• Cұхбаттар
  • 15 Қазан, 2020

Әлібек АСҚАР: ТІЛ КҮРЕСІ – ДАМЫЛСЫЗ КҮРЕС

Әлібек АСҚАР, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры:

Әлібек Асылбайұлы, сізді қалың қазаққа таныстырып жатудың өзі артық. Сондықтан қызыл сөзді сапырмай төте сұхбатымызға көшіп, көптен бері көкейде жүрген беймаза ойға кезек берсек. Мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміздің жай-күйі не болып жатыр?

– Жақында бір әріптесім ел көлемінде жүргізілген сауалнаманы көрсетті. Қарап отырсақ, кейбір отандастарымыз Үкіметіміздің 2017 жылдың 31 қазаны күнгі «Қазақ­стан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 Қаулы­сымен байланысты Тіл мерекесінің 5 қыркүйекке ауысты­рылғанынан мүлдем бейхабар болып шықты. Несін жасырайық, әңгіме тағы да тілге қатысты болған соң, көңіл шіркін едәуір ортайып қалды.

«Жаманға бір сөз айтсаң, теріс қарайды» деген бар, оған қоса айналайын «Ана тілі» газетінің оқырманы қолынан кітап түспейтін адамдар сапынан ғой деп, сөз басындағы өзіміз туралы жақсы лебізіңізге үнсіз келісіп жатырмыз. Ал ардақты Ахмет Байтұрсынұлын исі қазақ түгел біледі.

5 қыркүйек таңдалуының мәнісі мынада: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған сол ұлт ұстазы, Ахаңның туған күні. Сондықтан, дүбірлі мереке күндері ана тіліміздің қалыптасқан жағдайын тағы бір сараптап өткеніміз заңдылық деп ойлаймын. Сұрағыңыз­дың да түп-төркіні осыған ­саяды. Қолынан қаламы түспеген жазушы ретінде айтайын, сөз – құдірет. Абайдың рухани өсу мен ақын ретінде қалыптасу кезеңін айқын­дайтын ­мынадай өлең жолдары бар:

«Фзули, Шәмси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Хожа Хафиз – бу һәммәси,

Мәдәт бер я шағири фәрияд».

Осылардың ішінде осалы жоқ. Жеті кереметтің қайсысын алсаңыз да, сөз қасиеті туралы айтқанда аспандап шарықтап кетеді. Соның бірі Сағди: «Егер құмырсқалар бел шешіп кіріссе, арыстанның терісін сыпырып алады» депті. Сол айтпақшы, қайыстай берік, барыстай қайсар қазақтың небір заманның тар қыспағында да тіл үшін күресті тоқтатқан кезі жоқ. Бір сөзді шашау шығармай бізге жеткізді.

Тіл деген дүние, бұл өзі, халықтың қасиетті ғасырлар бойғы салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен біте қайнасып жатады. Бесік тербеп отырып әлдилеп жырлаған анамыздан бастап, көзімізді ашқаннан көріп келе жатқан жоралғылар нақты мағынаға ие болып, санамызда берік орнығып келеді. Әр ырым жасаған сайын ұлт ұғымы болып кеудеңе қона береді. Кейбір дәстүр көнеріп, қолданыс­тан қалса да, тіл деген жарықтық бастапқы мағынасына жаңа ұғым үстеп сақтап қалады. Мысалы, музейге барғанда босағада тұрған тезді көресің. Тұрмыста жиі қолданбағасын, бүгінде біреу білсе, біреу білмес.

Бірақ әлі күнге «жөнге салды» дегенді «тезге салды» деп жазамыз. Ұста құралын көз алдымызға елестете алмасақ та, ұстаз айтып тұрғандай, мағынасын бәріміз түсінеміз. Бұл жағынан алғанда, «Тәубе!» дейтіндей бар емес пе?! Дегенмен, тілге ғылым тұрғысынан келгенде атқаратын шаруа көп. Біздің орталықтың негізгі міндеті де осы бағытта.

– Сіздің сөзіңізге қарағанда тіл таза­лығы үшін күрес, жалпы тіл болашағы үшін күрестің бастауы бар да, аяғы жоқ секілді ме қалай?

Шындыққа жүгінсек, тап солай. Жоғарыда сөз қылған Ахаң: «Тілі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деген жоқ па?! Тілің үшін күрес – халқың жер бетінен жоғалмасын деген тілек. Ал ол «тіл», «тіл» деп айта бергеннен бола салатын құбылыс емес.

Аң атаулы азығы үшін Құдайдың атпа күні жорыққа аттанып, жердегі жыбырлаған жәндікке дейін таң атысы, күн батысы тыным таппай жүреді емес пе. Қыста ұйқыға кететіндері жаз бойы жемін тасып әлек болады. Олардың тірлігінің мәні сол. Адамда рухани ұлы мән бар ғой. Адамды сондай дәрежеге жеткізіп, айуандар әлемінен айырып алған нәрсе – тіл. Сөйлеуі арқылы ерекше дүниетанымға ие болды. Сан ғасырлар бойы ұлттық ерекшелігін дамытты. Ендеше сол тілді өзге тілдің жойқын ықпалынан құтқару үшін, ғылым мен білім арқылы еніп жатқан жаңалықтарға жұтылып кетпей, керісінше, осы істің көш басында тұруы үшін күресу қажет болмай ма.

Халқының салтын қадірлемейтін, ғұрпын тәрк қылатын кісінің қолынан келетін іс пе бұл?! Әрине, жоқ. Ұлтын сүйетін ұрпақ қана бел буып кіріседі. Міне, көрдіңіз бе, мыңдаған тін арқылы бір-бірімен байланысып жатыр. Өзге этнос өкілдеріне жабылып жүріп ауыз екі сөз үйреттік делік, егер көшеде өзіміз басқа ұлттың тілінде сөйлеп жүрсек, оны қай кәдесіне жаратады. Күнделікті тұрмыста қазақтың дәстүрі берік орнығып, күн сайын көзге ұрып тұратын болса, араласып жүрген адам өзі де үйренбей ме. Елбасының «Қазақ бір-бірімен қазақша сөйлессін» деген сөзінің астарында осындай терең мағына жатыр.

Жақсы, онда орталықтың жұмысына қайта оралайық.

– Тілдер мерекесін атап өтуге алдын ала «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Алдымен 26-27 тамыз күндері «Тәжірибе алаңы: тіл, әдістеме, нәтиже» тақырыбында халықаралық онлайн семинар ұйымдастырылды. Екі күндік әдістемелік семинар барысында отандық және шетелдік әдіскерлер, мамандар тәжірибе бөлісті. Семинарға Zoom сервисі бойынша 550 оқытушы қатысты. Фейсбук желісіндегі «ONLINEda bol» парақшасы арқылы 1150 маман тыңдады. Жабылу салтанатында шетелдік және қазақстандық әріптестерге алғысхаттар мен қатысу­шыларға онлайн сертификаттар табысталды.

Қазақстан халқы тілдері мере­кесіне орайластырылып жыл сайын қыркүйек айы түгелдей тіл шаралары, тіл фестивалі ретінде өңір-өңірлерде кеңінен аталып өтіледі. Осы дәстүр бойынша, биыл да еліміз бойынша семинар, конференция, дөңгелек үстел, байқау, конкурс, сұхбат, теле, радио бағдарламалар, марапат-құттықтаулар түрінде жүздеген шара ұйымдастырылды. Облыстық тілдерді дамыту басқармалары мен тілдерді оқыту орталықтарының тілдер мерекесіне арналған іс-шаралар жоспарлары жинақталды. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалық тілдерді дамыту басқармалары 485 іс-шара атқарса, өңірлік тілдерді оқыту орталықтары – 130-дан астам іс-шара өткізді.

Бұл бір қарағанда құрғақ есеп болып көрінуі мүмкін, бірақ мұның артында төгілген тер, апталаған дайындық, қисапсыз уақыт жатыр. Сол себепті тіліміз үшін тер төгіп жүрген қоғам қай­рат­керлері мен түрлі жұмыс топтары­ның мүшелерін, қоғам белсенділері мен өзге де тіл мамандарын арнайы құттықтадық.

Осы жерде орталықтың ғылыми бағыттарына тоқтала кетсеңіз...

Ешқайсысын бөле-жармас үшін, тілімізге әуелі оралып жатқан лингвистикалық сараптама ­туралы айтайық. Бұл терминологиялық ұғым­дарға дәл балама табуға, термин-атау­ларды жасауда терминдік нақты­лықты сақтауға, терминдер мен атауларды қазақ тілінің негізгі ережелеріне, жазу дәстүріне сәйкес реттеуге, туыстас түркі тілдерінің тәжірибесін назарға алуға мүмкіндік беретін сала.

Отандық терминология мәселесі аясында еңбек етіп жүрген білікті терминтанушы ғалымдар бұған белсене атсалысып, ұлттық терминологиялық жүйені қалыптастыруда. Лингвисти­калық сараптама жүргізу үшін сарапшылар тобы мүшелерінің сараптама қорытындысы Үкімет жанындағы терминологиялық комиссиясына ұсынылады. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы Үкімет жанындағы осы Республикалық терминология комиссиясының екі отырысы өткізіліп, лингвистикалық сараптама жасалған 1054 термин талқыланды.

Бұл термин-атаулар заң саласын, банк қызметін, спорт (шахмат), Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметі, әдебиет пен лингвистика, әскери іс салаларын қамтыды. Жақында ғана «Лингвистика және әдебиеттану саласы терминдерін дамыту» идеялар фабрикасы ойталқысын (брейнсторминг) онлайн режимде ұйымдастырдық. Лингвистика және әдебиеттану саласы терминдерін қалыптастыру, латын әліпбиіне негізделген жаңа емлесінде жүйелендіру мәселесін талқылау, терминология саласындағы өзекті мәселелерге сала мамандары мен жұртшылықтың назарын аударту және бұқарамен тығыз қарым-қатынас орнатуды қамтамасыз етуді меже қып алғанбыз. Керемет ойлар, тамаша ұсыныстар айтылды.

Бұдан басқа орфография, латын әліпбиіне көшу, қазақ тілін әртүрлі деңгейде оқыту, әдістемелік, ономастика, техникалық сүйемелдеу тобы, тағы да басқалары деп дәл осылай бөліп-бөліп, жіктеп кете беруге болады.

Жақсы. Енді Тіл мерекесі аясында дүниеге келген нақты жобаларға көшелік.

– Данышпан Абай: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бейшарасы» дейді. Бұл күндері кеуделеп кимелеп бара жатқан өзге тілден енген сөздерді былай қойғанда, қазақтың төл сөздерін бұрмалап айту, мағынасының байыбына бармау секілді келеңсіздік бой көрсетіп жүргені жасырын емес. Ыбырай Алтынсариннің «Қисық ағашы» секілді, буыны бекімей тұрып қадағалау керек. Яғни тілдік норманы дұрыс қалыптастыру қажет. Осы бағытта «1 минут» танымдық тележобасын қолға алдық. Сондағы діттеген мақсатымыз – ана тіліміздегі сөздердің дұрыс айтылып, дұрыс жазылуына көңіл аударту, жалпы қазақ тілінде сауатты жазуға, сөйлеуге машықтандыру, тіл мәртебесін көтеру. Оқырман шамалап отырған шығар, бағдарлама негізінен жастарға арналған. Сол себепті қазіргі жастардың ұғымына жеңіл, тіліне ыңғайлы болып дайындалуы заңды нәрсе. Бұған елімізге танымал талантты жастар шоғыры қатысты. Қыркүйек айының алғашқы сенбі-жексенбі күндерінен бастап «Астана» телеарнасынан көрсетіліп келе жатыр.

Елімізде халықаралық қатынас­тардағы тіларалық коммуникацияны жүзеге асыратын ілеспе аударма ісі біздің елімізде әлі өз деңгейінде дами қойған жоқ. Қазіргі таңда мемлекеттік деңгейдегі келіссөздерде, алқалы жиындарда ілеспе аударма жасайтын мамандардың санын, қызметінің сапасын арттыру өзекті мәселе болып отыр. Себебі еліміз өз жиындарын мемлекеттік тілде өткізетін деңгейге қол жеткізу міндетін орындауға мүдделі. Ал ілеспе аударма осы міндетті жүзеге асырудың тиімді тетігі болып табылады. Сондықтан еліміздегі тіл саясатының толыққанды орнығуына себеп болатын ілеспе аудармашыларға әдістемелік көмек көрсету, олардың біліктілігін арттыру аса маңызды.

Бұрын қазақша-орысша, орысша-қазақша ілеспе аударма курсында 95 қатысушыға сертификат тапсырылса, биылғы жылы алғаш рет қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліндегі курсты қолға алдық. Осы бағытта ілеспе аударма жүргізуді үйрету курсы ұйымдастырылды. Бес күндік курсқа орталық және жергі­лікті атқарушы органдарының ағылшын тілді аудармашылары қатысты. Қатысушыларға біліктілік сертификаттары табысталды.

Осы жерде еріксіз тіл ұшына оралып тұрған сауалды қоя кетсек, қолға алғанның бәрі сәтті болып жатса, тіл саласындағы кей ісіміздің қарқыны тасбақаның жүрісіндей мандымай қалатыны неліктен?

– Ойыңызды түсіндім. Мұндай пікірді екі бағытта естіп жүрміз. Алғашқысы – латыннегізді әліпбиге көшу мәселесі. Соңғысы – терминдерге қатысты. Сырт көзге осы екі дүниенің айналасында қайта-қайта шиырлап жүрген сияқты көрінуіміз әбден мүмкін. Біріншісі ­туралы айтайын, жақында Қазақстанды қоса алғанда әлемнің алты мемлекетінің ғалымдарының басын қосып, «Түркі әлемі: тілдік ахуал, латын әліпбиі және әдістеме» тақырыбында онлайн режимде халықаралық семинар-кеңес өткіздік. Ішінде ғағауыз, қырғыз, ноғай, өзбек, хакас, қарақалпақ, түрік, тыва, татар және қазақ тілдерінің мамандары бар. Мәселенің ауқымын мына бір мысалдан аңғаруға болады: түркі тілдері  Шығыс Еуропадан Сібір мен Батыс Қытайға дейінгі кең аумақта тұратын ­180 ­миллион адамның ана тілі, 210 миллион адам өзінің екінші тілі ретінде қабылдайды, 40 тілден тұратын тілдер тобы.

Жоғарыда атап өткен елдердің біразы осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын латын графикасын көшіп алған.

Бірақ мәселе жеткілікті. Осы тұр­ғыда мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың: «Латын графикасын­дағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Сондықтан бұл проблемада шынайы ғылыми әдіс керек және жеңілдетуге болмайды» деген сөзі нақты тәжірибеге сүйеніп айтылған.

Кейбір халықтың өзіне ғана тән дыбысты бейнелейтін таңбасын жоғалтып алып, артынан сол әріпке ескерткіш қойған өкінішті тәжіри­бесін біздің есте ұстағанымыз жөн. Қазіргі уақытта әліпби жобамыз тағы да кеңінен пысықталып, зерделенуде.

Екінші, термин туралы. Тіл – ­жанды организм. Қатып қалған қағида бұл жерде жүрмейді. Сол себепті қолданысқа енген терминдерді әр сала бойынша талдап, зерделеп келе жатырмыз. Әрине, қабылданған кейбір терминдердің өмірге бірден сіңіп кетуі қиын. Білікті мамандардың есептеуінше, соңғы жылдары жарық көрген «Қазақша-орысша терминологиялық сөздікте» барлығы 342 мың сөз енгізілсе, соның жеті-ақ пайызы ана тілімізде қолданыста екен. Ұлт дүниетанымы мен ұғымын өзінің төл сөздерімен қалыптастыра алса, рухы биік бола түседі. Өйтпесе, басқа тілдің көлеңкесіне айналып, рухани бейшара міскінге айналады.Сондықтан бұл мәселеге қайта-қайта оралып жатсақ, мақсат сол.

Қазақ тілін ғылым тілі ретінде ­дамыту терминология саласының ­басты міндеті болып табылады. Ол үшін терминологияны біріздендіру, терминжүйе қалыптастыру аса маңызды. 10 қыркүйекте «Бекітілген терминдердің ғылым тілін дамытудағы орны» атты онлайн семинар ұйымдастырғанда осы проблеманы мақсат еттік.

Бекітілген терминдердің қолданыс аясын кеңейту жолдары мен бекітілген терминдердің құрылымындағы жүйелілікті, бірізділікті талқылап, шешу жолдарын ұсындық. Араға бес күн салып, Қазақ тілі әліпбиін латын ­графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Термино­логиялық жұмыс тобының «Терминологияны біріздендірудің критерийлері мен принциптері» әдістемелік нұсқаулық жобасын талқылау» тақырыбындағы ­онлайн отырысы өтті.

Басқосуда Қазақ тілі әліпбиін ­латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобы белгілі ғалым, ­академик ­Шерубай Құрманбайұлы әзірлеген ­«Тер­минологияны біріздендірудің критерийлері мен принциптері» әдіс­темелік нұсқаулық ­жобасы талқыланды. Бұйыртса, тіл жанашыр­лары­ның жұмыс үстелінен түспейтін еңбек болады деп ойлаймын.

Абайды сөз арасында жиі-жиі ауызға алып отырсыз, жоспарлы шара арасынан да таба алатын шығармыз?

– Әлбетте. 11 қыркүйек күні «Ұлы Абай – халық жүрегінде» тақырыбында 145 сөзден тұрады, мәтіні Абайдың қара сөздерінен құрастырылған жалпы­ха­лық­тық диктант жазу іс-шарасы ұйым­дастырылды. Шараға Тіл басқармалары қызметкерлері, облыстық және аудандық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушы­лары, әдіскерлер, тіл мамандары және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Диктант республикамыздың әр өңірінде белгіленген күнге сәйкес өткізілді. Бұған еліміз бойынша 11 899 адам қатысты.

Осыдан кейін Ахаң туралы да айта кеткен дұрыс шығар. Оқытушылар арасында А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық онлайн байқауын өткіздік. Еліміздің 11 өңіріндегі Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары қатысты. Байқау барысында тіл үйретуші мамандардың мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны сапалы оқыту мақсатында ғалым идея­ларын жүйелі жалғастыруы, оның тіл үйретудегі әдіс-тәсілдерін өз жұмысында үйлесімді қолдану бағаланды. Шара аясында өңірлерде мемлекеттік тілді оқытумен айналысып жүрген әдіскер мамандар, оқытушылар өзара тәжірибе алмасты, әдістемелік біліктіліктерін шыңдады, озық тәжірибелерімен бөлісті.

Шүкір дейін, Абай мен Ахаңдар­дың үміті ақталып келеді, дарынды жастардың қатары көбеюде. Байқағаным, бүгінгі жас мамандар арасында үш тілді жетік меңгергендер көп. Оны «Тіл шебері» республикалық онлайн байқауы кезінде де анық байқадық. Қазір «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауын өткізгелі жатырмыз. Бұл негізінен өзге ұлт өкілдеріне арналған. Шарты – кәдімгі әр қазақ бала күнінен басына жастанып өскен «Батырлар жырынан» үзінді оқып беру керек. Жасыратыны жоқ, кейде аузымызды қу шөппен сүртіп, бекер қусырылып жатамыз ғой, осы байқауға дайындық барысында мына ­тамашаны аңғардым: өзге этнос жастарының қазақ тіліне деген құлшынысы ­ерекше, ­жырды жатқа айтады, жан-тәнімен беріліп оқиды. Көздері жарқ-жұрқ етеді. Қазірдің өзінде екі жүзден астам ­талапкер тіркеліп отыр. Ішінде небір таланттар жүр. Егер қазақ тілінің жанашырлары тізімін жасақтайтын болсақ, соның басында тұруға бәрі де лайық. Ұтырын тауып ұтымды пайдалана білсе, ішінен жақсы қоғам қайраткерлері де шығады деп ойлаймын. Орайы келіп тұрған соң айтып кетейін, «Абай ­институты» арқылы бес мемлекетте қазақ тілін оқытып жатырмыз. Бұдан басқа ­Аргентина Республикасының Росарио қаласында орналасқан Қазақстандық мәдени орталық мүшелеріне қазақ тілінің қарапайым А1 деңгейі үйретілуде. Бәрінің де қазақ тіліне деген ықыласы ерекше.

Жақында «Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырудың тиімді жолдары» тақырыбында өткен семинар-кеңес көп нәрсенің басын ашып берді. Мемлекеттік тілдің біріктіруші факторға айналғанын көрсетті. Әсіресе жастардың қазақ халқына деген құрметі мен ана тілімізге деген махаббаты қуантады. «Тіл қорғаны» онлайн тобы құрылып, жұмысын бастап кетті. «Әліпби» эн­ци­кло­педиясының қолжазбасын тал­қылау шарасы өтті. Аталмыш еңбекке әлем тілдері әліпбиі мен жазу түрлері, ерекшеліктері, әліпби тарихына қатысты мәліметтер, дүниежүзіндегі осы саланың реформатор көрнекі тұлғалары туралы мәліметтер енгізілген. Мұндай энциклопедия елімізде тұңғыш рет жарық көргелі отыр.

 

Тіл деген дүние, бұл өзі, халықтың қасиетті ғасырлар бойғы салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен біте қайнасып жатады. Бесік тербеп отырып әлдилеп жырлаған анамыздан бастап, көзімізді ашқаннан көріп келе жатқан жоралғылар нақты мағынаға ие болып, санамызда берік орнығып келеді. Әр ырым жасаған сайын ұлт ұғымы болып кеудеңе қона береді. Кейбір дәстүр көнеріп, қолданыс­тан қалса да, тіл деген жарықтық бастапқы мағынасына жаңа ұғым үстеп сақтап қалады. Мысалы, музейге барғанда босағада тұрған тезді көресің. Тұрмыста жиі қолданбағасын, бүгінде біреу білсе, біреу білмес.

Бірақ, әлі күнге «жөнге салды» дегенді «тезге салды» деп жазамыз. Ұста құралын көз алдымызға елестете алмасақ та, ұстаз айтып тұрғандай, мағынасын бәріміз түсінеміз. Бұл жағынан алғанда, «Тәубе!» дейтіндей бар емес пе?!

 

– Байқап отырмыз, онлайн режимі деген сөзді жиі қолданасыз, оның тіл саласындағы жұмыстар қарқынына кері әсері тиген жоқ па?

Қазақта «Қайғысыз қара суға семіреді» деген дана сөз бар. Әр кезде де ұлтымыздың алтын басының амандығы қымбат. Әйтпесе, тіл де, өнер де кім үшін?! Бүгінгі күннің бір ақиқаты бар, заманауи даму үрдісінен кейін қалуға болмайды. Тіл саласы да солай. Құр тіл мен жаққа сүйеніп, тәжірибеге ғана иек артып отырсаң, көш соңында шаң қауып қаласың. Құдайға шүкір, пандемия осы бағыттағы дайындығымыздың жеткілікті екенін көрсетіп берді. Материалдық-техникалық базамыз, коммуникациялық әлеуетіміз жеткілікті. Өзіңіз байқап отырсыз, Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орайластырылған іс-шаралар әртүрлі бағытта ұйымдастырылды. Әлемдегі болып жатқан жағдайға қарамастан, қазақ тілін дамытуға қатысты мүмкіндігінше көбірек тақырыптарды, ғалымдарды, өткізу форматтарын қамтуға тырысып келеміз. Бір айта кетерлігі, өңірлік тілдерді оқыту орталықтары «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының бастамаларына тереңірек ұйыса бастады, ақылдасып, кеңесіп жұмыс жасауды жолға қойып отыр.

Тіл саясаты комитетінің негізгі өзегі «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы арқылы өтеді. Терминология, ономастика, латын графикасына көшу, қазақ тілін оқыту әдістемесі, жалпы қазақ тілін дамыту бойынша ғалымдар, тіл мамандары, сарапшылар, қоғам қайраткерлері қазақ тіліне байланысты іс-шараларда бас қосуы үрдіске айналды.

– «Әттеген-ай» деп сан соқпа­ғанмен, әлі де атқаратын жұмыстар бар шығар?

– Өте көп. Тіл күресі – дамылсыз күрес деп жоғарыда айттым ғой. Өңірлік тілдерді оқыту орталықтарына әдістемелік көмек көрсетуді жаңа сатыға көтеруді ойластырып жатырмыз. Ол үшін жүйелі түрде ұйымдастырылып тұратын онлайн семинарлар жоспарын құрып, тақырыптарды дәлірек таңдау (мысалы, А1-қарапайым деңгейдегі тыңдалым тапсырмаларының әсері мен ерекшелігі) нәтижесінде семинардың сапасын арттыру қажет. Әдіскерлер мен оқытушылардың тізімін жасақтау арқылы еліміздегі ересек азаматтарға қазақ тілін оқытушы мамандардың деңгейін арттыру шараларын ұйымдастыру қажет.

Қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтар, оқу құралдарын әзірлеу, сараптама, байқау сынақтарын өткізу де күн тәртібінде тұрған мәселе. «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының сапалы өнімі ретінде өзіміз жасап, тіл үйренуге қолданысқа енгізгіміз келеді. Оған кадрлық та, техникалық та әлеуетіміз жетеді. Жыл сайынғы жоспардың оқу құралдарын әзірлеу, баспадан шығару, тарату тармағы бойынша техникалық тапсырма әзірлеп, әзірлемешілер тобын жасақтап, баспадан шығару туралы тапсырма беріп отырмын.

Мамандар біледі, үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін екінші тіл және шетел тілі ретінде оқыту бойынша оқулықтар, тапсырмалар, мәтіндер жинағын, тілдескіштер, аудиожазбалар, бейнематериалдар әзірлеу де жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Ол үшін ­бастауыш сыныптан бастап, жоғары оқу орнына кейінгі білім алуға дейінгі кезеңдер үшін оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуді қолға алғалы жатырмыз.

«Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген қанатты сөзге жүгінсек, латын графикасына көшіруге байланысты жұмыстың негізгі өзегі «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы ­мамандары ­болуы тиіс. Ол үшін жыл басында ­латын графикасына көшуге ­байланысты талқылау отырыстарының кестесін қалыптастырып, жүйелі түрде қатысып, әдістемелік жағынан сүйемелдеуді қолға алатын боламыз.

Рақмет, аға! «Теңіздің ащы-тұщы­сын білу үшін сарқып ішу шарт емес, бармағыңды малып жаласаң болады» деген де бар ғой. Сол айтпақшы, орталықтың кең ауқымын, өрісті ісін шамалы уақытта барлап білдік. Тек ойға алған істеріңізге табыс тілеу ғана қалған сияқты. Тіліміздің абыройы арта берсін, жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

– Рақмет. «Ана тілінің» оқырман­дарына амандық тілеймін, екі арада алтын көпір болып отырған редакция ұжымының жұмысы әрдәйім табысты болсын!

 Сұхбаттасқан

Қарагөз СІМӘДІЛ

2152 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы