• Қоғам
  • 30 Қыркүйек, 2020

ДАҒДАРЫСТАН – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөйлеген сөзінде әлем назар аударарлық өзекті мәселелер көтерілгенін баса айтқымыз келеді. Қазақстан Президентінің ең алдымен тілге тиек еткені – жаһандық экономикаға орасан зиянын тигізіп отырған COVID-19 пандемиясы.
«Әлемдегі қазіргі төтенше жағдай денсаулық сақтау жүйесінің бұзылуына, сондай-ақ гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық күйзеліске алып келді. Бұл – біздің беріктігіміз үшін зор сынақ. COVID-19 біздің жіберген қателіктеріміз бен ағаттықтарымызды анық көрсетті.
Дағдарысқа қарсы күрес барысында халықаралық ынтымақтастыққа кері әсер еткен сауда протекционизмі мен саяси ұлтшылдықтың артқанын, сондай-ақ «жаһандық тоқыраудың» күшейе түскенін байқадық» деді Қ.Тоқаев.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сөйлеген сөзінде орын алған ағаттықтар мен олқылықты да бүкпесіз ортаға салды. Расында да, бүгінде бүкіл әлем аумалы-төкпелі оқиғалардың жаңа толқынының алдында тұр. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Өзара сенімнің жетіспеуі, халықаралық бәсекелестіктегі түсініспеушілік, сауда соғыстары мен санкциялар орнықты дамудың келешегіне нұқсан келтіріп, миллиардтаған адамның жарқын әлемге деген үмітін үзді.
Қырғи-қабақ соғыстан кейін қарапайым адам­ның мүддесін көздейтін шын мәніндегі ха­лықаралық жүйе құратын керемет мүмкіндік пайдаланылмады. Мұны мойындау керек. Болашақ ұрпақтың тағдыры бірінші кезекте мемлекет басшыларының осы жағдайдың туындау себебін қалай түсіндіретініне байланысты болып отырғаны анық.
«Жаңа әлем» парадигмасын құруға ­байланысты ортақ адамгершілік парызды атқару мәселесі ­ойландырады. Шын мәнінде қазіргі таңда ­адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келгені еш дау тудырмайды. Осы ретте ел басшысы ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының нақыл сөзін ауызға алды. «БҰҰ-ның құрылуынан жүз жыл бұрын дүниеге келген қазақтың ұлы ақыны, философ Абай Құнанбайұлы табысты жаһандық ынтымақтастыққа қатысты «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек» деген өзінің формуласын ұсынған болатын. Ақынның бұл ой-пікірін «өзара үйлесімге қол жеткізу үшін адамзатқа сүйіспеншілік, рақымшылық, батыл әрекеттер және байыптылық керек» деп түсінуге болады».
Коронавирус індеті жаппай тарала бастағаннан кейін БҰҰ-ның түрлі қорлары мен бағдарламалары дағдарысқа қарсы тұру үшін дереу жұмылдырылғаны анық. Алайда халықаралық қоғамдастық аталған бағытта бұдан да көп шара қабылдауы керек. ­Президент атап көрсеткен ол шаралар мыналар:
Біріншіден, денсаулық сақтау ісінің қуатты жаһандық жүйесін құру мақсатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттіктерінің уақытылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердің медициналық мекемелеріндегі ұлттық институттарды жаңғыртуға басымдық беру қажет.
Екіншіден, COVID-19 індетіне қарсы ­вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу ­керек. Аталған маңызды мәселеде инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге қол жеткізу қажет. Бұл жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізеді.
Үшіншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, сондай-ақ пандемияның алдын алу және оған қарсы күрес саласында жекелеген мемлекеттердің әлеуетін арттыру мақсатында ­Ха­лықаралық медициналық-санитарлық ереже­лерді қайта қарау қажеттігі туындауы мүмкін.
Төртіншіден, біз БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерттеуді ұсынамыз. Қазақстан мұндай орталықтың бірін өз аумағында орналастыруға дайын.
Соңғы әрі аса маңызды мәселе: әлемді жаулаған жаһандық пандемияға байланысты биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу және іске қосу мәселесі.
Биологиялық қару жайы өте өзекті болғандықтан Қазақстан басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Бұл органның қызметі Бактериологиялық (биологиялық) және улы қарудың мол қорын дайындауға, өндіруге тыйым салу және оларды жою туралы 1972 жылғы конвенцияға негізделеді.
Қандай елдің болмасын болашағы – жас ұрпақ. Осыны жақсы түсінетін қазақ басшысы бұл жолы да ұрпаққа қамқорлық мәселесін ұмыт қалдырмады. «Азаматтарымыз 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібі шеңберінде қол жеткізген нақты нәтижелерден зор үміт күтеді.
Орнықты дамудың мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдардың онжылдығы аясында атқарылатын бірлескен іс-әрекеттердің бұрынғы қарқынын қайта қалпына келтіру үшін жедел әрі үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Бұл біздің ұрпағымыз үшін алдағы ең маңызды онжылдық болып табылады. Басты мақсатқа, яғни әлемдегі аштықты толық жоюға қол жеткізуіміз керек.
Осыған байланысты біз 2021 жылы Азық-түлік жүйелері жөнінде саммит өткізудің маңыздылығын атап өтеміз.
Қазақстанның бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы азық-түлік қорларын құру арқылы ауқымды халықаралық гуманитарлық науқанға өз үлесін қосуға дайын.
Біз бірде-бір адамды, әсіресе, дағдарыстың тау­қы­метін тартқан әйелдерді, жастарды, балаларды, қарттарды, мүгедектерді қолдаусыз және көмексіз қал­дырмау жөніндегі міндетімізді нақтылауға тиіспіз.
«Ұрпақтың азып-тозуына алып келетін апатты» болдырмау үшін білім беру жүйесі тарихындағы ең үлкен тоқырауға жол бермеуіміз керек».
Президент пандемия салдарынан екі үлкен сын-қатермен бетпе-бет келіп отырғанымызға ерекше тоқталды.
Біріншісі – ядролық қаруды таратпау және қарусыздану дағдарысы.
Бүгінде Қазақстан өз еркімен ядролық арсеналынан бас тартқан және әлемдегі ең ірі атом сынақ полигонын жапқан мемлекет ретінде барша әлемге үлгі болып отыр. Осылайша, бейбітшілік мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайтын ел екенін танытты.
Алайда ядролық қаруды таратпау режимі толық іске аспағандықтан, оның қаупі сейілген жоқ.
Осы орайда, барлық мүше мемлекеттер адамзатты ядролық апаттан құтқаруға бағытталған қажетті әрі кезек күттірмес барлық шараны қабылдау ­туралы Қазақстанның ядролық держава саналатын елдерге жолдаған үндеуін қолдайтынына сенім бар.
Климаттың өзгеруі – біздің өркениетімізге қатер төндіріп отырған тағы бір экзистенциалды дағдарыс. Бұл мәселе қауіп төндіріп қана қоймайды, сонымен қатар басқа қатерлер үшін «қозғаушы күш» қызметін де атқарады.
Адамзат баласы бұл жаһандық сын-қатерге төтеп беруге әлі де қауқарсыз. Дегенмен, Қазақ елі коронавирус індетінен кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде қоршаған ортаны қорғау тақырыбын халықаралық күн тәртібінің басты мәселесі ретінде көтеру мүмкіндігіне ие болып отыр. Біз БҰҰ-ның климатты жақсартудың алты оң қадамы атты жоспары аясында күш біріктіруге міндеттіміз.
Қазақстан үшін экология мәселелері өте өзекті. Арал теңізінің апатты жағдайы мен Семей полигонының қасіреті, мұздықтардың жылдам еруі және шөлейт жерлердің көбеюі біздің еліміз бен Орталық Азия өңіріне ғана емес, барша әлемге қауіп төндіріп отыр.
Мемлекет басшысының көтерген тағы бір мәселесі – терроризм. Қ.Тоқаев жаһандық қатер – халықаралық терроризмге қарсы тұру үшін үлкен альянс құру қажеттігіне назар аударды. Барлық мемлекетті Терроризмнен ада әлемге қол жеткізу тәртібі Кодексіне қосылуға шақырамыз.
Қазақстан – өз елінің әйелдері мен балаларын соғыс алаңына айналған Сирия мен Ирактан алып шыққан алғашқы мемлекеттердің бірі. Мұндай шешім қабылдау оңай болған жоқ, бірақ аса қажет еді.
Президент сөзіне елімізде жүзеге асырылып жатқан оң бастамалар да арқау болды. Мәселен жала жабу қылмыстық іс аясынан шығарылып, саяси партиялар мен бейбіт шеру жөнінде жаңа заңдар қабылданды. Өмір сүруге және адамның қадір-қасиетіне деген іргелі құқықты жүзеге асыру мақсатында өлім жазасынан бас тартуға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қосылу жөнінде шешім қабылданды.
Гендерлік теңсіздік индексінің көрсеткіші екі есеге төмендетіліп, әйелдер мен жастар үшін партиялардың сайлау тізімдеріне міндетті 30% квота енгізілді.
Аймақтық ынтымақтастық мәселесі әрдайым басты назарда.
Өңірлік тұрақтылыққа келетін болсақ, транс­шек­ара­лық су ресурстарын ұтымды пайдала­ну­дың маңызы ерекше. Осыған байланысты Өңір­лік су және энергетикалық консорциум құру ұсы­нылып отыр. Орталық Азияны дамыту бағытын­­дағы күн тәртібін үйлестіру үшін Алматы қала­сын­­дағы Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын институтқа айналдыру көзделуде.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында былай деді:
«Кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын әрдайым есте сақтаған жөн. Мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, біз барынша үйлесімді, әділетті әрі инклюзивті әлем құра аламыз. Жаһандық мәселелерді шешуде алғышарттарға мән бере отырып, ғаламның шектеулі ресурстарын мұқият сақтау үшін алдын алу шараларын белсенді түрде ілгерілету маңызды. Біздің барлық күш-жігеріміз «Барлығы адам үшін» деген моральды ұстанымға бағытталуға тиіс.
Қазақстан барлық ұлтты жарқын әрі бақытты болашаққа бастайтын БҰҰ-ның тұрақты мүшесі болып қала береді».
Негізі БҰҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімді қайта қалпына келтіруге және көп­жақты институттарды біртіндеп күшейтуге мән берілуі тиіс. Мемлекеттер арасындағы бір-біріне деген сенімді қалыптастыру – уақыт талабы.

Нұркен Жандәулетұлы

654 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы