• Тұлға
  • 18 Ақпан, 2021

ӘБЕКЕҢ

Қайран Әбеке! Әбдісағит Шаймұхамбетұлы! Ақыреттік сапарға аттанғаныңа жылға таяпты-ау. Айналаға шуақ шашып жүретін жайсаң мінез, жайдары жаратылыс, зеректігің қарапайым болмысыңа шынайы үйлескен сенің бұл жалғанда жоқтығыңа сене де, көне де алар әдді жоқ. Сені жоқтаушылар көп. Бірі – мен. Бақиға озардан біраз бұрын маған бір тілек білдірген едің. Оны аманат ретінде қабылдап, тап-тұйнақтай тындырдым да, өзім хабарласамын деген уәдеңді күтіп жүрдім. Ал, қайта-қайта шетелге сапарлайтын сенде бас бұруға жағдай болмады. Қапияда жабысқан сырқат ырық бермеді. Сан рет сәлем айтып, келесі келгенде жолығамыз дейтінсің. Үміт оты сөнбеді. Бәрін алдан күттік.

Өкініш көп, Әбеке! Өзің өлеңдерін жас­танып жатып оқитын Қадыр (Мырзаәлі) ақынның өмірдің жартысы (өз басыма бәрі сияқты) өкініш дейтіні адым сайын алдан шығып, ал сенің қазаң әлі күнге өкініштің көкесіндей көрінеді де тұрады. Мына бір бұдан сегіз ай бұрын басталған жаман аурудың кесірінен қабіріңе бір уыс топырақ салуға шектеу қойғандықтан, қырқыңа қатысу бұйырмағаны одан да зор өкініш болды. Әйтеуір, тәуба! «Ақшамда» білдірген бір-екі ауыз лебізде өзімді өзің негізін қалап, ұзақ жыл басқарған «Казгоракадемпроект» ұжымының бір мүшесі санайтынымды тұспалдап, аяулы ұлың Айдар, әріптестерің Гүлмира, Тоқтар, Асқар, Жанатқа көңіл айттым. Сондай-ақ...

Осынау естелік-толғаныс әлгіде есімдері аталған (аталма­ған), қайсыбірі кезінде үйге келіп тұрған қымбат жандарға тағы да көңіл айту, әрі, арамыздағы достық қазығын бірінші өзің қаққан (бес жас кішілігің бар) сенің аруағыңа тағы да тағзым ету тұрғыда жазылып  отырғанын қайталап қаперге салу.

Әбекеңмен қашан, қалай таныссың деген сұраққа: «Өткен ғасырдағы алпысыншы жылдардың ортасында «Мәдениет және тұрмыс» журналында (Мәдениет бөлімі бар) Тұрмыс деген жаңа бөлім ашылып, бас редактор Мұса Дінішев Құрылыс жөніндегі мемлекеттік комитет председателінің орынбасары Төлеу Бәсеновке мені өзімен бірге ертіп барған кезден  бастап» дер едім. Мұсекең бұрыннан білетін (жас кездерінде Ақтөбеде қысқа курста бірге оқыған) ескі досына «солай да солай, ауыл-село құрылысын архитектуралық жобамен салу жайлы жазу керек боп тұр. Бірінші мақала өзіңнен» деуі сол екен, Төлеу Құлшыманұлы дереу әлдебір қызметкерін шақырып алып: «Мақаланы мен емес, мына жігіт жазады. Аты-жөні Әбдісағит Тәтіғұлов. Қызметі – Азаматтық құрылыс басқармасының бастығы, коллегия мүшесі, – деді нықтай сөйлеп. – Бізде қазақ аз. Аздың бірі – осы екеуміз. Және Әбдісағит өздеріңдей жазушы. Қазақшасы мықты. Керегі сол емес пе сендерге?!».

– Онда болды, – деп, Төлеу ­Құлшы­манұлына рақмет айтқан Мұсекең маған: «Мен кетемін, сен осында қалып мына жігітпен сөйлес, таныс» деп, коридорға шық­тық. Мұсекең айтпақшы, ол жігітпен асықпай сөйлесіп, бірге түстеніп, кешке бір-ақ тарастық. Жарты ғасырдан астам достық қарым-қатынаста болған Әбекеңмен таныстығымыз осылай басталған-ды. Толығырақ ол жөнінде таяуда шыққан естелік кітаптан оқуға болады. Онда Кетегенов көкеме – жақпайтын көкіме, бәдік­нама атымен жоқ. Тағылымды, қызықты мағлұмат молынан. Сөйтіп...

Әңгіме Әбдісағит хақында. Менікі – куәгерлік баяндау. Сол орайдан қайталап айтсақ, өткен ғасырдағы 67-жылғы таныс­тыққа елу үш жыл. Одан бері қанша су ағып, жаз бен қыс, көктем, күз өтті...

2017 жылы жасым сексенге толатын боп, бірқатар басылымдар игі тілек, жылы лебіздерін әзірлеп жатса керек. Бірі – «Ақшам». Күнтізбе бойынша, туған күн ертең деген күні азанда аталмыш газеттің бас редакторы телефон соғып: «Кейде алдын-ала да құттықтай беруге болады ғой. Ертеңгі мерейжасыңыз құтты ­болсын. Әлгінде жұмысқа келсем, үстелімде Әбдісағит Тәтіғұловтың сіз туралы мақаласы жатыр екен. Біздің де дайындағанымыз бар еді. ­Автор да осал емес. Екеуінің қайсысын берген дұрыс? Не дейсіз?» деді.

– Өзің қалай ойлайсың?

– Мені неғыласыз? Сіз айтыңыз!

– Мен айтсам – Тәтіғұлов.

– Е, болды. Өзім де солай дейтін шығар деп едім. Әбекең бізге көп шықпайтын адам ғой. Сол кісінікін берейік. Қарсы емессіз ғой? – деп әзілдесе күлді ол.

«Қарсы боп жын ұрып па?» деймін ішімнен. Ертеңіне таңғы сағат сегізде Әбекең үйге телефон шалып, туған күніммен бірінші боп құттықтады (басқалар кейін).

Бұл күні сексенге толуыма байланысты пәлендей үлкен шара өткен жоқ. Отбасылық деңгейде ғана аталды. Тек үш сағат бұрын алдын-ала ескертпестен, адресті сұрап алып, Алматы облыстық  әкімінің орынбасары Жақсылық Омаров пен Іле аудандық әкімінің орынбасары Дәурен келіп, екі-үш сағат болып кетті демесе.

Әрине, бұл күні қадірлі Әбекең, Әбдісағит­тің «мақаласы мен өзге де жылы лебіздерді оқып, арқа-жарқа болғанымыз өзінше.

Осыдан үш күн өткен соң, төртінші күні Әбекең менің сексен жылдығымды өзі істей­тін мекемеде әріптестерімен бірге атап, KAZGOR жобалау академиясының акаде­мигі атағын берді. Бұл деген менің жарытып аталмаған жетпіс, жетпіс бес жылдығымды өз тарапынан ескерусіз қалдырмай, «Өтеді өмір осылай», «Герольд Бельгер кім?» деген екі бірдей кітаптың жарыққа шығуына демеу көрсеткен Әбдісағит Тәтіғұловтың ғана қолынан келетін ірілік, білгендік еді. Осынау жайлар, оллаһи, базбір есекке мінгеніне есіріп, қодыққа міндім деп қодиятын екіжүзді қызғаншақтар кесіп-пішетіндей, тіпті де жалған дақпырт, бос желпініс емес, керісінше, жақсының жақсылығын айту жоралғысымен ауызға алып отырған өшпес із, жарқын өнеге, ғибрат, ғанибет!

Әбекең екі рет науқастанды. Біріншісінен кәдімгідей сауығып, шат-шадыман шаққа қолы жеткен шуақты күндердің бірінде күтпеген жерден екінші рет ауыр дертке шалдықты. Біз пақыр да білсек те білме­генсіп, тезірек жазылып шыққай деп тілеуін тілеуден бөлек не болсын. Сөйтіп жүргенде...

– Әбекең сізге сәлем айтып, бір зат қалдырды. Қазір Жанат үйіңізге апарады, – деп Гүлмира хабарласты. Ұзамай Жанат сыртында KAZGOR деген жазуы бар, мұқият буып-түйген шағын қорапша әкелді. Жалма-жан ашсам, беріп жібергені – азын-аулақ сәлем-сауқатқа қоса, ұқыптап ораған екі газет пен тілдей қағаз. Екі газеттің бірінде бір жарым, екіншісінде айқара екі бетте тұтас жарияланған екі мақала. Тілдей қағаздағысы қысқа тілек: «Осыларды оқып, пікір айтсаңыз» деген.

Гүлмираға хабарласып, қашан келеді дегеніме жауабы: «Анық білмеймін, білетінім сізге тез жеткіз, келген бойда хабарласамын дегені» деуден аспады. Түсінікті. Демек, енді маған қалғаны – газеттердегі мақаланы оқып, Әбекең қашан келсе де жауабын айту. Пікір, яғни. Ауызша ма, жазбаша ма, ол жағын айт­паған. Мен екі мақаланы бірнеше рет оқыған соң, пікірімді қағазға түсіріп, ауызша айтуға да дайын жүрдім. Күні-түні аман-сау айығып, дертті барған жағында қалдырып оралса екен деп жалбарынамын Жаратушыға. Бірақ... бірақ...

«Адамның болмас айтқаны, Алланың болар дегені» дейтін пәлсапа рас па, қалай, Әбекең шетелден жуық арада орала қоймады. Қысқа уақытқа оралса да, менімен жолығуға тағдыр жазбады. Қазбалап сұрамаймын. Гүлмира сыздықтатып сездіреді. «Жақында келеді, сізбен міндетті түрде жолығады. Өзі айтты» деп. «Халі қалай?» дегеніме: «Шүкір, дұрысталып келеді» дейді. Басқа гәп жоқ. Күттік. Бәріміз. Тәңір тілекті бермеді. Әбекең сол кеткеннен мол кетті. Бақиға. Рухы бізбен бірге. Барша қауым, ел-жұрт қой біз дегенім. Қимайтындар, қимастар. Біз! Бәріміз! Енді сіз...

Әлгі маған Әбекең беріп жіберген екі газетте не бар, не жазылған. Әбекеңе менен не керек еді дейсіз бе? Жөн.

Әбекеңнің отаны – Қазақстан. Кіндік қаны тамған топырақ – Амангелді, Жанкелдин – қос аудан, қос мекен. Торғай облысы. Дат!

Торғай облысы дейсің бе? Торғай  деген облыс жоқ емес пе, қазір? Иә, жоқ. Бірақ, болған. Бұрын. Кеңес өкіметі кезінде. Өткен ғасырдың 70-жылдарында. Кейін таз кепешті қайта киді, Қостанай облысына қайта қосылып. Содан бері екеуі...Бір облыс. Баяғыша!..

Әбекеңді мазалайтын осы екен. Мазалау не, жанын жеп, жүрегін езіп, қинайды екен. Қазіргі жазатайым душар болған ауыр дерттен жүз, мың есе ауыр уайымы сол екен... Маған жолдаған екі мақалада солай деп сайрап тұр. Не істеу керек? Торғайды қайта бөліп, жеке облыс жасау ма? Жоқ! Әбдісағит олай демейді. Оған керегі Торғай мен Қостанай бір облыс болуы керек екен. Бұл оның азаматтық ұстаным, байламы. Әбекең өзінше дәлелдейді. Бірақ, алда-жалда менікі дұрыс демейді. Ақылдасайық, талқылайық дейді. Пікір күтеді. Әйтсе де, маған артар жүгі салмақтырақ (сияқты). Мен не дейін. Айтарымды көзбе-көз айта алмадым. Жазғанымды ұстата алмадым қолына. Егер жолығып, ауызба-ауыз сөйлессек (жазбаша да), былай деген болар едім. «Әбеке! Басқасын айтпағанда, газеттегі екі мақалада туған топырақ тағдырына алаңдайтыныңыз көрініп тұр. Мен сізді қолдауын қолдағанмен, өз басыма Қостанай мен Торғайды бір облыс ету және атын Торғай деу әзірше қиындау сияқты көрінеді. Қалай дегенде де, Павлодар, Петропавловск, Усть-Каменогорск дегендермен салыстырғанда, Қостанай қазақ иісі шығатын атау ғой. Одан да, Торғайды қайтадан жеке облыс ету мәселесін неге көтермеске, қолға алмасқа?! Сонда облыс орталығы (болуы мүмкін) Арқалық қайта түлеп, жаңғырып, шалғай аудандардың тамырына қан жүгіріп, жасарып, жайнар еді.  Осыны ой таразысына салып көру қалай болар еді?»

Әбекеңнің жүзеге аспаған арман-тілегі баршаға ортақ (дер едім). Ортақ аманат!..

Мәселе облыстың екіге бөлінуін емес, ең бастысы қазақтың мүддесіне қызмет етуін көксеп еді, Әбекең!

 

Зәкір АСАБАЕВ,

жазушы

1036 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы