• Қоғам
  • 14 Қаңтар, 2021

ТАТУ КӨРШІЛІКТІҢ БЕРЕРІ МОЛ

Қаңтардың 11-і жұлдызы бауырлас Қазақ және Қырғыз мемлекеттерінде елдің ауызбірлігі сыналған сайлаулар болды. Елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауы ­болса, ­бауырлас Қырғыз елінде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Сонымен айыр қалпақты ағайын тәуелсіздігін алғалы бері бесінші Президентін сайлады.

Қырғызстандық саяси сарапшы Эмилбек Жороев қазан айындағы парламент сайлауын алдағы президент сайлауына дайындық ретінде танығанын және оның ел болашағы үшін маңызға ие болғанын айтады. «Алайда ешкім де осындай жедел өзгеріс болып, билік ауысады деп күтпесе керек» дейді ол. Эмилбек Жороев биліктің ауысу себебін қазан айындағы сайлаудың ырғағы бұзылып, заңсыздықтардың орын алуымен байланыстырады. Оның айтуынша, Қырғызстанда өткен 10 жылдағы парламенттік басқару тиімсіз болды, енді орталықтанған президенттік басқаруға көшейік дейтіндер баршылық. Олар мұны Орта Азиядағы көрші елдердегі президенттік басқару формасына меңзеп айтатын болса керек.
– Әлбетте, Садыр Жапаровты жақтаушылар тиісінше, Қырғыз Конституциясын өзгертуді және президенттік басқаруды қалайды. Егер президент сайлауынан кейін Қырғызстан президенттік басқаруға көшетін болса, бұл көрші елдер билігіне де жағымды болуы мүмкін, – дейді саяси сарапшы Эмилбек Жороев. Оның ­болжауынша, қырғыз халқы мақсатсыз көтерілістерден жалыққан болуы керек, осы жолғы саяси науқан бірлі жарым қызбалардың «қызыл сөзі» болмаса тыныш өткен.
Қырғыз елінде Президент алты жылға бір мерзімге сайланады. Алайда бұрынғы президент Сооронбай Жээнбеков қазан айындағы халық толқуынан кейін биліктен ерте кетуге мәжбүр болғаны белгілі. Ал енді Садыр Жапаровтың саяси сын тезінен қалай өтері өзіне және қырғыз халқына байланысты. Әрі бауырлас, һәм көрші ел болған соң Қырғызстанда өткен Президент сайлауына біздің елдің басшылары да алаңдағаны анық. Сондықтанда көрші елдегі сайлауалды нәтижесі белгілі болған бетте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, дауыс беру нәтижесі ол ұсынған Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету және мемлекеттілігін одан әрі нығайту бағдарламасы бүкілхалықтық қолдауға ие болғанының куәсі екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі ­хабарлады. Қазақстан Президенті бауырлас Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты екі ел халқының мүддесіне сәйкес достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік рухында одан әрі дамыта беруге бейілді екенін нақтылады.
Өз кезегінде Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының тұрақты әрі байыпты дамуға бағытталған ұмтылысын үнемі қолдап келе жатқан Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына алғыс айтты. Президенттер екіжақты байланыстардың күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі іс-қимылдарды арттыруға ниеттілігін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр ­Жапаровты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қырғыз басшысы шақыруды қабыл алып, Президент ретіндегі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтынын айтты. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысын Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауының сәтті өтуімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев та Садыр Жапаровқа бауырлас қырғыз халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс тіледі.

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

1425 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы