаны бөтен болмас, – дедім.
Інімде кінә жоқ, әкесіне ниетімді жет­кізіпті. Ағамыз бәлендей мақұлдай қоймапты.
Арада бір не екі апта өткен шығар, «Жас Алаш» газетінің тұтас бір бетіне Исақов деген азаматтың көлемді сұхбаты жарияланғаны. Смекең тәрізді Жамбыл облысында бір ауданды табан аудармай он алты жыл басқарған, қызметінен жазықсыз босап, теперіш көрген. Бөріханға телефонмен қоңырау шалып, жүргізушісінен әлгі газетті беріп жібердім.
Екі күннен кейін қызметтік телефоным шылдыр етті. Сматолла ағамыз. Өзіне ғана тән, құлаққа жағымды даусы.
– Жанғабыл, мынау да мен сияқты таяқ жеген жігіт екен. Ойландым, кел, ақылдасайық, – дейді.
Осылайша екеуміз бір жылдан астам уақыт ынтымақтаса жұмыс істеп, нәтижесінде баспадан қалыңдығы кере қарыс «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» атты кітап өмірге келді. Баспадан бір емес, екі қайтара басылып шығарылған бұл туынды жайлы жасы бар, жасамысы бар – қаншама оқырманнан жылы лебіз естідім. Ең алдымен, басты кейіпкер Смекең ағам мен оның қасында ғұмырлық серігі болып келе жатқан аты да, заты да асыл жауһарға тең Күміс жеңешемнің, бала-келіндері мен қыз-күйеубалаларының алғысы көңіліме шуақ құйды.
Сматолла Молдашұлы – әңгімеші, мен қағазға түсірушімін. Екеуміз аптаның сенбі-жексенбі күндерінде кездесеміз. Уағдаласқан мезетте үйіне келемін. Ағамыз қанша уақыт болатынымды сұрап алады да, жеңгемізді шақырып:
– Күміс, қайның екіде кетемін дейді, сол екіге он бес минут қалғанда шайың дайын болсын, – дейді. Басқа әңгіме жоқ.
Төргі қонақ қабылдау бөлмесіне өтеміз. Есік мұқият жабылады. Үстел үстінде он шақты дана ақ қағаз, қасында – шарикті қалам, бір жағымда сағат. Көп кідірместен сұхбатты бастап кетеміз. Қожайын айтып отыр, оқиғаның болған жері, дәл уақыты, оған қатысушы адамдардың аты-жөні турасында бір жаңылысу болсайшы... Арагідік қисынын келтіріп, мақал-мәтелді кіргізе қояды. Мен болсам көкірегі құнарлы қазынаға тең ақылман азаматқа жолықтырған тағдырыма ризамын. Смекең біршама көсіліп, сыр шертеді де: «Жанғабыл, қаламыңды былай қоя тұршы, енді кітапқа кірмейтін бір әңгіме айтайын» дейді. Солардың бір-екеуін қағазға түсірейін.
Беркімбаев – аупарткомның бірінші хатшысы, тағы бір ағамыз Бақи Шанов – сол Байғанинде ауатком төрағасы. Халқымыздың тағылымы зор салт-дәстүрлерін орнықтырған киелі мекеннің ат үстіндегі азаматтары кезектесіп орайын келтіріп, аудан басшылығындағы ағаларды үйлерінен шай-су ішуге шақырады ғой. Қаршадайынан тәртіпке үйренген Смекең жеңгемізді ертіп, белгіленген уақытта ­барады. Өзге қонақтар да келіп үлгерген. Тек бәрінен жасы үлкен Бақи аға кідіріп жатыр. Қожайын қипақтайды. Бірінші хатшының өзі бар, дастарқанға бәрін шақырып, дайындалған дәмнен татырғаны жөн сияқты. Сонда да Молдашұлы ауатком басшысын күткенді мақұл көріпті. Осылай отырыспен жарты сағаттан астам уақыт өткізіп, Бәкең мен жеңгеміз кіріп келеді екен. Бұл жай бірнеше рет қайталанады.
Екі басшының үйі бір көшеде қатар орналасса керек. Кезекті шақырыспаның алдында Смекең зайыбына:
– Күміс, сен терезеден қарап тұршы, Бәке-аға үйінен шыққаннан кейін жарты сағат өткен соң біз барайық, – депті.
Бұл жолы төраға Шанов бастаған топ шақырған үйдің төргі бөлмесінде жиналып отыр. Тек бірінші хатшы жоқ. Онсыз дастарқан сәні кіре ме?! Ерлі-зайыпты Беркімбаевтар да жетеді. Үлкендігін бетке ұстап, Бәкең:
– Ау, Сматолла, күтіп отырмыз ғой, – депті.
– Бәке, өзіңізден үйренбейміз бе? – деген жауапты тез ұғынған Шанов содан кейін кешікпейтін болыпты.
Жалпы аудан, облыс басшылығындағы адам қиын түйіндерді шешудің жолын таба білсе іс оңға басары анық. Бұл қасиет біздің кейіпкеріміздің бойына мықтап дарыған. Бір мысал – облыстың ауылшаруашылығына тікелей жауап беретін тұлға, облатком төрағасының орынбасары Николай Лавров ауданға іссапармен келгенде оның аң аулауға құмарлығын байқап қалады. Көп ұзамай Беркімбаев Байғанин шаруашылық­тарына қажетті малазығындық жем тапшылығынан Лавровқа қоңырау шалыпты. Мәселе бірден шешілмей іркіліс туындайды, ­Николай Владимировичтің Бесбай фермасында қанжығасына ірі қабан байланғанда көңілденіп айтқан әңгімесін есіне салады. Сөйтіп, разнарядкада белгіленген мөлшерге тағы да екі жүз тонна жем қостыруға қолы жеткен. Немесе Новоресейдің «Қопа» кеңшарында бас зоотехник қызметінде жүргенінде Орск қаласындағы ет комбинатына малды тірілей кідіріссіз тапсыру үшін былайғы жұртқа көп ашылмайтын мал қабылдаушы Қараноғай Жүсіппен тез ұғысқаны – сүйсінерлік жай.
Біздің кейіпкеріміз қағаз-құжат­тарды сақтауда мұқият болып шықты, фотоаль­бомдардағы суреттердің әрқайсысының бір жақ шетіне арнайы қағаз жапсырып, оған сол ­суретте түскен адамдардың аты-жөнін, түсірілген жылын, айын, күнін жазып қоюға дағдыланған. Мен әңгімесін толық мағынасында түсіруге тырысамын, мақтанғаным емес – каллиграфиям әдемі. Қарсы алдымда отырған Смекең көзілдірік киместен жазуымды оқып отырады да қайсыбір тұсында табан астында өзгеріс енгізеді немесе жекелеген сөзді алып тастауды айтады. Әдемі тіл табысып отырғанда уақыттың қалай зымырап өткенін аңғармайды екенсің. Есік жайлап ашылып, Күміс жеңешем басын қылтитады:
– Шай дайын.
Жасы үлкен адамдар балаша бәйек болып жүгіріп жүргенде қалай шіреніп отырарсың?! Жалпы Молдашұлының береке дарыған шаңырағында өзара түсіністік қалыптасқан. Жеңгеміз отағасының қас-қабағына қарап, бар шаруаны үйлестіре қояды. Ұл да, қыз да отау тігіп, бөлек шыққан, қызметтерінде абыройлы, немерелердің бал күлкісінен нәр алып отыр. Әке-шеше ордасын хан сарайына балайды, ерсі әңгіме естімейсің, оғаш қылық көрмейсің. Бәрі де шаңырақта отырған кенже бауыры Жанат пен келіні Әсемді төбесіне көтеріп, әлпештейді. Құда-құдағилар да – адал еңбекті еншілеп, ел-жұрттың ықыласына бөленгендер.
Қарап отырсам, мен дүниеден озғаны, қазір арамызда жүргені бар – отызға таяу адамның өмірі, әулеті жайында тарихи-танымдық кітаптар шығарудың басы-қасында жүріппін. Алланың ризығы – отбасы тірлігінен де, негізгі қызметімнен де қалған жоқпын. Сол кітаптар арқылы алуан тағдырларды тереңірек танып-білдім, тілектес дос-жаран таптым, дүниетанымымды толықтырдым, зердемді байыттым. Еңбегімді ешкімге бұлдаған жоқпын, табан тіреп шарт та қоймадым.
Сматолла ағамның қасында жүріп, құнарлы әңгімесін тыңдағанымда, марқабатқа толы ісін көргенімде ойға түйгенім – кеше мен бүгіннің алтын көпіріндей абыз ақсақалдар тағылымы аз болмапты. Кітап материалдарын ­дайындап бола бергенде қолындағы ­баласы Жанатты анда-мұнда жұмсап, ­фотосуреттер жинаумен болды. Інім екеуміз бастапқыда түсіне қоймадық. Сөйтсек автор Новоресей (қазіргі ­Хромтау), Байғанин, Темір, Шалқар аудандарында, Ақтөбе қаласында, облыс аумағынан тыс өңірлерде өзімен қатар жүріп, араласқан, дәмдес, сыйлас болған азаматтардың (арасында дүниеден өтіп кеткендері де бар – Ж.Қ.) фотосуреттерін қысқаша өмірбаяндық дерегімен өз кітабына енгізуді ойлапты. Кісіліктен туған ізгі ниет сәтімен жүзеге асты: нәтижесінде Ақтөбе облысының Құрметті азаматы Сматолла Беркімбаевтың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» атты кітабы энциклопедиямен тең дәрежеде деп айтуға тұрарлық бағалы жәдігер санатына қосылды. Сапалы, көркем дүниені шығарудың басы-қасында белгілі баспагер, журналист Раукен Отыншин ықыласпен жүрді. Баспадан алғашқы басылымы бес жүз данамен, екінші ­басылымы үш жүз елу данамен басылған бес жүз беттен астам, көркемделуі әсем дүниеге бюджеттен қаржы жұмсалған жоқ, барлық шығынды балалары көтерді. Кейін Смекең қасына мені отырғызып, әр кітапқа қолтаңбасын ­жазып, сыйласқан, араласқан азаматтарға, қайтыс болғандардың балаларына тегін таратты.
Сматолла Молдашұлымен ­са­парлас болудың, қонақтықта бірге отырудың өзі ғанибет! Бірде екеуміз ел-жұрты ықыласпен «Бибі-Ана» деп атап кеткен белгілі жазушы, қайсар күрескер, қоғам қайраткері Бибігүл Иманғазинаның 60 жасқа толу ­тойына қатысу үшін Ақтөбеден Алматыға пойызбен шықтық. Тұмауратып жүргенімді айтып ем, ағамның: «Маған қарындас, саған апа, әдейілеп шақырды, үйде бұйығып жатқанымыз жарамас, елдігімізді көрсетейік» деген сөзі қамшы болды. Қызылордада құдасы Ағымсал, ­сыйлас ініміз, көлік прокуроры Ғизат Қасымшаұлы күтіп алды. Пойыз ­Шымкент стансасында беймезгіл уақытта тоқтайды екен. Соған қарамастан түр-өңі келісті бәйбіше қасында немересі бар, себет толы дәм-тұзымен келіп тұр. Мәскеу қаласында Бүкілодақтық тері-мех институтында (Пушно-меховой институт) Смекеңмен бірге оқыған Сағындық Садықовтың зайыбы екен. Отағасы дүниеден озса да шаңырақ тірлігін қожыратпай үлкен әулетке ақылман әже болып отырғанын сапарлас ағам айтты. Бас-аяғы он ­минутта амандық-саулық сұрасып, дәмін ұсынды, ағамызға әкелген сыйлығы да бар, естелікке кітапты алды.
Алматыда Смекеңнің үшінші апасы Қымыздықтан туған жиен Сәндиланың үйіне тоқтадық. Отағасы Бисен бақилық болыпты. Апай нағашысы мен маған бар қызметін жасады. Менің жүдеулеу кейпімді көрген соң, түн ортасында ­балаша жүгіріп, дәріханадан дәрі әкеліп, ­барынша бәйек болды, қайта-қайта ыстық ас ­дайындап, сауығып кетуіме жағдай ­жасады. Содан Бибі-Ана тойына қатыстық, той иесі өз шаңырағында ақтөбеліктерге дәм-тұз ұсынды. Белгілі кәсіпкер Болат Назаров үйінде қонақ болдық.
Жасы тоқсанды еңсерсе де ­Бер­кімбаев бұрынғыша ширақ қалпынан ауытқыған жоқ. Жанында көкірегіне ­самал, көңіліне ­жалау жеңгеміз Күміс. Ағайын-туыстың, құда-жегжаттың, жолдас-жораның қуанышты-ре­ніш­ті сәттерінде төбе көрсетуден жаңыл­ған емес. Іні-қа­рын­дастарымыз, келін-күйеубалаларымыз ­ке­зек­тесіп көлікпен апарады, алып қайтады, арасында жеке көлігімен құрақ ұшып жүгіретін Рүстем­нің пейіліне еріксіз сүйсінесің. Шаңырақтағы келін Әсемнің риясыз қызметінен дейміз – шалбардың қыры пышақтай, көйлек-бешпеттен қылау таппайсың. Партиялық қызметтің бойға сіңірген дағдысы – мойында көркем түйілген ­галстук. Жүзі жарқын, үні ашық.
Сматолла Молдашұлы да – өзгелер тәрізді Алланың құлы, Пайғамбардың үмбеті. Ел-жұртымен бірге болып, қиын кезеңдерді бастан өткерді, қызықты сәттерді тамашалады. Адами қасиеттердің ең басты қағидалары – қарттыққа ажарлы жетті, адал жар сүйді, өрісті ұл мен келісті қыз өсірді, олардан өрбіген немерелерден шөберелер шалғайына оратылды. Пешенесіне бұйырған қызмет нәтижесінде мәртебелі сарайларға қысылмай кірді, небір асыл тұлғалармен иықтасып, маңдайы жарқырап, төрде отырды.
Даусыз ақиқат – өмір дегенің тақтайдай тегіс жол емес, әр тұста кедір-бұдырлар да кезігеді. Біздің кейіпкеріміз кеңестік дәуірдің шапағатымен орта, кейін жоғары білім алды. Еңбекте өзін көрсетіп, Коммунистік партия мүшелігіне қабылданды. Іскерлік, ұйымдастырушылық дарынымен мәртебелі мансаптарға жоғарылады. Қайда жүрсе де партиялық қағидадан ауытқыған жоқ. Сөйтсе де атақ-даңқы шығандап кеткен Беркімбаевты аяқтан шалушылар бар екен. Бақай есептен, көре алмаушылықтан туған қарау көзқарасқа өзі Құдайындай сенген Компартия ара түсе алмады. Ақырында лауазымды орынтағын тапсыруға тура келді, бәрінен бұрын партиядан шеттетілгені ауыр тиді. Сматолла Молдашұлы тез арада еңсесін тіктеп, әділдік іздеуге шықты. Алматы, Мәскеу сапарларындағы, өзіміздің Ақтөбенің жоғары билігіндегі сыңаржақты жауаптарға, әртүрлі кедергілерге мұқалмады, жігерін жани түсті. Көзін жеткізген ақиқат – мұндай жымысқы әрекет сонау Мәскеуден, КОКП Орталық Комитетінің Бас кеңсесінен ұшқындаған екен. Ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары Могильниченконың жеке тапсырмасымен Қазақстанда бір ауданды үзіліссіз он бес жылдан астам уақыт басқарған қазақ азаматтарының тізімі жасақталыпты. Сол тізімге біз айтып кеткен жамбылдық Исақов, ақтөбелік Беркімбаев, басқа да танымал тұлғалар іліккен. Яғни Қазақстанға, ондағы көрнекті партия қайраткерлеріне көрінбей шабуыл жасау.
Қайран Абай айтқан ғой: «Жаман дос басыңды күн шалса қашып құтыла алмайсың, төбеңнен бұлт төнсе іздеп таба алмайсың». Смекең данышпанымыздың көрегендігіне көз жеткізсе де, қанша әңгімелескенімде ешкімнің сыртынан ғайбат сөз айтқан емес, тек болған ­жайды ешқандай боямасыз дәл жеткізуге ­тырысты. Бірде аудан басшылығында болған бір азаматтың Беркімбаев ­жайында мысқылдай айтқан әңгімесін естіп, жағамды ұстағаным бар. Өмірде бәрі ­болады екен ғой...
Естелігімді ұлы Абайдың тәмсілімен қорытындылайын:
Әуелде жас қартаймақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі

575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы