• Тұлға
  • 18 Ақпан, 2021

«АЛАШТЫҢ ­АЛТЫН САРАЙЫ»

24 қаңтар күні екі-үш азамат болып Үстірттің маңында жерленген көк тұлпарлы Киікбай би, баһадүр бабамыздың мазарына барып, зиярат етіп, өз көзімізбен көріп келген едік. Сонда түсірілген суреттерді, батыр бабамызға қатысты тарихи деректерді жинақтап, Әнес ағаның әлеуметтік желідегі уатсабына  жолдаған едім. Жіберу себебім, Әнес аға Маңғыстау және Адай тарихы хақында кітап жазып жатқан. Пайдаға жарап, керек болып қалар деген ниет-көңілмен жібергенмін. Уатсаппен жолдаған хатты қабылдаған болуы керек, 26-сы күні Әнес аға телефон шалып: «Өй, Кенжебекжан, аманбысың, қал-жағдайларың жақсы ма?» деп сабырлы майда қоңыр үнімен аман-саулық біліскеннен кейін, жарты сағат шамасында өз тақырыбымыз (тарихи-танымдық) турасында әңгімелестік. Негізгі тақырыбымызды қорытындылап болғаннан кейін, аға маған өсиет айтқандай болды. Менің ғылыми бағыттағы жобам мемлекет және қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұлы хақында еді. Сол тақырыбымды маған өмірімді зерттеуге арнауға және қаламгерлік жолымды шыңдай беруге ақылын айтып, ақ батасын берді. «Дүние-ғайып» деген осы ғой, жоғарыда Қойшығара ағамыздың айтқанындай «бәрімізге қоңырау шалып, қоштасқандай болды ғой» деген ой келе берді. Аңғал ағаның сол айтқан ақыл-кеңесі санамда хатталып, жүрегімде мәңгі сақталып қалды. 

Сәл тарихқа оралсақ, Адай – Қосай – Байбол, одан Мәмбетқұл (Шалбар) аталысы бойынша Тоқтамыстан тін тарайтын Әнес ағамен аталас туыстығымыз 5-6 ата жерден қосыламыз. Ол кешегі 1918 жылы Қаратөбеде өткен Маңғыстау қазақтарының съезінде Адай ревкомы төрағасының орынбасары болып сайланған, Азамат соғысы кезінде Атырау өңірінде Толстов бандаларына, Деникин әскерлеріне қарсы ұрыстарға қатысып, Маңғыстаудың оңтүстігіндегі қазақ болыстарын Қазақ АКСР-і құрамына енгізу жобасын жасап, оның жүзеге асуына үлес қосқан көрнекті қоғам қайраткері Сыдиық Жұбайұлының жақын туыстары екен. 

Ата-бабасының құт мекені – Маңғыстау елі атынан облыстық мәслихат депутаты Нури Тумышев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, «Маңғыстау» газетінің бас редакторы Ғалым Әріп ағаларымыздан құралған ел азаматтарымен бірге Әнес ағамыздың жаназа намазына қатысу үшін 4 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласына аттандық. Барған күні Әзірет Сұлтан мешітінің асхана залында қонақасына қатысып, елмен бірге жұбайы Алтыншаш Қайыржанқызы мен ұлдары Сайлан мен Азатқа елдің атынан көңіл айттық. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, классик жазушы Төлен Әбдік: «Дүниенің басы сайран, түбі ойран» деген екен Доспамбет жырау. Әнес досымның қазасын естіп, бұл өмірдің сайраны бітіп, ойраны ғана қалғандай бір халде отырмын. Университетке бірге түсіп, жатақханада бір бөлмеде жатып, бүкіл жастық шағымызды бірге өткізіп, бір үйдің баласындай өмір сүріп едік. Әдебиетке де бірге келдік. Руымыз – Достық болатын. Сол көңілмен ержеттік. Сол көңілмен қартайдық. Бірақ қимастық көбеймесе, азайған жоқ. Әнестің қазасы ғапыл өлімдей, өкінішпен өзегімді өртеп отыр. Қадірменді ағайын! Әнестің қазасы менің ғана емес, бүкіл қазақ халқына ортақ қайғы екенін жақсы білемін. Өйткені, оның тамаша әңгіме, повестері мен романдары, қазақ тарихын терең зерттеген ғылыми туындылары ұлттық руханиятымызға қосылған асыл қазына деп айта аламыз. Әнес – не жазса да, жеріне жеткізіп жазатын, аса еңбекқор, ізденімпаз, талантты жазушы, ғалым. Оның тарихи еңбектерін оқыған адам осындай терең де білімді автордың ғылыми атағы жоғына қайран қалар еді. Өйткені ол ғылыми атақ үшін емес, халқын сүйген жүрегінің қалауымен ғана жазатын. Ендеше, бүкіл елге ортақ қайғы менің де қайғымды аз да болса жеңілдетер. Тілегі бір ағайын-жұртқа, марқұмның отбасы – асыл жары Алтыншашқа, балалары Сайланға, Азатқа көңіл айтамын. Әнестің артында қалған мол мұрасы еліне таусылмас рухани азық болып, екінші өмірінің шеруі ұзағынан болсын! Жатқан жері жарық болғай!» өзегін өртеп бара жатқандай өкінішін жеткізді. Иә, расымен де, Төлен ағаның түнерген жүзіне қарап, өзгелер де қамығып, күрсінгендей...

Арынды ақын Светқали Нұржан Әнес Сарайды «Алаштың Алтын Сарайы» деп ойлы сөз айтты.

Ұлттық әдебиетімізге өлшеусіз еңбек сіңірген заңғар жазушының «Мұнаралар шақырады», «Қараша өткен соң», «Бозқырау», «Ақ тымық түн» повестері мен әңгімелер жинағы, «Теңіз сарыны» дилогия­сы мен «Ұлу аралы», «Еділ-Жайық», «Өртенген керуендер» романдар топтамасынан құралған «Еділ-Жайық» трилогиясы Каспий теңізі кәсіпшілерінің өткені, кешегісі мен бүгінгісіне арналып, басын күнде қатерге тігіп, толқынды көк теңізбен мігірсіз арпалысқан балықшы-теңізшілердің қарапайым да өр мінездерін қалтқысыз айшықтаумен ерекшеленіп тұрады.

Оны Қазақтың әдеби сыны «теңіз жыршысы» деп таниды. Соңғы жылдары қазақ тарихының ақтаңдақ беттеріне қалам тартумен көзге түскен оның қаламынан шыққан «Исатай мен Махамбет», «Мұхаммед пайғамбардың өмірі», «Асылдың сынығы», «Көнеліктер», «Ноғайлы» тарихқа әуес бұқара көпшілік іздеп жүріп жата-жастана оқитын, қолға түспес бағалы басылымдарға айналды. Ағаның қаламынан туған көкірек көзіңді ашып, ой-санаңды оятар дәйекті де зерделі толғамдары – рухани құндылықтарымыз.

Иә, Әнес аға дәуірі де көшіп барады. Алайда қара сөздің қадірін биікте ұстайтын халқыңыз барда, толымды еңбектеріңіз тағылымды тарихымызды түгендеу жолында ұлттық руханияттың төрінде орын алып, кейінгі буынға өшпестей қалдырған мол мұраңызбен әлі мың жасай береріңіз хақ.

Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

жазушы, өлкетанушы

МАҢҒЫСТАУ

 

1107 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы