• Қоғам
  • 08 Қазан, 2020

ПІКІРЛЕР ТОҒЫСЫ

Көрші қырғыздың бүгінгі жағдайы кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Ел іргесі сөгілмесе, әлемдік пандемия жағдайында ауру өршіп кетпесе деген алаң көңілмен Алатаудың ар жағындағы ағайынға тілектес көңіл ауанымен көз саламыз. Мемлекет басшысы да көрші елдегі ахуалға назар аударып отырғаны белгілі. «Қазақстан Президенті Қырғызстандағы болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отыр. Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында шешілетініне үміттенеді» деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-тегі парақшасында. Демек, бауыр ретінде, көрші ретінде біздің де ұстаным осы – қырғыз ағайын өз мәселесін тезірек реттеп алса деген тілек. Бұл орайда сарапшылардың да пікірін газет бетіне бере кетуді жөн санадық.

МЫҚТЫ ЖОО – МЫҚТЫ АЙМАҚ

Асқар ШөмшековАсқар Шөмшеков,
Torayghirov Media Center жетекшісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздегі сан алуан өзекті мәсе­лелерді қозғап, тығырықтан ­шы­ғудың жолын ұсынып, бе­рілген тапсырманы асқан жауапкершілікпен орындау қажеттігіне тоқталды. Иә, қазір бар әлем панде­мия­ның екінші толқынына алаңдаулы. Бұл тұр­ғыда Президентіміз еліміздің дағдарыстан соң көшбасшы мемлекеттер арасынан өз орнын алу үшін қазірден бастап тырысуға шақырды. Бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру үшін артықшылығымызды пайдаланып, мүмкіндігімізді дұрыс бағалаудың уақыты келді. Біз еліміздің болашақ жетістіктерінің негізін қалауымыз керек.
Президент алдыңғы қатарға адами ресурс­тардың бәсекеге қабілеттілігін қояды. Қазір болжамдар негізінде ғылыми әдістерді пайдаланып, шешім қабылдау үшін мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпорындар жұмыскерлерінің құзыреттілігіне деген талаптарды арттыруымыз керек. Оған мемлекет қатысатын болады.
Менің ойымша, ғылыми қауымдастық пен мем­лекеттік қызметшілердің арасын жақын­дата түсу керек. Мәселені бірлесе зерттеп, ше­шудің мысалы ретінде «Мықты ЖОО – мықты аймақ» бағдарламасын келтіруге болады. Бағдарламаны Торайғыров университеті мен Павлодар облысының әкімдігі бірлесіп әзірледі. Ғалымдар мен мемлекеттік қызметшілер ғылыми-техникалық әлеует пен қолда бар ресурстарды адамдардың әл-ауқатын жақсартып, Мемлекет ­басшысы облыс алдына қойған мәселелерді шешуге уағдаласты. Торайғыров университеті аймақтың өнеркәсіп алыптарымен сапалы өнім шығару мен кадрларды даярлау турасында өзара тиімді әріптестік орнатты.
Президент көппартиялықты дамыту, қоғамдық диалогты орнату, митингілер туралы заңнаманы жетілдіру және қоғамдық келісімді нығайту бойынша төрт тапсырманы анықтады. Осылайша, Мемлекет басшысы заманауи тиімді мемлекет құру, қоғамдық институттарды дамыту экономикалық жетістіктерден қалыс қалмау керектігін жеткізді.
Біздің мемлекет әлем елдерінің басына түскен сынақтан абыроймен өтуде. Мұны соңғы карантиндік шектеулердің бәсеңсіп жатқанын көріп отырмыз. Дегенмен, біз елімізге дағдарыстың салдарын жоюға көмектесу қажеттігін түсінуіміз керек. Ол үшін әрқайсымыз экономиканың дамуына үлес қосып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтауға атсалысуға тиістіміз.

ТЫНЫШТЫҚ БОЛУЫН ТІЛЕЙМІЗ

Әзімбай Ғали,
тарих ғылымының докторы,
саясаттанушы

Саяси реформа жүрмесе түптің-түбінде қай елдің де экономикасы тоқырайды. Мұны біз белорус халқының соңғы екі ай бедерінде жасап жатқан саяси наразылық акцияларынан байқаймыз. Себебі бұрын экономикасы тұрақты делінетін Белоруссияда соңғы уақыттары экономикалық тоқырау орын ала бастаған. Бірақ олар саяси реформаны бейбіт, өркениетті жолмен жасаймыз деп отыр. Осы тұрғыдан алғанда қырғыздардың бірден көтерілуін жалпы әлемдік саяси принцип тұрғысынан өлшегеніміз дұрыс болар. Олардың басты кемшілігі уақтысында экономикалық реформа жасай алмағандығында. Бірақ бірнеше саяси реформа жасауда тәжірибе жинақтады. Алайда саяси еркіндік жеткіліксіз екен. Экономикалық реформа жасалмағаннан кейін халық толқиды. Оны радикалдық топтар теріс әрекеттерге пайдаланып та қалып отырады. Тәртіпсіздік содан басталады. Саяси бостандыққа ұмтылу, демократиялық талаптар теріс бағаланбауы керек. Менің байқағаным, баспасөзде олардың бұл әрекетін жағымсыз етіп көрсету үрдісі байқалады. Түбінде оларда саяси билік демократиялық талаптарға сай дұрыс дамитын болады. Рас, Қырғыз мемлекетінің минералдық ресурсы өте аз. Экономикалық реформа жасалмаған. Алайда олардың саяси реформаларына құқықтық баға берілуі қажет. Авторитарлық мемлекеттердегі БАҚ-тың бәрі қырғыздардың саяси ізденістерін жеккөрінішті етіп көрсеткісі келеді. Керісінше, олар қырғыз еліндегі саяси жағдайдан сабақ алып, өздерінде саяси теңдікті сақтау жолдарын қарастыруы қажет. Мәселен, Қырғыз елінің бір көршісі Тәжікстан саяси реформа жасаған жоқ. Бірақ ұтқаны не? Халқының белгілі бір бөлігі нан табу үшін шетте тентіреп жүр. 35 миллион халқы бар өзбек ағайындардың да 4 миллиондайы ­Ресейде, біраз бөлігі біздің елде тірліктің қамымен жалданбалы жұмыскер. Біз де экономиканы дамытуда шикізат өндіруге сүйенеміз. Сол сияқты қырғыз елі де тығырықтан шығу үшін тыныштық орнатып, инвесторлар тартуы қажет. Жалпы бауырлас елде тыныштық ­болуына тілектеспіз.

«ЖУАСТЫҢ АШУЫНАН САҚТА»

Дос Көшім, саясаттанушы:

Қырғызстанда­ғы шеру, қар­сы­лық, халық­тың на­разылығы сайлау нәти­­жесінен туындады. Әді­лет­сіз сайлау болған­дықтан, оның нәти­жесіне риза емес пар­тиялардың жақ­тастары шығып, ақыр аяғында Ақ үйді басып алуға дейін жетті. Қамақта отырған Атамбаевты, т.б. шығарды. Осылайша, сайлау деп бастал­ған мәселе билікке, мемлекетке, Мемлекет басшысына деген қарсылықпен жалғасты. Менің ­ойымша, осындай бей-берекет Қырғызстанның ішкі тұрақтылығын шайқалту үшін біреулерге керек сияқты. Қысқасы, басы саяси мақсатпен басталған шерудің соңы жақсы болмайын деп тұр. Бұл – бір мәселе.
Екінші мәселе – билік халықтың қаһарынан қорыққан болуы керек, қазір бәрі өзгерді. Сайлаудың нәтижесін санап шыққан Орталық сайлау комиссиясының өзі шығарған нәтижесін заңсыз деп тапқаны өте ыңғайсыз болды. Билік мұндайға ­бармауы ­керек еді. Әділетті сайлау өткізіп немесе «біздің нәтижеміз осы, болмаса біз жұмыстан кетеміз» деп, бәрі жұмыстан кеткені дұрыс еді.
Егер Сооронбай Жээнбеков өзінше кетіп, Атамбаев өзінің тобымен оған қарсы шықса соңы жақсылыққа апармайды. Сондықтан сайлауды қайта өткізуге биліктің өзі көніп отырған кезде айғай-шусыз осы жолды таңдаған дұрыс.
Бәрі сайлау қорытын­дысынан шығып отыр. Қазір Белоруссияның да, Қырғызстанның алдында да осы мәселе тұр. Мұндай жағдай Америкада бір рет болды. Америкада бейтарап, тәуелсіз санаушылар бүкіл бюллетеннің барлығын қайталап санап шықты. Бізде ешуақытта бюллетенді қайтып санауға бермейді.
Қазақта «Жуастың ашуынан сақта» деген сөз бар. Сондықтан бұл жағдайдан сабақ алуымыз керек. Менің ойымша, ең дұрысы осының бәрін үстелдің басында барлық саяси күштер біріге отырып шешкені дұрыс. Өйткені әрбір саяси күштің артында халық тұр.

ЫМЫРАҒА КЕЛЕ АЛМАУДЫҢ АЙҒАҒЫ

Айдос САРЫМ,
саясаттанушы

Қырғыз еліндегі жағдай – бұл бірінші революцияның жалғасы. Себебі, біріншіден, революция діттеген, көздеген мақсаттардың іске аспауы осындай қоғамдық тосын оқиғаларға итермелейтін сияқты. Мұндай оқиғалардың ең қиыны – оның барлығы да мемлекетке ауыр соққы. Неге екінші революция, үшінші революция жасалды? Себебі әрбір тосын оқиға мемлекеттік ұйымдардың, Конституцияның, мемлекеттік құрылымдардың, Президент, Үкімет, Парламент болсын, бәрінің қадір-қасиетін, оларға деген қоғам көзқарасын, сөзге тоқтау, ымыраға келу сияқты дүниелердің барлығын жоққа шығара береді. Ел Президенті партиялармен сол күні неге келіспеді, дауыс ұрланғаны рас болса, неге сол мезетте орталық сайлау комиссиясына тапсырыс бермеді деген сұрақ өзінен өзі туындайды.
Үкіметті, билікті жек көретін адамдар осы қырғыз еліндегі жағдайды қайталау керек деген сияқты әңгімені айтып жүргенін байқап қаламын. Менің ойымша, бұл аса үлкен ақылдың әңгімесі емес. 15 жылдың ішінде 3 революция жасап, 3 президентті елден қуу ешқандай ерлік емес. Бұл қоғамның, сол елде тұрып жатқан халықтың ымыраға келе алмауының үлкен көрінісі. Шынын айтсақ, қуанатын емес, өкінетін жағдаят деп айтуға болатын шығар. Сондықтан біз жоқ нәрсеге қуанбайық. Мемлекеттік құрылымды күшейту, мемлкеттік құрылымды ары қарай дамыту, мемлекет денесіне, ағзасына, жанына жара салмай, мемлекетті әрі қарай алға жылжыту керек. Қоғамды күн сайын алға жылжыту, дұрыс бағытқа бұру, реформаларды кезек күттірмей, қоғамның наразылығын тудырмай іске асыруды үйренуіміз керек. Дер кезінде жасалған реформа, мүдде дер кезінде қажетке жарайды.

 

694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы