• Білім және ғылым
  • 25 Қараша, 2020

«АҚЫЛ АЗБАЙДЫ...»

Бөкенбайұлы Бабыр 1770 жылы дүниеге келіп, 1864 жылы 94 жасында дүниеден озған. Денесі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне жерленгені №21 құлпытаста жазылған. Ол кісіден тараған ұрпақ қазір 150 шаңыраққа жетті. Қазақстанға аты мәшһүр Баубек Бұлқышев, Камал Смайылов, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш, кешегі фин соғысынан бастап Сталиннің тапсырмасымен Берлинді 1942 жылы бомбалаған 15 ұшқыштың бірі Серікбай Асатов та осы Бабыр бидің ұрпағы. Бағаналы Найманның төрт босағасының бірі де осы Бабыр би болған. Ел аузында әулиелігімен есте қалған.

Әкем Абдіхамит, Нарбай мен Тұрлыбек әкелеріміздің айтқандарынан есімде қалғанын келешек ұрпақ біліп жүрсін деген оймен жазып отырмын. Бабамыздың алған жеті әйелінің екеуі Арғын елінен. Біріншісі Сауранбай батырдың ұрпағының қызы, ал екіншісі ең кенже тоқалы Әлпеш анамыз Жанайдар батырдың қызы еді. Жанайдар батыр Кенесарының Ақмешітті шауып, одан кейін 1845 жылдың көктемінде Балқаш пен Шуға қарай көшкенде оған ермей, Қызылжыңғылдың бойында Бабыр жездесімен бірге қалған. Содан Бабыр бидің тілмаштары арқылы патшадан кешірім сұрап хат жолдаған. Екі жылдай бой тасалап жүріп, патшадан кешірім хат келгеннен кейін, 1847 жылдың көктемінде Терісаққанға көшкен. Сол кезде Жанайдар Әлпеш анамызды Бабырға тұрмысқа берген екен. Әлпеш анамыз ол уақытта балиғат жасына толмаған екен. «Ол шалға тұрмысқа шықпаймын» деп қашып моланың ішіне тығылып қалады. Содан оны тауып алып әкесі Жанайдарға әкелгенде, әкесі: «Балам, қолыңды жай батамды берейін: Менің балам болсаң көзіңе жас алма, артыңа бұрылып қарама, шал деме, сенің бағың Бабырда, Алла жар болсын! Әумин» деп батасын берген екен. Содан Әлпеш анамыз төрт ұл туған: Сарықұлжа, Қоңырқұлжа, Құбақұлжа, Аққұлжа. Негізінде, Әлпеш анамыз Жанайдардың інісі Жаңатайдың қызы делінеді. Патша үкіметі Жаңатай Кенесарының сарбазы болғаны үшін соттап жіберген. Жаңатай абақтыда жатып қайтыс болған. Әкелеріміз Жанайдар батыр інісінің жесірін алған дейтін.

...Қызылорда облысы, Сунақата ауылында тұратын Құрмаш Алтаев атамнан естіген әңгіме. Бабыр би мен Торыайғыр дос болыпты. Сол Торыайғыр түрмеге қамалып, шыққаннан кейін ағасы Шоңға өкпелеп Бағаналы Бабырға көшіп келіпті. Екі-үш жылдай бірге көшіп-қонып жүреді. Содан Торыайғыр Бабырға келіп: «Менің саған қояр үш сұрағым бар. Соған ­жауап берші» дейді. Бабыр би шамасы келгенше қоятын сұрақтарына жауап беретінін айтады. Сонда Торыайғыр: «Бірінші сұрағым: Көлдің азғаны қандай болар? Екінші сұрағым: Елдің азғаны қандай болар? Үшінші сұрағым: ақылдың азғаны қандай болар?» деп сұрапты. Сонда Бабыр: «Сен текті Едіге бидің ұрпағы емес пе едің!? Мені сынағалы қойып отырсаң, жарайды, жауабын тыңда» депті.

Айдын көлдің азғаны

Су кетіп шөл болар,

Тулаған балығы кетіп,

Шулаған бақасы қалар.

Қалың нуы кетіп,

Сасыған қоғасы қалар.

Ағайынның азғаны

Еліңде бірлік болмас.

Ақыл айтқан ақсақалын

                          тыңдайтын құлақ болмас,

Еркегі ез, қатын без болар.

Еркегі өсекшіл, қатыны төсекшіл болар.

Ел азса, ешкі сауар

Есекті ат қып мінер.

Жаманы жақсымын деп айқайлайды.

Жақсысы қой деуге оған бата алмайды.

Ал ақылдың азғаны... – деп ұзақ отырып қалыпты. Сонда Торыайғыр: «Айта бер. Сен не айтсаң да өкпелемеймін» депті. Сонда Бабыр: «Ақыл азбайды, ақылды тыңдамаған аздырады. Ол өз ақылынан басқаны естімейді» деген екен.

«Еее, онда мен азған екенмін өзгені тыңда­маған. Рұқсат болса, еліме қайтайын» деп ­То­рыай­ғыр ризашылығын білдіріп, еліне көшкен екен дейді.

Мешін жылы қыс қатты болып, біраз мал қырылып, жаз жайлауда жатқан Бабыр бидің ­ауылына Күшілік Айшуақов деген би бастаған бір топ кісі келеді. Амандық-саулық сұрасып, дәм ішкеннен кейін Күшілік: «Биыл сіздер жақта қыс қатты болып, біраз мал шығыны болған екен. Қырылған мал саны қанша?» ­дегенде ­Бабыр би: «Еее, қыс қатты болды. Шығын да бар, Аллаға шүкір. Қырылғанын айтсам, «О» дерсіз, қалғанын айтсам «Е» дерсіз» деп екі ауыз сөз жауабын беріпті.

Бір жылдары қазақ жеріне көшіп келе жатқан орыс казактарының Егор атты бір казагы Есіл өзенінің бойында үй тігіп, мал сойып Бабыр бидің алдынан шығып: «Маған батаңды бер. Әйелім бала көтермей жүр» дейді. Сонда Бабыр: «Мен Құдай емеспін ғой саған бала беретін. Ертең таң намазын Есілдің осы жағасында оқимын. Сен әйеліңді арғы жағасына алып кел, бірақ жүзі маған қарамасын» депті. Таң намазын оқып болған соң, шапанының етегін желпіп тұрып кете беріпті. Келесі жылы көктемде сол Егор: «Әйелім босанды, ұл туды. Сенің берген ұлың ғой деп, атын Бабыр қойдым» деп той жасап, астына ат мінгізген екен. Сол жер кейін «отделение Бабровка» болған екен деп әкем айтып отыратын.

Қожабай ақын мен Құлтуманың айтысында:

Кешегі Бабыр, Шегір нашар баққан,

Жетімді жинап алып жылап жатқан,

Сақилық бақилықпен бірге келіп,

Үш жүздің кедейлері мұны тапқан, – ­деген жолдарда Бабыр бидің халықтың жетім, мұқтаж адамдарына әрқашан қамқор болғанын сипаттаған.

 

Мұхаметжан МЫРЗАБЕКОВ

Қарағанды облысы

Ұлытау ауданы

1337 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы