• Тіл
  • 15 Қазан, 2020

Әскери терминдер талқыланды

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының тіл саясаты және БАҚ жұмысы бөлімінің тіл мамандары мен арнайы - тактикалық факультетінің кәсіби тілдер дайындығы, Шекара қызметі тактикасы кафедраларының оқытушылары Ш.Шаяхметов атын­дағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдас­тыр­ған «Бекітілген терминдердің ғылым тілін дамытудағы орны» атты рес­пуб­ликалық әдістемелік онлайн-семинарға қатысып өз ойларын ортаға салды.

Шараға орталық атқарушы, жергілікті органдардағы тіл басқар­маларының терминологияға жауапты сала мамандары, Астана мен Алматы қаласының прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тіл жанашырлары және әскери жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.
Онлайн-семинар барысында қорғаныс, математика, медицина, спорт, шекара саласына қатысты бекітілген терминдер мен осы салалар бойынша әлі де қолданысқа енбеген терминдер қызу талқыланды.
Айта кету керек,тіл жанашырлары шекара саласына қатысты бірнеше термин сөздерді ұсынған екен. Атап айтқанда, «пограничный инцидент» – «шекарадағы оқыс оқиға», ­«пограничный конвой» – «шекара айдауылы», «пограничный конфликт» – «шекарадағы жанжал», «полевая война» – «даладағы соғыс», «полоса наблюдения» – «бақылау жолағы», «полоса наступления» – «шабуыл белдеуі», «полоса обороны» – «қорғаныс белдеуі», «полоса обстрела» – «оқ ату белдеуі», «полоса отступ­ления» – «шегініс жолағы», «полоса препятствий» – «кедергілер жолағы».
Ұйымдастырушылардың ай­туынша, үш жүзден астам термин сөздер мамандардың талқысына ұсы­нылған. Шара кезінде оның жүзге жуығы ғана талқыланған.
Назарбаев университетінің ­профессоры, филология ғылымының докторы Сарқыт Қалымұлы «Ғылым тілін дамытудағы халықаралық және төл терминдердің арасалмағы» тақырыбындағы баяндамасында терминдік қорды жетілдіру және тәжірибеде қолдану мәселелеріне тоқтала отырып, Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық комиссия бекіткен терминдердің кең қолданыс тауып жатқаны да, бекітілген қалпында еш қолданысқа енбей қалғаны да бар екенін атап өтті. Қолданыс таппаудың себебін бекітілген терминдерді насихаттап, түсіндіру жұмысының өз деңгейінде болмауынан, қазақ тілінің үндестік заңына бағынбаған не бейімделмеген жасанды терминдердің орын алуынан екенін жеткізді.
Жалпы біздің терминдер көбінесе орыс тіліндегі сөздерге байлаулы. Бұл бізге кеңестік жүйеден қалған әдет екенін тілге тиек еткен терминолог ғалым, филология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигі Шерубай Құрманбайұлы, біріншіден терминдер қорын қалыптастыруда оның ұлттық сипатын немесе халықаралық сипатын арттыруды көздейтін екі бағытына тоқталып өтті. Сонымен қатар ғалым терминдерді жасаушы оны қарап мақұлдаушылар терминология ғылымын терең меңгерген, кәсіби маман болуы керектігін ескертті. Осы уақытқа дейін бекітілген терминдерді сұрыптап, олардың халықаралық және ұлттық термин жасамдық талаптарға сәйкестігін анықтайды. Халықаралық терминдермен нақтырақ айтқанда, түрік, әзербайжан, қырғыз, өзбек, ағылшын, неміс, француз, орыс және тағы басқа тілдердегі түбірлердің сәйкестігіне талдау жүргізетіндігін айтып өтті.
Терминологияны жандандыру, әскери терминдерді қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру мәселелерін де тілге тиек етті. ­Сонымен қатар шекарашылар ­арасында әркелкі қолданылып жүрген кейбір сәтсіз баламаларды өзгерту мен түзету жолдарын қарастырды.
«Тәуелсіздігімізді алғанымызға отыз жылға жуықтаса да кейбір әскери терминдердің әлі де ­болса нақты баламасы табылған жоқ. Елімізде ғасырға жуық негізгі тіл орыс тілі болғандықтан, барлық саладағы ой-өрісіміз, санамыз, сөз саптауымыз орыс тілінде дамып, тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамдық саяси және мәдени тілді қазақ тілінде сөйлетуде тығырыққа тірелдік. Өйткені талай жылдар бойы орыс тіліне жаттығып, үйреніп қалғанымыз соншалық, терминдеріміз және кәсіби сөздеріміз тек орыс тілінде сайрап жатты. Бүгінде олардың қазақша баламасын тауып, бір жүйеге келтіру қиынға соғып келеді. Әсіресе әскери саладағы ғылым тілін, әскери әмірлер мен іс-құжаттарын қазақ тіліне ­аудару барысында тілші және әскери қызметші мамандардың алдына дау-дамайлы мәселелер тұратыны анық.
Әскери қазақ тілін бір жүйеге келтіру үшін ҚР ҰҚК Шекара академиясында бірталай іс-шаралар ұйымдастырылды. Басшылық тарапынан тілдің мәртебесін көтеретін бұйрықтар жарық көріп, барлық әскери қызметшілердің міндетті түрде лауазымдық міндеттерін атқаруда қазақ тілін жетік білуіне қатаң талаптар қойылды. Оқу орнында болашақ түлектердің мемлекеттік тілді меңгеру үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістері жасалып, болашақ шекарашы офицерлерге тіл тұрғысынан жоғары талаптар жүктелді. Тілге қатысты оқу дивизиондары арасында бірталай шаралар ұйымдастырылды. Осындай шаралардың арқасында Шекара академиясында мемлекеттік тілдің мәртебесі біршама көтерілді» дейді бізге берген сұхбатында тіл саясаты және БАҚ бөлімінің бастығы подполковник Лаура Шаяхметқызы.
Негізінен еліміздегі пандемиялық жағдайға байланысты ­онлайн-семинар өткізудің қолайлы тұстары өте көп. Себебі әскери терминдер күрделі ­болып келеді. Оның дұрыс ­аудармасын тілдік нормаға және нормативтік құқықтық актілерге сәйкестендіру ауқымды жұмыс жүргізуді қажет етеді. Осыған байланысты әскери сала терминдері бүгінгі таңда терминтанушы ғалымдармен ғана емес «Шекараны бүкіл халық қорғайды» демекші, халықпен талқылау қажеттігін көрсетіп отыр.

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,
ҚР ҰҚК Шекара қызметі
академиясының баспасөз
хатшысы

2925 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы