• Руханият
  • 28 Қаңтар, 2021

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЕДІ

Жақында Алматы қаласындағы Қазақ Спорт және туризм академиясында өткен «Ұлт батырлары» кітабының тұсаукесер рәсіміне шақырған еді. Сонда 1941–1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста ерекше ерлік көрсеткен, қазақтан шыққан Кеңес Одағының Батырлары туралы жазылған кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген менің ұстазым Қылыш Өтетілеуұлының ұрпақтары мен белгілі кәсіпкер, меценат Айтқали Ізмаққа ерекше алғысымды білдіріп, жақсының ісін артында қалдырған ізі жалғастырып жатқанына сүйсіндім. 

Биыл ұлт ұстазы Ыбырай Алтынса­риннің туғанына жүз ­сексен жыл толатын тұста сол асылдарымыздың сынығы, дәстүрдің үзігі іспетті майдангер-педагог, Ақтау қаласының және Бейнеу ауданының құрметті азаматы, саналы ғұмырын білім саласына арнаған білікті ұстаз Қылыш Өтетілеуұлының жарқын ісі бүгінгі ұрпаққа тағылым болары анық.

Қылыш Өтетілеуұлы 1925 жылы үшінші Бозашы болысының Ұзыншымырау жерінде туған. Сол бір ауыр жылдарда жасынан білімге құштар, еңбекқор, табанды болып есейді. Оқуда өз қатарының алдынан көрініп, төртінші сыныптан кейін мұғалімдер ұжымының ұйғарымымен бірден алтыншы сыныпқа көшірілгені, онда да үздіктер тобын бастағаны көп нәрсені аңғартады. Жеті жылдық мектепті үздік бітірсе, он төрт жасынан ұжымшарда жұмысқа кірісіп, еңбекқорлығымен көзге түсті. Бір отар саулықты жылына төлімен екі есе өсіріп отырды. 1941 жылы он алты жасында аудандық оқу бөліміне қызметке кірісіп, өз өмірінің қастерлі мәніне айналған педагогикалық жолын бастады. Үш айлық мұғалімдік курсты бітіріп, мектепте бала оқытты. Жауын-шашынды, боранды күндері Шайыр төңірегіндегі бірнеше шақырым Ұлбау, Шеңгел, Әндеме, Досан ауылдарынан жаяу қатынап оқитын балаларды «адасып кетесіңдер» деп үйіне дейін жеткізіп салып жүрген.

Қылыш Өтетілеуұлы 1943 жылы ақпан айында майдан даласына аттанады. 156 атқыштар дивизиясының 361 атқыштар полкінде ұрысқа кірген ол сол қыста орыс деревняларын азат ету жолында басынан ауыр жарақат алып, үш ай госпитальда жатады. Жазылып шыққан соң, дәрігерлер рұқсат бермесе де 1944 жылы мамыр айында әскер қатарына қайта қосылып, Белорусь майданының Витепск бағытында ұрысқа қатысады. Сол майданда екінші рет ауыр жараланып, госпитальға түседі. Комиссияның «Әскерге жарамсыз» деген қорытындысына қарамастан, 19 жастағы жігіт ұрысқа сұранып, майдан даласына қайтадан аттанады.

1946 жылдың маусымында Қ.Өтетілеуұлы елге оралған. Бұдан кейін оның педагогикалық қызметі жаңа екпінмен жалғасты. Еңбек ете жүріп, мұғалімдік училищені, Атырау және Орал педагогикалық институттарын химия, биология, сондай-ақ география пәндерінің мұғалімі мамандықтары бойынша бітіріп, жан-жақты білім игерді.

Аудандық, облыстық басқару органдарынан, ұжымшарлар орталық­тарынан бес жүз шақырым жолсыз қашықтықтағы фермалардың, елді мекен­дердің қақ ортасындағы Қызыл әскер мектебіміз осы өңірдің қоғамдық-саяси, рухани ордасына ұлағатты ұстазымыз Қылыш Өтетілеуұлының арқасында айналғаны анық. Халқымыздың біртуар тұлғалары, облыс, аудан басшылары – Нұртас Оңдасынов, Сағидолла Құбашев және Төлеген Қағазов сынды зиялы қайраткерлерінің Үстіртке әлеуметтік-саяси, шаруашылық мәселелерімен дүркін-дүркін келгенде бірден-бір ат басын тірейтін шаңырағы осы Қызыләскер мектебі, ал жұмыс бабын талқылайтын орны Қылышекеңнің шап-шағын кабинеті еді.

Иә, Қылыш Өтетілеуұлы сұрапыл соғыстан кейінгі бейбіт еңбек жолын туған ауылында мұғалімдіктен бастады. Содан, 1955 жылға дейін Шайыр ауылы мектебінің оқу ісі меңгерушісі, интернат басқарушысы қызметін адал атқарды.

Сол жылдары Үстірт дөңінде мал шаруашылығын өркендету үшін, халыққа қызмет көрсету орындары, елді мекен, ауылдар салу міндеті тұрды. Соның ішінде, Қызыл әскер ауылынан мектеп және интернат салу міндеті білімді де парасатты, жігерлі жас Қылышқа жүктеліп, шалғайдағы Сам орталау мектебіне директор болып тағайындалған. Жауын-шашында төбесінен су тамшылайтын, саз кесектен қаланған кішілеу мектеп ­орнына 200-300 балалық мектеп-интернат құрылысын салу идеясы елге қапелімде қиял тәрізді көрінген. Айналасында ешқандай құрылыс материалы, қоянсүйек, сексеуілден басқа ағашы жоқ, цемент тасы сірә жоқ, елді мекенде Қылышекең істің тетігін тауып, болашақ заманға лайықтап өз жобасы бойынша мектеп құрылысын бастайды. Ауыл тұрғындары мен ұжым мүшелерін батыл ұйымдастырып, 40-50 шақырым жерден арбамен, қалт еткен көлікпен тау тасын, саз-топырағын тасып, күн-түн демей, жанкештілікпен мектеп құрылысын бір жазда аяқтаған. 1957-1974 жылдар аралығында Бейнеу ауданында мектеп директоры қызметін адал атқарды. Алпыс жылдан аса тарихы бар білім-мәдениет ошағын ауыл тұрғындары өзара «Қылыш мектебі» деп атайды.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді халқымыз. Еліне, ұлтына кіршіксіз қызмет еткен майдангер-педагог, Ақтау қаласының құрметті азаматы және Бейнеу ауданының құрметті азаматы Қылыш Өтетілеуұлы есімін Ақтау қаласындағы немесе Бейнеу ауданының орталығындағы мектептің біріне беру қажет деп ойлаймын.

 

Әмин Тұяқов,

Жеңіл атлетикадан Кеңес Одағының

сегіз дүркін чемпионы, Еуропа кубогының иегері,

КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы

2454 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы