• Қоғам
  • 08 Қазан, 2020

ҚҰРЫЛЫС – ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДЫҢ КӨРСЕТКІШІ

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында биылғы мамыр айында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталуға жақын. Фирдоуси және Өргебас ауылдарында жеке тұрғын үй салу үшін төлем алуға 503 шарт жасалған, оның ішінде 80-ге жуық үйде тұрғындар қоныс тойын тойлап, тағы 405 ғимараттың шатыры жабылуда. Сонымен қатар жуырда 80 отбасына арнайы сатып алынған жатын бөлме жиһаздары табыс етілді. Тұрғындарға үйлерінің құрылысына арналған 17 млн теңге өтемақы үш траншпен төленіп келеді. Мәселен, соңғы мәліметтерге сай, үй құрылысына төлемдерді жүзеге асыру шеңберінде 200 отбасы жалпы сомасы 850 000 000 теңгеге екінші транш алған. Бүгінгі таңда, «Түркістан» ӘКК» АҚ жанындағы Қор 4 250 000 теңге мөлшерінде қорытынды траншты төлеу бойынша жұмыстарды бастады. Біз аудандағы Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация тарапынан атқарылып отырған жұмыстарды ғана айтып өттік.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өте жиі баратын және қалпына келтіру жұмыстарын бақылауына алған Мақтаарал ауданындағы барлық жұмыс осы айда толық аяқталуы тиіс. Қазанның екінші жартысында Мырзакент тұрғындары қоныс тойын тойламақ. Бүгінде аталмыш елді мекенде 386 үйдің 360-ының құрылысы аяқталған. Ал ­Фирдоуси ­ауылында – 201, Өргебаста 140 үй пайдалануға беруге дайын. Корпорация жылдың соңына дейін Түркістан қаласының орталығында орналасқан «Сырдария» тұрғын үй кешенінде 10 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Түркістанға ­облыс орталығының мәртебесі берілгелі оның келбетін заманауи ете түсетін жаңа күштер мен инвестициялар тартылуда. Сондай-ақ пандемия кезінде құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. «Қазіргі таңда Түркістан облысына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, ­тарихи шаһарда халықаралық талапқа сай ғимараттар салынып жатыр. Демографиялық өсімі жоғары, халқы еңбекқор өңірдің мәслихаттары да мықты болуы тиіс» деді Өмірзақ Естайұлы жуырда әлеуметтік желідегі қоғамдық қабылдау парақшасында. Бүгінде Түркістан қала тіршілігінің барлық салаларын қамтитын, ауқымды құрылыс жүргізілетін орынға айналған. Облыс орталығының әр бұрышында жаңа ғимараттар салынып, жаңа әлеуметтік нысандар өз есігін айқара ашуда. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарының демалуы үшін жаңа саябақтар пайда болуда. «Түркістан» ӘКК» АҚ қала тұрғындары үшін тұрғын үйлермен қатар облыстың бизнес-құрылымдарының қолайлы жұмыс істеуіне қажетті өндірістік ғимараттар да салуда. Мысалы, әкімшілік-іскерлік орталықтың аумағында 44 көпқабатты тұрғын үйі бар «Turkistan Jana-qala» тұрғын алабының құрылысы басталды. Тұрғын үй массивінің құрамына «Арман» кешеніндегі 29 үй және «Сырдария» кешеніндегі 15 үй кіреді. Аталған тұрғын үй кешендері ӘКК және тартылған инвестициялардың нәтижесінде салынуда. Өткен жылы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация 6 тұрғын үйден алғашқы 165 пәтерді сатқан болатын. Ал биыл жылдың соңына дейін «Сырдария» тұрғын үй кешенінде бірінші қабатта коммерциялық үй-жайлары бар 10-ға жуық тұрғын үйдің құры­лысын аяқтау жоспарлануда. Одан бөлек, желтоқсан айында 248 пәтерді пайдалануға беру көзделіп отыр. ­Жалпы кешен Түркістан қаласының жаңа бөлігінде орналасқан, онда жақын маң­дағы үйлердің тұрғындары жайлы тұруы үшін барлық жағдай жасалған. Көп қабатты үйлерге жақын қашықтықта мектеп, музыка мектебі, аурухана, спорттық ғимараттар, әлеуметтік және мәдени нысандар, ыңғайлы көлік жол айрығы орналасқан.

АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТА 23 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Түркістан қаласының жедел ­дамуына, туристік әлеуетінің артуына және ­жалпы түркі әлемінің рухани астанасын одан әрі қалыптастыруға осыдан екі жыл бұрын құрылған «Turkistan» ­арнайы экономикалық аймағы айтарлықтай үлес қосуда. Бүгінгі таңда жалпы ауданы 3014 гектар болатын АЭА 4 субаймақтан тұрады. Олар: тарихи-мәдени орталық – 297 гектар, әкімшілік-іскерлік орталық – 1350 гектар, өндірістік аймақ – 400 гектар, әуежай аймағы – 967 гектар. Жуырда Түркістанға арнайы сапармен келген ­Елбасы туристік және қала инфрақұрылымы құрылысының қарқыны жоғары екенін атап өтті. «Бүгін біз Түркістанның жаңа нысандарымен таныстық. Олар бүкіл Қазақстан мен әлемнен турист тартатын, тұрғындардың назарын аударатын көрнекті орынға айналады. Түркістанның ауқымды құрылысы тұтас өңірдің экономикалық дамуына зор септігін тигізіп отыр» деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев қаланың орналасқан жері, түркі әлемінің маңызды рухани орталықтарының бірі ретіндегі оның мәртебесі болашақта Орталық Азия елдерінің интеграциясына қызмет ететінін атап өтті. «Түркістанда Түркітілдес елдердің саммитін өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Әлемдегі күрделі ахуалға байланысты ол кейінге шегерілді. Егер бәрі ойдағыдай болса, оны Наурыз мерекесіне қарай өткіземіз деп ойлаймын» деді Елбасы. Туристік инфрақұрылым қалыптастыруды және көлік-логистикалық жобаларды іске ­асыруды жалғастыру қажеттігін айтқан ­Елбасы қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы жағдай жасаудың маңыздылығына да тоқталды. «Қала өсіп, халқының саны да арта түсетініне сенімдімін. Мұнда түрлі форумдар мен жастар жиындарын, спорт шараларын өткізіп тұру қажет. Осылайша, біз қаланы көпшілікке таныс­тырып, көрсетуіміз керек. Түркістанды қайта түлетудің біздің халқымыз үшін маңызы зор» деді Елбасы сол сапарында. Тұңғыш Президентке туризмді дамыту бойынша атқарылған және қолға алынған жұмыстарды баяндаған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова түркі әлемінің рухани және мәдени астанасы, Жібек жолындағы ең көне шаһарлардың бірі, бүгінде, инфрақұрылымы дамыған ­заманауи қалаға айналуда екенін айта келе, 2030 жылға қарай туристердің әлеуетті ағыны 3,5 млн адамды құрайды деп болжанып отырғанын жеткізді.
Арнайы экономикалық аймаққа қарасты тарихи-мәдени орталық – Түркістан қаласының басты жәдігері, түркі халықтары арасында маңызы жоғары құндылықтардың бірі Қожа ­Ахмет Ясауи кесенесінің аумағын қамтиды. Шетелдік және отандық туристердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және қанағаттандыруға әрі тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында көптеген қонақүй кешендері, туристік нысандардың құрылыстары жүргізілуде. Әкімшілік-іскерлік орталығы – Түркістан қаласының жаңа іскерлік ауданы. Бұл аймақта Түркістан қаласын цифрландыру, ­заманауи үлгіде жұмыс жүргізуге ыңғайлы түрлі ғимараттар, соңғы үлгідегі тұрғын үй кешендері, «Көп бейінді аурухана құрылысы», «Олимпиадалық резерв дайындау кешені», «Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі» және бұдан бөлек мамандандырылған мектептер, ойын-сауық орталықтары, бизнес жүргізуге негізделген басқа да орталықтар бой көтеруде. Өндірістік аймақ өз кезегінде «Greenfield» және «Brownfield» типті аймақтардан тұрады. Жалпы аумағы 365 гектарды құрайтын «Greenfield» өндірістік аймағы мүлде жаңа, бұрын салынбаған, инфрақұрылыммен қамтылмаған жер телімінде, Түркістан мен Кентау қала­ларының ортасында, Оранғай елді мекенінің тұсында орналасқан. Бүгінгі таңда осы аймақта бизнес жүргізу үшін ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Ал инфрақұрылым тарту келесі жылға ­жоспарлануда. Жалпы ауданы 35 гектарды құрайтын «Brownfield» өндірістік аймағы Кентау қаласындағы бұрынғы экскаватор зауытының аумағында орналас­қан. Аймақ толық пайдалануға дайын өнеркәсіптік ғимараттар мен қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Қалаға экологиялық әсері бар, қолданыстан шыққан зауытты жаңа технологиялық стандарттарға сай қайта жаңарту әрі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында аймаққа инвестициялық жобалар тарту көзделіп отыр. Осындай іргелі жұмыстар жүктелген «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының инвестициялық портфелі жалпы құны 408 миллиард теңгені құрайтын 23 жобадан тұрады. Компанияның инвестиция тарту департаментінің менеджері Сымбат Құдайбергеннің айтуынша, 115 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция игерілген. «Құны 1,16 миллиард теңге болатын «Неке сарайының» ­жобасы қолданысқа берілді. Ал 2019-2020 жылды қоса есептегенде құрылыс кезеңінде жұмыспен қамтылғандардың саны 5978-ге жетті. Аталған аймаққа келетін әлеуетті инвесторларға қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында 2043 жылға дейін оларды кеден салығынан, корпоративтік табыс салығы, жер салығы, мүлік салығы, қосымша құн салығынан босату және өтеусіз негізде жер телімін беру қарастырылған» дейді С.Құдайберген.

ТҮРКІСТАНҒА ТАРТУ

Елбасы Н.Назарбаев екі жыл бұрын, яғни 2018 жылғы 29 қыркүйекте Түркістан қаласын дамыту мақсатында өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдеріне 26 нысанның құрылысын іске асыруды тапсырған болатын. Түркістан қаласына қандай нысандар қажет екенін айтып, ірі компанияларға нақты міндет жүктеген-ді. Нақтырақ айтсақ, әкімшілік-іскерлік орталығында –15, тәрихи-мәдени орталықта – 9, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығы аймағында 2 нысан. Облыстар мен компаниялар киелі қалаға тарту ретінде міндетіне алған нысандарды белгіленген жоспарға сай аяқтап келеді. Мысалы, 26 нысанның өткен жылы 9-ы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда 11 нысанның құрылысы аяқталған, 4 нысан құрылысы жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек, ал 2 нысан 2021 жылға өтпелі. Облыс әкімдігінің деректеріне жүгіне нақтырақ айтсақ, әкімшілік-іскерлік орталығындағы құрылысы жүргізілген 15 нысанның 4-еуі, яғни облыс әкімдігінің ғимараты (BI Group), халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар облысы), музыкалық мектебі (БҚО) және олимпиадалық резервке арналған спорт мектебі (СҚО) өткен жылы пайдалануға берілді. Ал биыл басқармалар, департаменттер ғимараттары (BI Group), медиа орталығы (Алматы қаласы), Нұр-Сұлтан алаңы (Нұр-Сұлтан қаласы), қалалық саябақ (Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстары) және Самұрық-Қазына АҚ тарту еткен бес нысан – оқушылар ­сарайы, 7000 орындық стадион, ­Конгресс-холл орталығы, цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені сынды 10 нысанның құрылысы толық аяқталған. Қазір пайдалануға қабылдау жұмыстары жүргізілуде. «Смарт сити» байланыс желілері (Қазақтелеком) құрылысын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ рухани-мәдени орталықта 9 нысанның 5-еуі өткен жылы пайдалануға берілсе, биыл Қ.А.Ясауи мұражайы құрылысы толық аяқталған. Қалған 3 нысан – әмбебап кітапхана (Шымкент қаласы), Ұлы дала елі орталығы (BI Group, Атырау облысы), драматеатр (Ақтөбе облысы, Түркістан облысы) құрылысын қараша айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Әзірет Сұлтан» қорығының айналасын абаттандыру, Күлтөбе қалашығындағы тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өңірдің әр аудан-қалаларында жыл ­сайын 10 аллея салу бойынша тапсырмасы шеңберінде Түркістанда 8 айда 13 аллея бой көтерген. Ал, қаланы көгалдандыру мақсатында 15 қазаннан бастап ағаш отырғызу маусымы ­басталады. Сонымен қатар, ұлы ақын Абай мен ұлы ойшыл әл-Фарабидің мерейтойына орай, келер айда шаһарда ескерткіш орнатылады. Инфрақұрылым бойынша қала су, газ жүйелерімен осы жылы, ал сапалы электр қуатымен келер жылы, сондай-ақ кәріз жүйесімен 2023 жылға дейін толық қамтылады. Биыл пайдалануға берілуі жоспарланған 7 қабатты 24 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Әкімшілік-іскерлік орталықтағы 1452 пәтердің құрылысына 634 жұмысшы мен 33 техника жұмылдырылған. Аталған 1452 пәтердің 450-і аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, ал 1002 пәтері несиелік тұрғын үй, яғни банкте кезекте тұрған салымшыларға берілмек. Одан өзге, әкімшілік-іскерлік орталықтан 12 қабатты 45 тұрғын үй салынуда. Келесі жылы аяқталатын үйлер құрылысын­да 13 мердігер тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Сондай-ақ 2021 жылы аяқталатын 7 қабатты 15 және 9 қабатты 5 үйдің де құрылыс жұмыстары жалғасуда. Одан өзге биылғы жылы жеке инвестиция та­рапынан 12 қабатты 10 үй мен 5 қабатты 8 үй пайда­лануға беріледі екен.
Құрылысы жүріп жатқан үйлерде жылу жүйесі автономды болмақ. Айта кетелік, бүгінде ­Түр­кістанда тұратын 175618 тұрғынның 61341-і эко­но­микалық тұрғыдан белсендi.
Түркістан қаласындағы қарқынды құрылыс, игі бастамалар өңір аудан-қалаларына үлгі болуда. ­Мысалы, Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы көршілес Кентау қаласына да оң әсерін тигізуде. Өткен жылы қала бюджетінің кіріс бөлігі 40 млрд теңгеге орындалған. Қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 24,4 млрд теңгеге жеткен. Деректерге жүгінсек, мұндай көрсеткіштер 65 жылдық тарихы бар қалада бұрын-соңды болмаған. Бүгінде Кентаудағы индустриалды аймақта 2,9 млрд теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ Түркістан және Кентау қалаларын жалғайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Екі аралықтағы жолдың жалпы ұзындығы 26 шақырым болса, қазіргі таңда оның 19 шақырымы жөндеуден өтуде. Жалпы жөндеу жұмыстары 95%-ға аяқталып, асфальтбетон жамылғысы толық төселген. Сондай-ақ елді мекен аумақтарында аяқжол, жарықтандыру шамдары орнатылды. Бұл жұмыстармен қатар Түркістан қаласының аумағында веложолақ төселген. Ал Қаратау қорығының жанындағы Хантағы туристік нысаны аумағында экологиялық және белсенді туризмді дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес жаңа жобалар дайындалып, әлеуетті инвесторларға ұсынылуда. Бұл мақсатта жалпы ауданы 230 гектар жер телімі анықталып, оның 50 гектарында туристік инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. ­Сондай-ақ өңірде туризмді дамыту мақсатында 9 мың гектарға орман алқабын құру жоспарланған. Бүгінге дейін оның 3 мың гектардан астамына көшеттер қондырылған. Аймақтағы тұқымбақта 7 миллионнан аса түрлі ағаш көшеттері күтіп-бапталуда. Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау, қаланы жасыл желекпен көмкеру жұмыстарына мемлекеттік қызметкерлер мен облыс орталығы тұрғындары да атсалысуда. Олар демалыс күндері егілген көшеттердің түбін әктеп, қала аумағын күл-қоқыстан тазартады. Осылайша экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде. Мамандардың айтуынша, алдағы екі-үш жылда Түркістан қаласының аумағы тал-дарақпен көмкеріліп, жасыл желекке айналады. Бұл орайда көне шаһарды қоршай ағаш көшеттері отырғызылуда. Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, өткен жылы шаһар айналасынан 7 700 гектар алқапқа «Жасыл белдеу» құрылған болатын. Өңір табиғатына бейім 7-8 түрлі ағаш 3 жарым мың гектар жерге, ал биыл жыл басынан бері қала аумағында 1235 гектарға 1 млн 387 мың түп көшет отырғызылды. Түркістан қаласының жазы ыстық, табиғаты құрғақ келетіні мәлім. Осы орайда мамандар қала аумағын жасыл-желекпен көмкеру – қоршаған ортаны қорғаудың ең тиімді жолы екенін айтады. Сондықтан шаһарды айналдыра қоршай ағаш егу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – қазір өңірдегі басты мәселе. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің айтуынша, әрбір түп ағаштың өзіне қышқыл отынды сіңіре отырып, қоршаған ортаға оттегі бөлуі аздау болып отыр. Мысалы, 15 мың адам таза ауаны сіңіріп жатса, беруі 12 мың болып тұр. Басқарма басшысы орман қала аумағын таза ұстау арқылы экологияға өзінің тиісті әсерін беретінін айтады. Облыс әкімінің бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстың бірінші бөлігі бүгінде аяқталған, енді келесі кезеңге белгіленген жұмыстар атқарылатын болады.

ӨНЕРКӘСІП: 344 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕНІҢ
ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ

Құрылыс қарқыны жоғары Түркістан облысында биылғы сегіз айдың өзінде өнеркәсіп кәсіпорындары 344 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Осылайша облыс құрылғаннан бергі екі жылда өндіріс көлемі 6,5 пайызға өсіп отыр. Облыстық инвестиция және экспорт басқармасының басшысы Иса Құдабековтің мәліметіне жүгінсек, өңірдегі 300 өнеркәсіп орнында 23 мыңға жуық адам жұмыс істейді. «Бүгінгі таңда 2020-2023 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы сомасы 324 миллиард теңгені құрайтын 29 жоба іске асырылуда. Жоба толық жүзеге асса, шамамен алты мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Биылдың өзінде 12,5 миллиард теңгеге 13 жобаны іске асыру жоспарланып, ол кестеге сай жүзеге асырылуда. Оның өзі 1500 адамға жұмыс тауып беретін болады. Қазірдің өзінде үшеуі толық іске қосылды» дейді басқарма басшысы. Аталған жобалардың бесеуі Сайрам, екеуі Мақтаарал аудандарына тиесілі болса, қалғандары Ордабасы, Келес аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында салынуда. Мақтаарал ауданындағы «Tulpar Textille» серіктестігіне тиесілі тоқыма фабрикасы жылына 6600 тонна өнім өндіруге, осы аудандағы «Tulpar May» ЖШС қолға алған тазартылған май өндіру цехы жылына 2912 тонна өнім шығаруға қауқарлы. «Стандарт Ресурсис» ЖШС 1,5 миллиард теңгеге Ордабасы ауданынан көмір-химия комбинатын іске қосса, «АБН Альянс» ЖШС Кентау қаласынан пластикалық құрылыс бұйымдарын шығаратын зауыт сала бас­тады. Құны 600 миллион теңгелік жоба жылына 1,5 мың тонна кәріз құбырларын шығаруды ­жоспарлауда. Келес ауданындағы «ТМстрой 21» ЖШС 520 миллион теңгеге жылдық қуаттылығы 15 млн дана күйген кірпіш шығаратын зауыт салып жатса, «Turkistan Textile» ЖШС Түркістан қаласынан тігін цехын іске қоспақ. Айына 15 мың дана киім тігетін цехтың жалпы құны – 500 миллион теңге. Келес ауданындағы «АІ ВІ-І» ЖШС қолға алған кірпіш зауытының қуаттылығы 30 миллион дана. Бүгінде іске қосылған бұл жобаның құны 251 миллион теңге болады. Өндіріс орындарының басым бөлігі Сайрам ауданына тиесілі. Мұнда бір сүт өңдеу зауыты мен төрт бірдей асфальт-­бетон, темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт іске қосылады. Жылына 15 тонна сүт өнімдерін өндіретін «AYKAN» ЖШС-ның жобалық құны 390,8 миллион теңге болса, жылына 21 000 текше метр асфальт-бетон қоспаларын шығаратын «Daria Групп» ЖШС-на қарасты зауыттың жалпы құны – 290 миллион теңге. «Elit Story M&A» ЖШС жылына 40 000 текше метр бетон және асфальт-бетон қоспаларын өндіретін, құны 270 миллион теңгеге зауыт салмақ. Ал «Көктал Групп» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіретін зауыт салуды ­бастады. Жылдық қуаттылығы 20 мың тонна болатын оның құны 249 миллион теңгені құрайды. ­Сайрам ауданындағы «Конус и К» ЖШС да темір-бетон бұйымдарын өндіруді көздеп отыр. Бүгінде құрылысы басталып кеткен бұл зауыттың жалпы құны – 200 миллион теңге. Осылайша құрылысы қарқынды киелі Түркістан бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етуде.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ
Түркістан облысы

1209 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы