• Мәдениет
  • 28 Қаңтар, 2021

Қазақ радиосына – 100 жыл

Биыл еліміздің рухани өмірінде өзіндік орны бар Қазақ радиосына – 100 жыл, Шалқар радио­сына – 55 жыл толып отыр. Осыған орай ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақ радиосының ғылымда алатын орны мен зерттеулері» және «Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың дикторлық жолы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Шараға қос радионың ардагерлері мен ғалымдар қатысты.

Конференцияны Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбек­қызы ашып, жиналған қауымды ­мерейтойымен құттықтап, конферен­ция жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан ары конференция тізгінін өз қолына алған Қазақ радио­сы Алматы филиалының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы конференция бағдарламасымен таныстырып, сөз кезегін Шалқар радиосының директоры Болатбек Төлепбергенге берді. Өз сөзінде қос радио ұжымының өз мерейтойын өткізу барысындағы мақсат, міндеттеріне тоқталды. Ал конференцияны одан ары сабақтаған Бақыт Жағыпарұлы Қазақ радиосының ғылыми зерттелуін нақты деректермен баяндады.

– 2001 жылы радионың 70 жылдығын өткізгелі жоспарлап жүргенімізде «Егемен Қазақстан» газетіне белгілі ғалым Намазалы Омашовтың «Қазақ радиосына қанша жыл?» деген зерттеу мақаласы шықты. Онда ғалым кезінде Қазақ автономиялы республикасы құрылған уақыттағы ­тарихи жағдайларға тоқтала келіп, ­радио негізін қалауда ағартушы ғалым ­Ахмет Байтұрсынұлы тұрғанын нақты мұрағаттық деректермен дәлелдеген. Сондықтан Қазақ радиосының ағартушы ғалымның ақыл-ой еңбегі және ізі қалуымен де құндылығы арта түседі. Бұл тарихи шындық.

Бақыт Жағыпарұлының сөзіне қарағанда, биылғы 100 жылдық аясында көптеген шаралар жоспарланған. Оның ішінде радио ғимаратына белгі тақта орнату, радио ішінен мұражай ашу секілді айшықты шаралар бар.

Конференция барысында баспагер ғалым Темірғали Көпбаев сөз алып, радионың бүгіні мен болашағына қатысты өз ойын ортаға салды. Ғалымның айтуына қарағанда, жүз жылдық тарихы бар радионың қалыптасқан өзіндік дәс­түрі, бағдарламаларды тыңдарман­ға ұсынуда өзіндік жүйесі бар. Соны бұзбау маңызды. Ғалым өз сөзінде коммерциялық радиолардың бағдарламаларды жүргізудегі кейбір жағымсыз қылықтарын сынға алды. Публицистикалық тілден ауытқып, көше тілінде бейәдеп сөйлеп кететіндерінің орынсыз екенін айтты.

Конференцияда өзге де ғалымдар мен радио ардагерлері өз ойларын ортаға салып, болашақта журналистік зерттеу жүргізіп дайындалатын сараптамалық бағдарламалар қатарын көбейтуді ұсынды. Мәселен, радио ардагері Құсман Игісін кезінде Әнуарбек Байжанбаев салып кеткен дикторлық мектепті дамыту керегін айтты.

– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда кейбір бағдарламаларды даусының дикциясы төмен жүргізушілер жүргізе беретін болды. Бұл тыңдарман қатарын азайтады. Бағдарламаның сапасын төмендетеді. Сондықтан радионың бүгінгі басшылығы осындай мәселелерді редакция алқасында талқылап, оң шешім қабылдағаны абзал, – деді ол.

Конференцияға қатысушылар айтылған ұсыныстар негізінде қарар қабылдады. Онда радио базасында дикторлық мектеп ашу, алтын қорды толықтыру, сараптамалық бағдарламалар қатарын көбейту, техни­калық жарақтандыруды жетілдіру жөнінде шешім қабылданды.

Н.СҰЛТАНҒАЗИЕВ

 

2683 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы