• Қоғам
  • 21 Қаңтар, 2021

ІНДЕТТІҢ БЕТІ ҚАЙТАР ЕМЕС

Апта басында Қазақстанның төрт облысы мен бір қаласы «қызыл» аймаққа енді. Олар Ақмола, Қостанай, Павлодар, Атырау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы болса, Алматы, Қарағанды, Тараз, БҚО, ШҚО және СҚО «сары» аймаққа ілінді. Осылайша жалпы Қазақстан аумағы коронавирус бойынша «сары» аймақта тұр. Еліміздегі коронавирус індеті күшейіп, қауіптің алдын алу шаралары қадағалана бастады. 

Сәрсенбідегі эпидемиологиялық ахуал бойынша, 25 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатса, оның ішінде 307 науқастың жағдайы ауыр деп бағаланған. Ал ауырып жатқан науқастардың 6522-сі стационарда, 18 516-сы амбула­ториялық деңгейде ем қабылдап жатыр. 
Өткен аптада VII шақырылған Парламенттің бірінші сессиясында Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев еліміздегі жағдайды тілге тиек ете өтті. Еліміздің пандемияның ауыр салдарын еңсеріп келе  жатқанын айтқан Мемлекет басшысы алдымызда сынақтар мен сын-қатерлер аз болмайтынын да ескертті. 
«Біз ғана емес, күллі дүниежүзі мүлде жаңа дәуірге бет бұрды. Өркениеттің даму жолы мен әлемдік құрылымның түп негізі түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Алдымызда сынақтар мен сын-қатерлер аз болмайды. ­Дегенмен, барлығымыздың ең басты міндетіміз – пандемияның салдарын еңсеру» деді Қ.Тоқаев.
Сонымен бірге коронавирус инфекциясы белгілері бар пневмонияның да өршуі байқалады. Олай деуіміздің себебі,  дәл осы аурудан жазылып жатқандар да, өлім жағдайы тіркелген жайттар да кездесіп жатыр. Мәселен, сoronavirus2020.kz сайты 2021 жылғы 18 қаңтардағы жағдай бойын­ша коронавирустық инфекция белгілері бар ­пневмония туралы ақпаратты жариялады.
«18.01.2021ж. коронавирус инфекциясы белгілері бар пневмонияның 118 және 3 өлім жағдайы тіркелді. Оған қоса 149 адам емделіп шықты» делінген хабарламада. 
Айта кетейік, дәл осы коронавирустық инфекция белгілері бар пневмониямен 1 тамыздан бері  46 984 адам ауырса, 545 адам шығыны жағдайы тіркеліп, ал жазылып шыққандардың саны 34 805 жеткен.
Біз осы орайда, дәл қазіргі кезде ауырған жағдайда не істеу керек, еліміздің «сары» аймақта тұруының қауіптілігі қандай деген сауалдармен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне хабарластық. 
«Еліміздің әрбір азаматы сақтық шараларын сақтап, эпидемиологиялық талаптарды сақтау керек. Ол, ең бастысы, бетперде тағып, үлкен кісілер үйден шықпай, ара қашықтықты сақтаса, бізге сол үлкен көмек. Қазір өңірлердегі бас санитарлық дәрігерлер мекемелердегі жұмыс режимін 80 пайыз қашықтан жұмыс істеуге көшіру туралы шешім шығарып жатыр. Сосын, ең бастысы, халықтың өзі той-жиынды тыю керек. Сақтық шараларын қанша уақыттан бері айтып келе жатырмыз, ең бастысы, дәрі-дәрмек қоры дайын. Дегенмен, дәрі дайын екен деп адамдар немқұрайлылық танытпау керек. Бәрі халықтың, әр адамның қолында. Әр азамат бүкіл талаптарды сақтаса, бұл жағдайдан жылдам әрі жақсы өтеміз. 
Еліміздің «сары» аймақта тұруының қауіптілігі – жаздағыдай қиын жағдай келіп қалуы да мүмкін. Өйткені, өздеріңіз көріп отырсыздар, көп өңірлерде ауруды жұқтыру саны көбейіп жатыр. Ол көбейген сайын өте қауіпті, бір-біріне жұқтыру арта түседі. Сол себепті тағы да қайталап айтамыз, бүкіл қазақстандықтардан өтінеміз, сақтық шараларын сақтап, санитарлық талаптарды сақтау керек. Ал ауырып қалған жағдайда, қызу көтерілсе, кезекші дәрігерді шақырған дұрыс. Ол келіп, қажет болған жағдайда ПТР тест алады. Азаматтар ауырғанын сезген кезде, сақтық шарасын сақтап, үйінде отыру керек. Қазіргі уақытта ең басты талап – осы» деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Өткен жылдың соңында, еліміздегі эпидемияға байланысты ахуалды және коронавирустың екінші кезеңіне дайындық барысын талқылау үшін жиын өткен болатын. Аталған басқосуда алғашқы кезеңде жіберілген қателіктер талданып, жинаған тәжірибені тиімді пайдалану жолдары сөз болды. Осы жиында Мемлекет басшысы былай деген еді:
«Қазір көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус індеті қайта өршиді деген сөз. Біз бұған дайын болуымыз керек.
Індетке қарсы күрес үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданған. Ең бастысы, тәжірибеміз бар. Осы кезеңде денсаулық сақтау саласын нығайту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспар жүзеге асырылуда. Эпидемияны ауыздықтау – оңай шаруа емес. Оның экономикаға және халықтың әл-ауқатына тигізетін салдарын барынша азайту – маңызды міндет. Біз жан-жақты ойластырылған және нақты шаралар қабылдауымыз керек».
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, өңірлердің дайындығын айқындайтын индикаторлар жүйесі енгізіліп, жедел штабтар құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл штабтар іс-қимыл шараларын орталыққа жалтақтамай, өздері қабылдай алады. Құзырлы органдардың барлығы індетпен күреске дайын. Еліміздің біртұтас биоқауіпсіздік жүйесін құру жұмысы басталды. 

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

1306 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы