• Тіл
  • 21 Қазан, 2020

ТІЛ – БІРЕГЕЙЛІК ТҰҒЫРЫ

Біз Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Семей қаласында ­абайтанушы ғалымдармен кездесуінде айтылған ой-пікірлерін ықыласпен қабылдадық. Мемлекет басшысының тұжырымдары рухани дамуымыздың жаңа бағытын, жаңа мүмкіндіктерін анықтайды.

Президент: «Биылдан бастап ­10-тамыз «Абай күні» деп бекітіліп, ­мере­келер қатарына қосылды. Ақын­ның еңбектері он тілге ­аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілді. Шетелдегі елшіліктеріміздің ­жанынан Абай орталықтары ­ашылды. Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана, келешек­те мүмкіндікке қарай Абай ­инсти­туттарын ашамыз деп ойлаймын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай ­­академиясы құрылды. Бұдан былай академия ақын шығармашылығын жүйелі зерттеу­мен айналысады. «Абай» телеарнасы өз ­жұ­мысын бастады. Жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсын оқыту қолға алынды. Қазақ қоғамында өзіндік орны бар Семей қаласы «тарихи орталық» ретінде белгіленді. Осындай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалды. Бүкіл түркі әлемінде Абай философиясын дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік» дей отырып, ақынның 175 жылдық мерейтойы аясындағы табыс­тарды санамалып өтті. Расында, бұған бәріміз де куә болып келеміз.
Кездесуде бізді толғандырған едәуір мәселенің нақты жөн-жобасы айтылды. «Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет. Осыған орай Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интернаттың мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет. Жалпы біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз ­керек» дей келе, Мемлекет басшысы ­зиялы қауымның қоғамдағы орнына, ұлттық мұрат жолындағы мақсат-міндетіне, маңызды миссиясына тоқталды.
Бұл – өте маңызды бастама және қажет қолдау. Біз, қазақ тілі пәнінің оқытушылары, Президенттің ана тіліміз бен төл әдебиетімізді серпілтуге байланысты жүйелі, байыпты көзқарасынан Тәуелсіздік құндылықтарына деген сенімін, жауапкершілігін сезінеміз. Қазақ тілін оқытуды сапаландыру мен қоғамның қызығушылығын арттыру – баршамыздың міндетіміз. Соңғы кезде қазақ тілді ата-аналар өз баласын өзге тілді сыныптарға беруін субъективті себептермен түсіндіріп жатады. Біздіңше, біз ел болашағына қалай сенсек, қазақ тілі келешегіне де солай сенуіміз қажет.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзе­туден бастауымыз керек» деп жазғанын жақсы білесіздер. Дәйексөзді қайта бір оқыңызшы: елді түзетудің негізі – бала оқытуды түзеу. Ендеше, осыған дейін жинақталған ғылым жаңалықтарын сүзіп шығып, мектеп табалдырығын аттаған ақ парақтай бүлдіршіндер санасына ана тілін – қазақ тілін сіңірту қиынға соқпас. Мәселе қоғамның ала-құла талғамында, түсінігінде болып тұр.
Швейцария психологі және философы Жан Пиаже: «Баланың санасында 9-12 жас аралығында-ақ ұлттық бірегейлігі қалыптасады» деп жазады. Расында, бала оң-солын тану үстінде өзінің, тегінің кім екені туралы ойланады. Ғалымдардың айтуынша, ұл-қыз 10 жасында дейін-ақ қай ұлттың, мәдениеттің өкілі екенін түсінеді. Бұған ықпал ететін Жаратқанның қайталанбас құбылысы – ана тілі, өскен ортасы, ұлт дәстүрі және қоғам ерекшелігі. Бұл жерде ата-анасының, атасы-әжесінің орны бөлек. Олар орыс немесе басқа тілде сөйлесе, бала өзін сол ұлттың өкілі санауы ғажап емес дейді осы саланың тиянақты зерттеушілері.
Германияда шет тілі ретінде ағылшын тілі 5-сыныптан оқытылады (бұл да 10-11 жасқа сәйкес келеді). Ал «екінші шет тілі» француз немесе ескі латын 6-7 сыныптардан жүргізіледі. Бұл елдің де басты ­ұс­танымы – «бала айналасын, әлемді алғаш өз тілінде, туған елі ұғымында қабылдауы керек».
Ұлттық бірегейліктің үш тұғыры бар. Олар: 1) генетикалық бірегейлік, 2) мәдени бірегейлік, 3) тілдік бірегейлік. Енді ­балаларын 1-сыныптан өзге тілді ­мектепке берген кемі он ата-анамен сөйлессеңіз, жартысынан көбі осыған оң жауап береді. Бірегейлігі барын немесе бірегейліктің қажеттігін айтады.
Ата-ана – қоғам. Қоғам – ­мемле­кеттің әлеуметтік қоры әрі тірегі. Біздің Конс­ти­туциямызда «Қазақ тілі – мем­лекеттік тіл» деп жазылған. Біз, мамандар, тіліміз де, жазуымыз да, ғалымдарымыз да, мұраларымыз да, зерттеулеріміз де, сынға төтеп берген оқулықтарымыз да өзгеден кем деп есептемейміз. Қоғамға керегі – ниет пен құлық.
Тағы да ғұлама А.Байтұрсынұлына жүгінеміз. Ол: «Қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға тағы жақсы, үйрету жағынан орысті­кінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы» деп түйіндейді.
Елбасының «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, Президент Қ.Тоқаевтың сабақтастық пен өрлеу идеясы астарына мән бере қарасақ, осы бірегейліктің мәнін аңғара түсеміз.
Және бір айтатынымыз: тіл – тек байланыс немесе коммуникация құралы емес. Ол – мәдениет пен дәстүрдің үйлесімі. Баланың қоғамдағы, әлемдегі бағдаршамы. Қазақша айтқанда, адастырмайтын темірқазық жұлдызы.
Алматыдағы Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернат – кеңес тұсындағы ұлт зиялыларының батыл да көреген қадамы еді. Енді елдік жоба негізінде оны жан-жақты жаңғырту, лайықты қаржы бөлу – уақыт талабы. Бұған Қазақстанның жағдайы толық жетеді. Ең бастысы, пәнді арнайы оқытудың инновацияға негіз­делген әдістемесі болуы керек. ­Сонан кейін мұнда шығармашыл, бәсекеге қабілетті интеллектуал балалар қатаң сынақтан өтіп барып қабылданса дейміз.
Абай мен Шәкәрім сынды даналар туған Семей жерінде айтылған Мемлекет басшысының қазақ тілі және «Абай мектебін» бәсекеге қабілетті ету туралы ойы, ұстанымы осы сала мамандарын жаңа да тың бастамаларға жігерлендіріп отыр. Ендеше, «Іске сәт!» дейміз.

Гүлбайра Өтелбай,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының
кандидаты

1238 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы