• Мәдениет
  • 28 Қаңтар, 2021

СЫРЛЫ САЗ СИҚЫРЫ

Жақында Семей қаласынан орын тепкен Абай театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Шығыс Қазақстан облыстық «Дариға-ай» жастар театрының қоржынын толтырған «Шәмші» спектаклі сәтті қойылым екенін сезіндік. Жанры концерт-спектакль болғанымен, әуезді сырға, мазмұнды жырға толы қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен, айтар ойы бар бірегей туынды болып шығыпты.
Сахналық нұсқасын жасаған әрі осы қойылымның режиссері Жұлдызбек Жұманбайдың жұмысы, өзіне тән мән мен мағына үстегені байқалды. Себебі жыл аралатып жерлестері алдында ойлы қойылым мен бәсі жоғары дүниелерді жұртшылық назарына ұсынуға талпынатын режиссердің айқын қолтаңбасын аңғардық. Актер таңдауы, сахна безендіру мен декорация, қойылымның биі мен дыбысы, жарықтың қойылуы мен жалпы сахналық жұмысты ұйымдастыруы, әр детальді орын-орнымен пайдалана білуінде режиссердің шеберлігіне қол соғасың.

Б

ұл театрландырылған қойы­лымда саналы ғұмырында қалың қазақтың мақта­нышына айналған композитордың жүріп өткен жолы, ән өнеріне құштарлы­ғының оянуы, ата-анасының берген тәлімі, өнерпазға замандастары мен тұрғылас тұлғалардың берген бағасы, дарын иесінің сәтсіздіктері мен қоғамнан көрген құқайы, талантты адамның басынан кешірген трагедиясы болсын барлығы дерлік жіпке тізген мөлдір моншақтай болып тамаша көрініс тапқан. Жаңаша форматтағы қойылымның жанры әйгілеп тұрғандай, мұнда әннің туу тарихына басымдық беріледі. Алайда жаттанды сөздер мен таптаурын тақы­рыптардан ада актерлердің сөз саптауы жігін жатқызып, білдірмей жібереді. Бұл әр актердің шеберлігі, ерекшелігі десек те жалпы жастар театрының көркемдік кеңес пен режиссер шешімі екеніне иланасың.

Қойылымда орындалатын әр әнге арнайы сомдалған би мен қимыл-қозғалыс музыкалық үлкен туындының бағасын одан әрмен асыра түседі. Бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші ­туындылары қазақ өнерінің өшпейтін қормалды қазынасы. Сонысымен де, Шәмші халықтікі, ал Шәмші тудырған ән халық әніндей болып тыңдарман жүрегін ­жылытып, көңіл көкжиегін байытып тастайды. Аталған спектакль көрермен талғамайды демекпіз. Неге десеңіз, ән жалпыға ортақ шығарма. Хакім Абай мен данышпан Шәкәрім, ғұлама ғалым Мұхтар мен Алаш ерлерінің ізі қалған қасиетті мекендегі Шәмші рухына тағзым, Шәмшіге ­деген құрмет осындай болуы керек. Бұл құдіретке толы ән өнерін жастар жадында жаңғыртып, өлмейтін өнерді насихаттау үшін керек.

«Шәмші» концерт-спектаклінің қоюшы-хореографы әр биге баса ­назар аударып, көңіл қойған Карина ­Джиренбаева, қойылымның хормейстері және әнін әрлеген Олжас Тезекбаев ­сынды өнерпаздардың еңбегі мен қызметін ­ерекше атап өткіміз келеді. «Дариға-ай» театры сахналаған қойылымдарда ерекше көзге түсіп жүретін қоюшы-хореограф Карина Джиренбаеваның ізденісі, ұлттық нақыштағы ойлау жүйесі қуантады. «Шәмші» рөлін сомдаған Ғалымбет ­Тасбо­латовтың, композитордың әкесі Қалдаяқ образы Естай Шәріпұлының, талант иесінің анасы Сақыпжамал бейнесіндегі Сымбат Ахметова және Ақан Серіні сом­даған Еркебұлан Нұғымановтың сахнадағы жүріс-тұрысы нанымды шыққан.

Жастар театрына кейінгі жылдары қабыл­данып, жаңа леп сыйлаған жас актерлердің өсіп, қалыптасқандығы, актер ретінде шеберлігін байытып жатқандығы байқалды. Сондай актер есебінде осы концерт-спектакльде көпшілік сахнада ойнап, актерлік және ән орындауда көзге түскен Әділжан Серікқалиев, Қарлыға Сыбанова, Ислам Азизов, Алина Касенова сынды жас өнер иелерін атап өткенді жөн көрдік. Көрермен құрметіне бөлену үлкен еңбекпен келетінін ескерсек, әлі де тыңнан түрен салып таңдай қақтырары кәміл.

Режиссер Акбарәлі Айтибаев пен театр өнерінің майталманы Дариға Тұранқұлова негізін қалаған, жиырма жылдан артық тарихы бар «Дариға-ай» жастар ­театры жыл сайын жаңаша форматтағы әсерлі туындылармен қуантып келеді. ­Жастар театры ­деген аты болмаса мүйізі қарағайдай мәдениет ошақтарымен иық тіресер дәрежеге жетіп тұрған өнер ұжымының қоржыны өте бай. Ол қоржында классикалық үлгідегі спектакльдерден бастап, театр сыншыларынан өз бағасын алған түнгі заман шығармалары да жетерлік. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде «Шәмші» концерт-спектаклін атап өтсе жетіп жатыр.

Біз көрген, біз бағасын білген бар қазаққа ән салдырған, көрерменін тамсан­дырған, «Дариға-ай» театры сахнасынан қанат қаққан спектакль, міне, осындай.

Қуат ҚИЫҚБАЙ,

жазушы

Семей

 

 

2551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы