• Руханият
  • 08 Қазан, 2020

ӘЛ-ФАРАБИДІҢ СЫБЫЗҒЫСЫ

Сағатбек Медеубекұлы,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің
деканы, ф.ғ.к., доцент

Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Музыка туралы үлкен кітабында» қазақтың сыбызғысы секілді мизмар деген ойықты-үрлемелі аспапқа ерекше тоқталады.
Әл-Фараби үрлемелі аспаптар туралы әңгімесін мизмар және соған ұқсас, тегі бір аспаптар ­туралы айту ниетінде екенінен бастайды және бұл аспаптардың көлеміндегі өзгешеліктерді сөз қылмағанның өзінде, бұлардың бастапқы құрылысы бірі-біріне ұқсайтындығын, сондықтан, алдымен бәріне ортақ ерекшеліктерден сөз қозғап, одан кейін барып олардың «кейбіріне ғана тән жайттарына тоқталуды» жөн көргенін ескертеді. Кейбіріне ғана тән ерекшелікті айту арқылы өзге осы тектес аспаптардың да болмысын тануға болады дейді.
Әл-Фараби айтады: «...Әдетте, дыбыстың жіңішке немесе жуан болуы дүмпудің күшімен итерілген (әл-һауа ән-набии) бөлшектеріне жасалған қысымның дәрежесіне (шадид әл-иджтима’) қатысты. Неғұрлым қысым күшті болса, соғұрлым дыбыс өткір (әс-сауту әхадда) болады. Қысым әлсіз (әл-хәл әд-дуун әл-иджтима’) болған сайын, орта бос болып, дыбыс жуан (әс-сауту әсқаль) шығады» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж.Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 130-бет).

Ғалымының ай­туын­ша, бұл аспап­тарға тән дыбыстар он­дағы ауа жиналатын қуыс­тар мен оның шығуына ар­налған ойықтар арқылы өзгеріп отырады екен. Тағы бір есте ұстайтын сипат – аспап дыбысының жуан немесе жіңішке шығуы үрлегенде қысыммен келген ауаны сыртқа шығаруға арналған «ойықтардың жақын, болмаса алыс орналасуына» байланысты. Себебі мизмарды тартушы үрлеген ауа леп қысымының ықпалымен өзектің ­бойымен алғашқыда тығыз әрі жылдам жүреді. Сондықтан мұндай ауадан шыққан дыбыс бастапқыда жіңішке естіліп, үрлеушінің аузынан алыстаған сайын ауа қысымының әлсізденуіне байланысты, жуандай түседі.

1-сурет. Он ойықты мизмардың сызбасы

1-сурет. Он ойықты мизмардың сызбасы


Ғалым тәжірибе барысында тағы бір ерекшелікті байқайды: мизмар немесе сол секілді аспаптардың ауа жүретін өзегінің тар немесе кең болуы да дыбыстың жіңішке немесе жуан болуына ықпал етеді. «Ауа жүретін жол тар болса, – дейді әл-Фараби, – ауа бөлшектері бір бірімен нығыздалады әрі ауаның соқтығысымен пайда болған серпіліс те қуатты болмақ, нәтижесінде бұдан шыққан дыбыс та жіңішке». Егер аспап түтігінің өзегі кең болса, ауа бөлшектері жан-жаққа шашырап, қысым да әлсірейді. Нәтижесінде мұндай өзектен шыққан дыбыс та жуан болмақ. Үрлемелі аспаптардың мынадай ерекшелігін де ескертеді ғалым: аспаптан шыққан дыбыстардың жуан немесе жіңішке болып шығуының тағы бір басты себебі – оның өнебойындағы ауа шығатын ойықтардың үлкен- кішілігіне де байланысты екен. Үлкен ойықтан ауа қысылмай, бос, еркін шығады, мұндайда дыбыс жуандау ­болады, ал тар ойықтан ауа қысымы тығыз болады да дыбыс жіңішке естіледі. Аспаптан шығатын дыбыстың жуан немесе жіңішке шығуының тағы бір себебін табады ғалым. Ол мынадай себеп: егер аспап өзегіне үрленген ­ауаны итеруші қысым неғұрлым қуатты болса, соғұрлым ­дыбыс жіңішке, ал ­ауаны итеретін қысым әлсіз, ­бостау болса, ­дыбыс жуандау шығады. Өйткені ­«ауаны итеретін күш әлсіз болса, ауаның қозғалысы да баяу болады. Ал бұл күштің қуатты болуы ауа қозғалысын жылдамдата түседі». Үрленген ауаның жылдамдығы артқан сайын оның тығыздығы да ұлғайып, осының салдарынан дыбыс жіңішкереді, ал үрленген ауаның жылдамдығы азайса, ауа бөлшектері тығыздалмай, дыбыс та жуандайды, солғындайды.
Қарапайым адам ауада бөлшек бар деп ойламайды. Әл-Фараби көзге көрінбейтін ауаның өзі бөлшектерден тұратынын әлдақашан зерттеп білген. Сондықтан да ол музыкалық аспаптарда дыбыстың қалай, неден пайда болатынын түсінген. Түсінгендіктен де бұған дейін сөз еткен ішекті-шертпелі және ішекті-ыспалы аспаптардың дыбыстары туралы айтқанда да осы түсінігін нақты тәжірибелерге сүйене тұжырымдап отырған болатын. Енді үрлемелі аспаптар турасында да өз тәжірибелері арқылы көзі жеткен физикалық заңдылықтарға сүйене сөйлейді. Айталық, ол үрлемелі аспаптың өзегінен өтіп бара жатқан лептегі ауаның бөлшектері бір-біріне және түтік бойындағы ойықтардың жиегіне, кенересіне соқтықпаса, дыбыс шықпайды, үн естілмейді дейді. Оның түсіндіруінше, бұл құбылыс ауыз бен ауа соқтығысатын ойықтың арақашықтығына да байланысты екен. Егер леп үрлейтін ауыз бен ойықтың арасы алшақ болып, ауа ұзақ жүретін болса, ауаны итеруші күш бірте-бірте әлсірейді, соқтығысу қуаты кемиді, «ақырында дыбыс мүлдем жойылады».
Ғалымның жоғарыда айтқанда­рынан үрлемелі аспаптан дыбыстың жуан немесе жіңішке шығуына қатысты қағидаларын түйіндеп алуға болады.
Дыбыстың жуан я жіңішке шығуы: біріншіден, аспап ойықтарының арақашықтығына; екіншіден, аспап өзегінің кең немесе тар болуына; үшіншіден, аспаптың бойындағы ойықтардың көлеміне; төртіншіден, аспап ішіне үрленген лепті итеретін қысым күшінің қуатына; бесіншіден, жалпы дыбыстың шығу, шықпауының өзі өзектен өтіп бара жатқан ауаның жолында кедергінің болу, болмауына байланысты екен. Егер үрленген леп өз жолында кедергілерге неғұр­лым қаттырақ соқ­тығысса, соғұрлым дыбыс қатты шығады, ал кедергілерге әлсіз соқтықса, ды­быс ақырын естіледі.
Бұдан кейін ғалым үрлемелі аспап бойындағы ойықтарды екі түрге бөледі. Біреуі – тікойық (‘алә әл-истиқимати), екіншісі – бұрмаойық (’алә әл-ин’итоф). Тікойық дегені – аспап өзегінің үрленетін жағына қарама-қарсы, ауа түзу шығатын ауызы. Бұрмаойық дегені – түтіктің яғни өзектің бойына ауа шығу үшін арнайы жасалған ойық. Аспапта ондай ойықтар бірнешеу ­болады. «Бұлар мизмардың шет-шетіне орналасады» дейді ғалым.
Осылайша ол «Музыка туралы үлкен кітапбындағы» Екінші тараудың «МИЗМАР» бөлігіндегі «Миз­мардағы дыбыстардың жуан және жіңішкелігінің себептері» ­деген тақырыбын тамамдайды да ары қарай бұл аспаптың ауқымдылығы мен ұзындығына және иілме пішініне байланысты дыбыстардың шығуына қатысты ойларын сабақтайды.

2-сурет. Тікойықтары алыстатылған жұпты мизмар


Мұнда ол мизмардың сызба үлгісін сызып, көрсете отырып, ой сабақтайды. Сызбаларына қарап, ғалымның сызу өнерін де жетік меңгергенін аңғару қиын емес. Нақты тәжірибе барысында қолымен ұстаған заты жөнінде жазып қана қоймай, соған қатысты ойының неғұрлым түсінікті болуы үшін қолма-қол сызбасын да бірден сызып көрсетіп отыру әдебі кімді де болса қызықтырады.
Ғалым мизмар аспабының үрлеуігі мен тікойығына дейінгі аралықтың ұзын я қысқалығына қарай үннің де ұзақтығын анықтайды. Ауаны итеретін күш пен аспаптан шыққан дыбыстың өзара қатынасын айқындайды. Мизмардағы жуан дыбыстың жіңішке дыбысқа қатынасы «екі интервалдың бір-бірімен қатынасы секілді» дейді ғалым.
Дыбыстың жуан шығуы аспаптың ауа жүретін өзегінің кең болуына байлынысты. Демек, ауа жүретін өзек әртүрлі болса, онда міндетті түрде аспаптан шығатын дыбыс та әртүрлі болады. Сол сияқты егер аспап дыбысының жуан я жіңішке болуы бұрма ойықтардың үлкен-кішілігіне байланысты болса, онда олардан шыққан дыбыстар да әртүрлі. Осындай ойларын дәлелдеу үшін ғалым нақты тәжірибелерді сызба үлгісімен көрсетеді. Бірінші тәжірибе бойынша ғалым бірнеше мизмардың ауа өтетін өзегі біртегіс және жуандығы біркелкі, бірақ ұзындығы әртүрлі жасалғанда, дыбыс қатынастары қандай болатындығына жауап іздейді. Жауабы: осындай ұзындығы әртүрлі, бірақ жуандығы бірдей бірнеше өзектің барлығына тең күшпен ауа үрлейтін болса, «онда, олардан шыққан дыбыстардың қатынасы аспаптар ұзындықтарына сәйкес келетінін» түсінесіз.
Екінші тәжірибе бойынша ғалым бірнеше мизмарды тік ойығының кеңдігін әртүрлі, бірақ ұзын­дығын бірдей етіп жасағанда, дыбыс қатынастары қандай болатындығына жауап іздейді. Жауабы: Ұзындығы бірдей, бірақ ауа шығатын тікойықтары (аспаптың үрленетін жағына қарама-қарсы дыбыс шығатын аузы) әртүрлі көлемдегі мизмар­лар­дың бә­ріне бір­дей күш­пен үр­лесе, «онда, ауаны сыртқа шы­­ға­ра­тын тік ойық­тар­дың қатынас­та­рына толық сәйкес ке­летін дыбыстар естіледі».
Үшінші тәжірибе бойынша ғалым бірнеше мизмарды бүйіріндегі бұрма-ойық­та­ры­ның кең­дігін әр­түрлі, бірақ ұзын­ды­ғын бірдей және үрлеуік пен бұрма ойықтың арақашықтығын тең етіп жасағанда, дыбыс қатынас­тары қандай болатындығына жауап іздейді. Жауабы: мұндай мизмарлардың бәрін бірдей күшпен үрлейтін болса, «онда, бұл жағдайда да бұрмаойықтардың қатынасымен тең келетін дыбыстар естіледі».
Төртінші тә­жірибе бойын­ша ғалым бір ғана мизмарды алып, оның ­бойына бір қатарға көлемі бірдей бір­неше бұрмаойық жасағанда, дыбыс қатынастары қандай болатындығына жауап іздейді. Жауабы: мизмарды үрлеп тұрып, әлгі бұрмаойықтарды төменнен бастап бірінен соң бірін басқанда, «ойықшалардың арасындағы қатынасы да аралық интервалдары сияқты белгілі бір шамада болады. Нәтижеде аспаптан осы қатынастарға сәйкес келетін дыбыс­тар естіледі».
Бұдан әрі әл-Фараби күрделі қосақ мизмарларды қолдануға қатысты тәжірибелерімен бөліседі. Ғалым ешқашен «мен істедім», «мен жаздым» демейді екен. Бірақ көп тәжірибенің түсіндірмесі барысында оның өзі жасап отырғаны айқындала береді. Бұл жолы да ол қосақ мизмарды «өзім тұңғыш істедім» демей, қалай істеу керек екенін ғана түсіндіреді. Түсіндірмесіне назар аударғанда қосақ мизмарды жасаушы өзі екені білінеді.

3-сурет. Тікойықтары түйістіріле шендестірілген жұпты мизмар.

3-сурет. Тікойықтары түйістіріле шендестірілген жұпты мизмар.


Жалқы өзекті бірнеше мизмардың дыбыстық қатынастарын салыстырған ғалым енді оларды біріктіру амалдарын да қарастырады. Егер түтік жіңішке болса, екеуін қосақтап қойып екеуіне бірдей ауа үрлеуге болады. Бірақ ауаны түтік ішіне үрлеу күші әлсіз болуы мүмкін. Әлсіз болуы ерін мен езудің екі бірдей түтіктің үрлеуігін толық жауып, қатты үрлеуге икемделуінің қиындығында. Сондықтан ғалым екі түтікті бір-бірімен байланыстыратын үшінші түтікті қосу керек деп шешеді. Қосалқы түтік пен оның екі жағындағы екі мизмардың бүйірлеріне ауа өтетін ойықшалар ояды. 5 (361)-­сурет. Күрделі жұпты мизмар құрылысы
Әл-Фараби айтады: «...Мұнан соң ортадағы ауа үрленетін арнайы құралға (түтікке) ауа жіберіледі. Ауа ол арқылы жүріп отырып, екі тарапқа тең бөлінеді де сол жақтағы (ортаңғы түтіктің екі жағына орналасқан мизмарлардағы С.М.) бұрмаойықтардан сыртқа шығады.» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: ­«Колор», 2008. 435-бет.)
Ғалым мизмардың күрделі қосақты түрін сынақтан өткізген соң тағы бір тәжірибе ұсынады. Ол тәжірибе мизмарларға емес одан да үлкен үрлемелі керней аспабына қатысты болатын. Бұрмаойығы бар кернейге басқа кернейді қосақтап одан соң оған тағы үшінші кернейді қосып көруге болады. «Ақырында бұлардан көптеген дыбыс­тар шығады» дейді. Демек, ғалым бұл ұсынысын өзі де тәжірибе арқылы іс жүзіне асырып көрген. Қазір әлемде үрлемелі аспаптардың жетілдірілген түрлері бар (Мыс.: саксафон, кларнет, трамбон, флейталар сияқты). Осы жетілдірілген үрлемелі аспаптардың дыбыс шығару мүмкіндігінің алғашқы тәжірибелерін әл-Фараби жазып кетіпті.
Әл-Фараби айтады: «...Сондай-ақ мизмардың осындай түрінен әртүрлі тарапқа бағытталған мизмарларды жасауға болады. Үрленген ауа әрбір бұрмаойыққа арнайы жасалынған түзу жолмен барып, жан-жаққа бөлініп кетеді. Ауаның біраз мөлшері аспаптың үрлеуік ауызына ең жақын ойықтан шығып, қалған мөлшері басқа бұрма ойықтарға тарап кетеді...» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 435-бет).
Ғалым мизмарлардың күрделі қосақты түрлерін қолдану туралы айтқаннан кейін анағұрлым кеңінен тараған мизмар және оның уд аспабы дыбыстарымен сәйкестігін салыстыруға көшеді. Тегінде ғалым өмір сүрген қалада жалқы өзекті, үрлеуігі жалғыз, үн шығар тікойығы біреу және бүйірінде бір сызықтың бойына орналасқан бірнеше бұрмаойықтары бар мизмар сол бір замандарда кең тараған екен.
Ғалымның мизмардың төменгі жағындағы дыбыс шығатын ұшын, яғни тікойықты жеке дара бөліп айтатын себебі – біріншіден, ол – үрленген ауаның бағытына сай тұрған ойық. Екіншіден, оның көлемі урлеуік тесіктің көлемімімен үнемі бірдей болмаған. Үшіншіден, ол – дыбыс шығатын аспап бойындағы негізгі ойық. Сондықтан, ол мизмардың бір бөлшегі іспетті жеке тілге тиек етілген. Осы негізгі үн шығар тікойықты қосқанда мизмардың өнебойында он ойық бар (1-сурет).
Тікойық – негізгі ойық үрленген ауа шығатын өзектің аузы. Одан кейінгі ойықтар саны жетеу. Бұл жеті ойық аспаптың жоғары қараған жағына бір сызықтың бойына бірдей көлемде ­ойылады. Алдыңғы үшеуінің бір-бірінен арақашықтығы біркелкі салынады. Одан кейін сәл алшақтау тұста тағы үшеуін дәл сондай арақашықтықпен ояды. Бұдан соң жетінші ойықты сол сызықтың бойына кішкене ғана алыс жерге ­салады. Сөйтіп, бұл бірдей көлемдегі жеті бұрмаойық аспаптың жоғары жағына, бір сызықтың бойына орналасады. Тағы екі бұрмаойық аспаптың астыңғы жағынан ойылады. Біреуі үн шығар тікойық жағында ойылады. Екіншісі үрлеуік пен тікойық арасына, тура ортасына салынады. Дыбыс шығатын тікойық қатарына жатпайтын тесік – мизмардың үрлеуігі, яғни ауа үрленетін ұшы. Оған мүштек салынады. Ғалым осындай тәртіппен мизмардың ойықтарын орналастырады да олардың әр қайсысын белгілі бір әріппен белгілеп алып, шыққан дыбысты уд аспабының ішектеріндегі дыбыстармен салыстырып шығады. Ол тәжірибесін де сызба үлгісі арқылы көрсетеді
Әл-Фараби айтады: «...Бұл елде кеңінен тараған мизмарлардың көбісінде осы аталмыш дыбыстар ойналады. Бұлар уд аспабындағы дыбыстармен салыс­тырмалы түрде көрсетіледі, демек, олардың қатынас шамалары мен құрылым интервалдары дәл сол дыбыстардың қатынастары мен интервалдары десе де болады». (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж.Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 438-бет).
Осылайша ғалым удтың дыбыс қатарларымен салыстырып барып мизмар аспабы туралы сөзін оның қосақты түрімен сабақтастырады. Қосақ мизмардың дыбыстарының уд аспабы дыбыстарымен сәйкестігін анықтайды. Алдымен, ол қосақ мизмарға түсініктеме береді: «Көптеген адамдар қосақ мизмар пайдаланады, яғни бір мизмарды екіншісімен қосып алады. Бұлар «екілік мизмар» [әл-мизмар әл-мусанна], «қосақты мизмар» [әл-мизмар әл-музауадж], «қосақ дунай»[әд-дунай] аттарымен танымал. Алайда олар бұл елде әуелгі мизмар сияқты кеңінен тарамаған» дейді. (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж.Сандыбаев. Алматы: ­«Колор», 2008. 442-бет.)
Қосақ мизмар жалқы мизмар секілді жалпыға ортақ халықтық сипат алмаған, тек ең шебер тартушылар өз мүмкіндігін асыра таныту үшін екі мизмарды қосақтап тартуды тәжірибеге енгізген. Нәтижесінде қосақты мизмарда екінің бірі ойнай алмайтын болған. Әл-Фараби «әуелгі мизмар секілді кеңінен тарамаған» дегенде айтқысы келгені осы себеп болса керек.
Ғалым қосақ мизмардың өлшем­дері бірдей екі түрін тәжірибеге алады. Оның біреуі үрлеуіктері түйіскен, бірақ тікойықтары алшақ орналасқан ­(2-сурет).
Ал екіншісі үрлеуіктері де, тікойық­тары да түйістіріле шендестірілген (3-сурет).
Қосақ мизмардың біреуіндегі бір сызықтың бойына орналасқан бұрма-ойықтар саны төртеу, ал екіншісіндегі бұрмаойықтар саны бесеу. Бұрма-ойықтардың барлығының кеңдігі бірдей. Және олардың орналасуында белгілі бір тәртіп бар: бір мизмардағы тікойық жақтан басталған төрт бұрмаойық біткен жердің тұсынан екінші мизмардың бұрма-ойықтары басталады.
Осындай екі түрлі (біреуінің тікойықтары бір-бірінен алшақ, екін­шісінің тікойықтары түйісті­рілген) қосақ мизмардың әр ойығын (тікойықты да, бұрма-ойықты да) белгілі бір әріптермен белгілейді. Белгіленген әріптердің орналасуы бұрмаойықтардың орналасу ретін анықтайды: төрт ойықты мизмарда Б (тік-ойық), Л, К, И, Т, бұл бес ойықты мизмарда былай жалғасады – А (тікойық) одан соң Дж, Д, һ, З, Х. Ойықтарды осылай белгілеп алып олардың интервалын анықтайды. ­Сонда «екі мизмардағы Б мен Х ­дыбыстары октава интервалын құрайды» екен. Бұдан соң оларды уд аспабы ішектерінің дыбыстарымен салыстырады. Тәжірибе соңында «осы түрге жататын мизмарлардың арасында дыбыстары бұл реттіке жатпайтын және уд аспабындағы пернелермен сәйкес келмейтін мизмарлар бар» екенін анықтайды. Бірақ «олардың дыбыстары уд аспабының пернелерінің арасына түсетіндігіне» көзі жетеді. Осылайша ғалым мизмарға қатысты тәжірибелерін тамамдайды.
Біз ендігі сөзімізді аспап атауының астары не мағына беретіндігіне ­жауап іздеумен сабақтаймыз. «Мизмар» ­деген сөздің төркінін ғалымдар араб тілінен табады. Көпше түрде «мазамар» делінеді. Көне семит тілінен келе жатқан з-м-р яғни «замар» сөзі «ән шырқау» немесе «музыкалық аспапты тарту» деген мағына береді екен. Қазіргі араб тілінде «замара» деген етістік «ағаштан жасалған үрлемелі аспапты үрлеу» деген ұғымда айтылады. Мизмар деген атпен тараған үрлемелі аспаптар Албаниада «зумарья», Алжирде «земмар», Йеменде «мазаамир», ­Иорданияда «заммара», Солтүстүк Африкада «замр», Кенияда «нзумари» деп аталса, осы тұрпаттас аспаптардың ежелгі атаулары «замджара», «замхар», «хунбука», «накиб», «занбак» болыпты. Ибн Сина мизмар деген терминнің орнына «най» деген атауды қолданыпты. (Музыкальные инструменты. Энциклопедия.-М.: «Дека –ВС», 2008. стр. 388)
Мизмарға ұқсас аспаптың көне түрінің бірін ғалым М.Е.Массон өткен ғасырдың отызыншы жылдары Орталық Азия аумағына жүргізген археологиялық қазба жұмысы кезінде тапқан еді. Өзбекстанның оңтүстүгінде Термез қаласына жақын жерде ­Айыртам деген елдімекен орнынан шыққан. Наным-сенім ғимаратының қалдықтарынан бірнеше музыканттың бедері табылған. Солардың бірінің қолында мизмарға ұқсайтын үрлемелі аспап бар. Оны ежелгі гректер «авлос» деп атаған. Латын тілінен аударғанда «құбыр» немесе «түтік» деген мағына береді. Осы музыканттар бедерленген ғимарат біздің заманымыздың ІІ ғасырына жатады. Бұдан да арғы замандардың жәдігері – Шумерлер мәдениетіне жататын терракоталық мүсін біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдыққа тиесілі екен.
Мысырдағы Нахт қабірінің қабырғаларына салынған музыканттар бейнесіне назар аударсаңыз, біреуінің үрлемелі аспапты ойнап тұрғанын байқайсыз. Бұл суреттің салынғанына үш мың алты жүз жылдай болған екен. Яғни отыз алты ғасыр болғандығын ғылыми сана дөп басып айта алғанымен, музыкант қолындағы үрлемелі аспапты жасау технологиясы мен ойнау әдістерінің пайда болу, қалыптасу, даму жолдарына қанша уақыт болғандығын дөп басып айтуы қиын. Әрине, ол уақытты біз осы 36 ғасырға дейінгі кезеңдерден іздеуге тиіспіз. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Хакасиядағы Кіші Сыя елді мекенінің маңында қазба жұмыстарын жүргізген. Көптеген қызықты заттармен бірге сыбызғы тәрізді үрлемелі аспап та табылған. Ол аспапты осыдан 35 ғасыр бұрын өмір сүрген өнер­паздар жасаған екен. Музыкалық аспап­тардың археологиялық тари­хын­дағы ең көне есептелетін бұл үрлемелі аспаптар әлбетте тұңғыш емес. Өйткені бұлардың да дәл осылай музыкалық аспап ретінде қалыптасуының бұған дейінгі өзіндік даму, жетілу баспалдақтары бар. Бұл баспалдақтарда ол сөз жоқ үнемі дамып отырды.
Әл-Фараби заманында бұл үрле­мелі аспаптар әжептәуір жетілген, бұқаралық мәнге ие болған. Солардың бірі – мизмар сол замандағы тұрпаты мен ойналу әдістерін өзгертпестен бүгінгі күнге ұласып отыр. Әрине, атауы әр халықта әртүрлі болғанымен, болмысы сәл ғана өзгеріске түскені болмаса, негізін сақтаған. Осы мизмардың жалқы түтіктісінен аумайтын үрлемелі аспап «сыбызғы» деген атпен қазақ халқының да төл мұрасына айналған.

1430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы