• Руханият
  • 02 Желтоқсан, 2020

АҚЫЛ, ҚАЙРАТ, ЖҮРЕКТІ ТЕҢ ҰСТАҒАН

Биылғы Абай жылында руханият жағынан көптеген шаралардың көбесі сөгілді. Әсіресе ұлы ақынның «Менің ­сырым жігіттер, емес оңай» деп өзі айтқандай, ішкі сырын алдырмайтын, сырттай сипай қамшылап келген «толық адам» тұжырымы мейлінше талданып жатыр. Республикадағы барлық басылым беттерінде жарыса жазылды десем, жаңылғаным емес шығар. Әрине, бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басындағы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты кешенді мақаласының қозғау салғаны дау тудырмайды. «Ақыл, қайрат, жүректі» бірдей ұстау кез келген жұмыр басты пенденің пешенесіне жазылмайтын қасиет. Арғы тамырында Құран аяттарымен құнарлана түсетіні тағы бар.

Ал осы «толық адам» тұжырымына лайық азаматтар ортамыздан табыла ма деген ой иектейді кейде мені. «Жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрте салу оңай. Алайда барымызды бағалап, сана сәулесімен саралай келе, алысқа ат айдамай-ақ өз замандастарымның қатарынан іздей бастадым.

Еркін елдің ертеңі үшін еңбек етіп, жас буынның желкені болып жүрген жігіттердің есімдерін тізімдегенімде, бел ортасында – Айбар Қабыкенұлы Қадыров тұр екен. Енді тарқата ­айтып көрейік.

Асық атып, доп қуып өскен ауылдың қарадомалақ балаларының бірі. Ауыл дегенде, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданына қарасты Саржал топырағының тумасы. Арғы аталары тарихтан мәлім Доғал бидің тұқымы. Ел ішінде аңыз бен ертегідей айтылатын, астарында ақиқаты бар әңгімелер әлі күнге дейін жалғасып келеді. Төгілсе тілдің шешені, көсілсе ойдың көсемі небір айтулы азаматтар шыққан құнарлы өңір.

Қазіргідей сауда салтанат құрған заманда үйір-үйір жылқысымен, саба-саба сары қымызын сапырып, қала базарларын қарық қылып отырған да осы – Саржал. Тектілік тегін жатпайды. Әр дәуірде өз айнасын жарқырата түседі екен. Осындай қайнардан қанып ішкен Айбардың әдебиетшілікті қалауы заңды сияқты көрінеді.

Бүгінгі таңда декан болып, тізгінін ұстап отырған Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің арғы атасы Пединституттың филология факультетін тамамдаған. Қатардағы мұғалім болып жүрген жерінен қайраты мен қабілетін таныған басшылар Абай аудандық Комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне тағайындайды. Бұл дегеніңіз нағыз қайнап тұрған орта. Бір ауданның жастарының басын қосып, бір мүддеге қызмет еткізу оңай шаруа емес. Кеңесті қанша ғайбаттасақ та тәртібі мен тәрбиесі «керемет» еді ғой. Міне, ол осы жауапты қызметте ысылды. Ойы – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекке қарай ойысты. Шындыққа жүгінсек, ел басқарып жүрген азаматтардың тең жартысы осы комсомолдың шекпенінен шыққаны жасырын емес. Өткенді көксемей-ақ қоялық. Бірақ от пен суға салып, құрышты қалай шынықтырғанын ұмытпағанымыз абзал-ақ. Шетелдің табақтай дипломын қалтаға басып келіп, лауазымды қызметке қонжия қалмайтын ол заманның жас­тары. Қой да бақты, қора да тазалады, қордаға да көмілді. Өмірдің ыстық-суығын өз бастарынан өткізіп барып өсті. Сондықтан ондай жандарға құрметпен қарап, түсіністікпен қабылдайтын қасиет сіңді бойларына.

Шанда бір ағылып-төгіліп айтылар әңгіме үстінде Айбарға аяқ астынан «Ғылым жолына түсуіңе не түрткі болды?» деген сауал тастаған едім. «Сен де Қожанасырдың сұрағын қояды екенсің. Комсомол тарап, қызметсіз қалдым. Күн көру керек емес пе» деп қарқылдай күлгені бар.

Бұл, әрине, әзілге сүйеген бер жағы. Арғы жағында ұлы Абай «Ғылым – Алланың бір ­сипаты» деп ерекше бағалаған ең ауыр жол жатыр. Шыңырау, түбіне жеткізбейтін тұңғиық. Алғыр азамат үшін үш жыл аспирантурадағы ізденіске толы кезең – ілгерілеуіне жол ашты. Профессор Арап Еспенбетовтың жетекшілігімен 1999 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Халқымыз жиі қолданатын үйірімен үш тоғыз деуге тұрарлық қуаныш. Ұстаздың да алғашқы кандидаты, шәкірттің де «тар асу, кер белесті» бағындырған құтты қадамы. Олай дейтінім, тақырыбы – «Ш.Әбеновтің әдеби мұрасы».

Тұңғыш Елбасыға бата берген, Қазақстандағы эпик ақындардың соңғы тұяғы, жарықтық Ш.Әбеновтің де тағдыр жолы тақтайдай тегіс болмаған. Шақпа тілімен, шапшаң ойымен ­талайды шаң қаптырған тарлан еді. Бір ғана мысал; қуғын-сүргін көріп жүрген жылдарында есімі елге мәшһүр қызыл шенеунікпен тәжікелесе келе ­амалы таусылып, «Миың көп қой, дүниедегі ең ауыр, ең ұзақ жол не?» деп сауал тастапты. Әлгі дәгбір айды айтыпты, күнді айтыпты, жерді айтыпты, белді айтыпты. Ақыры таба алмаған соң ақынның өзінен сұрағанда, «Ақымақ пен ақылдының арасындағы жол ғой» деп есігін тарс жауып, шығып кетіпті. Мұндай мінез қай адамға ұнай қалсын. Соңына шам алып түскен сияқты. Ақыры абақтыдан бір-ақ шығады. «Ақынның темір торда отырып, жүріс-тұрысы ғана емес, ақыл-ойы да тежелген сәтте толғаған «Мысалдар» атты топтама жырларында саяси тоқырау торындағы туған халқының басынан кешкен қасіреті, зар-мұңы көрініп, рухани бостандықты күткен қазақ елінің хал-күйі айқын сезіледі» деп баға береді ғалым ғұмырбаян деректерінде.

Амал қанша, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты көне дастанның ең көркем нұсқасын жазған ақынның жапа шегуі – заман зауалы. Осы поэмадағы:

«Себеп туса, себептен бар болмақшы,

Жырғалаң, зобалаңға себеп басшы.

Себеппенен ұшқыннан өрт туады,

Себеппенен балқытар қара тасты.

Себеппенен бөлінер рулы аймақ,

Себепсіз талант сыртқа шықпас жайнап.

Себеппенен батырдың туы құлап,

Себеппен бақыт қонып, бақыт таймақ...».

Мұндай философиялық шендестірулер «Таңшебер – Жапал», «Кейпін батыр», «Ортақ арал», «Тоқтамыс» дастандарында молынан ұшырасады. Ал шығыстық дәстүрде нәзира үлгісімен жазылған әңгімелері өз алдына бір жосын дүниелер. Осының бәрін екі тізгін, бір шылбырды тең ұстап, ғылыми айналымға енгізді. Бір кездегі халық жауын жазған соң небір ­жабулы есіктерді қағуына тура келді. Талай тауы да шағылды. Қайтпайтын табан­дылығының арқасында жасырын құжат­тарға қол жеткізді. Бұл да аз олжа емес.

Жақында ғана «Абай әлемі» сериясымен кейіпкерімнің құрастыруында Шәкір ақынның қомақты қос томдығы жарық көрді. Полиграфиялық жағынан әсем безендірілген еңбектің іші де, сырты да көз тартады. Яғни әу бастағы адалдығынан әлі күнге жаңылған жоқ.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті қаладағы ең үлкен рухани орталық. Киелі топырақта туған Абай, Шәкәрім, Мұхтардай данышпандардың мерейтойлары алдымен айтулы білім ордасында аталып өтуі дәстүрге айналған. Бірінен кейін бірі жалғасып кете беретін ғылыми конференциялар жаза салғанға ­жеңіл-ақ. Республиканың түкпір-түкпірінен арнайы ғалымдар шақырылады. Толғақты мәселелер бір арнаға тоғысады. Мұндай жауапты жұмыстың ұтымды ұйымдастырылып, ойдағыдай өтуі, соңынан ғылыми еңбектердің жарық көруі ең бірінші филология факультетінің иығына түсетін салмақ. Бұл сындардан да декан, доцент, профессор ретінде Айбар Қабыкенұлының қылау салмай шығып келе жатқанына көзіміз куә.

Қазір бұл факультетте тек Шығыс өңірі ғана емес, еліміздің барлық облысынан әдебиетші болсам деген талапкерлер білім алуда. Тіпті шетте жүрген қандастарымыз Қытай, Түркия, Моңғолиядан Абай тілін, Мұхтар тілін меңгерсек деген ниетпен оқып жатқан шәкірттер көңілге қуаныш ұялатады.

Тағы бір айта кететін табыс, университет «Атамекен» ұлттық рейтингі бойынша биылғы жылы Қазақстандағы 45 жоғарғы оқу орындары ішінен тіл мен әдебиетті тереңдетіп оқытып, бітірушілердің қызметке орналасуымен қоса ғылыми әлеуеті жөнінен бірінші орынға шықты.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Айбар Қадыров ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізіп отыратын «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын жеңіп алды. Мақаланы жазу барысында ғылыми жетекшісі Арап Сіләмұлымен хабарласып, ұстаз-ағаның пікірін сол қалпы ұсынғанды жөн көрдім.

«Алдымен, шәкіртімнің тапсырылған істі тиянақты орындауға тырысатын қағылездігін құптаймын.

Екінші, сын-ескертпелеріме сынып қалмайтын, қорытынды шығара алатын ішкі қайратының молдығын байқадым.

Үшінші, ертелі-кеш сарыла отырып, салыс­тыра жазатын жауапкершілігін айтар едім. Бұл ғалым үшін ең қажетті қасиет.

Иә, адамның көркем мінезді болмағы – жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан екендігін де жеріне жеткізе айтқан Абай емес пе!».

Күнделікті тірлікте сабасынан аспайтын салмақты, «мен осындай едім» деп кеуделене кетпейтін кеңпейіл азамат ұлы ақын қойған талаптар үдесінен шығып келеді. Ауқым, айналасындағы абырой-беделі бір басына жетерлік.

 Мұратбек ОСПАНОВ,

республикалық «Абай»

журналының  бас редакторы

2231 рет

көрсетілді

55

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы