• Руханият
  • 18 Ақпан, 2021

Баспа ісінің Сардары...

Жаны жайсаң, жаратылысы қандай кең болса болмысы да сондай дарқан көңіл қаламгер, баспагер Ырым Кененбай ағамыздың 74 жасқа қараған шағында мезгіл сағаты соғыпты-ау... Өкінішті...
Ағамызды ең алғаш 1997 жылы, Алма­тыдағы Мұқан қажы Мұңайтпасов атын­дағы Орталық стадионның ірге­сіндегі шағын футбол алаңында көрдім. Ол кезде журналистика факультетінің күндізгі бөлімінде студент және қалалық «Алматы ақшамы» газетінде» тілші болып істейтін едім. Жыл сайын журналистер арасында өтетін С.Бердіқұлов атындағы шағын футбол турниріне Талдықорғаннан арнайы «Алатау» дейтін футбол командасын әкеліп додаға қосқан екен. Жиырма шақты команданың ішінде Ырым ағаның кілең қаракөздерден құралған командасы топтық кезеңде де, 1/16, 1/8, 1/4-те де жолындағы қарсыластарының бәрін тас-талқан етіп ұтып, финалға дейін жеткен болатын. Финалда Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің командасына жол беріп, жүлделі екінші орын – күміс жүлдеге ие болған.
Өмірде де Ырым Суанбайұлы өзінің іскерлігі арқасында кәсіби ырыз­ды­ғынан қағылған жоқ. Бір кезеңде кешегі «Лениншіл жас», бүгінгі «Жас Алаш» газетінің ұстаханасында түлеген тұлғалардың бел ортасында заман ағымына сай нарықтық қоғамның тілін тапқан үлкен менеждер болды. Ел Азаттығының елең-алаң тұсында еліміздегі типография саласын нарық заманына ыңғайлап, ең жетекші газет-журналдарды басатын «Алатау» дейтін үлкен баспа-полиграфиялық корпорациясын құрды. Уақыт өткен сайын арнасын кеңейтті. Бір кездері тек Талдықорған қаласында ғана жұмыс істеген баспахана ісін Алматы шаһарында да жандандырып, ірі кешен салды. Заманауи техникалық құрылғымен қамтамасыз етіп, түрлі-түсті басылымдарды сапалы етіп шығарып, күні бүгінге дейін елге ұсынып келді. Өзі қалт-құлт етіп жарқабақта жүргендей күй кешіп жүрген тілшілер мен баспа редакторларына, типографияның техни­калық еңбеккерлеріне, қаншама адамға корпорацияның президенті, құрылтай­шысы ретінде жұмыс орнын тауып берді.
Сынаптай сырғыған уақыттың уысында жұтылып кетпей өз соқпағын тапқан Ырым ағамызбен араға жылдар салып, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары қызметіне келгенде жақын танысып, өте тығыз араласып, қоян-қолтық жұмыс істедік. Өйткені «Қазақ әдебиеті», «Жұл­дыз», «Простор» секілді әдеби басылымдар әдемі безен­діріліп, «Алатауда» басылып шығатын. Өз күнін өзі көріп отырған қоғамдық ұйымның кейде бас­па­хана қызметіне қатысты қаржыны уақытымен төлей алмай қысылып та қалған кезі аз емес, сонда Ырым ағамыз өз болмысына сай кеңдік жасап, қолдайтын.
Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер ретінде де шығарма­шылығын ақсатқан жоқ. Ұйымдастыру жұмыстарымен жүріп, барлық шығар­машылық қуатын сарқа пайдалана алған жоқ шығар, дегенмен, жазу машығында да жемісті еңбек етті. Мәселен, ол кісіні «Лабасы етегінде», «Қырда өскен қызғалдақтар», «Жас шопандар ауылы», «Інжу-маржандар», «Бір уыс дән», «Қолғанат», «Ер жүрегі», «Мәңгі жаз елі» сынды жекелеген кітаптары, арнайы таңдамалы шығармалар жинағы жарыққа шығып, оқырман қолына тиді. Ақпарат саласы мен қоғамдық деңгейде атқарған еңбектері елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталып, бағаланды. Тәуелсіздіктің алғашқы сәт-сағаттарында, 90-жылдардың басында ақпараттық кеңістік нарықтық заманға ыңғайлану үшін белгілі газет-журнал мен баспаларға жекешелендіру жүргізілді. Мемлекетік басылымдар акцио­нерлік қоғам және ЖШС-ға бөлінген­мен, Үкіметтің қарауында қалды. Ал спорт журналистикасының флагманына баланған «Қазақ спорты» (бұрынғы «Спорт», «Sport») басылымы тіпті спорт ведомство­сына керек болмай астаудан шет қалды. Сондай сын сағатта даңқты спорт қайраткерлеріне ­насихат мінбері болған басылымды дәл осы Ырым ағамыз жеке өз қамқорлығына алып, мемлекетке жәутеңдетпей жанқалтасынан қаржы бөліп, күні бүгінге дейін өзі жарыққа шығарып келді. Бизнес жоспар пайдакүнемдік пен бақай есепке құрылған бүгінгі кезеңде мұндай тәуекел екінің бірінің қолынан, сірә келмейді.
Идеология кеңістігінде көпшіліктің көзіне байқала бермегенмен, газет-журнал, кітап, түрлі көрнекі ақпараттық мәлі­меттер шығару ісінде баспа саласы­ның орны алабөтен. Осы бір іскерлік пен жанкештілікті, тәуекелді қажет ететін даңғайыр саланың дамуына, типо­графиялық жүйенің жаңа белеске көтерілуіне ерекше үлес қосқан бірегей тұлға – Ырым Кененбай ағамыз. Жауап­кершілік пен Азаматтықты қанат қылған ол өзіне жүктелген қандай жауапты қызмет болсын, бәрін де абырой биігінде жүріп атқарды. Алақанына салған ағалардың жолы бұзбаған, қас-қабақтан түсініскен тұстастарына сыйлы, артынан ерген іні-қарындастарына аса қамқор болды.
Жақсы ағаның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын. Көшелі тұлғаны көрмеген көшесінде жарылқасын. Қолқа жүрегіміз қопарылғандай күйде отырып, осылай қоштасу сөз айтуға тура келді...
Қош, Ыраға... 
Бақұл болыңыз...

Жанарбек ӘШІМЖАН

1430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы