• Мәдениет
  • 28 Қазан, 2020

Қасиетті «қара сөз»

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын». Бұл Абайдың бірінші қара сөзінен үзінді. М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрында тұсауы кесілген «Қара» атты жаңа қойылымы да дәл осылай басталады. Актерлар құрамындағы жасы үлкені Тұңғышбай Жаманқұлов «енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?» деп актерларға да, көрерменге де ой салғандай болады.

Абайдың қара сөздері негізге алын­ған спектакль пікірталас формасында қойылған. Қойылымның жалғыз кейіпкері – Абай және Абайдың ойлары. Театрдың 35 актері Абайдың қара сөздеріне, асыл ойларына пішін дарытып, жан бітіреді.
«Қазақтың бірінің біріне қаскүнем бол­мағының, бірінің тілеуін бірі тілеспей­тұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Мұны Абай Құнанбайұлы үшінші қара сөзінде 1891 жылы айтып кеткен. Содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл сөз өз құндылығын жоғалтпай отыр. Бүгінгі қойылымда актерлар аузымен айтылған сөзді қапысыз қалай айтқан қайран Абай дерсіз...
Сахна қазақтың киіз үйі іспеттес безендіріліп, ер адамдардың мәжілісі ретінде ұйымдастырылып, қойылым ары қарай драма-диалог жанрымен, пікірталас форматында жалғасады. Спектакльдің сахналық нұсқасын әзірлеген қоюшы ­режиссер – Жұлдызбек Жұманбай.
Жас режиссер Абайдың «Қара сөз­дерін» сахналық қойылымға айналдыру идеясын қалай жүзеге асырды? Алдымен «Қара» сөзінің мағынасына үңіліп көрейік. Қазақтың әрбір сөзінің мағынасы терең. Бір ғана «қара» сөзінен «қара шаңырақ», «қара дала», «қараой», «қара өлең» сияқты жақсы тіркестер бар. Ал «Қара» қойылымы ақынның «Қара сөздерінен» халыққа ой салатын салмақты дүние шыққан. Жас маман режиссерлық шешім арқылы қара сөздерге жан бітіріп, әр адамның кеудесіне сәуле ұялатады. Абайға әркім әрқалай келеді, әркім әртүрлі түсінеді, әрқилы іздейді. Әр Абай – өзінше бір әлем, индивид. Әр индивид – өмірді өзінше көреді. Абайдың қара сөздері ­алуан тақырыпты қамтиды. Режиссерлік әрі драматургиялық тәсіл жымдасқан сәтте тақырыбы өлшемге сыймайтын ғибратты сөздердің өзара жүйелілігі қалыпқа түсетініне тәнті болдық. Спектакльді көре отырып, Абайды күйіндірген, Абайды безіндірген, Абайды толғандырған мәселелердің әлі де өзекті екенін сезінесіз. Қара сөздерінде хакім күйінішінің ең бір ғазауатты сәттерін бастан кешеді. Пікірталас, дау-дамай, қарсылық... қай-қайсысы да бүгінгі күнмен астасып ­жатады. Алғашқы көріністегі «күлтөбе» – бүгінгі парламент секілді. Бітпейтін дау, шешілмейтін мәселе, құлақ аспайтын шенділердің тірлігін еске түсіреді. «Қара» – көрерменге өз идеясын таңбайтын, ­ойландыратын қойылым.
Осы орайда театр мамандарының пікі­рін тыңдап көрелік.

Жұлдызбек Жұманбай,
режиссер:
–Бұл менің М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрын­дағы екінші қойылымым. Сценарийді Абайдың қара сөздерін алып, өзім жүйеледім. Авторы – Абай.
Бұл жерде біз Абайдың тағдырын емес, айтып кеткен сөздерін насихаттаймыз. Абайдың ойларын, трагедиясын түсіндіруге күш саламыз. Балаларынан айырылуы, Ажар мен Айдардың оқиғасы. Бұл жерде тек сөз. Абайдың қара сөздері, Абайдың ойлары.
Бұл қойылымды Сәбит Әбдіха­лықов директор кезінде ақынның 175 жылдығы келе жатыр деп ұсыныс жасаған. Содан Абайға қатысты дүниелерді зерттедім. Бұрынғы қойылған мықты қойылымдар бар. Олардан асырып қалай қоясың. Содан жаңаша бір форманы іздеуге тырыс­тым, тың нәрсеге ынтық болдым. Абайдың бір қара сөзі – бір спектакль.
Өзім де Абай елінің баласымын. Осы қойы­лымды дайындап жүргенде Абай музейіне барып, бөлмесіне кіріп, біраз отырып, ақынмен «сырласып» қайттым. Адамның рухы жүреді деген ырымшыл қазақпыз ғой... Құдайға шүкір, бәрі де жеңіл болды. Абай өзі кейде ашылады, кейде ашылмайды. Өзім сол елдің баласы болған соң маған бәрі түсінікті. Ешқандай бір қиындық көрмеймін. Күнделікті ауылда ата-апаларымыздан естіп жүрген сөздер. Сол тобықтының мінезі, сол мінез менде де бар.
Қойылымда Абайдың жиынтық образы бар. Негізінен «Қара сөздері» арқылы жүректерге жол таба алдық деп ойлаймын.

Есмұхан Обаев, театр қайраткері:
–Қазір М.Әуезов атындағы қазақ мемле­кеттік драма театрында үш «Абай» жүріп жатыр. Біріншісі 11 жыл бұрын мен қойған Ерлан мен Азаматтың Абайы, екінші Аридаш Оспанбаева қойған «Абайдың жұмбағы», үшінші осы Жұлдызбек Жұманбайдың «Қара» қойылымы.
Екі жас режиссердің да қадамы құптарлық. Абайға бару үшін, әрине, Абай әлемінде біраз қиналу керек, іздеу керек, іздену керек. Оны табу үшін 11 жыл бұрын қойған менің «Абайымды», Мәмбетовтың, Тоқпановтың «Абайын» көріңдер, соған ұқсатып қойыңдар деуге келмейді. Қазіргі оқырманның да, көрерменнің де талабы, талғамы өте жоғары. Сондықтан бүгінгі күннің Абайы кім? Бүгін Абай кімге пана, кімге дана, кімге ұстаз, кім еліктеу керек, халық қалай болу керек деген сауалдарға жауапты әркім өзінше іздейді. Абайдың феномені сол, оның философиясы – адам тағдырын, халық тағдырын, ел тағдырын, жер тағдырын, адамдық болмысты жанына серік еткен.
Осы орайда бүгінгі жас режиссерлер өзінің шешімімен бірі философиялық, екіншісі поэтикалық спектакль қойып отыр. «Қара» – Абайдың қара сөздерінен қойылған жас режиссер Жұлдызбектің біздің театр сахнасындағы екінші қойылымы. Елдің көңілінен шығатыны хақ. Өйткені бүгінгі арманшыл, Абайды әлі де меңгермеген, Абайға әлі жай қарапайым көзқараспен қарайтын ұрпақ Абайдың бір қара сөзін оқып, өмірін өзгертіп жіберуі мүмкін. Абайдың өзі болмағанымен, халқы, ортасы, сөзі бар. Тұсауы кесілген екі қойылым да М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрының Абайға деген үлкен шығармашылық ізденістерінің бірі. Сондықтан екі жас режиссердің сәтті табыстары деп білемін.
Қазір театр сыншылары жоқ дейміз. Неліктен? Кезінде дайындамағандықтан. Театр сыны деген өте ауыр дүние. Театр сынын жазу үшін театрлық институттың бір актерлық бөлімін бітіру керек, ең болмағанда ҚазҰУ-дың әдебиет бөлімін бітірген адам немесе тарихшы болу керек. Бағыбек Құндақбаев деген профессор болды, одан кейін Әшірбек Сығай еді. Міне, солардың оқушылары жоқ. Енді оқушы оқытайын деп жүргенде дүние салып кетті.
Қазір театр сынын жазушы, ең бірінші, ұлттың әдебиетін танитын, екінші, ұлтының тарихын білетін, үшінші, ұлттың тілін, мәдениетін, болмысын жақсы білу керек. Театр күлкінің емес, ойдың орны. Бүгінде білімді, проблема көтере білетін, театр мен қоғамды біріктіре алатын, екеуінен шынайы өмір мен өнерді тудыратын адам ғана театр сыншысы бола алады.

Тұңғышбай Жаманқұлов, актер:
– Абай хакімнің «Қара сөздерін» жазып кеткеніне бір ғасырдан астам уақыт болса да, бұл ақынның ішіндегі жалын атып жатқан шері ғой. Сол шердің бүгінгі күнмен үндестігін, байланысын ұғып, біз актерлар қауымы ерекше рахат шектік деп ойлаймын. Өйткені оны жай қара сөзді оқып шығу бір бөлек те, ол жазылған нәрсені өмір қылып өткізу бір бөлек. Сондықтан біз жай көзбен емес, санамен, жүрекпен оқыдық. Мимен, ақылмен және Абайға деген үлкен махаббатпен оқыдық. Бұл шығарманың ерекшелігі – қара сөзінің ішінде қаншама конфликт жатыр, қаншама оқиғаның желісі, қаншама ой, қаншама пәлсапалық пайымдар жатыр, қаншама қазақтың қанына тән, қазақтың өзіне тән мінез-құлықтардың галереясы жатыр.
Жұлдызбек Жұманбай естияр бала өзі. «Қара сөздерді» спектакльге айналдыру ешкімнің ойына келмеген де болар. Бұл қалай болады деп күмәнданғаным да болды. Бірақ жұмыс істей келе, байқасам, Абай хакімнің қара сөздері тұнып тұрған драмматургия екен. Міне, соны алғаш көрген, алғаш сезген, сезіп отырып жүрегімен қан жылатып отырып, Абайдың қара сөздерін реал қылып, сюжеттік жүйелеуді түзіп, қажетті жерлерін режиссерлік формамен әдейі астарлап, түгендеп, басып айтып, музыка қосып, әр ойына мән бергізіп жасаған жұмысы өте зор. Мен оған өте ризамын. Соңымыздан келе жатқан осы Жұлдызбек Жұманбай, Фархат Молдағали сияқты жас режиссерлердің театр өнерін жаңаша, ақылды көзбен қарап жүргенге қуанамын.

Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын зор көлемде атап өту жоспарланған болатын. Алайда елімізде ғана емес, бүкіл әлемді әлекке салған пандемияның әсерінен көптеген шаралар кейінге қалдырылды. Дегенмен, араға жеті ай үзіліс салып, есіктерінің қара құлпын ашқан мәдени ошақтар хакім Абайдың мерейтойын елеусіз қалдырып жатқан жоқ. Мәселен, осы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театры 95-маусымында «Абайдың жұмбағы» мен «Қара» спектакльдерінің таныстырылымын қойып отыр.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

1327 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы