• Білім және ғылым
  • 07 Қаңтар, 2021

ТІЛ БІЛІМІНІҢ ТАРЛАНДАРЫ

(ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ МЕН «АНА ТІЛІ» ГАЗЕТІНІҢ БІРЛЕСКЕН ЖОБАСЫ)

Қазақ тіл білімін дамытып, оның түркология ғылымында өзіндік орнын алуға атсалысқан тіл білімінің тарландары туралы есімнамалық мақалалар топтамасын әзірлеу бұрыннан ойда жүрген көп мәселенің бірі еді.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжановадан академик Нығмет Сауранбаевтың 110 жылдығына арналған «Тіл танымдық мектеп: Нығмет ­Сауранбаев» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел отырысына шақыру алғанмын. Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде қызмет ететін әдебиетші-ғалым, досым: «Филология факультетінің студенттеріне «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы өкілдерінің Ел Президентіне, Парламент пен Үкімет басшыларына алдағы өтетін Парламентке және аймақтық мәслихаттарға сайланатын депутаттардың қазақша білуін міндеттеу керектігі жөніндегі Талапхатқа байланысты ой-пікіріңді білдірсең» деп, нақтылы уақытын айтқанда, ол күні бос емес екендігімді, жоғарыда атап өткен ғылыми жиынға қатысатынымды, мүмкін болса, басқа күнге ауыстырсаң дұрыс болар еді дегенім сол еді, ол: «Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің профессоры Талғат Сайрамбаевқа арналған ба?» демесі бар ма?

«Жоқ, Қазақстан Республикалық Ұлттық ғылым акаде­мия­сының тұңғыш құрылтайшыларының бірі, әрі оның вице-президенті болған Нығмет ­Сауранбаев» деп едім, «Кешір, ол кісі туралы білмейді екенмін» деп, қысқа қайырды. Апырай-ау, жаратылыс­тану ғылымдары саласының өкілі болса түсі­ністікпен де қарауға болар еді, бірақ  әдебиетші болып тұрып осылай тіл қатқа­нына таңғалып, шама-шарқым келгенше ғалымның шығармашылығынан сыр шертіп, үлкен бір іс бітіргендей жеңілдеп қалғаным бар...

«Ойды ой қозғайды» дегендей, досым­ның жауабының әсерінен эмо­цияға беріліп кете жаздап, өзімді зорға тежеп, тіл білімінің тарландары ­туралы есімнамалық мақалалар жазуға бел шешіп кірісіп кеткен жайым бар. Осындай «мүйізі қарағайдай» академик ­туралы әдебиетшінің хабарсыз болуы – қазақ тілін дамытуға саналы ғұмырын ­арнап, том-том кітап жазған ғылым докторларының еткен еңбектері жалпы жұртшылыққа таныс екеніне күмәнді көзқарастың қылт ете қалуына, әрі жоғарыда айтқан ойымды кешіктірмей қолға алуға түрткі болды.

ҚР ҰҒА Президенті, академик Мұрат Жұрынұлына сонау 1946 жылғы 1 маусымда құрамында 14 академиктің, оның ішінде Мұхтар Әуезов, Ісмет Кеңесбаев, Нығмет ­Сауранбаев сияқты тіл-әдебиет өкілдері бар ғалымдар бастамашылдығымен құрылған Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Тіл білімі бойын­ша академиктер мен корреспондент-мүшелер туралы есімнамалық мақалалар жариялауға «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанмен келісіп, «Сіз білесіз бе?» айдарымен «Тілім білімінің тарландары» атты тұрақты айдарды жүргізуге қолдау тапқанымды және оны Ұлттық ғылым академиясы мен «Ана тілі» жобасының аясында жүргізсек қалай қарайсыз деп едім, Мұрат Жұрынұлы көп ойланбастан: «Қазақ тіл білімін дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдардың еңбегін көпшілікке насихаттап, жалпы жұртшылыққа жеткізу жайлы идеяң өте орынды, толығымен қолдаймын» деді. Міне, сол идеяны іске асырудың реті келгені үшін газет басшылығына тағы да рақмет айтқым келеді.

Қазақ тіл білімі жайы сөз болғанда, есімі Алаш жұртына ардақты қазақ ­зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Құдайберген Жұбанов, Телжан Шонанов, Елдес Омаров сияқты есімдер аса құрметпен еске түсері анық. Оның өзіндік себептері де жоқ емес.

Қазақ тілі қазіргі кездегідей қалыпқа түсіп, танылуына тынымсыз еңбек еткен «тұңғыштарды» ерекше мақтанышпен айтуға болады. Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу-құралы» атты тұңғыш оқулық жазғанын, бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігі қайтадан қолға алып, оқулықтардың негізін салған ғалымның әдістемесі бойынша «Әліппе» жазылып жатқанынан көзі қарақты оқырман хабардар болса керек. Қазақ лингвистикалық терминдері де А.Байтұрсынұлынан бастау алатынын белігілі терминологтар әрбір сөзінде айтып отырады. «Байтұрсынов алфавиті» атанып кеткен әліпбиді де жасаған Ахмет Байтұрсынұлы екені ел есінде.

Қазақ тіл білімінің негізін салушы­ларының бірі – Құдайберген Жұбанов қазақ тіл білімі теориясына тереңдеп, қазақ орфографиясы мен әліпби мәселесі, қазіргі кездегі күн тәртібіндегі латын әліпбиіне негізделген қазақ орфографиясын жасау үстінде ғалымның өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары ұсынған латынға негізделген орфографиялық жұмыстарына жүгініп отырғаны шындық. КСРО Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінде жауапты қызмет атқарып, мемлекеттік терминкомның төрағасы ретінде термин сөздерді қалыптастыру, бірізділікке түсіру, термин жасау принциптері, бүгінгі терминологтардың үстел үсті әдебиетіне айналғанын айтқымыз келеді.

Тағы бір «тұңғыштар» қатарында аталатын ардақты есім – Халел ­Досмұ­хамедұлы. Ол медицина, зоология, биология салалары бойынша студенттерге арнап, тұңғыш оқулық жазған әмбебап ғалым екенін қазақ халқы мақтаныш етеді. Мамандығы дәрігер болғанына қарамастан, тіл, әдебиет және тарих саласында да құнды еңбектері елеулі. «Қазақ тілін біліп тұрып, орысша сөйлесең, бұл – сүйініш, қазақ тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш» деген қанатты сөзін, жастардың санасына құя бергеніміз жөн.

Тіл білімінің тағы бір ірі өкілі – ­Телжан Шонанұлы. Алаш зиялыларына тән ғалымның сан алуан ғылым салаларын, атап айтсақ, қазақ тіл білімі, салыстырмалы тіл білімі, ­педагогика, тарих, әдебиет бойынша зерттеген еңбектері күні бүгінге дейін құндылығын жойған емес. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуға арналған «Орыстар үшін қазақша әліппе», «Қазақ тілінің оқу құралы», «Учебник казахского языка для взрослых» сияқты еңбектерімен қатар, әдіскер ғалымдармен бірлестікте жазылған оқу құралдарының орыны ерекше. Ғалымның қазақ тілінің көкейкесті мәселелерін қарастырғанымен, оның қоғамдағы қайраткерлік өмірі туралы Ш.Сарыбаев саралаған еңбектен толыққанды танысуға болады.

Қазақ зиялыларының көрнекті өкілде­рі­нің бірі – Елдос Омаров еді. Физика, геометрия пәндерін қазақша сөйлетіп, математикалық терминдерді қалыптастыруға қомақты үлес қосып, тіл мәселесінде тың идеялар тұрғысында қалам тербеген қарымды ғалым болатын.

Жоғарыда аталған қазақ тілін дамытуға түрен салған, «тұңғыш­тардың» идеяларын одан әрі дамытқан, бүгінгі «Тіл білімі» деп аталатын ғылымның ілгері дамуына, түркі әлемінде өзіндік орын алуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымдардың зерттеулерінде Алаш зиялыларының еңбектеріне толық тоқталып, сілтеме жасалып, олардың есімдері жиі еске алынатындықтан, олардың еңбектеріне терең талдау жасау мақаланың мақсаты ретінде қойылған жоқ. Біздің көздегеніміз – тіл білімі «тұңғыштарының» еңбектеріне тағы да бір назар аудартып, Алаш зиялылары жайлы жастардың жадын жаңғырту.

Үстіміздегі жылы құрылғанына 75 жыл толатын Ұлттық ғылым академиясының құрамында күні бүгінгі дейін 20 шақты академик пен корреспондент-мүшесі бар екені белгілі. Қазақ зиялыларының ізін басып, ғылым саласында әрқайсысы бір-бір ғылыми мектеп қалыптастырған академия мүшелері І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздықова, Ө.Айтбаев және т.б. ­туралы «Ана тілінің» әр апта сайынғы нөмірінде, олардың ғылымдағы орны мен тұлғалық келбетіне арналған есімнамалық мақалалар ұсынылғанда ұстанатын ұстанымдарға да тоқтала кетейін.

Бірлескен жобаның негізгі мақсаты – қатып қалған энциклопедиялық анықтамалық сияқты, тек ықшам түрде, ғылыми стильмен шектелмей, ғылыми-публицистикалық бағытта, ғылыми еңбектерден қысқаша мәлімет бере отырып, аға буын өкілдерінің, әріптестерінің және шәкірттерінің ғалым туралы айтқан пікірлеріне, оқшау ойларына орын беріп, тұлғалық келбетін де қарастыру. Пәлен жылы туды, пәленше еңбегі бар деген сияқты құрғақ цифрлардан гөрі ғалымдарымызды ғылыммен шұғылдана жүріп, қазақ тілін қолдану аясын кеңейту мен дамытудағы қоғамдық ой-пікірлер қалыптастырудағы қайраткерлік қырлары туралы да, халықтың жүрегіне жылы тиетін қарапайым тілмен жеткізсек деген ойдамыз. Бір жағынан, бұл – қатып қалған ғылыми қалыптан шығып, «аңыз адамға» айналған ғалымдарымыздың ерекше қасиеттері туралы емін-еркін, ерік-жігерге бой алдыра, кең көсілуге де мүмкіндік туар еді. Мәселен, академиктер Әбдуәли Қайдаров пен Өмірзақ  Айтбаевтың үлкен ғалым болуымен қатар, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамын қалай құрғанын, тіл үшін майдандағы жанқиярлық еңбектері, «Мемлекеттік тіл мәртебесі қос тілге берілу керек» дегенде, 26 адам қатысқан мемлекеттік комиссия отырысында жалғыз академик Қайдаров қана, «Қазақстанда тек қазақ тілі ғана мемлекеттік мәртебеге ие болу керек» ­деген ұсыныс айтқанын, әрі бұл ұсыныстың соңы институт директоры қызметінен айырылу қаупін тудыратынына қарамастан қасқайып тұрып, тура сөзді төтесінен тартқанын бүгін біреу білсе, біреу білмес. 30 жыл бұрын күн тәртібінде көтерілген мемлекеттік тіл мәртебесінің бүгін де көкейкесті болып отырғанын көзі қарақты оқырманға жеткізсек, ғалымдардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқанын анық көрсетер едік. Сондай-ақ академик Шора Сарыбаевтың ғылыми жұмыстан қолы қалт еткенде, коллекция жинаумен, спорттың түрлерінен (футбол) бірнеше кітапшалар әзірлеп, футбол бойынша төс белгілерін түгендегенін, күлкі терапиясымен айналысып, ой адамдарына оң әсер ететінін зерделеп, күлкінің 70 түрін жариялағанын, «Қазақ балабақшаларының санын көбейтпей, қазақ тілінің көсегесі көгермейді» деп, бұқаралық-ақпарат құралдарынан, ­теле-радио хабарларынан шындықты шырылдатып айтқанын жастарға үлгі етіп, көзін көрген ғалымдардың, әріптестер мен туған-туыстарының әңгімелерімен толықтырып сөз етсек, олардың тұлғалық келбетін көз алдына келтірер едік. «Халық айтса – қалып айтпайды» дегендей, оқырманның өздері ой қорытып, өздеріне керектерін іріктеп алары сөзсіз. Осынау игі істер нәтижесі – мақаламыздың басында келтірілген тіл білімінің тарландарының еңбектерінен бөлек, олардың есімдері де тасада қалып қою олқылықтарының орнын толтыруға мүмкіндік берері күмән туғызбайды.

Қорыта айтқанда, «Сіз білесіз бе?» деп айдар тағуымыздың астарында қазақ ғылымының дамуына қомақты үлес қосқан, еліне өлшеусіз еңбек еткен ғалымдардың еңбегі еш кетіп, елеусіз қалмас үшін ұрпақ санасын рухани байлықпен сусындатып, тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарға терең тамыр жіберу қажеттігі жатқаны түсінікті болса керек.

 Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор

397 рет

көрсетілді

2

пікір
Алдыңғы мақала БАЙЫРҒЫ ТҮРКІ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Келесі мақала КЕМЕЛ АДАМ – ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ – ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Нұрдәулет Арыстанбеков

07 Қаңтар, 2021

Керемет бастама!!! Қазір шетелдік бизнесмендердің, миллиардерлердің өмір-баян жатқа білетін достарым көп, ал енді осы айдар арқылы үлгі тұтарлық тұлғалардың өмірі мен өмірлік философиясын біліп жүретін боламыз. Рақметімді филолог ретінде және еліміздің азаматы ретінде айтқым келеді.

Нұржан

08 Қаңтар, 2021

Қазақ тілін құрметтейтін осындай ағаларымыз көп болсын.

ANA TILI №2

14 Қаңтар, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор