• Мәдениет
  • 04 Ақпан, 2021

«ШАБЫТ ШАҚЫРАР ӨЛКЕ»

Сурет өнері қашанда өзінің тылсымдығымен, ғажайыптығымен қайран қалдыратыны белгілі. Адамзат баласымен қадым замандардан бірге жасап келе жатқан өнердің осынау құдіретті түрі бүгінгі күнде де патша көңілді көрерменді таңқалдырып, тамсантудан жалықтырған емес. Қайта уақыт озған сайын шын өнердің не екенін ұқтырып, сурет арқылы өмірді тануға, адам, дүние болмысының сан қатпарлы қырларын сезіндіруге, бір сәт өзіңнің де жан дүниеңе үңілуге мүмкіндік беретіндей әсер қалдырады. 

Мұның барлығын айтып отырғанымыз, Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы әуендері» мекемесінің «Almaty Gallery» көркемөнер галереясында талантты суретші, қылқалам шебері Рашид Құлбатыров пен жас гобеленші Жансая Құлбатырованың «Шабыт шақырар өлке» деген тақырыпта көрмесі өтуде. Бұл көрме несімен ерекше дейтін болсақ, онда Рашид Құлбатыровтың туған өлке табиғаты, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер, қазақ тұрмысы тақырыптарын қамтумен қатар «қала» тақырыбына да бет бұрып, қала келбетін, өзіміз күнделікті көріп жүрген даңғылдар мен көшелерді, ғимараттарды суретші көзімен көріп, қарапайым адамның назарынан тыс әрі қалтарыс қалған сан түрлі көріністерді зейін зердесімен түйіп, шебер бейнелей білуінде дер едік. Бір сөзбен айтқанда, бұл туындыларда жаңалықтың лебі еседі, шабыттың шырқау биігі байқалады. Р.Құлбатыровтың бірқатар жұмыстары Маңғыстау өлкесіне, оның қайталанбас әсем ландшафтына – теңіз түбінен көтеріліп шыққандай әсер қалдыратын ғажайып көрінісіне арналған. Өнер иесінің бізге бұрыннан белгілі «Құлбатыров қолтаңбасы» бар реалистік, импрессионистік тәсілде емес, оның өзі үшін жаңа бағыт саналатын – абстракционизм стилінде дүниеге келген шығармаларына қарап, қылқалам шеберінің бұл бағытта да тамаша жетістікке қол жеткізгенін көреміз. Әуесқой суретшінің әсте бір қызығушылықпен сала салған суретіндей емес, кәсіби суретшінің терең толғаныстан, үлкен ойдан, қажырлы еңбектен туған туындылары екені аңғарылып-ақ тұрады. Қанық бояуларға толы осы картиналар күні ертең-ақ тарих қойнауына еніп, келер ұрпақтың назарына бүгінгі уақыттың тынысын бейнелеп, қайталанбас бедерін айшықтайды. Сөйтіп, өнер үшін ешқандай уақыт тосқауыл бола алмайтынын, қайта сол уақыттың қолтаңбасы оны мазмұнды етіп, мәңгілік сиқырымен баурай түсетіндігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Ал талантты жас гобеленші Жансая Құлбатырованың ұлттық тақырыптарды арқау ете отырып, өмірге әкелген «Ақ бота», «Бәйге», «Кездесу» тәрізді туындылары да орындау техникасымен өз талғампаз көрерменді бейжай қалдырмайды деп білеміз.

Өзіміз тілге тиек етіп отырған көрменің «Almaty Gallery» галереясында ұйымдастырылуы да келушілерге ерекше шабыт, көңіл-күй сыйлайтындай әсер қалдырады. Айта кетейік, Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевтың, «Алматы әуендері» мекемесінің директоры Бақытжан Садықовтың қолдауымен «Almaty Gallery» ұжымы өнерсүйер қауымға ­заманауи бағытта қызмет көрсетіп келеді. Заманға сай жаңғырып, көрермен көңілінен шығатындай деңгейде жасақталған. Көрме залының іші кең, жап-жарық, ішкі-сыртқы безендірулер, қызылды-жасылды өрнектер, небір әшекейлі көріністердің барлығы да өнер ұясының сәулетін айшықтап тұрғандай. 2018 жылдың 1 желтоқсанында ашылған галерея Алматы қаласының тарихи төрінде, барша алматылықтар мен қала қонақтарына жақсы таныс «Үш батыр» тұрғын үй кешенінде орналасқан.

«Almaty Gallery» галереясының бүгінгі таңдағы жетекшісі, өзі де талантты суретші Нарғыз ­Әлі­бекованың айтуынша, галереяның негізгі қыз­меті көрмелер ұйымдастырумен қатар көркөмөнер негіздерін үйрететін дәрістер, өнертануға байланысты шеберлік сыныптарды өткізуге де бағыттал­ған. Қысқасы, өнерге қатысты маңызды іс-шаралардың көптеген түрлерін галерея жоғары деңгейде атқа­рып келеді деп айтуға болады. Баршамыз жақсы білетіндей, дүниежүзінде сурет өнерінің тамаша өкілдерінің туындыларын насихаттайтын атақты галереялар, өнер музейлері  көп. Әрине, мұның барлығы бір жылда қалыптаса қойған жоқ. Барлығы да бірте-бірте дамып, үлкен белеске, деңгейге шықты. Халықтың өнерге деген қызығушылығын оятып, талғамын қалыптастыратын галереялардың ел жүрегінде алатын орны қашанда бөлек. Өркениетті мемлекеттер мәдениет пен өнерді бағалап, қастерлей білуімен де көпшілікке үлгі емес пе. Одан олардың мәдени дәрежесі биіктей бермесе, төмендемейтіні хақ. Шындығына келгенде, біз әлі де болсын өз еліміздегі, өз қаламыздағы тамаша галереяларға ат ізін салып, суретшілер көрмелері ұйымдастырылып жатса, соған аңсарымыз ауып, тамашалап қайтуға жеткілікті деңгейде мән бере бермейтін сияқтымыз. Өнерге адал қызмет жасап келе жатқан ұлттық галереяларымызды шынайы көңілмен, ынта қойып тамашалайтын жұртшылық қатары молайса, жоғарыда айтқан өркениеттілік деңгейге бір қадам болсын жақындап, мәдени көкжиегіміздің кеңейе түсетіні сөзсіз. Олай болса, Алматы галереясының ұйымдастырып отырған мың күндік әсері бар көрмелерінен қалыс қалмайық, ағайын!

Дәуіржан Төлебаев

 

710 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Ененің батасын алған...
Келесі мақала БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ – АЙРЫҚША НАЗАРДА

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №8

25 Ақпан, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы