• Руханият
  • 11 Ақпан, 2021

КЕШЕГІ ЗАМАН ШЫНДЫҒЫ

Соңғы отыз жылда елімізде бірқатар фильм түсірілді. Олардың тақырыптық ауқымы да, жанрлық, стильдік ерекшелігі де әртүрлі. Әрине, олардың барлығының көркемдік сапасы бірдей емес. Бірақ бұл фильмдердің сапасы қандай болған күннің өзінде, олардың өн бойынан өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның тынысын аңғаруға болады. 
Сондай фильмнің бірі – «Кейкі мерген». «Кейкі мерген» дискурсының динамикалық сипаты оның өз көрермендерімен тығыз байланыста болғанынан көрінеді және режиссер Мұрат Бидосовтың ұзақ жылдардан кейінгі өз туындыларының мәні мен маңызының жойылмауына алаңдауынан аңғарылады. 1916 жылғы Торғай даласында болған ұлт-азаттық көтерілістің батыры, атақты мерген Нұрмағанбет Көкембайұлы туралы телехикая көрермен жүрегінен орын алды деп ойлаймыз. 

Дүниенің тілдік бейнесіндегі ұлттық сипатты айқындаушы лингвомәдени бірліктерді телехикая тілінен табуда кейбір қиындықтар туындауы мүмкін. Себебі кейбір сөздердің мазмұн межесінде, мағыналық құрамында лингвомәдени компоненттер ашық түрде кездессе, енді біреуінде мәдени ақпараттар мағыналарының тасасында қалады. Сондықтан сөз мағынасындағы көрінбейтін мәдени компоненттер образдар, эталондар, семалар, концептілер аялық білім арқылы ашылады.

Сонымен қатар телехикаяда қолданған тіліне тоқталып, оның қазіргі көрерменге мағынасы бұлыңғыр сөздердің ұғымына лексикографиялық интерпретация жасап отырғанын байқаймыз. Бұл көп телехикаяларда кездесе бермейтін жайт. Осы арқылы сөздің ішкі формасы ашылып, тасаланған мәдени ақпараттар алынады.

«Кейкі Мерген» телехикаясының сценарий авторы Сержан Зәкерұлы қолданған дәстүрлі дүниетанымдық лексика, мәдени лексика элементтері тіл мен ұлттың бірлігін көрсетеді, ұлт тіршілігінің тілдегі бейнесі болып табылады. Көркем туынды ұлт тілінің құдіретін танытып қана қоймай, оның сыр-сипатын, бүкіл болмысын жан-жақты ашуға, тануға негізделген. Сценарий авторы әлемнің тілдік бейнесінен өшіп бара жатқан «ардакүрең», «тәлейі бар», «қарымта», «тамыр», «жанбағыш», «найсап», «түтін» ұғымдарының ұлттық мазмұнын беруде ұтымды әдістерді шебер пайдаланып отырған.

Қазіргі таңда қолданылатын кәсіп атауларының кейбірінің бұрын болмағанын немесе ертедегі кәсіп атауларының қазір көбіне кездеспейтінін еске алсақ, тіл мен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың кәсіп атауларын білдіретін лексиканың пайда болуы немесе жоғалып кетуіне әсерін тигізетінін көруімізге болады.

Мерген, қарақшы, аңшы, барымташы, тіс қаққан ұры, жалшылық, т.б. лингвокультуремалары жаугершілік заманнан мағлұмат берсе, ат баптар, ұста, саятшылық, айыл-тұрман, т.б. лингво­мәдениеттанымдық бірліктер мал шарушы­лы­ғымен айналысқан ұлтқа тән кәсіп атауларын білдіреді.

Көшпенді өмір кешкен ұлттың біртіндеп жартылай отырықшылыққа ауыса бастағанын ояз, ауылнай, болыс, көпес, егінші, жүкші, пішенші, саудагер, күзетші, шаруа тәрізді лингвокультуремалардан байқауға болады. Сол сияқты жәрмеңке, губернатор, империализм, көпес, дуан, закон, телеграмма, станция кірме сөздер өркениеттік өзгерістерді көрсететін маркерлі бірліктер.

Соғыстың салмағы далаға да өз септігін тигізді. Саяси терминдер өте көп: Сібір жарғысы, Жиһан соғысы, құрылтай және т.б.

Фильмде көркемдік уақыт және кеңістіктің барлық формалары өзара біріне-бірі ауысып отырады. Уақыт – «патша жарлығының» халыққа тигізіп отырған зияны, әрбір салықты белгілеп қарапайым халыққа зардап шеккізіп, ішкі ширығу арқылы оқиға динамикасының берілу сәттерінде уақыт өте маңызды рөл атқарады.

Әлемнің кез келген классикалық шығармасын алып қараңыз, қандай жанрда, қандай стильде түсірілсе де, оның астарынан суреткер өмір сүрген қоғамның, жалпы адам болмысының шынайы келбетін көреміз. Сол себепті «Кейкі мерген» фильмі де өзінің көркемдік шындығымен құнды деп ойлаймыз. Шығарма – қазақ халқының қайғы-қасіретке толы күресін баяндайтын реалистік туынды. Мұрат Бидосов осы киносында халқын сүйген Кейкі, Шұбар, Аманкелді батыр, Әбдіғаппар болыс, Темірен сияқты патриоттардың іс-қимылдары мен жанқиярлық істері арқылы өз заманының шындығын көрсетеді. 

Дүние бейнесінің кеңістік, уақыттық, мөлшерлік, өлшемдік  және басқа да параметрлердің көмегімен айқындалатыны аян. Оның қалыптасуына тіл, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, табиғат, тұрмыс пен шаруашылық жағдайлары және басқа да әлеуметтік факторлар әсер етеді. Ұлттық мәдениетімізді, ұлттық дүниетанымымыз бен таным-талғамымызды айқынырақ танытатын ым-ишараттар бұл телехикаяда молынан ұшырасады. Әйтсе де, ұлтымыздың қайталанбас қасиеттерін білдіретін қайсыбір кинемалардың кей жағдайда әйел мен ер кісіге, үлкен-кіші қауымға ортақ болатынын да ескерген жөн. Мысалы, ер-азаматтардың аттан түсіп сәлем беруі, үйге кірерде бас киімін шешіп кіруі, амандық білдіргенде қол алысу. Коммуниканттар көптен бері бірін-бірі көрмеген жағдайда көңіл күйі мен сағынышын білдіру үшін дене қимылдарынан – құшақтасу және төс қағыстыру кинемаларын қолданады.

Фильмнің кейіпкерлерінің тілінде бір сыңары­ның мағынасы күңгірттенген, бірақ бірінші сыңа­рымен синонимдес болып келетін қосарлама қос сөздер де кездеседі. Мысалы, тәтті-тәрмек, қатын-қалаш.

Сонымен қатар шығарманың көркемдік ­құ­рылымында фольклордың элементтері жиі кездеседі.  Ал ұлы Абайдан бастау алатын жаңа жазба әдебиет фольклорға саналы түрде барды, оған қажетті дәрежеде арқа сүйеді. Бұл жерде біз фольклордағы сөздер мен тіркестер, сюжеттер мен кейіпкерлер, жекелеген жанрлар, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар кино тілінде емін-еркін жүретінін айтып отырмыз. Олардың біразы табиғи  түрде жүрсе, кейбіреуі мақсатты түрде қолданылған.  

Кино ішінде орайы келген сәттерде қазақ шешендік өнерінің көріністерін айқын көре аласыз. Аталы сөз, нақыл сөз, мақал-мәтел деген тұнып тұр. Қазақтың халық поэзиясы мен көркем әдебиетінің шын мәніндегі алғашқы шығармашылық тоғысуы Абай поэзиясынан айқын көрінеді. «Кейкі батыр» кейіпкерлерінің тілінде Абай тілі жиі ұшырасады.

Режиссер Мұрат Бидосовтың шығармасы азаттық күресінің үні болғандықтан, кино лексикасында қару-жарақтардың барынша кең қамтылуы – заңды құбылыс. Мәселен, жалаң шоқпар, зеңбірек, садақ, қорамсақ, қылыш, жебе, мылтық. Жалпы қару-жарақтар – ұлттық мәдениеттің көрсеткішінің бір бөлшегі. Сондықтан кино туынды лексикасындағы әлеуметтік жіктелістер, ұрыс-соғысқа байланысты жауынгерлік лексика жиі кездеседі.

 «Атқа салдым ерімді, Бермедім жауға жерімді, Аттым мылтық бесатар Дұшпанды қырдым көп қатар. Қанша дұшпан қырсам да, Қияметте таң атар, Ақжан сұлу ерді ғой. Құдай маған берді ғой. Үш жыл бұрын көрген түс Айнымай бүгін келді ғой. Тістеумен өттім тілімді, Бермедім жауға елімді Ел ішінен жау шығып, Сындырдың Алла белімді» деп рух кейпінде сөйлеген Кейкі мергеннің сөзінің толық нұсқасын келтірдік.  Бұл режиссер Мұрат Бидосовтың кесектігін айқын дәлелдейді. Бұл, әрине, Кейкі батырдың трагедиясы болатын. Тек Кейкі Көкембайұлының ғана емес, күллі қазақ даласының трагедиясы.

 

Жанат Сәрсенбай,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Қазақ тіл білімі кафедрасының докторанты

1923 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы