• Тұлға
  • 02 Желтоқсан, 2020

ЕУРОПАНЫ ЕРЕУІЛДЕТКЕН ЕР ТӨЛТАЙ

«Соғыс – халықтың күш-қуатын, ерлік-жігерін сынайтын ұлы емтихан» деп еді қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы. Расында да бейбіт жатқан елдің басына төнген қатер Екінші дүниежүзілік соғыс өрті ешкімнің сағын сындырып, жігерін жасыта алмады. Қайта сол кездегі Кеңес Одағы халқының Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімін оятып, жауға бірлесе аттандауға жұмылдыратын ұлы сынақ болды. Фашистік Германияның сұрқия зұлматына қарсы соғыстың алғашқы сәттерінен-ақ қолына қару асынып қан майданға жүз мыңдаған қазақстандық қандастарымыз аттанды. Жерлестеріміз отты жылдардың қатпар-қатпар тарихындағы өмір мен өлімнің тезіне түсіп сыналған сәттерінде қайтпас қайрат, төзімділік танытып, ар-намысты ту етіп ерлік көрсете білді.

Дөңгеленген дүниені астаң-кестең етіп жолындағыны шалғынға түскен орақтай жапырып, жауынгерлерді жер жастандырып, мұз төсенуге мәжбүр еткен сұрапыл соғыс салған жара әлі күнге дейін сыздауын қояр емес. Жаһанды жайлаған сұм соғыстың ойраны алыстаған сайын Отаны үшін отқа түсіп жанын пида еткен ардагерлерімізге деген құрмет арта түспесе, кеміген жоқ. Олардың ерлігіне тағзым ету кейінгі ұрпақтың парызына айналды.
Иә, жан алысып, жан беріскен қан майданда ерен ерліктің жарқын үлгісін көрсете білген ерлер аз емес. Алайда жаумен шайқастағы көптеген батыр ағаларымыздың әлі де ел біле бермейтін іс-қимылдары, жүрек жұтқан даңқты істері баршылық. Біз ата сыйлауда, аруақ сыйлауда, ерлікті паш етуде еш жаңылмайтын халық болғандықтан соғыс ардагерлерінің ұрыс даласындағы ерлігін үнемі айтып отыруға тиіспіз.
Сондай жауынгер-ардагердің бірі Төлтай Шанов дер едім. Бұл кісінің өнегелі өмір жолы өскелең ұрпақ үшін елін, жерін, ұлтын сүюге тәрбиелейтін үлгі болатыны сөзсіз. Төлтай Шанов Ақтөбе топырағының тумасы. Кіндігі 1905 жылы Шалқар ауданының №1 ауылында кесілген. Кедей шаруа отбасында дүниеге келгендіктен белі қатпастан еңбекке араласты. Қажырлы, қайраттылығымен көзге түскен ол 1939 жылы Коммунистік партия қатарына өтеді.
Ат тепкендей есеңгіреткен соғыс­тың 1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, ел қатарлы қару асынып Сталинград майданына түседі. Төлекең тек қана мылтық кезенген жауынгер емес, әдебиетке жақын адам болған. Шабыты келгенде қаламын серік етіп, ақ параққа жыр жолдарын да түсіріп отыратын. Оған қатыгез жаумен кезекті қоян-қолтық ұрысқа дайындық кезінде атамекеніне деген сағыныштан туған жыр жолдары куә.
Біз тілге тиек етіп отырған соғыс ардагері Төлтай Шанов туралы қарулас досы, әскери командирі Бисен Райысов: «Жаумен Отаннан жырақта шайқасқан көпұлтты партизан семьясында Төлтай Шанов өзін бауырмал жолдас, алғыр да білгір саяси қызметкер ретін­де ­танытып, әр жауынгердің жан дүниесіне фашис­термен соғыста әділет­тіктің, азаттық үшін күресушілердің жеңіске жететіндігі туралы сенім­ді ұялата білді» деп жүрек­жарды лебізін білдірген екен.
«Өмір майдан» дейді дана халқы­мыз. Расында да, Төлтай ақсақалдың майдандағы тар жол, тайғақ кешуі көп өмір жолы да сан қилы. Өзгеше тағдыр десе де болады. Сталинград майданында жүріп жаумен бірнеше мәрте бетпе-бет айқасқа түседі. Рухы мықты, қайсар жігіт талай дұшпанның белін сындырып, бетін қайтарып жүреді. Бірде Дон өзені бойындағы кескілескен шайқаста оққа ұшып, ауыр жарақат алып тұтқынға түседі. Тұтқында жүрсе де астыртын жұмыс жүргізіп, жаудың темір тор қамалын бұзып қашып шығып, итальяндықтардың «Фри-Юли» партизан қозғалысына қосылады. Партизан ұйымында жүріп неміс лагеріндегі тұтқындарды босатуға күш салып бірнеше ұлт тілінде жазылған үндеулерді астыртын таратуға кіріседі. Қайтпас қайсарлығы мен жанкештілігінің арқасында күн өткен сайын неміс бұғауынан 25 ұлт өкілінен құралған 250 шақты адамды алып шығады.
Неміс әскерінің майдан шебінде астыртын жұмыс жүргізген партизан Төлтай Шановқа ызаланып, тісін қайраған неміс басшылығы оның басы үшін 30 мың марка ақша тігеді. Басынан бақайшағына дейін қаруланған жау әскері Словения аймағының әр бұтасын қалдырмастан сүзіп шығып 300-ге жуық партизанды тірідей өртеген. Сөйтіп, небәрі жиырманың жотасындағы қазақ жігіті Еуропада жүріп дұшпанның құтын қашырып қана қоймай, Адриатика теңізінің жағасында Альпі тауының жотасындағы Югославия жерінде алғаш ұйымдастырылған партизан қозғалысына басшылық жасайды. Жалпы, ресми деректерге сүйенсек, Еуропа елдерінде партизан ұйымының құрамында қырық мыңнан астам кеңес әскерінің жауынгері мен офицері болған деседі. Ендеше, соның бірі біздің қазақстандық Төлтай Шанов еді. Төкең ақсақал Анатолий Шанов деген жасырын атпен партизан қатарына қарапайым жауынгер болып кіріп, ­батальон командиріне дейін көтерілген.
«Күшті майдан ерді өсіреді» ­деген тәмсіл бекер айтылмаса керек. Төлтай Шанов 1944 жылы Конал, ­Шеверелия елді мекенін азат ету, Скондия Идрия бекінісін алу жолындағы жойқын шайқастарға қатысты. Немістің ең мықты күші шоғырланған, берік бекінісі болған аймақты бағындырып, жаудан тазартты. Бірнеше мәрте ауыр жарақат та алды. Төлтайдың Еуропа жерінде әскердегі ерлігі, тапқырлығы, ұрыс ұйымдастыра білу тәсілі еленіп Югославия Халық Азаттық армиясы қолбасшысы Иосиф Броз Тито армиясының поручик әскери шенін иемденіп, соғыста қайсарлық ­та­нытқаны және әскерді ұтымды бас­қарып, шығынға жол бермегені үшін 1945 жылдың 19 қаңтарында Төлтай ­Шанов «Қаһармандығы үшін» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Қазақ жігітінің ерлігі туралы 1944 жылы «Борьба» газетінде үлкен мақала жарыққа шығып, барша Еуропа жұртшылығын тәнті еткізген оқиға болды.
«Қар жамылған кең дала қанға бөгіп, Гүрілдейді сұр аспан өлім төгіп, Жас қазақ мұрттай ұшты уралап» деп майдангер жазушы Ғабиден Мұстафин жырлағандай, қаншама жас ұрпақтың өмірін қиып, қаншама шаңырақты ортасына түсірген Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Төлтай жеңіспен елге оралды. Арада қаншама жылдар өтсе де оның Еуропа топырағында көрсеткен ерлігін Югославия халқы әсте ұмытқан емес. Кеңестік партизан әскерлерінің қаһармандығын паш еткен. Оған айғақ, 1970 жылы Югославия Халық Азаттық армиясы 18-екпінді бригадасының командирі Возовышконың ­«Бригада» атты мемуарлық еңбегі жарыққа шықты. Осы туындыда Төлтай Шанов қатысқан партизан отрядының Адольф ­Гитлер атындағы неміс танк дивизиясы мен Вермахтының төрт дивизиясын талқандауға қатысқаны жайлы егжей-тегжейлі баяндалады. Тағы бір айта кететін жайт, 1985 жылы Югославия елшілігі Төлтай Шановтың кеудесіне «BAZOVISKE» ерлік медалін қадап, батыр ұлдың тұғырын биіктете түсті. Медальдің сыртында «30-дивизия,18-бригада, 9-корпус екпінді орыс ­батальоны комиссарына» делінген естелік жазу бар.
Жалпы Югославия Халық Азаттық армиясының қолбасшысы Броз Титоның қазақ ұлтына деген мейірімі, ықыласы ерекше болған деседі. Тағдыр талайымен ХХ ғасырдың ­басында Сібірде соғысып жүрген Броз Тито тұтқынға түсіп қалады. Тұтқында жүргенде қазақтардың аялы алақанын, жылы жүрегін сезінеді. Әбден қажып, қалжыраған тұтқын Броз Титоны қазақтың Иса атты асыл азаматы қымыз, саумал, қазы-қарта беріп әл жинатып, денсаулығын нығайтып, қатарға қосады. Қазақ отбасында болып, қазақы тәрбие көріп, қазақ тілін үйренеді. Тепсе темір үзетін әрі өте білімді жігіт Броз Тито қазаққа өкіл бала бола жүріп, техникадан білімі барлығын білдіріп өз қолымен өкіл әкесінің диірменін жөндеп береді. Әбден сауығып, майданға аттанар кезде қазақ өкіл әкесі «Қайда жүрсең де қазақ ұлтына көз қырыңды сала жүр» деп аманат еткен көрінеді. Адал ұл аманатты мүлтіксіз орындап, сертінде тұрды. Соғыс кезінде қаншама қазақ жігіттеріне қол ұшын созды.
Бірде Моңғол Халық Республи­касының бас хатшысы, маршал ­Южмагийн Цеденбалмен кездесіп емен-жарқын әңгімелесіп отырып, қазақша ән айтайықшы депті. Содан қазақтың өлеңдерін құйқылжыта орындап, ­Цеденбалды таңғалдырған деседі. Міне, осыдан-ақ Броз Титоның қазақ десе ерекше сүйіспеншілігін аңғарамыз.
Соғыс аяқталған соң да Броз Титоның өзі бас болып майдандас ­достарын, соның ішінде Төлтай ­Шановтан Мәскеуге де, Югославияға да қонақ болып қайтуын өтініп, бірнеше мәрте шақырғаны бар. Бірақ соғыстан кейін Сталин мен Броз Титоның арасында салқындық орын алды. Өйткені Сталиннің «Тұтқынға түскен адам жоқ, оның бәрі сатқындар» деген қатал үкімі үнемі «үш әріптің» қатаң бақылауында болды.
Бейбіт өмірде Төлтай ағамыз қол қусырып қарап қалған жоқ. «Ұстаздық еткен жалықпас» деп, туған ауылы Жылтырға көшіп келіп, көп жылдар бойы бала тәрбиелеп, дәріс берді. Бірнеше шәкіртті білім нәрімен сусындатып үлкен өмірге қанаттандырды. Қазіргі таңда Жылтыр ауылындағы орта мектеп Төлтай Шанов есімімен аталады. Сонымен қатар Төлтай Шанов атындағы кабинет ашылып, батырдың мүсін ескерткіші де қойылған. Сөйтіп, болашақ музейдің негізі қаланды.
Бір өкініштісі, қан майданда талай жаудың белін сындырып, меселін қайтарған батыр ұлдың елінде жүріп тауы шағылған кездері де аз болған жоқ. Қызыл империяның қаһарына мініп тұрған кезі. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлері Төлтайды «тұтқында болғансың» деп ізіне шам алып түсіп, қара күйе жаққысы келді. Күні-түні жауапқа тартып, тыныштық та бермеді. Ақыр соңында кінәрат таппаған соң, «Атаң – болыс, әкең – бай болған» деген дақпырт жала жабуға көшті. Жаныңнан табылатын жақындарды, басыңа қиындық түскен кезде іздеп таппай қалатының өмірде кездесетін жайт қой. Мына жағдайдан кейін туған-туыс, жора-жолдастары да іргесін аулақ сала бастады. Соғыстың зардабы мен тақсыретін тартып, жауыңа қарсы шауып, бораған оқтың арасында өмір мен өлім күресін көрген туған жерінде осындай күйге ұшыраймын деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Бірақ «аққа Құдай жақ» болатыны бар ғой. Сатқындықтың бір мысқалын да таба алмаған комитетшілер ақыр соңында Төлтайды ақтап шығады.
Иә, қан майданда ажалмен сан мәрте бетпе-бет кездесіп жүрсе де ажалы жоқтар аман-есен еліне оралады. Адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген қырғын соғыстың аяқталғанына да биыл 75 жыл толды. Тарих шежіресінде сол бір сұрапыл жылдардың жылнамасында талай-талай қазақ жауынгерлерінің ерлік өнегесі көмескіленіп жатыр десеңізші. Біз де «Ел ерлерін білуі керек» деген ұстаныммен тарих бетін қопарып қазақтың батыр ұлы Төлтай Шанов ­туралы қысқаша әңгімелеуді жөн санадық. Сұрапыл соғыстың сынынан сүрінбей өткен жауынгердің өшпес ерлігін кейінгі ұрпақ үлгі тұтсын деген ізгі ниетіміз бар.
Қазақта «Асыл – асылға, нәсіл – нәсілге тартады» деген сөз бар. Одан қалды «Жақсы ағаның жолын кеспе, жолын қу» демей ме. Жалпы Шановтар отбасы тектілер, батырлар әулеті десе де жарасады. Олай деп сөз кестелеуіміздің де өзіндік сыры бар. Өйткені Төлтайдың бауыры Бақи Шанов та ел сыйлаған азамат болды. Кешегі, күндей күркіреген соғыстың бел ортасында жүрді. Соғыстан аман-есен оралып, Ақтөбе мұғалімдер институтын тамамдап ұстаздықпен айналысты. Қазақстан Компартиясы Ақтөбе облыстық комитетінің мүшесі, еңбекшілер депутаттары облыстық советінің депутаты да болды. Басқа да беделді ұйымдарда белсенді қызмет атқарды. Ал Төлтай Шановтың кіндігінен өрбіген Майра Төлтайқызы да тектінің тұяғы. Осы өңірдің аға буын өкілдері көңілі толып, бас қоса қалған сәтте әкесі Төлтай Шанов туралы сырлы әңгіменің тиегін ағытады. Ол келбетті де сымбатты азамат болғанын, фашистік Германиямен болған соғыста ерен ерлік көрсеткенін, Югославиядағы ерлігінің «өтемі» ретінде маршал Иосиф Броз Тито «Ерлігі үшін» медалін және «Қаһармандығы үшін» орденін, Батальонға 3-дәрежедегі «Партизан жұлдызы» орденін тапсырып ризашылығын білдіргенін жиі құлаққағыс етіп отырады.
«Жақсы адам – жан азығы» деген ­қа­зақпыз ғой. Осы Майра Төлтайқызына менің көңілім ерекше толды. Дана халқымыз:
«Әйелің жақсы болса,
Бірінші – жүрегіңдегі иманың,
Екінші – еңбегіңмен жиғаның,
Үшінші – ырысыңның тұрағы» деп дәл тауып айтқан ғой. Жары Мұхамбетпанамен бірге балаларын аяқтандырып, отаулары көбейіп, елдің белгілі шаңырағына айналды.
Халқымыз тарихында бүкіл ұлтқа үлгі болар, ата-бабасынан тектілік үзілмеген әулеттер болған. Сол әулеттер дүниеге біртуар батырларды, даналарды, ел бастаған серкелерді әкелген. Біз тілге тиек еткен кейіпкерлер де сондай шаңырақтың бірі. Әңгімеміздің арқауына айналған батыр ұл, Отаны үшін отқа түскен қазақтың асыл перзенті Төлтай Шановтың өнегелі ерлік жолы кейінгі ұрпаққа таңда туған Шолпан жұлдыздай сәуле шашсын дейміз. Екінші дүниежүзілік соғыста майдан ортасына түскен жаужүрек жауынгерлер тағдыры жайлы әлі талай естеліктер, дастандар жазылатыны анық. Біз соның бірін ғана қаламмен тербеп, қағазға түсіріп, оқырманға тарту еттік.
Биыл айтулы білім ордасына жүз жыл әрі көзі тірі болса келер жылы өзі де жүз жасқа толар еді. Қазіргі таңда осындай тарихи датаны мерекелеу мақсатында дайындық жұмыстары басталып та кетті. Сонымен қатар Төлтайдың шәкірті ғалым, көрнекті жазушы, халықаралық деңгейдегі жұмыстардың басында жүрген Серікқали Бәйменшиннің мектепте дәрісханасы ашылып, бұл ізгілікті шара аудан көлемінде аталып өтті.

Өмірзақ Озғанбаев,
профессор, тарих
ғылымының докторы

1045 рет

көрсетілді

65

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы