• Мәдениет
  • 19 Қараша, 2020

«Елім Құлжада-ай» әнінің тарихы

Нағыз өнердің қуанышы қандай көп болса, қасіреті де сондай орасан. Осынау егіз ұғымды арқалаған тағдырлы әннің бірі – «Елім Құлжада-ай» халық әні. Сонау ерте заманнан есті халықтың есінде сақталып келген керемет әннің, көңілі көктемдей елге шуағын шашып, ­талай-талай бұралаң жолдан өтіп, бүгінге жеткеніне де тәуба дейсің.
Қасиетті жерді өзінің ­жанынан қымбат ­санайтын қазағымыз шаңырағын тіктеп, қазығын қағып тұрақтаған мекенін жырға бөлеп, әнмен тербеткен. Бұл атақты Шоқан Уәлиханов жазған «Құлжаға» арналған ғажайып ән. Сан ғасырдан бері Құлжаны мекендеген қалың қазақтың көкірегінен әуелеп шығып, шартарапқа тараған өлмес туынды. Иә, бала кезімізден жиын-тойларда естіп өстік. Есейе келе әуені сақталғанымен, ән сөзі сан құбылғанын көріп таңғалатынбыз.

Сол таңданыс талай соны соқпақтарға жетеледі. Өнер сүйер жұрттың жүрегінен орын алған әуені өзгермеген, ән сөзінің түпнұсқасы болуға тиіс. «Ел іші – өнер кеніші» деген қалайда біз білмейтін алтын сандықта сақталуы заңдылық емес пе?! Өнерді қастер тұтатын талай жақсының алдына бардым. Біраз жолдарды шиырладым. Шешілмейтін жұмбақ, тарқатылмайтын түйін болмайды екен. Қиыр­дағы Құлжадан Арқаға қоныс аударған Тоқ­мұқаммед ақсақал табанымнан тозып сан жылдар іздеген ақиқатымды алдыма жайып салды.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп тегін айтпаса керек бұрынғылар. Сексеннің сеңгіріне таяған шежірелі қарттың атын игі жақсылардың аузынан талай мәрте естіген едім. Тек кездесу нәсіп болмай жүрген. Осынау ғажайып әннің сан қырлы тағдыры туралы өтініп сұрағанымда: «Елім Құлжада-ай» әні сендер емес, біз де бала күнімізден бері естіп өскен әніміз. Кейін бұл әннің сөзін қулар қырық құбылтып жіберді. Сондай нұсқаларын естігенде марқұм кіші әкем Әлміш үнемі кейіп отырушы еді. Өзінің бұл әннің ежелгі нұсқасын Рақымжан серінің аузынан естігенін айтып, бұл айтылып жүргендердің бәрі өтірік екеніне күйінетін. Өзі оқыған, кітапқұмар қария еді.

Кейін мен де сол кісінің әсерімен кітап пен жазуға, өлең мен жырға құштар болдым. Ел аралап, су кешіп Іле өңірінің талай тарихы мен аңызын жинадым. Өлкетану бағытында жасалған талай шаруаның басында болдым. Іле аймағының әр ауданының тарихын зерттеп, фольклорын жинадық. Ондаған кітап шығардық. Қызай руының шежіресін де жинақтап, әр тақтаның шежіресіне дейін шығарған адаммын. Ел де басқардым. Ауылдың әкімі болдым. Қысқасы, Іледегі қазақтың игі-жақсысының бәрімен дәмдес болып, қария сөздерді қанып ішкен қартпын» деп ағынан ақтарылды абзал қария. Ақмолаға қоныс тепкенін, бұл қонысқа да қария сөздің нұсқауы, шежіренің жолдауымен келіп отырғанын айтты. Баяғы шежіре шалдар жетінші атамыз Жанмырза бай Арқада Қараөткелде туған деп айтып отыратын. Қараөткелдің өзі болмаса да, сол ұлы қоныстың маңын жайлайын деп осында көштің басын әдейі бұрғанын жеткізді.

Балалардың болашағын ойлап бері көш­кенде, шекарадағы қатаң тексерісте талай қазы­насы жоғалып, талай кітаптары қолды бол­ғанын тілге тиек еткен данагөй ақсақал: «Кезінде сол атамнан естіген сөзімді қағазға түсіріп қойып едім. Хикая былай:

Қызайдың Торғай деген тақтасында атақты Рақымжан сері деген адам болған. Қазір күллі қазақ айтатын «Көкөзен» әнінің авторы Аппақ Майтабанқызымен айтысып, ақыры екеуі отау құрған. Арқадан атақты ақын Әсет Ілеге ауғанда екеуі жолдас болған. Әсеттің:

«...Шарықтап көкке өрлеген қайран әнім,

Тек қана Рақаңа жарасады...» дейтін сөзі ел аузында әлі айтылады. Сол Рақымжанның аузынан Торғай ішіндегі Бәйімбет байдың қыз ұзату тойында естіп едім деп, әкеміз қалақ домбырасын тыңқылдатып айтып отыратын әннің сөзі былай болатын:

Іле деймін ендеше, Іле деймін,

Өте шықтым Іледен, міне, деймін.

Үшбурылдың жұпарын бір сімірсем,

Одан артық жаннаты тілемеймін.

 

Қайырма:

Елім Құлжада-ай

Көңілім сізді болжады-ай

 

Кермеңе кеп атымды мен байладым,

Сонарлатып жылқымды өрге айдадым.

Үшбурылдай құлаған үш биіктен,

Байтақ Іле өзіңді ен жайладым.

 

Қайырма:

Елім Құлжада-ай,

Көңілім сізді болжады-ай.

 

Сетер жігіт баптаған құр аттаймын,

Еш жаманға өзімді сынатпаймын.

Үш биіктің басында мұзбалақ ем,

Саған қарай талпынып құлаш жайдым.

Біздікі көнеден құлақта қалған сөз. Кейінгі жастар ақсақал білгенін айтпай кетіпті демесін деген ізгі ниет айналайындар!» деп сан жылдар түйіні шешілмей келе жатқан мәселеге осылайша нүкте қойды.

Әсет ақын мен Рақымжан серінің бір-біріне құрметі мен сыйластығының өзі Қызай елінде әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Алаштың бұлбұл көмей, жез таңдай Әсет ақыны бақилық сапарға аттанғанда Рақымжан серінің әкесі Мешпет Төлепбергенұлы:

Рақымжан әлпештеген балам едің.

Өлеңмен домбыраңды ала келдің.

Әсағаң ән мен күйден енші берген,

Айырылып ұстазыңнан қала бердің.

Бақшадан бұлбұл Әсет кетті ұшып,

Хабарын көзбен көріп ала келдім, – деп ­баласына Әсеттің қазасын естірткен екен.

Әсет ақын да, Рақымжан сері де тектілікті ұстанған, өнерге адал ескінің сарқыттары еді. Екеуі де XX ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген тұлғалар. Бізге жеткен қазіргі деректе «Елім Құлжада-ай» әнін алғашқы орындаушы Рақымжан сері.

Халқымыздың ежелден бері келе жатқан игі дәстүріне сай дүйім жұрт бас қосқан думанды жиында, алқалы ас пен торқалы тойларда, әр елдің таланттары бұрын ешкім естімеген әуезді ән айтып, күмбірлі күй шертіп қазақтың рухани қоржынына тың дүниелер қосып отырған. «Елім Құлжада-ай» әнінен өзге алты Алашқа әйгілі сондай ғажап дүниенің бірі – Ақылбайдың әні:

Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,

Матай да алыс бірталай жер деген соң.

Он минутта ойыма осы ән түсті,

Қапаш-құпаш қолымда сермеген соң.

 

Қайырмасы:

Ай, аққудай, аққудай,

Ай, аку, дариға-ай!

 

Ішік кидім пұшақтан құндыз жаға,

Жас дәуренді өткіздім бермей баға.

Ақылжан деп талай қыз тұрушы еді,

Сұмдық шықты дейтұғын «Ақыл аға».

Абайдың кенже ұлы Мекайыл көрші Матай елінен қалындық айттырып, соны ұзатып алып келуге Абайдың әншісі Әлмағамбет бас болып, құдалыққа аттанады. Жолай Ақылбайдың үйіне соғып: «Матайлар өнерпаз ел. Абай ән­дерін олар да жатқа біледі. Олар естімеген жаңа ән керек. Соны сізден қолқалай келдік. Абай атамның кенже ұлының үйлену тойына базарлық болсын» деп өтініш білдіреді. Сонда Ақылбайдың табан астында шығарған әні кейін «Ақылбай әні» деген атпен қазақ даласына кеңінен тараған.

 «Елім Құлжада-ай» әні де осындай дабыралы мерекеге орай жарық көрген соны дүние. «Қарға тамырлы қазақтың» қыз алысып, қыз берісіп, құда-жекжат болып құйрық-бауыр асасып, бір-бірімен біте қайнасқан думанды ортада Қызай елінің өнерпаздары арқылы XX ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ Шығыс Түркістан қазақтарына кеңінен тараған еді. Қазақ қашанда өнерге адал халық. Басқасын айтпағанда, өміршеңдігін ертеден бері әйгілеп келе жатқан ғажап әннің мәтіні қанша өзгерсе де тақырыбы мен қайырмасының өзгеріске ұшырамай бүгінге жетуінің өзі шын өнерге деген шексіз құрметтің белгісі екені ақиқат.

Тыңдаған жанды еріксіз өзіне елітетін ғажайып ән Шығыс Түркістан сарбаздарымен бірге бүкіл Қытай қазақтарына тарады. Шығыс Түркістан сарбаздарының бірі болып соғысқа қатысқан кіші атам Қыдықан Ахметұлы: «Ел мен жерді сағынғанда саптағы домбырашы жігіттерге «Елім Құлжада-ай» әнін жиі айтқызушы едік. Қайырмасына келгенде бәрімізде қосыла кетуші едік. Қасиетті Құлжадан жырақта жүрген біз осы әнді тыңдағанда бір марқайып қалушы едік» деп әңгімесін тереңнен қозғаушы еді.

Мәтін демекші, ән мәтінінің сан мәрте өзге­ріске ұшырағанын жоғарыда айттық. Әсіресе Қытайдағы мәдениет зор төңкерісі басталар алдында аталған әннің феодалдық сарыны басым деген желеумен бұл әнге де өктемдік жүре бастайды. Арда қазақтың нағыз асылына айналған әсем әнді сақтап қалу үшін көрнекті жазушы, ақын Бұқара Тышқанбай ән мәтініне өзгеріс енгізеді.

Содан кейін қазақтың басына алмағайып заман орнады. Осынау ғажап ән Тарыдай шашыраған қазақпен бірге бүкіл әлемді аралап кетті. Өнерде шекара болмайды деген осы. Теңіздей қазынаның тамшысын ғана тү­гендедік. Ғажап әннің Рахымжан сері шырқаған түпнұсқасы бойынша бұл күндері белгілі әнші, өнертану ғылымының магистрі Саулежан Тақзия әуелете орындап жүр. Ел жүрегінен өшпестей орын алған тағдырлы әннің ендігі ғұмыры баянды боларына сенім мол.

 Алаш ТҰРСЫНӘЛІ

 

3223 рет

көрсетілді

258

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы