• Руханият
  • 18 Ақпан, 2021

Тарихқа бет алған тағдыр

Жақын досыңды ойласаң, өткенің еске түседі.
Әсіресе, қоштасарда...
Ырым Кененбаев бәріміз 1965 жыл­дың күзінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, Қазақ универси­тетін­дегі филология факультетіне оқуға түсіп, бірге табыстық. Журналистика ол кезде филологияның бір бөлімшесі болғандықтан, кейбір сабақтардың жекеленетіні болмаса, негізінен, бүкіл оқу бағдарламасы, барлы­ғымызға бірдей қатысты еді. Міне, сол армандары арнасынан аса қолдарына қалам алып, жүректері дүрсілдей соққан қалың топтың арасынан Ырымның бекзат дидары бөлекше көрінетін. Ақыры, оның студент жылдарындағы қыруар, тоқтаусыз ізденістерінен туған сол кезеңдегі өткір мақалалары Ырым Кененбаевты екінің бірі қол жеткізе алмайтын «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің тұғырына бір-ақ қондырды. Рекеңнің сол жылдардағы шығармашылық самғау дәуірі қазір де менің көз алдымда. 
Сол жылдар бүгін, міне, өткен күнге айналып отыр. Ақ тұманға толған ақ­панның мына аязы біздің жүрегімізге сұп-суық хабарын сеуіп өтті: «... Ырым – достарың бақилыққа бет алды...».
Иә, Ырым да енді тарихқа айналды. Мына жарық дүниеге ата-бабалардан жаратылып, ана құрсағынан келген жан атау­лы осылай... – қайтадан тарих қойнауына аттанады екен. «Біз сендерді жараттық. Әрі оған қайтарамыз» («Таһа» сүресі) дейді Қасиетті Құранда Алла Тағала. Жер-әлемнің жүзінде бұл тағдырдан өтпейтін тірі пенде жоқ. 
Екінші дүниежүзілік соғыстан іле-шала кейін жарық дүниеге келген, біздің ұрпақтың басым көпшілігі барынша таза ойлы, зерделі, қиянатқа бара бермейтін, өзгелердің тағдырына жаны ашығыш, адал болып шықты. Рекең сол топтың маңдай алдындағылардың бірегейі еді. Ырым ­Кененбаев – осы жасына дейін өте сұлу өмір сүріп келген адам. 
Оның көркем сыртқы бейнесі, ішкі жанын нұрландырып тұрған адам­гершілігімен астасып, оны ұдайы көпе-көрнеу көзге түсіріп тұратын. Ырымның жазған шығарма­ларынан осы қасиеті андағайлап көрініп тұр ғой. 
Міне, енді Ырым Кененбаев бауырымыз бақилық сапар кешіп, туған жері топырағының қойнауын мәңгілікке мекендеп, тыншып қалды. Әдемілік пен мейі­рімділікті, Алладан бойтұмар еткен нағыз жан еді ол! Жаратушы Иеміз жаннаттан орын берсін саған! Бақұл бол, бауырым! 

Әшірбек КӨПІШ

1184 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы