• Руханият
  • 30 Қыркүйек, 2020

ЕГЕУЛІ ҚАЛАМ ЕКПІНІ

Амантай ШӘРІП,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
филология ғылымының докторы 

Жұбан Молдағалиев қазақ арасында туу туралы куәлік дағдыға кірмеген заманда дүниеге келді. Сондықтан қай жылы кіндігі кесілгенін білгенімен, шар етіп пәни жалғанның есігін ашқан күнін нақпа-нақ анықтауы қиынға соқты. Тіпті алдыңғы үш перзентін жер қойнына тапсырған байғұс анасы Зеріп те кенже ұлының қай сәтте «тар құрсағын жарып, тас емшегін жібіткенін» жадынан өшіріп алыпты. Сұрайтын әке тағы жоқ – мұның қызылшақа сәби шағында бақиға аттанған. О бастан маңдайына жазылып, пешенесіне бұйырған нәрсе шығар, төлқұжат аларда анасымен ақылдаса отырып, Жұбан өзінің «туған күнін» өзі таңдайды. Онысы жай ғана дата емес-тұғын. 1920 жылғы 4 қазанда ресми түрде Қазақ советтік социалистік автономиялық республикасы құрылғаны белгілі. Міне, сол межені қазық тұтқан бозбала «автономияның» алдына түспей, өзінің туған күні етіп 5 қазанды белгілейді. Осыдан арқаланған ол өмір бойына «мен – республиканың құрдасымын» деп жырлап өтті. Қазақ республикасы уақытындағы ұлтының адал ұлдарының бірі болды. Тәңірінің жарылқауы мен әлгі «құрдастықтың» қуаты ұлы майданнан аман оралған, өз сөзімен айтқанда, «еңку-еңку жер шалған, егеулі қалам қолға алған» оққағары бар ақынды «Мен – қазақпын» деп жарияға жар салатын мезгілге жеткізді. Күндердің күнінде келімсек басшы Колбиннің алдында: «Мен – қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін» деп тағы да нықтап, нығырлап айтқызды. Өмірі мен өлеңі өзектесе өрілген, қайраткерлігі мен қаламгерлігі қапысыз қауышқан ердің сойына елі сондықтан сүйінеді.

Жұбан Молдағалиевтің 1964 жылдың көктемінде соңғы нүктесі қойылған «Мен қазақпын» поэмасының бастауында сұрапыл соғыс жылдарында жазылған «Қазақ» атты өлеңінің тұрғанына қазір басқа түгілі, әдебиеттанушылардың өзі назар аудара бермейді. Ұзақ мезгіл суырмасында жатып қалған бұл шығармасы жөнінде ақын былай депті: «Кейін мен оны 1949 жылы шыққан «Жеңіс жырлары» атты тұңғыш жинағыма да кіргізгенім жоқ. Бірақ оны ұмытқан да емеспін. Ақыры «Мен қазақпын» дастаны дүниеге келді. Ал осының бірінші басқышы сонау соғыс өртінде туған өлең сияқты көрінеді. Сондықтан мен оны архивте сақтауды обалсынып, шығармалар жинағына енгізуді ұйғардым. Әрине, біраз ықшамдап, редакциялауға тура келді». Сөйтіп, аталған жыр туындысы Жұбанның 1981 жылы жарық көрген үш томдық шығармалар жинағының алғашқы кітабына тұңғыш рет енді.

Ақын бастапқыда жанашыр жұртшы­лыққа «өлеңнің ниеті көбірек ұнаған ­болуы керек» дейді. Бүгінгі күні «ниет» ­деген сөздің ар жағынан Жұбанның өлеңінде өз ұлтын дәріптеп-дәрежелеу мақсаты меңзелгенін түсіну қиын емес. «Әрине, біраз ықшамдап, редакциялауға тура келді» дегенінен де цензураның ­жайын жұмбақтағанын оңай ұғынамыз.

Сонымен, Жұбанның «Қазақ» атты өлеңі ең әуелі өзі қызмет еткен, Солтүстік-Батыс майдандағы қазақ жауынгерлерінің «Отан үшін» газетінде 1943 жылы басылды. Көп ұзамай Алматыға іссапармен жолы түскен ол бұл өлеңін майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевқа көрсетеді. Содан соң іле-шала Сәбит Мұқановтың қолына тиіп, Қазақстан Жазушылар одағында оқылады және республикалық радиодан беріледі. Мұнымен қоймай, көптің көңілін көншіткен өлеңді «Социалды Қазақстан» газеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі Мұқан Иманжанов өзі жұмыс істейтін басылымның бетінде жариялайды. «Қазақ» өлеңінің қысқаша сюжеті мынадай. Ақын майданның алғы шебінде «қара сұр, қатал пішінді, жазық жауырын, сом дене», омырауында қос ордені бар сотқар солдатты кезіктіреді. Қазақ екенін бірден тани тұра, «кімсің?» деп әдейі орысша сұрайды. Анау шамданып: «Қазақты әлі білмейтін қайдан шыққан надансың?» деп ызғарлана сөйлегенде, отты көзі өңменінен тесіп өтеді. Бұл да пәтінен қайтпай: «Бос шіреніп, сызданғанша, жөніңді айтсайшы» деп жүре қатарласқанда, намысқой жауынгер жігіт өз ұлтының жақсысын түгендей, тізбелей жөнеледі. Сөз қайырымдарын «Ол – қазақтың баласы», «Ол – қазақ, менің ер-халқым», «Ол – қазақтың ер елі» деген тіркестермен түйіндеп отырады. Әріде Исатай, Махамбеттен қозғап, беріде Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеуғали Әбдібеков (397 фашистің көзін жойып, екінші дүниежүзілік соғыстың ең үздік 20 мергенінің сапына кірген, әзірше толық мойындала қоймаған қаһарманымыз) туралы мақтанышпен толғайды.

Қазақтың мен де бірімін,

Сүйемін туған халқымды,

Досқа – құл,

Жауға ірімін,

Білемін, иә, нарқымды, – деген ол: «Ал өзің кімсің, ағайын?» деп бір аялдағанда, «Мен де сендей қазақтың баласымын» дейді күле жауап берген ақын. «А, мені сынамақ болған екенсің ғой, жырынды журналисім» деп солдат та ағынан жарылады. Екеуі құшақтасып, көріседі. Тебіренген ақын:

Болды-ау деп уақыт аз-ақ тым,

Өкініп кейін аттандым.

Мен де бірі қазақтың

Болғаныма мақтандым, – деп өлеңін аяқтайды. Соғыстан соңғы «ұлтшылдыққа» қарсы науқан Жұбанның бұл өлеңінің қайтадан, оның өзінде түзелген яки күзелген күйінде жарық көруін 38 жылға шегеріпті. Есесіне, баспаға жіберілмес бұрын, алты ай бойына «қырағы көздердің» суыққабақ сүзгісінен, ерекше елегінен өткен «Мен қазақпын» поэмасы алаш игілігіне айналды.

Бұл поэманың көркемдік кестесіне, суреткерлік стихиясы мен ­сарынына, ­тынысы кең, тегеуріні күшті сөз түйдек­те­ріне үңілсек, Ілияс Жансүгіров сара соқ­пағын салған эпикалық дәстүрдің тақ­тайдай даңғылына табан тірегендікті көреміз.

Жұбан Молдағалиев: «Өз басым ең алғаш «Сұлушашты» (Сәбит Мұқановтың дастанын айтып отыр. – А.Ш.) жүрегіме қысқам, соған «түнегем» дейді. Бірақ бұл шәкірттік шақтағы әуелгі әсерлерін, алғашқы адымдарын ғана аңғартады. Өйткені 1935 жылы оның қолына көк-жасыл мұқабалы, сыртында «Күй» деген алтын түстес жазуы бар кітап іліккенде, дүние төңкеріліп түскендей күй кешеді. Ілияс өлеңдерінен құмарта, құныға сусындайды. «Сол ғажайып жырлар арқылы мен ақын бейнесін де көзіме елестеттім. Ол маған бір аңыз адамындай көрінді. Асқан жүйрік те, керемет күйші де, арқалы ақын да – қысқасы, бәз-бәрі «мен – Ілияс Жансүгіровпін» деп тұрғандай болды. «Шіркін, соның аруағына түнер ме еді!» деп те ойладым мен» деп жазды Жұбан кейіннен. Ендеше, қаламгерлік қолтаңбасын айқындағанда, оны Ілиястың «аруағына түнеген» ақын деген абзал.

«Мен қазақпын» поэмасындағы ұдайы қайталанатын «мың өліп, мың тірілу» мотиві – қатпар-қабатында байырғы ми­фологиялық таным-түсінік жатқан, тіршіліктегі қайта түлеуді, қайта тыныс­тауды білдіретін поэтикалық пайым. Ақын оны қазақтың тарихы мен тағды­рына тереңінен телігенде айрықша эмо­цио­налдық, экспрессивтік қуат өріс ашқан.

Даңқты поэманың тұтас тінін, жұмыр желісін құраған ішкі иірімдер, кәнігі оралымдар Жұбан Молдағалиев шығармашылығының бүкіл өне бойында ширыға шашырап, жайыла жөңкіп жатқан тәрізденеді. Мысалы, кезеңдік-коньюктуралық белгі-бедерлерден аршып алғанда (кеңестік поэзияны онсыз елес­тету де мүмкін емес), атамекенге аялы көзқарас, өмір өзгерістерін елдік тұрғыдан топшылау, баһадүрлік рухты барлау – оның өршіл, өжет жырларының өзекті өрімдері.

Тарих тағылымына жүгінсек, ­метрополия тарапынан тыйым салынған тұстарда да отарланушы ортада ұлттық ұғымдар тығыла-тасалана, өңін өзгерте күн кешіруін тоқтатпайды екен. Кеңестік кезеңдегі қазақ өлеңінде кіндік кескен өңірдің жиі көтермелене, көріктендіріле жырлануында сондай сыр бар. Әсіресе ХХ ғасырдың 60-80 жылдар поэзиясында туған жер культі әбден тұрақ тепті.

Жұбан Молдағалиевтің жырнамасы да бұл үде-үрдістен тысқары тұрған жоқ.

«Туған жер» мен «Ана» тақырыптарын жиі жырлаған ақын шығармашылығында осы екі образдың бара-бара өзара кірігіп кетуінде бір заңдылық барлығы зайыр. Оның туындыларындағы тарихи-мәдени архетип – «Жер-Ана» бағзыбейнесінің ілуде-бір емес, ұдайы ұшырасып отыра­тындығы да – қаламгердің дүниетаным тұтастығының және саналы суреткерлік ұстанымының белгісі.

Мысалы, Жұбан «Жер мен әйел» атты философиялық пайымға толы өлеңінде: «Жер демекші, о да – Ару, ол да – Ана, Әйелге тең теңеу болса, сол ғана» деп, ­сонау Адам Ата, Хауа ­Анадан бері қарайғы тіршіліктің құрсағы – Жердің сұлулық ­сипатын, жаратушылық күшін, жарылқағыш мінезін, тылсымдық құдіретін әйел затымен сегіз шумақ ­бойына салғастыра суреттейді. Өлеңнің: «Мен әйелге тәңі­рім­дей табынам...» деген алғашқы тарма­ғындағы тұжырымның тылсымын осындай қарым-қатынас арқылы ашады, яғни қорытынды қисынға саятыны: Әйел де – тәңірі, Жер де – тәңірі. Бұл туындыда ақын жиһандық Жер туралы толғанады ма, жоқ оның бір мүйісін ғана ишаралайды ма дейтін мәселе көмескі күйінде қалған. Әркім мұндай бейтараптықты өз қалауынша, өз қорытуынша саралап-сал­мақтап алады. Сөйтсек, ақынның пайымынша – «Қазақ та Жер-Ананың перзенті екен, Күні жоқ адамзаттан ала қонған». Басқа бір өлеңінде («Жер деп Көкше жерін айт») ол жалпы мен жалқыны түйістіріп, семантикалық егіздеудің сырын перзенттік сезіммен ашықтан-ашық жайып салады:

Мен үшін қазақ жерінің

Жаманы және жаты жоқ.

Мен үшін қазақ жерінің

Анадан өзге аты жоқ.

Әлбетте, бұл – қарапайым ғана айтыл­ған, бірақ шынайылыққа суарылған ширақ шумақ.

Ал енді Жұбанның «Таңырқаймын шыңдарына таулардың» атты шығарма­сының «Дала! Дала! Дала! – емсіз ғашы­ғым» деген жолдарын оқығанда, ақынның алдыңғы өлеңдерімен таныс адамның санасын «Дала-Ару», «Дала-Ана» ұғымдарының отша шарпып өтетіні рас. Поэзия тарихынан ептеп хабардар жанның есіне Сәкен Сейфуллиннің «Ғашығым менің – бостандық» деген өлең тіркесі де лезде оралады; біздіңше, Жұбанның да мұны білмеуі мүмкін емес.

Ендеше, ақын Жерді бірде ғашық аруға, бірде ғазиз анаға теңестіру арқылы өзгеше көркемдік өрнек қана емес, сондай-ақ қазақ қауымының туған топыраққа деген сүйіспеншілік сезімін оятудың тартымды тәсілін де тапқан.

Сондай-ақ ат жалы, түйе қомында өскен көшпелі елдің баласы Ұлы Даланың сурет­терін сомдағанда ұлттық атрибуттардан ажырамайды.

Мысалы:

...Қара айғырдың тарақ

өтпес жалындай

Қою еді түндері оның тек бұрын.

***

...Түннің қара сақалының

Бозарғанша таңда етегі.

***

...Қараны ақ, қасіретті шат көріп,

Бала күндер құйынға да шапты еріп.

Армандады тай жалынан ұстауды

Нажағайдың шыбыртқысын шап беріп.

***

...Ақша бұлттар

Қатпар-қатпар

Терге шомған жабудай.

***

...Қазақтың қамшыға ілген тымағындай

Сайқұдық басындағы жалғыз ағаш.

ХХ ғасырдың басында, әсіресе Алаш ағартушылығы кемеліне келген тұста сайын сахараны сипаттайтын «Сарыарқа» атауы Қазақ Елінің тұтастығын танытатын ұлттық символдардың біріне айналған болатын. Бұл байырқалы бейне Мәшһүр Жүсіп, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Нарманбет, Ілияс, т.б. ақындардың өлеңдерінде тиісінше таңбаланды.

Ал большевиктер билік басына ­ке­лісімен «Сарыарқа» сөзі жаңаша таразы-талқыға түсіп, мән-мағынасына ескіліктің кебі кигізілді. Оның орнын Сәбит Мұқановтың «Қызыл Арқа» өлеңіндегі бояу басты. Бертініректе, 1943 жылы Қасым Аманжолов соғысқа сапар шегіп бара жатып, «Сарыарқаға» атты өлеңін жазғанда, бұл бірыңғай «ұлттық томаға-тұйықтықтың» белгісі ретінде бағаланды.

Міне, мұндай солақай сын, асыра айыптаулар заманында «Сарыарқа» сөзін шығармаға кірістіру ерлікті керексінер еді. Сондықтан Жұбан Молдағалиевтің сталиндік саясаттың сағы енді сына бас­таған сәтте – 1956 жылы дүниеге келген «Алтын Арқа» өлеңіндегі:

Сұлу ғой Арқа жері, Арқа таңы!

...Қазақта «сары» –

алтынның түсі еді ғой,

Мүмкін сол туған шығар жақсы арманнан, – деген жолдар бұлыңғыр бұлт бауырынан үзіліп түскен сынық сәуледей жылы әсер қалдырады.

Шынтуайтында, Жұбанның «Алтын Арқа» өлеңі – тың игеру науқанынан туын­даған «мемлекеттік заказдың» әдеби өнімі. Бірақ тарих, табиғат және туған ұлтының тағдырын ішкі сезімі арқылы тұтас түйсінген ақынның бұл шығармасында көзге шалынарлық екі тұс бар.

Өлеңнің лирикалық кейіпкері (яки автордың өзі) Сарыарқаның дән алқабын тамашалап тұрып, сүйгенінің – жан қалқасының шырқаған әніндей сұңқ етіп естілген әсем дауысқа жалт қарайды. Байқаса, бұл бір кезде Біржан салдың өзі сұңқылына ән қосқан дала аққуы екен. Құлашын жарқын жайған тың игеруші жастар оны көзге ілер емес. Өйткені «өз аққуы, өз әншісі» – өздерінде...

Аспан аруына аяныш білдірген ақын:

 Жүрсе де сол аспанда қанат қағып,

 Сезгендей өзін бізден аласарақ, – дейді.

Жыр жүйесі экологиялық тепе-тең­дік­тің бұзылғанын байқатады. Бұл – бір. Екіншіден, өлеңде қазақтың шалы мен орыстың Иван қартының диалогы беріл­ген. Қазақтың шалы аңқау, аңғырт, алда­нымпаз. Біздіңше, орыс қартын мінез­дей­тін жолдар оның мына сөздері болса керек:

 – Кім егіп, одан нені тұлға қылды?

 Білем тек осы арада туғанымды.

 Білем мен, – дейді Иван қарт

дәнді нұсқап,

 Байлыққа белден батып тұрғанымды! 

Әрине, мұндай «білгіштіктің», «бай­лыққа белден батушылықтың» астарында қандай құбылыстар жатқандығы оқырманның ойын қозғамай қоймайды. Ақынның лирикалық кейіпкері өзін әңгімені сырттай тыңдаушы етіп қалдыра отырып, тың көтеру кезіндегі күрмеуі көп бір көріністі қаз-қалпында суреттеген.

Сөйтіп, тың игеру науқанынан кейін поэзияға «қызыл» секілді «алтын» эпитеті де мықтап енді (алтын дән, алтын аймақ, алтын күн, т.с.с.). «Сары» мен «алтынның» арасында түр-түс алшақтығы болмағандықтан, бұдан былай «Сарыарқа» деп те, «Алтын Арқа» деп те жыр жаза беру мүмкіндігі туды.

Қанды жорықта алдымен артиллерист, батарея комиссары, содан соң жауынгерлік газеттің тілшісі болған Жұбан Молдағалиевтің поэзиясында соғыс пен ерлік тақырыбы ойып орын алған. Оның «Жауынгер хаттарынан», «Кек соты», «Командир», «Туған елге», «Қан басқан қағаз», «Батыр туралы баллада», «Ән», «Солдат ұлы», т.б.  өлеңдері майдандық лириканың үздік үлгілерінің қорына кіреді. Олардың бәрінде өмір мен өлім тайталасқан шақтың шындығы боямасыз бейнеленуімен бірге, «Ер қабірі» деген өлеңіндегі:

...Таянып тауға ілініп қала

жаздап тұрғандай,

Күн жай батты, жел соқты аздап.

Айнала күңгірттенді, жұлдыз туды,

Шырақтай бейіт үстінде

жанған маздап,

деген секілді жанды суреттер де мол ұшырасады.

Шалғай шепте, от пен оқтың ортасында жүрсе де, ақынның есіл-дерті туған жеріне тартып тұрады. «Қазақтың ұлымын» деп Еуропада Мен сені көкірегіме қысып өткем» дейді ол жеңіс жылы жазған «Менің халқым» атты өлеңінде.

Ал сол жаугер жұрттың арасында ежелден «батырдың жаны қаруында болады» деген таным-түсінік ірге тепкен ғой. Қаһар­мандықты қадір тұтқан Жұбан Молдағалиев­тің қиялы мен қаламынан Орал қала­сының мұражайында басына дулығасы, үстіне сауыты кигізілген күйінде көрмеге қойылған белгісіз батырдың сүйек-сүлдесін және жанына жантай­тылған тотықты қылышын көзімен көргеннен кейін «Суырылмай қалған семсер туралы» атты өлең туыпты. Өзі өскен өңірдің «қойнына небір сыр көмген» бұл аруақты азаматының тілсіз тұңғиық – қалдық-қаңқасына қарап тұрып, ақын өзінің теңіз бетіндей толқы­ған көңіл күйін біресе мұңлықтар – әке суретін іздеген жетімге, жан ­жарын жоқтаған жесірге, біресе бақытты бейбақ – ойда-жоқ жерде жанарына жаңа жарық құйылған соқырға теңейді. Бірақ авторды бәрінен бетер ­мазалай беретіні – «оқыс үзілген өлең», «сүйе алмай қалған ерін», «қапыда қапқан өрем», «әттең деп өшкен өр үн» секілді, қапияда қынаптан толық суырылып үлгермей кілт тоқтаған семсердің жұмбақ жайы, былайша айтқанда, тылсым трагедиясы. Иә, ердің қазасы қайдан келді, оның қолындағы құдіретті қарудың бейқамдығы неден болды – бұлардың жауабы тек бір Аллаға аян; осындай белгісіздік, бейхабарлық өлеңнің әсерлік кернеуін әлдеқайда күшейткен. «Адыра қалсын қылыштар/ Орталай ғана суырылған!» деп өткенге өкпесін айтқан ақын «көне құрыштың» келешегіне, өзі айтқандай, «сыймен, сезіммен», яғни сеніммен қарайды. Батыр бабалардың ақ жолын ұстану мен ұлықтаудан, әрине, «қит етсе – қолға қару ал» деген аламандық шықпайды; мұндай мәністің астарында, ең алдымен, көркем жырдың көмегімен отаншылдықты ояту, намысқойлықты ­насихаттау жатады.

Енді мен оған ортақпын,

Атадан қалған алмас деп,  

Опасыз бенен қорқақтың

Көріне семсер салмас деп! – деген төрт тармақ­қа өлеңнің түйін-тағылымын жинақ­таған Жұбан өзінің ақындық тағдырын да аяғына дейін суырылмай қалған семсермен тұспалдайды («Ақырғы жырын айта алмай, «Қош» дей де алмай шабытқа, Семсердей сол бір майталман Қалам да түсер табытқа...»).

Ойланыңқырап қарасақ, жақша ішіндегі жолдардан ноқталы саясаттың нәтиже­сінде ақиқатты толық айтуға мүмкіндігі болмаған қаламгердің астарлы наз-наласы білінеді. Оның қайсыбір өлеңдерінен жолығатын «Асан боп туып қазекең, Өлетін Асан қайғы боп», «Ыстықтан тоңдым дірілдеп, Салқыннан күйді ауызым», т.с.с. тосын тіркестер де – ақынның әлгі контекстегі кереғар көңіл күйінің көріністері.

Мұқият көңіл бөлсеңіз, Жұбанның ағысы қою, арнасы қазыналы жырдариясынан тұщыны да, тұздыны да көптеп таба аласыз.

Біз бар болғаны оның өзі айтқандай, «намысқа – қайрақ, жігерге – шақпақ» поэзиясының шет жағасын ғана шолып шықтық.

1924 рет

көрсетілді

88

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы