• Мәдениет
  • 06 Қаңтар, 2021

«Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі»

Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» байқауы өз мәресіне жетті. Тіл сарайында сыннан сүрінбей өткен кітапқұмар жеңімпаздар марапатталды. Салтанатты шараны Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Болат Керімбек ашты.

Басқарма басшысы: «Кітап – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзін айта келе, байқау қорытындысына қысқаша тоқталды. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, байқауға жалпы саны 341 үміткер өтінім білдірсе, ережеге сәйкес іріктеу кезеңіне қатысқандар саны – 245 болды. Оның ішінде оқушылар – 125, студенттер мен жастар – 43, ересек тұрғындар – 77. Байқаудың ең жас қатысушысы 14 жастағы мектеп оқушысы болса, ересек қатысушылар арасында 65 жастағы зейнеткерлер де төбе көрсетті.

Онлайн режимінде өткен кітапқұ­мар­лар додасында белсенділік танытқан Талдықорған қаласы (47 адам), Іле (45 адам), Балқаш (32 адам), Талғар (25 адам), Алакөл (24 адам), Еңбекшіқазақ аудандарын (21 адам) ерекше атап өтуге болады.

Байқау үміткерлері екі кезең бойынша іріктеуден өтті.

Бірінші кезеңде 9-11 сынып оқушы­лары Абайдың қара сөздері мен Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» шығармасын оқыса, студенттер мен ересектер әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат» және тізімде көрсетілген көркем әдеби шығармадан бір кітап, мотивациялық бір кітап оқыды. Байқаудың тағы бір ерекшелігі – қазақ және орыс тілдерінде жазылған кітап тізімі бойынша қатысушыға өзіне ыңғайлы тілді таңдау еркіндігі берілді. Яғни қатысушы өзі оқыған кітабының қысқаша мазмұнын өзі таңдаған тілде жаза алады.

Екінші кезеңде берілген кітапты толық оқып, қазылар алқасының ұпай санына сәйкес іріктеуден өткен қатысушылар оқыған шығармалары бойынша онлайн тестілеу тапсырды.

Қазылар алқасының және тест тап­сыр­масының нәтижесіне сәйкес іріктелген байқау жеңімпаздары: Ересектер арасында I орын Мөлдір Стаханова, Бақыт ­Мамбетова (Талдықорған қаласы), II орын Аида Маметканова, Гүлзира Ахметова (Талдықорған қаласы), Сәуле Бурунгазова, Балшекер Пірназарова (Қарсай ауданы), III орын Мүлік Дәулеткерей, Құрметбек Сансызбай, Айгүл Малдықұлова, Марал Ерболатова.

Студенттер мен жастар арасында I орынға ие болған жеңімпаз Райымбек ауданының тұрғыны Гүлдана Рамазан мен талдықорғандық Арайлым Мылтықбаева. Ал жүлделі II орынды Ақерке Жиенқұлова (Талдықорған қаласы), Айдана Әбдіманап (Қарасай ауданы), Төрехан Ермахан (Талдықорған), Жанна Сүлейменова (Алакөл ауданы) иеленді. III орынға Әмина Сансызбай (Сарқан ауданы), Сымбат Бейбітова (Іле ауданы), Ирада Ягмурова (Талғар), Гүлбақыт Қанатова (Жамбыл) ие болды.

Оқушылар арасында I орынды Талдықорған қаласы «Білім-инновация» мектеп лицейінің 10 сынып оқушысы Еркебұлан Советов пен талдықорғандық оқушы Аружан Саятова иеленді.

II орынды Еңбекшіқазақ ауданы Қызылшарық ауылы М.Әуезов атындағы мектептің 9 сынып оқушысы Шұғыла Бектұрсын, Алакөл ауданы Тоқжайлау орта мектебінің 10 сынып оқушысы Оразхан Аяжан Алакөл ауданы Қабанбай ауылы О.Молдағожин атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы ­Айгер Нұрбек, Талдықорған қаласы №18 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы ­Рахимбек Асылзат иеленді.

III орынға Іле ауданы Байсерке ауылы №12 орта мектептің 10 сынып оқушысы Баянсұлу Ақжігітова, Көксу ауданы №14 орта мектептің 10 сынып оқушысы ­Сматай Бекболат, Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы №29 мектеп гимназияның 9 сынып оқушысы Бекмұхамбет Бота, Талдықорған қаласы «Білім-инновация» мектеп лицейінің 9 сынып оқушысы Алдан Жұмағазы ие болды.

Байқау жеңімпаздарына Алматы облы­сының Тілдерді дамыту жөніндегі басқар­масының Дипломы мен планшет берілді.

Ал екінші кезеңге өткен барлық 100 қатысушы басқарманың Алғыс хаты және бағалы кітаптармен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  Алматы облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының бас ­маманы Арайлым Мылтықбаева: «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» байқауына қатысып, жеңімпаз атанып отырмын. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Біріншіден, осындай байқауды ұйым­дас­тырып отырған Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына алғысым шексіз» деп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

 Әйгерім ИЕБЕКОВА

Алматы облысы

 

2303 рет

көрсетілді

344

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы