• Руханият
  • 18 Ақпан, 2021

Дара өнерімен дараланған еді

Бүгін дүниеден аса қымбатты, қадірлі азаматымыз өтті. Ол қазақ журналистикасында есімі кеңінен танымал азаматтарымыздың бірі – Нұртілеу Иманғалиұлы. Қазақ мәдениеті, оның ішінде журналис­тикасы ауыр қазаға ұшырады. Мен Нұртілеуді бала кезінен білемін. Ең алғаш қазақ телевизиясына оны ­Фатима Бегенбаева ертіп алып келді. Жастар редакциясына жаңадан жас жігіт келді деп көрсеткен. ­Содан бері оның шығармашылығы да, жалпы қызметі де менің көз алдымда өтті. Ол «Құрдастар» шығармашылық бірлестігінде өзінің қызметін бірден айқындады. Сол кездегі халық арасында танылған көптеген хабарларға қатысып, алдымен ұйымдастырушылық шаралардың ең алғашқы жолынан өтті де, одан кейін өзі жеке-­жеке бағдарламалар жасауға көшті. Айта берсек, Нұртілеудің жасаған бағдарламалары өте көп. Солардың ішінде кезінде республикалық газеттерге телевизиядағы жаңалық ретінде жазуға тұратын «Ой – көкпар» деген хабар болды. «Хабар» арнасынан ғой деймін. Бұл хабардың бірнеше сериясын көрдім. Ол ­Герольд Бельгер, ­Камал ­Смайловпен бірге ой жағынан көкпарға түскенде бірде-бір қалыс қалмай және жарты сағаттың ішінде соншама бір астарлы да, өте қажетті де өзекті мәселелерді көтере білген. Бұл, шын мәнінде, журналистің жан-жақты дайындығы еді. Нұртілеу бүгінгі замандастары, оның ішінде бүгінгі қазақтың зиялы қауымы жөнінде тұтас бағдарлама жүргізе бастады. Олардың әрқайсысы өнер, мәдениетте, экономикалық, басқа да салада жүрген азаматтар болатын. Мінеки, бұл шын мәнінде Нұртілеудің терең ойлылығын, іскерлігін дәл көрсетеді. Телевизия деген ұжымдық қой. Бір ғана кісі газеттегідей не журналдағыдай кешке отырып жазғаныңды өзіңмен-өзің бір ақ қағаздың бетінде шайқасатын жазу емес. Өзінің шығармасын жасаған кезде ондаған адамдардың басын құрауға тура келеді. Егерде сен жазып, қолға алып жатқан шығармаңда дыбысы дұрыс болмаса, режиссер дұрыс монтаж жасамаса немесе жарық дұрыс қойылмаса ол сенің ісіңді кемшілікке айналдырады. Ал тележурналист, телемаман осылардың бәрінің басын қосатын адам. Дегенмен, ұжым десек те, телевизияның өзінің көш бастайтын серкелері болады. Онсыз өнер болмайды. Мінеки, өз саласында көш бас­тап, жеке-дара өнерімен көрініп жүрген азаматтарымыздың бірі осы Нұрекең еді. Кеше ғана дүниеден өткен Бейсен. Осы екеуін де мен құрмет тұтып, шәкірт санап жүргенмін. Көрген сайын өздерінің ықылас-пейілдерін білдіріп жүретін. Мәселе онда емес. Мәселе, бұлардың екеуі де маған рухани жақын, екеуі де осы телевизия деген өнер саласында ой-пікірлеріміз ұштасып, ұласып жататын шәкірттерім, інілерім еді. Екеуінен айырылдық. Қазақ телевизиясы шын мәнінде өте талантты азаматтарынан айырылып отыр.

Алдынан жарылқасын, артының қайырын берсін. Ұрпағына амандық-саулық тілеймін. Қалған отбасындағылардың бәрі аман болсын. Нұртілеудің аты көгілдір экран барда өшпес. Өйткені Қазақстанда өзінің талантымен жеке-дара бет-бейнесін қалыптастырған маман некен-саяқ. Соның бірі – біздің Нұртілеу. Қош бол, бауырым.

Сұлтан ОРАЗАЛИНОВ

 

1209 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы