• Қоғам
  • 19 Қараша, 2020

КӨГІЛДІР ТАУЛАР

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ІІІ. ШЕКАРА

Нарынқол – тарихи оқиғаларға бай өлке. Сонымен бірге талай тамаша талант иелері өмірге келген жер де. Ал тамылжыған табиғаты ше?! Қойнауындағы қазба байлықтары... Сөз ретіне қарай бұл өңірдің тағы бір ерекшелігін де атап айта кеткен жөн. Ол осы Аспантау аймағының мемлекеттік шекара шебінде тұрғандығында. Иә, солай. Өзіміз сөз еткелі отырған өлке тәуел­сіз Қазақ елінің Қытаймен, сосын Қыр­ғызстанмен арадағы жер межесін ай­қындайтын оңтүстік шығыстағы шеткі нүктесі.

... Біз, міне, осы жерде тұрмыз. Осы жер дегеніміз – шекара әскерлерінің жергілікті комендатурасы. Ол – Нарынқол ауылында орналасқан. Бақылау бекетіндегі кезекші жауынгердің ­хабарлауымен бізге беттеген аққұба өңді бойшаң жігіт өзін: «Капитан Сапархан Бейсенбаев» деп таныстырды. Содан соң: «Сіздің мұнда келетініңізден ­хабардармыз. Іссапарыңыздың мән-жайын Алматыдағы шекара қызметі ­дирекциясы айтқан» деді де ішке кіруімізді өтінді. Оның кеңсе ғимаратына жеткенге дейінгі айтқан алғашқы әңгімесіне қара­ғанда, жергілікті халық ауданның қайта ашылғанына ­ерекше қуанышты екен. Өйтпегенде ше! Осыдан 20 жыл бұрын жабылып, орталығы 100 шақырым жердегі Кегенге қосылған, жұмыссыздыққа байланысты тіршілік тауқыметінен адамдары жан-жаққа босып, алыс аймақтарға көшіп кеткен өңірде не береке болушы еді. Шүкір, енді соның бәрі оңалып, ретке келмекші екен. Оған дәлел, бір кездері осы жерден қоныс аударған жұрттың аудан ашылды деген хабарды естіп, ауылға қайта орала бастауы. Жақсылық нышанының бұдан кейінгі тағы бір белгісі Алматы облысындағы 14 ауданның қайтадан құрылып, бойын тіктеп жатқан Нарынқол өңіріндегі елді мекендерге көмек ретінде балабақша, көпір, фельдшерлік-акушерлік орталық, көшелерді асфальттау мен электр желілерін тарту сияқты құрылыстарды өз күштерімен салып беруге кірісіп кеткендігі.

– Шекаралы өңірдегі тұрғын халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы, көңіл күйі дұрыс болса, бұл біздің жұмысымыздың да оңға басуына игі ықпал етері анық, – деді жүріп келе жатып сөзін жалғаған ­Сапархан Төреханұлы. – Себебі жоғарыдағыдай алғышарттардың нәтижесінде өз мәніндегі қалыпты моральдық-психологиялық ­ахуал орныққан мұндай жерде қылмыс пен тәртіпсіздік, оның көлеңкелі көріністері болмайды. Ал бұл, яғни тыныштық мәселесі шекаралы аймақ үшін ең басты нәрсе. Содан соң, мемлекеттік маңызға ие осы өлкедегі адам ресурсы, оның көп, мол болуы да біздің шекара қызметі үшін үлкен күш. Тегеурінді тірек. Әрі арғы беттегі көрші елге сес, айбат. Сондықтан ауданның ашылып, өңірдегі адам мен техника қарасының көбейгені жақсы болды деп есептейміз.

Комендатура бастығының осындай әңгімесімен бас корпустағы саяси оқу залына қалай келіп қалғанымызды да байқамай қалыппыз. Әрі лекция кабинеті, әрі кітапхана, оған қоса музей деп айтса да болатын бұл мүйіс түрлі тарихи суреттермен дерек-мәліметтерге тұнып тұр. Оларды рет-ретімен баяндауды өз міндетіне алған застава комендатура бастығының орынбасары, майор Александр Ахырцовтың сөзіне қарағанда Нарынқол ауылындағы бұл шекара құрылымының тарихы 1921 жылдан басталады екен. Содан бергі ғасырға жуық уақыт ішінде мұндағы оқиғаларды бір мақалаға сыйдырып айтып жеткізу өте қиын. Мұны тек көзбен көріп, құлақпен естіп, тыңдау қажет. Қабырғадағы тізіліп тұрған сол деректердің арасынан біздің есте ұстап қалғанымыз, осы шекаралы өңірдегі 1920-1932 жылдарда Кеңес өкіметінің солақай саясатынан туындаған үркіншілік пен 1962-1976 жылдардағы көрші елде болған мәдени революция кезіндегі мазасыз жағдай еді. Міне, солардың бәрі енді өткен күннің белгісі ретінде мына стенділерде үнсіз сыр шертіп тұр.

Жолбасшымыз бас корпустағы өзіміз сөз еткен саяси оқу залын аралатып болған соң, осындағы жауынгерлер казармасы мен олар тамақтанатын асхананы көрсетті. Бұлардың бәрінде де тәртіп пен реттілік бірден байқалады. Оған терезе жақтаулары мен еден, баспалдақтардағы айнадай жалтыраған тазалықты қосыңыз. Ал қару-жарақ бөлмесі алдындағы кірпік қақпай тұрған қарауыл мен дәліздегі сымдай тартылған кезекші сарбаз үстіндегі қыры сынбаған су жаңа әскери киімдер ше?! Бәрі де сәнді. Жарасымды.

Көңіл өсірер осындай әсермен сыртқа шыққанбыз. Сол сәтте көзіміздің застава алаңындағы қызыл гранитке түспесі бар ма?! Байқап қараймыз, мұнда ол жайдан-жай тұрған нәрсе емес сияқты. Биіктігі 3 метрге жуық бұл дүмді, үлкен тас көне жәдігерге ұқсай ма, қалай? Ойымыз алдамапты. Жақындап келіп қарағанымызда, оның жоғарғы жағында патшалық Ресей заманындағы герб сұлбасы, ал ортаңғы тұста №2 деп қашалған цифр ізі байқалды. Сөйтсек, бұл ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Шәуешек келісімі бойынша сол кездегі екі ел арасында тартылған алғашқы шекара шебінің белгісі екен. 150 жылға жуық уақыт бойғы патша, кеңес заманын басынан өткере мызғымай тұрған сол сынтас 1994-1997 жылдарғы жаңа үлгідегі қазақ-қытай жер межелеу жұмысы басталғанда, қазіргі халықаралық стандартқа сай ала бағанмен алмастырылған. Осыған байланысты елеусіз қалып бара жатқан ескі белгіні көрген шекарашылар оны өткен шақтың ескерткіші ретінде заставаға әкеліп қояды.

Майор Александр Ахырцов қарсы алдымыздағы қызыл гранит жәдігерге осындай түсініктеме беріп болған соң бізді застава аумағының шығыс жағына алып келді. Мұнда кинологтар базасы орналасқан екен. Иіс сезгіш, ізшіл, өжет те айбарлы, асыл тұқымды овчаркалар... Олардың шекара өміріндегі алатын орнын бұл жерде ежіктей түсіндіріп, айтып жатудың қажеті жоқ шығар, сірә. Бала кезіміздегі осы тақырыптағы «Мемлекеттік шекара», «Бәйшешектер гүлдеген жерде» атты кинофильмдерде көрген төрт аяқты бұл ақылды жануарлардың жасыл фуражкалы шекарашы иелерінен де артық ептілігі мен батылдығы таңдай қақтырмаушы ма еді. Енді міне, тәуелсіз Отанымыздың шебін күзетуші ұландарымыздың сондай сенімді серіктерін қазір өз көзімізбен көріп тұрмыз. Мұнда бірнеше овчарка күтіп бағылады екен. Олар сержант ­Айбын Әкімхановтың жауапкершілігінде болып шықты. Кинолог оның ­айтуына қарағанда, бұл ақылды жануарлармен жұмыс күнделікті күтімнен және ережеде көрсетілген дайындықтан тұрады. Алғашқысына тиісті тамақ рационын әзірлеп, оны уақытымен беруді қадағалау және ветеринарлық тәртіп-талап: ай сайын қан алып, инфекциядан қорғайтын укол салу, жуындырып, жатын орнын тазалап тұру сияқты жұмыстарды бақылау кіретін болып шықты. Ал соңғысына әскери нұсқаулықтағы ережеге сәйкес бұл овчаркаларды күн сайын із шалдыруға баулып, жаттығу алаңындағы түрлі кедергілерден секіртуге үйрету, күзет нарядымен бірге бейтарап аймақты бақылап қайтуға жіберу, қырағылықты күшейтуге арналған жалған дабыл операцияларына қатыстыру сияқты жұмыстар жатады екен. Осындай жүйелі іс-шара үдерістерінің арқасында бұл бағытта мұндағы қол жеткен нәтижелер жаман емес. Оған нақты мысал келтірер болсақ, 2018 жылғы көктемде өзіміз сөз етіп отырған кинологтар базасындағы «Кит» (аты белгілі себептермен өзгертіліп алынды – авт.) деген овчарка Шығыс өңірлік шекара әскерлері қызметі арасында өткізілген байқауда барлық сыннан сүрінбей өтіп, чемпион атаныпты. Бір застава үшін бұл жақсы жетістік. Үлкен көрсеткіш!

Нарынқол ауылында орна­ласқан жоғарыдағы шекара құрылымын көріп, оның тыныс-тіршілігімен танысып болған соң, Қостөбе заставасына бет алдық. Аудан орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан бұл елді ­мекен қазақ әде­биетінің классигі Бекең, Бердібек Соқпақ­баевтың туып-өскен жері. Жазушының «Балалық шаққа саяхат» атты атақты шығармасында өте көп айтылатын Қостөбе біздің бала кезімізде «Октябрьдің 40 жылдығы» кеңшарына қарайтын тауарлы-сүт фермасының орталығы еді. Кейін 90-жылдарғы аласапыранда қатты жүдеп, шал-шауқаннан басқа адам қалмаған-тын. Қазір, иә, қазір... Ауылдың кіре берісінен бастап байқап келеміз, жанды қимыл-қарекет бел ала бастапты. Оны тіршілік туын жықпай ұстап тұрған мұндағы 30 үй түтінінің түзу ұшқанынан байқауға болады.

– Бұл ауыл адамдарымен арадағы байланысымыз жақсы, – деді бізді бақылау бекеті жанынан қарсы алған Қостөбе шекара заставасының бастығы, капитан ­Бауыржан Бақтияров алғашқы аман-саулықтан кейін. – Жәрдем, көмек сұрап келсе, оны аяқсыз қалдырған емеспіз. Айтылатын өтініштер тіршілік қамына байланысты шаруалар ғой. Олар, мәселен, өзіміздің техника күшімен күзде қарттардың шапқан шөбін үйлеріне жеткізіп беру, қыста ауылға кірер жолды қардан тазартуға қолғабыс тигізу, көктем мен жазда аяқ астынан сырқаттанып қалған ауыл адамдарын аудан орталығындағы емханаға жеткізу сияқты көмек түрлері.

Бауыржанның әңгімесін тыңдап келе жатып, сөз арасында өзінен жөн сұрадық. Егемендігіміздің елең-алаңында өмірге келген тәуелсіздік ұланы екен. Орта мектепті бітірген соң, Алматыға келіп әскери училище, одан кейін Шекара қызметі академиясында оқиды. Қолына диплом тиісімен Жаркенттегі Смирново заставасына жолдама алып, аталмыш құрылым бастығының орынбасары, одан Қалжаттағы Геопартия заставасының бастығы қызметтерін атқарады. 2017 жылдан бастап осында екен.

– Өліара уақыт, өтпелі кезең деп аталған 90-жылдардағы аласапыран шекара әскерлеріне де оңай тимегенін жақсы білеміз. Оны сол кездері ауылымызға еңбек демалысын алып келгенде осы жерден талай көргенбіз. Қазіргі жағдай қалай? – дедім мен жоғарыдағы әңгімені тыңдап болған соң Бауыржанға.

– Иә, бұдан 18-20 жыл бұрынғы ондай жайттардан хабарымыз бар, – деді ол. – Оны бізге кезінде осы заставадағы шаруашылық жұмыстарына келісімшартпен алынған ауыл адамдары айтқан. Жауынгерлік борышын өтеуге келген өндірдей жас­тар сонда етік жетіспегендіктен қыстың алғашқы айларына дейін бәтеңкелеріне обмотка орап жүріпті. Тымақ, малақай тапшылығынан қар түскенше бастарына пилотканы ілдалда етіпті. Ішетін астары да солай болған. Бірде бар, бірде жоқ ­дегендей... Ал қазір олай емес. ­Шекарашы сар­баздар күніне 3 уақыт толық, 1 рет жеңіл ас мәзірімен қамтамасыз етілген. Жауынгерлердің жылы да ыңғайлы әрі жарасымды қысқы, жазғы және күзгі киімдері туралы да осылай дер едім. Олар жыл сайын шыттай, су жаңа әскери форма комплектілерімен толық қамтамасыз етіліп келеді. Тоқ етерін айтқанда, үкімет бүгінгі таңда шекарашылар алдына бір ғана міндет қойып отыр. Ол – тәуелсіз Қазақ елінің осы саладағы ұландары ештеңеге алаңдамауы керек. Мемлекет тарапынан жасалған жоғарыдағыдай жағдайға ие олар тек Отан шебін қырағылықпен күзетуі қажет деген талап.

– Дұрыс екен. Енді мына мәселе жөнінде бірер сөз. Ел егемендігінің алғашқы жылдарында басқа жерді қайдам, ал мына Нарынқол аумағындағы шекара заставаларының жауынгерлерін бір өңірден, осы Алматы облысы аудандарынан жасақтаған кездер болды. Мұндай жағдай сол уақытта ата-аналардың балаларын осында қайта-қайта іздеп келіп, ал әскери борышын өтеп жүргендердің үйлеріне себепті-себепсіз сұранып, біраз әбігер тудырғаны бар. Кейіндері де солай болып жүрді ме, қалай?

– Жоқ. Бұл 1995-1997 жылдарға дейінгі жағдай ғой. Ол кездері әскерге шақырылғандарды республикамыздың түкпір-түкпірінен әкелуге жол шығынына қажет қаржы тапшылығы қолбайлау болған еді. 2000 жылдан бас­тап Отан шебін күзетушілерді әр аймақтан тартуға назар аударыла бастады. Бүгінде ол өзінің жарқын көрінісін тапқан. Оны осы Қостөбе заставасында ­Семей, Өскемен, Атырау, Ақтау және ­Қызылор­да­дан шақырылып, жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген ұландардың қызметінен анық байқауға болады. Қазақ, орыс, татар және неміс ұлттарының өкілдері олар ұйымшыл әрі өте тату. Бізді, міне, жастардың осы қасиеті қатты қуантады. Капитан Бауыржан Бақтияровтың әңгімесін тыңдап, сөз арасында өзіміз қойған сұрақтарға лайықты жауап алғаннан кейін шеттегі қарауыл мұнарасына қарай бет алдық. Биіктігі 40 метрге жуық, жоғарыға тар баспалдақты сатымен көтерілетін, төбесінде фанер тақтайдан әдемілеп тұрып жасалған үйшік орнатылған ол былайғы ауызекі тілде ­вышка деп аталады. ­Наряд бойынша күзетке шыққан шекарашы жауынгер соның ішіндегі треногаға орнатылған үлкен дүрбімен төңіректі шолып отыратын оны бүкіл застава атаулының эмблемасы ­немесе символы, тіпті паспорты десе де ­болады. Өйткені үлкенді-кішілі шекара бекеті бар жердің бәрінде оларды жоғарыдағыдай қарауыл мұнарасынсыз көзге елестету қиын. Менің әу бастағы ойым, міне, алдымда тұрған соған шығып, көрші ел жаққа көз тастау еді. Бірақ іштей одан тез бас тарттым. Көз алдыма 1985 жылдың көктемі елестеді. Сонда Нарынқолға дәл осындай іссапармен келіп, фототілшімен қосқанда екі-үш адам Иттөбедегі мұнара басына шыққанымызда, арғы жақтың абыр-сабыр болып, қатты әбігерге түскенін көргеніміз бар. Сол оқиға ойыма оралып, Бауыржанмен шекараны мұнара басында емес, іргедегі Текес өзенінің биік жарқабағында тұрып көре бастадық.

Ауылдың шетін бойлай 6 қатарлы тікенді сымтемір тартылған бір белдеу тұр. Бұл бейтарап аймақтың басталғанын білдіретін белгі. Соның іргесін бойлай ені 10 метрлік топырағы майдаланып тұрып жыртылған жер көрінеді. Ол абайсызда аттаған адам, аң іздерін тапжылтпай тап басып қалатын сақтық телімі. Міне, содан соң барып 12 қатарлы тікенді сымтемірмен оқтай боп тартылған біздің мемлекеттік шекарамыз көрінеді. Ал одан әрі, яғни арғы бетте ше? Қатырып тұрып жасаған, әрқайсысына тағы да бірнеше қатарлы сымтемір тартылған екі еңселі белдеу тұр. Жолбасшымыздың ­айтуынша, бұл өз шебін мықтап шегендеген көрші елдің тірлігі екен. Соңғы кездері олар шекара мәселесіне өте қатты мән бергені соншалық, әрбір 700 метр телімге бір бейнебақылау камерасын орнатып қойыпты. Ультра күлгін түсті сәулелермен жабдықталған аппараттарға күн де, түн де, ауа райының жауын-шашынды, тұманды сәттері де бәрібір екен. Ала бағанаға қонған құс немесе сымтемір арасынан өтпек болған қоян көрінсе, олар объективке сырт етіп түседі де қалады.

...Қостөбедегі шекарашылар өмірінің тыныс-тіршілігімен танысып болып, одан 30 шақырым жердегі Байынқол заставасына келгенімізде, күн екіндіге таянып қалған кез еді. Кеңсе ғимаратына ене бере бірден сондағы музей мүйісіне бет алдық. Себебі таңертеңгі Нарынқол комендатурасындағы әңгімеде капитан Сапархан Бейсенбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таудағы Байынқол ­шекара заставасына арнайы келіп, ондағы жауынгерлермен кездескенін айтып қалған еді. Біздің ойымыз ­Мемлекет басшысының шекарашылармен жүздесудегі сол ­сапарынан мұнда бір белгі қалмады ма екен деген үміт. Иә, бар екен. ­Фотосурет! Шетіне: «1992 жыл. 8 тамыз» деп жазылған түсірілімде Елбасы офицерлік құрам мен жас сарбаздардың ортасында отыр. Әскери борыштарын сол кездері осында өтеп, егемен еліміздің тұңғыш басшысының ел мен жер, қасиетті Отан туралы сөздерін тыңдаған мына өндірдей жігіттер қазір қайда, нендей жұмыс атқарып жүр екен? Олар өздерінің сол жап-жас қалпында тау арасындағы застава музейінде тарихи сәтке куә жандар ретінде тұрғанын біле ме?

Осындай оймен сыртқа бет алғаны­мызда бір орыс жігітінің қазақша сәлем беріп, дәліз шетіне тұра қалмасы бар ма?! Ішіміз жылып, аты-жөнін сұрауға ыңғай­ланғанымызда: «Қатардағы ­жауынгер ­Вениамин Акентьев. Ақтаудан келген. Әскери міндетін өтеп жүргеніне жарты жыл болып қалды. Үлгілі, ізетті ­сарбаз» деді застава бастығы, аға лейтенант Жандос Сәруаров. Сөйтті де, ол біздің өтінішіміз бойынша мұндағы атпен жүретін шолғыншылар наряды туралы айта бастады. Оларды, яғни салт атты сарбаздарды мана жол бойындағы шекара телімінен көрген едік. Застава бастығының сөзіне қарағанда Байынқол өңіріндегі еліміз шебінің бір бөлігі техника жүре алмайтын таулы-тасты жерлермен өтеді екен. Сондықтан бұған атты жасақ қажет. Осыны зерттеп, талдаған Шығысөңірлік шекара әскерлері қызметі республикамыздың Зайсан, Катонқарағай, Нарынқол, Қарқара аумақтарында атты нарядтың қажет екенін түсініп, оны өздерінің жұмыс жүйесіне енгізген.

– Мініс аттарын қайдан, қалай таңдап аласыздар? Бұлар осы жергілікті тау жылқысының тұқымы ма? – дедім мен қорадағы түр-түсі жұпыны, тұрқы кіші қылқұйрықтарға көз салып тұрып.

– Жоқ. Біздің сарбаздар мініп жүрген аттар Күршімнен әкелінген. Оларды іріктеп, мемлекеттік тапсырыспен сатып алу тек сол бір ғана жерде, Шығыс Қазақстан жақта жүргізіледі.

Жандосқа қойған соңғы сұрағымыз қалтарысы мен бұлтарысы мол осы таулы өңірде кейінгі уақыттары қандай да бір оқыс оқиға, кездейсоқ жайттар ұшырасып қалған жоқ па деген сауал болды. Ол бұған өзінің біз сөз етіп отырған Байынқол заставасына басшылық етуге келгеніне көп болмағанын, содан бері ешқандай шекара тәртібін бұзу фактілері орын алмағанын айтты. Сөйтті де, Нарынқол шекара әскерлері комендатурасы бастығының орынбасары, майор Александр Ахырцовтың 2018 жылы көктемде мұнда қызмет етуге келген жас сарбаздармен танысу кезіндегі саяси сабақта сөз еткен екі жайтты әңгімелеп берді. 2000 жылдардың басы мен ортасында Қытайдан біздің жақтағы тау беткейлерінен дәрілік шөп жинаушылар, Қырғызстаннан Хантәңірі етегіндегі Жарбұлақ алтын кенінің рудаларына қызығушылар тобы бой көрсетіп қалып жүріпті. Бертін келе біздің ­шекара қызметі жұмысының жанданып, жақсы жолға қойылуына байланысты әлгі келімсектер қарасын батырған. Бұл – бір. Екінші жағдай – поляк альпинистері туралы оқиға. 2011 жылғы жазда олар Хантәңірі шыңына шығу үшін соның іргесіндегі Жарбұлақ лагеріне осы Байынқол ­заставасы арқылы өтеді. Бес күннен кейін шекарашыларға: «Олар жоғалып кетті» деген хабар келген. ­Застава дүрк көтеріліп, сай-сайды сүзген бойы Мәрмәр қабырғаға жетеді. Бесеуінің де қоналқаға деп тіккен шатырлары тұр. Ал өздері жоқ. Іздеу жұмыстары ай бойы жүреді. Нәтиже болмайды. Кейін Польшадан келген арнайы топ оны жыл бойы жалғастырып: «Олар мұз жарығына түсіп кетіп, іздерін жауған қар басып қалған» деген тұжырым жасайды.

... Тау. Түн. Айлы аспан. Біз шекараны бойлап, Нарынқолға қарай келе жатырмыз. Аңғардағы асау тау өзенінің алыстан құмыға шыққан үні болмаса, төңірек тып-тыныш. Әрбір 15-20 шақырым жердегі қарауыл мұнаралары, ондағы кірпік қақпай күзетте тұрған жауынгерлердің қол фонарларымен жылт-жылт еткізіп белгі беруін көрген сайын ойыма осы өңірдің аяулы перзенті, поэзия мұзбалағы, ақын Мұқағали Мақатаевтың «Шекарада» атты дастанындағы өлең жолдары орала берді. Ол: «Міне, мен Отанымның шетіндемін. Тыныштық. Өтуде түн, өтуде күн. Қасиетті жерімді қарауылдап, Қайыспай күзетуге бекінгенмін. Мен, міне, Отанымның шетіндемін. Маған жер жоқ, Отан жоқ әрі қарай, Әрі қарай мекен жоқ жаныма жай. Осы жерден шығады күнім менің, Осы жерден атады таңым арай» деген қос шумақ еді.

Құлағымда тентек тау өзенінің гүрілі. Ойымда ақын ағаның ел шеті, Отан шебі туралы жыры. Ал жанарымда, иә, көз алдымда түнгі тыныштыққа ұйыған атамекен келбеті. Осы көрінісінде туған жер бейбіт күнмен тыныстап, бейқұт өмірге бөленіп тұр. Әманда солай болғай!..

 

Алматы облысы

Райымбек ауданы

Нарынқол ауылы

 

 

714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы