• Руханият
  • 09 Желтоқсан, 2020

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАДІРІ: ЛЕБІЗ

Аягүл Миразова,
Қазақстанның Еңбек Ері:

Бағалай білгенге бақ, қуана білгенге құт қонады

Тәуелсіздігімізге жиырма тоғыз жыл толып отыр, отыз жылға аяқ баспақ. Осы уақыт аралығында оның жемісін, жеңісін, дәмін татпадық деп айтатын кісі жоқ шығар. Өйткені тәуелсіздік алу ата-бабамыздың ғасырлап армандаған мақсаты еді. Тәуелсіз деген сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр! Қазір ешкімнің нұсқауынсыз қай жерден білім аламын, қайда қызмет істеймін десе де өз еркің. Тәуелсіздіктің арқасында тәуелсіз ұрпақ өсіп келеді.  

Кеңес өкіметі кезінде де өмір сүрдік. Ол кездің өз талабы, өз тәуелділігі, өз тәртібі болды. Мен ол уақытты жамандайын деп тұрған жоқпын. Десе де, екі кезеңдегі айырмашылық жер мен көктей.

Еліміз тәуелсіздікке, еркіндікке жол жеткізгелі бері талай іс тындырылды. Әлемдік инновациялық-технологиялық деңгейге көтерілдік. Өзге жұрттармен тереземіз теңесіп келеді. Мемлекетіміз берік қалыптасуда. Біздің еліміздің бейбіт күнді сақтау үлгісі басқаларға үлгі болуда. Елбасының Жолдаулары мен берген тапсырмалары бүгінгі күні сабақтастығын сақтап, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ары қарай жалғастырып отыр. Президент соңғы Жолдауында ұлттық болмысымызды қалыптастыруды басты назарында ұстап, оған барынша күш салуымыз қажет екенін тілге тиек етті. Шын мәнінде, онда айтылған әр тапсырманы әрқайсысымыз жүрегімізбен се­зі­ніп, алға қойылған мақсат-міндеттерді бар күш-жігерімізбен іске асырсақ өз жемісін берері анық.

«Адамның денсаулығы – басты құн­ды­­лы­ғымыз» екені Ата Заңымызда айтыл­ған. Әлемді дүр сілкін­дірген індет кезінде біздің ел де барынша қамданып, қол­дан келгеннің бәрін жасады. Бұл бір мемле­кеттің басшысының ғана міндеті емес, бәріміздің ортақ міндетіміз. Заңға бағыну, айтқан талапты орындау, елімізді сақтау, тәуелсіздігімізді мәңгілік ету – әрбір ­Қазақ­стан азаматының тікелей міндеті. Осыны естен шығармасақ екен.

Ұзақ жыл білім саласында қызмет істеген­діктен, білім саласының жай-жап­сарын айта кетейін. Бізде қиын кездің өзінде қаржы жағынан білімге деген тар­шылық болған жоқ. Ал бүгінгі күні білім ордаларына одан да көбірек көңіл бөлініп, жаңа технологияларды енгізуге, мектептің материалдық-техникалық базасын кө­теруге, талапқа сай жаңа мектеп салуға бар мүмкіндік беріліп жатыр. Мұғалімнің беделін, мәртебесін көтеретін заң қабыл­данды. Әрине, әлеуметтік жағдайда бұл өте үлкен әсер ететіні айқын. Соған байланысты еңбекақы да қарастырылды. Мұғалімнің білімін көтеруге, қосымша білім алуына жағдай жасалуда. Бұрын біз кейбір мамандықты біле бермеуші едік. Қазір жастар өте білімді, тапқыр. Іскерлік саласын мықты меңгерген. Өзінің мақсатына жетуде, айналысқан ісінің үдесінен шығуда бойындағы күш-жігерін аямайды. Қарап отырып, қуанасың, сүйсінесің.

Әрине, бес-алты ауыз сөзбен шыққан биігімізді, Елбасының, қазіргі Президенттің ерен еңбегінің бәрін айтып жеткізу, мем­лекеттің қол жеткізген табыстарын айтып, оны тізбектеп отыру мүмкін емес. Көрген-білген адам тәуелсіздіктің жемісін айтудан жалықпайды. Құдайға шүкір, жақсылық көп. Қазақта ай ортақ, күн ортақ дейді. Сол сияқты жақсылық та бәрімізге, Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлтқа, оның ішінде өзіміздің қазағымызға да ортақ дүние. «Бағалай білгенге бақ, қуана білгенге құт қонады». Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін бағалап, жақсылыққа, игі істе­рімізге қуана білейік. Осы құтымыз да, ба­ғымыз да басымыздан кетпесін деп тілеймін.

Қазіргі болып жатқан жағдай біздің елімізде ғана емес, менмін деген елдердің өзінің экономикасын теңселтіп тұр. Алладан осы індеттен аман-есен өтіп, халқымыз өзінің берекесін сақтап, еңбегінің жемісін көріп, айдай таза, күндей нұрлы арманына қанат берсе екен деп тілеймін. 

Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Елімізге көп жақсылық әкелсін! 2020 жылдың қиындығы осы жылда қалып, 2021 жыл берекелі, мерекелі, елімізге қай жағынан, қай саласынан болсын, өзінің бір үлкен жетістігін әкелетін жыл болсын!

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

Мерекеге мән берейік

«Тәуелсіздіктің қадірін біле алып жүрміз бе?» ­деген сұрақ туындағанда, ең алдымен, басқа елдермен салыстырғандағы жағдайымыз көз алдымызға келеді. Өкінішке қарай, сезініп жүрміз деп айта алмаймын. Бұл мәселемен көпшілік келісетін шығар. Тәуелсіздік күнін қалай сезініп, қалай мән беріп, қалай атқарып жатқанымыз маңызды.
Қалай атап өтеміз дегенде, ең алдымен, мемле­кеттік көзқарас, ерік-жігер қалыптастыру мәселелері алға шығады. Осы тұрғыдан алғанда, бізде көбіне формалды аталып өтіледі.
Әдетте Тәуелсіздік күні жаңа жылдың тасасында қалып қояды. Бұл жайында көптен бері айтылып келе жатыр. Бірақ, менің ойымша, әлі де сол формалдылық деңгейінен шыға алмай отыр. Мысалы, Алматыда орталық алаңда Тәуелсіздік ескерткішіне гүл шоғын қойғандағы адамдардың санына қарап байқауға болады, шартты түрде бірен-саран адам келеді. Нағыз қоғамға қажетті адамдарды алаңнан көре бермейіз. Әрине, көңіл көншітпейтін жағдай.
Менің ойымша, кеш те болса, осы мәселелерді қолға алу керек. Себебі Тәуелсіздік күні өткенге бір құрмет көрсету күні ғана емес, белгілі бір дәрежеде мемлекет қалыптастырушы маңызы басым айтулы күн. Неғұрлым реалистік тарихи-саяси шешімдер қабылдап, өзіне қажетті мән берілетін болса, соғұрлым сол мемлекеттік іштей тұтастығы, ынтымағы күшейе түседі.

Айсұлу Молдабекова,
Экономика институтының ғылыми қызметкері, әлеуметтанушы:

Мақсатымыз – мәңгілік ел мұратын жалғастыру

– Ашығын айтқанда, Тәуелсіздік алған 1991 жылмен салыстырғанда бүгінде жетістіктеріміз көп. Нақты әлеуметтанушы ретінде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы едәуір өскен. Мұны мен бірнеше факторларға сүйеніп айта аламын. Ең алдымен, халықтың демографиялық жағдайы 1991 жылы 16 миллион болып, оның 60 пайызы өзге ұлт өкілі болса, бүгінде 19 миллионға жетіп, 70 пайыздан астамын мемлекет құраушы ұлт, яғни қазақ иеленіп отыр. Демографиямыздың көтерілуіне шет елден қандастарымыздың келуі бір әсер етсе, екіншіден, бала туу көрсеткіші де өсті. Үшіншіден, халқымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы ол уақытта 67 жас болса, бүгінде ол 73 жасқа жетіп, едәуір артты. Әлеуметтік көрсеткішті анықтайтын және бір фактор ана мен бала өлімінің деңгейі екені анық. Бұл тұрғыда 1991 жылы мың балаға шаққанда жылына 25 бала, 76 ана өлімі тіркелсе, бүгінде азайып, 8 бала, 13 ана өліміне төмендеп, ана мен бала өмірін сақтау ұлғайды.
Халықтың кірісі, табысы, жұмыспен қамтылуы жақсарып, еліміз әлеуметтік-саясат жүргізудің өзіндік моделін қалыптастырды. Мәселен, 2010-2012 жылдардан бері белсенді әлеуметтік саясат жүргізді. Оның мәнісі халыққа әлеуметтік көмек беріп қана қоймай, тұрғындардың әлсіз әлеуметтік топтарын қосымша оқытып, біліктілігін арттыратын жобаларды жүзеге асырды. Оның нақты бір дәлелі – «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша жұмыссыз адамдарды қоғамда сұранысы бар мамандыққа оқытып, жұмыспен қамтыды. 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы бірнеше кезең бойынша жүргізіліп, бүгінде бұл бағытта да көптеген жұмыс атқарылды. Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент секілді үлкен мегополистер маңындағы ауылдарға электр желілері тартылып, жол салынып, емхана, балабақша, мектеп пайдалануға берілді. Газдандыру жүйесі жүргізіліп, көгілдір отынмен де қамтылуда. Бұл өз кезегінде ауаның жақсаруына да ықпал ететін фактор. Қорыта айтқанда, тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табысымыз толайым. Көрсеткіштерді өзге де салаларда дамытып, мәңгілік ел мұратын жалғастыра беруіміз қажет.

3621 рет

көрсетілді

236

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы