• Тұлға
  • 19 Қараша, 2020

СЕНІМНЕН ШЫҚҚАН АЗАМАТ

Сәтбай бабаның баласы Еспанмен Дайрабай атты жиен інісі ХХ ғасырдың 30 жылдарының бірінде кездесіп қалыпты. Сонда киіз үйдің алдында ойнап жүрген балаға қарап тұрып: «Есаға, балаларыңның атқа мінері бар ма, ­бабаларына ұқсаған?» деп сұрақ қояды. Сөзінің мәнісін түсіне қойған Еспан: «Жиен ел болмайды» деген осы-ау, сен менің Андақұл мен Қожағымды меңзеп тұрсың-ау, анау жүгіріп жүрген Ұзағымнан көп нәрсе күтемін. Келмен бидің басынан сипаған баласы» депті. «Ата-әке балаға сыншы демекші, сол бала біз көрген Ұзақ еді, шын мәнінде Ұзақ әке үмітін ақтап жүрген үлкен азамат болды» деп отыратын Дайрабай ақсақал.
Жасынан үйдің тіршілігіне араласып, ата-анасына қолқанат бола білген Ұзақ Еспанов колхозшы да болды, есекпен 50-60 шақырымда тұрған Жалағашқа бидай тасыды. Еңбек пен оқуды ұштастыра білді. Қиындықтан қашпады. Қайта еңбекте шыңдала түсті. Ол бала да болса ел басына түскен түрлі ауыртпалықты ата-анасымен бірге көрді. 1928-1929 жылдардағы байларды қудалау, колхоздасу кезінде Тойқожа әулетінің біраз шаңырағын Өзбекстанға шұбыртты. 1935 жылы туған ел мен жерге оралған Еспан ақсақал бастаған 29-30 отбасы «Бозарық» артеліне көшіп келіп, колхоз шаруашылығына араласып кетеді.

Ұ.Еспанов 1928 жылы Еңбекші ­ауылында (бұрынғы «Бозарық» жерінде) туған. 1936 жылы «Еңбек­шідегі» мектеп табалдырығын аттаған. Алғашқы мұғалімі Өтеу Кәріғұлов­тан сабақ алып, әліппені тани бастаған. Кейін­нен Қали ­Саржановтан дәріс алады.

Қозы бағып, қой қайырады. Сол тұстағы өмірін былайша жырлапты:

Кездерім он екі – он үш шамасында,

Есімнен кетпейді әлі, нанасың ба?

Жайлап ел отыратын көктем шыға,

«Доңғал» мен «Ақтікеннің» арасында, – деп жырға қосыпты.

Ұ.Еспанов 1938-39 оқу ­жылында Қаратөбе, одан кейін қайтадан ­«Мақ­палкөлде» оқиды. 1943 жылы 7-сыныпты бітіргендер колхозшы болып жұмысқа алынады. 1947 жылы Мақпалкөлде 10-сыныпты бітірісімен Қызылордадағы педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетіне оқуға түсіп, оны 1951 жылы бітіреді. Кейіннен Қазалы ауылшаруашылық техникумын сырттай оқыған. Ол 1951-1953 ­жылдары «Қызыл октябрь», «Бірінші май» мектептерінде мұғалім, мектеп директоры қызметінде, 1953-1963 жылдар аралығында Жалағаш аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, 1963-1969 жылдарда Қармақшы өндіріс басқармасына қараған (кейіннен Жалағаш ауданы – Т.Д.) Қазақстанның ХХ жылдығы, Жамбыл атындағы колхоздардың басқарма төрағасы, 1969-1991 жыл­дар аралығында «Мә­дениет», «Қазақ­станның Ленин комсомолы» атындағы совхоздардың директоры болып абыройлы қызмет атқарды.

Айтпақшы, Ұ.Еспанов ақындық жолға қалай келді десек, оның өскен ортасы, нағыз Сыр сүлейлерінің ордасы болатын. Әзілкеш Құлназар, Әбдікәрім Оңалбаев, Асқар Қожах­метов және өз ағасы Қали Саржановтар өлең-жырлардан қара жаяу емес-ті. Солардың біразын көріп өскен Ұзақ өлең жаза бастады. Алғаш­қы өлеңі 1948 жылы Қызылорда облыс­тық «Ленин жолы» газетінде «Жаз» деген тақырыппен жарияланып қуанышқа бөленген-ді. Сол 1948 жылдан өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастаған емес. Директорлық қызметтің қат-қабат жұмыстарынан қолы босай қалса, ойға келген өлең-жырын дәптерге түсіре берді.

Ұзекеңнің жолы болды ма, болмаса ұйымдастырушылық қабілеті зор болды ма? Ол басқарған жылдары «Мәдениет» совхозы күріштен мол өнім жинап, атағы КСРО-ға тарады. Мемлекетке алғашқы миллион тонна астық өткізген облыстағы аз ғана шаруашылықтың бірі болды. Республиканың бірінші басшысы Д.А.Қонаевтың өзі екі мәрте күріштікте болып, жұртшылықтың еңбегіне риза болып аттанған-ды. Соның нәтижесі болар, 1973 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алып, кеудесіне «Алтын Жұлдыз» тақты. 1985 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Ленин, Октябрь революциясы, екі рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, 10-нан аса әртүрлі үкімет медальдарымен марапатталды. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңестерінің депутаты, партия комитеттерінің мүшесі болып сайланды. 1953, 1960, 1978 жылдарда өткен республика мұғалімдерінің, 1976 жылы Қазақстан Компартиясы ХІV съезіне делегат болды. Жалағаш ауданының алғашқы «Құрметтті азаматы» атанды. 20 жылдай Жалағаш ауданындағы ардагерлер, билер кеңесін басқарды.

Ұзекеңнің өзі елгезек, кішіпейіл адам болды. Жан жары Дәмеш Айтымбетқызы оған сүйеу бола білді. Түтіні түзу шыққан алтын шаңырақ иелерінен алтын асықтай ұл-қыз өсіп жетілді. Олар: Баян, Бақыт, Мейрамбек, Манарбек, Жанарбек, Зәуреш, Каналбек, Айдостар ел тәуелсіздігін нығайту жолында еңбек етуде. Ұзақ ағамыздың ұл-қыздары ата-анасына ұқсағандай. Әрдайым дастарқаны жаюлы, қонақ күтуде ­алдарына жан салмайды. Өз басым Ұзақ ағамен етене араласпасам да Алматыда, Қызыл­орда, Жалағашта бірнеше мәрте дастар­қандас болғаным бар. Әрдайым, маған «сенің еңбекқорлығыңа тәнтімін» деп отыратын.

«Мәдениет» совхозы туралы «Қай­­нар» баспасынан 1978 жылы, «Көңі­лімнің көктемі» атты жыр жи­нағы 2002 жылы жарияланды. Ұзақ Еспановтың өлеңдері, өмір жолы «Жалағашым жасыл бағым» (1999 ж.), «Жалағаш жері – жыр кені» (2008 ж.) «Тойқожа батыр әулеті» (2005 ж.), тағы басқа кітаптарға енді.

Ұзекең бұрынғылардың көзін көріп өскен ғой. Әзіл-қалжыңы мол, көне сөздерді көп білетіндер қатарында ­болатын. Студенттік және қызметтес досы Сейітнәби Мұқашевпен Жалағаш ауданы тарап, Қармақшыға қараған тұста, аудан басшылығы ол екеуін ­Жамбыл мен Қазақстанның ХХ жылдығы атындағы колхоздарына бастық етіп жіберді. Бірде ­ХХ жылдықтан келген Ұзақ Еспановқа Секең тұрып:

– Ұзеке, сен бастықтармен жақсы­сың ғой, мен сенімен жақсы болайын, – дегенінде Ұзақ:

– Құдайға шүкір, басшылармен тәуірмін ғой, – деп жауап қатады. Сөйтіп жүргенде Жалағаш қайта аудан болып, аудандық атқару комитетінің төрағасына С.Мұқашев сайланғанда, Секеңді құттықтай тұрып:

– Енді сенімен бұрынғыдан да жақсы боламын, – дейді. Бұны естіп тұрғандар бұл сөзге түсінбей аң-таң қалған көрінеді.

Бір жылы Ұзекең Алматыға дирек­торлардың білімін жетілдіруге оқуға келеді. Оқуын бітіріп, совхозға келіп шаруашылық жұмысына кірісіп кеткен күндерінің бірінде кеш­тетіп үйіне келсе, қабағынан қар жауған Дәмешті көріп, «не болды, бір жерің ауырып тұр ма» дегеніне қарамай қолындағы титтей телеграмманы ұстата салады. Жүгіре оқып шыққан Ұзекең бұл жедел­хаттың өзіне жолданбағанын біле қойып:

«Ол бәтшағар тумаймын деген еді ғой» деп күліп тұр дейді. Ал жеделхатта «Мен босандым» деген жалғыз ауыз сөз бар екен. Кейіннен анықталған­дай, «Мәдениет» совхозында бас мал дәрігері болып қызмет істейтін Бегей Еспановтың Алматыдағы төркінінде жатып босанған әйелінің жеделхаты болып шығады. Жалпы ел ішінде Ұзақ Еспанов айтты деген әзіл-қалжыңдар ел аузында.

Ұзекеңнің өзі елгезек, кішіпейіл адам болды. Жан жары Дәмеш Айтымбетқызы оған сүйеу бола білді. Түтіні түзу шыққан алтын шаңырақ иелерінен алтын асықтай ұл-қыз өсіп жетілді. Олар: Баян, Бақыт, Мейрамбек, Манарбек, Жанарбек, Зәуреш, Каналбек, Айдостар ел тәуелсіздігін нығайту жолында еңбек етуде. Ұзақ ағамыздың ұл-қыздары ата-анасына ұқсағандай. Әрдайым дастарқаны жаюлы, қонақ күтуде алдарына жан салмайды. Өз басым Ұзақ ағамен етене араласпасам да Алматыда, Қызыл­орда, Жалағашта бірнеше мәрте дастар­қандас болғаным бар. Әрдайым, маған «сенің еңбекқорлығыңа тәнтімін» деп отыратын. Үйіне соғып, сәлемдесуге барғанымда ауырып жүрсе де, «Дәмеш-ау, Тынышбек інім келді ғой» деп қалбалақтап қалатын. Үйінің тұсынан өтіп бара жатып, асығыс болсам да соқпай өтпейтінмін. Бір-екі рет Ұзағаң шаңырағына бас сұққанымда бірінде Баян, енді бірінде Мейрамбек інім алдымнан шығып, қонақ еткен-ді. Мұны мен олардың ата-анасынан алған тәрбиесі ғой, Ұзекең жоқ болса да, «үлкен үй, қара шаңырақ мен» деп тұрғандай екенін сезіп аттанған едім.

Балаларының бәрі жоғары білім алды. Бірі үлгілі ұстаз, екіншісі ауыл­шаруашылығының білікті маманы, араларынан совхоз директоры, ғалым да шықты.

Қоғам қайраткері, ауылшаруа­шылығы саласының көрнекті басшысы болған, үкіметтен де, ел халқынан да сый-құрмет көріп өткен Ұзақ ­Еспанов кейінгі жылдарда өлең-жырға ден қойды. Оның «Туған ауылым ­туралы толғаныс» атты толғауында:

... Елу жылдай тарихын,

Ауылдың жақсы білемін.

Ұсынған атам қол беріп,

Айқожа ишан пірі едің,

Көтерер Сәтбай аруағын.

Қасиетті қойдың жылы едің – деп жырлай отырып, Еңбекші, ­Мақ­палкөл, Жаңаталап ауылдарының тарихын, ондағы адамдарға сипаттама берді. Бұл өлеңдері бүгінде ауыл адамдарына тұрғызған ескерткіш ретінде бағалануда.

Ұзақ Еспанов хақында белгілі ақындар Асқар Тоқмағамбетов, Тұман­бай Молдағалиев, Қомшабай Сүйеніш, Махмұтай Әміреұлы, журналист-жазушылар Ұзақ Бағаев, ­Насредин Сералиев, Байжігіт Әбдіра­зақов, Рысты Бекбергенова, Айжарық Сәдібеков, Шыңғыс Айбосынов, Қази Данабаев және басқалар өлең арнап, мақалалар жазды.

Ақын Асқар Тоқмағамбетов «Жүл­дегер» (1974 ж.) атты өлеңінде.

... Еспановтың алдында,

Күрішші қауым, күндегі ер.

Еккенін жиса шаштырмай,

Ер жігітке бұл да өнер.

Орындап сертін серпіліп,

Бәйгеден озар жүлдегер, – деп жырға қосса, Тұмағаң Молдағалиевтың «Ұзақ аға!» өлеңінде:

... Тербетесің бала күнгі бесігіңдей,

Қонақүйсің тұратын есік ілмей.

Ұзақ аға дүниеде ұзақ жаса,

Дәл өзіңе берілген сеніміндей!

Үлкенге кіші, кішіге аға бола білген Ұзақ Еспанов 2014 жылдың желтоқсан айында, жұбайы Дәмеш 2015 жылдың 24 сәуірінде өмірден өтті.

Бақытын еңбектен тапқан ағамыз Ұзекең есімі, оның артында қалдырған игілікті істері ұмытылмақ емес. Осы тұста Ұзақ ағаның өзі туралы өлеңінен үзінді беріп кетейін.

... Абыроймен ағайын, өтті күнім,

Арқасында достардың көптігінен.

Есептеймін өзімді бірімін деп,

Қарапайым қазақтың текті ұлының, – дей отырып:

«...Мен қандай биіктерге шарықтап көтерілсем де, қандай биіктерді бағын­­дырсам да ол маған сенім артқан, менің барлық бастамаларымды қолдап, соңымнан ерген елімнің ар­қасы» деген екен. Ол еліне қызмет етсе, елі оны абырой биігіне көтерді.

 Тынышбек Дайрабай,

Қазақстан Жазушылар

 одағының мүшесі

 

 

1002 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы