• Қоғам
  • 11 Ақпан, 2021

ЖАСТАР – ЕЛ ЕРТЕҢІ

«Заман біздікі!». Баубек Бұлқышевтың осы шығармасының тақырыбы барлық жастардың сөзі іспетті. Иә, мына заман да біздікі. Бүгінгі қоғамның бары мен жоғы, биігі мен аласасы, жарығы мен көлеңкесі де біздің еншімізде-ау деп ойлап қоямын.

Пандемия уақытында мектепті аяқтау біздің буынның маңдайына жазылған екен. Әрине, бүгінгі уақыттың да қиындығын айтып, жазып жатқандар көп-ақ. Алайда осындай қиындықты ата-бабаларымыз да бастан өткерді ғой деген ой мені көп мазалайды. Олардың да нағыз бозбала шағы түрлі соғыстарға, апаттарға, жұттарға кез болып жатты. Сонда олар мұндай қиындықтан қалай өтті?

Біз де сондай жолмен бұл қиындықты еңсере­тінімізге сенемін. Біз де әлемді шарпыған індеттен құ­тылып, жаңа, вируссыз, таза әлемнің есігінен аттармыз. Жаңа әлемде жан дүниемізді жаңартып, ұста­нымымызды қайта қарастырармыз. Міне, сол әлемнің төріне біз шығамыз! Ең бастысы, жастық жалынымыз жақсылықтарға арналса деген тілек бар.

Сонда ол болашақты қалай елестетемін? Тап-таза, сатқындығы жоқ, достықты биік қоятын, ғылым-білімге құмар адамдардың қоғамы болады деп сенемін. Біз құрған отбасының керегесі берік болады, достықтың жібі үзілмейді. Біз ата-анамызды сыйлауды еш ұмытпаймыз. Яғни бұрынғының өнегесі жүрегімізден берік орын алады.

Биылғы індет бізді үйге қамады. Сабақты да үйде отырып оқуға тура келді. Достармен де араласуды сиреттік. Ұстаздарымыздың жүзін сағынып барып, әрең көрдік. Мектеп партасын сағындық. Біздің аға-әпкелеріміз «мектеппен қоштасқан соң, мектепті қатты сағындық, бұрын білім ордамыздың қадірін білмеген едік» деп айтады ғой. Міне, біз мектепті бітірмей-ақ, сол ордамызды сағынып барып қауыштық.

Биылғы індет «Өнер, білім бар жұрттардың» маңызын да көрсетіп берді. Демек, біз білімнің биігіне көтерілуіміз керек екен. Білімсіз өмірдің күңгірттене түсетінін ұқтық.

Мына заман біздікі десек, сол заманның күні шуақты, жері шұрайлы болуы да біздің мойынымыздағы жауапкершілік қой деп ойлаймын. 

 

Нұрлан Айбекұлы

148-мектеп гимназияның

11-сынып оқушысы

АЛМАТЫ

 

1204 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы