• Тұлға
  • 25 Ақпан, 2021

ЖҰРТБАЕВ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?

Қаланың осы бір тұсынан өткен сайын сол бір оқиға есіме түседі. Журналистикадағы ұстазым, ғажап қаламгер Дидағаң, Дидахмет Әшімханның сол күнгі алаңғасар кейпі көз алдыма келеді.
Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы «Баспалар үйінің» төртінші-бесінші-алтыншы қабаттарында бес-алты жылдан астам уақыт біраз баспа-газет-журналдар көрші болдық. Өзім жиырма жылдан астам уақыт қызмет атқарған «Түркістан» газеті де осында. Белгілі қаламгер Шәмшидин ­Паттеев бас редактор, ал Дидағаң бірінші орынбасары. Жұмыс, әсіресе сәрсенбі күні «күйіп» жатады, өйткені ­газет бейсенбіде оқырман қолына тиюі керек. Сондай қарбалас күндердің бірінде тілшілер бөлмесіне Дидағаң кіріп келді де, өзіне ғана тән даусымен жарқылдап бір күліп алды. Күлкісін тыйып, ентігін басқаннан кейін, газеттің алғашқы нөмірінен бірге келе жатқан қызметтес қарындасы Айнашты дауыстап шақырды.

Біз де елеңдеп, жақсы бір әңгіме еститінімізді сезіп, құлақ түре қалдық. Қалтасынан қып-қызыл бес мыңдықты шығарды да, «Осында сенен жеңіл адам жоқ. Дүкеннен шайға тәтті алып келші, қоюлап бір шай ішейік» деді. Содан жайма-шуақ, ду-думан бір отырыс басталды да кетті. Әңгіме тізгіні, әрине, Дидағаңда.

– Қазақтың Қадыры айтпақшы, «Әйелге берген ақшаның болашағы жоқ» деген принципті ұстанып, таңертең Лизаға тастауға «қимай», біраз ақшаны қажет болып қол сөмкеме салып, алып кетіп едім.

Дидағаң тағы да қарқылдап бір күліп алды.

«Саяхат» жақтан келе жатып ЦУМ-ның жанында кептелісте тұрдым да қалдым. Бақандай 45 минөт! Бір артық-кемі жоқ! Не артқа, не алға жылжымайды, пәтшағарларың. Сөйтіп, елең-алаң отырғанымда, есігім ашылып-жабылғандай болды да, жалт қарасам, ұзын сирақ бір бала жалт етті де жоқ болды, онымен менің қол сөмкем де жоқ! Анандай жерге барып, қуып келе ме дегендей, маған сығырайып бір қарап алды да, тартып отырды... Есеңгіреп мен қалдым. Көліктен түсіп не қуа алмаймын, «әй, ананы ұстаңдар» дейін десем, үнім шықпайды! Отырдым да қалдым. Қанша уақыт отырар едім, арттағы көліктер шуылдап кетпесе, жолдың бойымен алаңсыз кетіп бара жатқан ұзынсираққа қарап бара жатып, ал кеп күлейін...

Дидағаңа қосылып бәріміз күлдік! Шіркін, жазу­шының жомарт жүрегі-ай десеңізші!? Ұры екеш ұрының да соншалықты ептілігіне риза болғанын айтып, әбден күлкіге батырды. Қол сөмкеде кеткен ақшасын емес, ана бір қарасирақ қазақтың қара баласының бір күндік емес, бәлкім, он күндік, тіпті бір айлық болар нәпақасына риза болып қала бергені, бүгінде керемет бір сағынышқа айналғандай...

Сағыныш демекші... Ойды ой қозғайды. Сондай үлкен жүректі қаламгер қайтыс болғаннан кейінгі мына бір оқиға көп күнге дейін жадымнан шықпай жүрді. Қағазға түсіруге де біртүрлі жүрексіндім. Дидағаңның қайтыс болғанына әлі жыл тола қоймаған, екі-үш ай ма, жарты жыл ма, дәл қай күні екені есіме түспей тұрғаны, күз айларының бірі. Өйткені ел әлі жеңіл киіммен жүргені анық. Үстінде ақ-қара араласқан әдемі бір жейдесі бар Тұрсын аға Жұртбаев, жоғарыдан түсіп келе жатсам, бірінші қабатта баспалдаққа сүйеніп, ағыл-тегіл жылап тұр екен. Шошып кеттім. Алғашында жазушыны бірдеңе «ұрттап» алған ба деп қалғаным да рас. Жо-о-оқ, мені көрді де, бет орамалымен көзін сүртті. Мен жақындап қасына келдім де, не болғанын сұрауға батылым бармай үнсіз тұрып қалдым.

«Таңсұлу, айналайын қарындасым, Дидахметті сағындым, жоғарыға барсам ба екен, бармасам ба екен, кабинетіне Дидахметсіз қалай кіремін» деді де солқылдап қайта жылады. Еріксіз менің де көзіме жас келді. Қазақтың Алаш рухты, бірегей қаламгері сәбише солқылдап, өксігін баса алмай аяулы досын сағынып, әлі де жер қойнына қия алмай жүргеніне соншалықты жүрегім жылыды.

Осынау қиын-қыстау кезеңде адамдар бір-біріне біртүрлі салқын тартып, жақындай алмай, сағынып жүрген тұста осы бір оқиға есіме жиі түсетін болды. «Сағыныш— жұмақтың сегізінші есігі» дейді ғой. Сол қасиетті ұғымның керемет екенін сездірген Жұртбаевтың ағыл-тегіл көз жасы менің санамда Досқа, Азаматқа ­деген ұлы Құрмет, ұлы Сағыныш болып қалып қойды. Сол досыңыздың көзіндей болып аман жүріңіз, ағасы, үлкен жүректі жазушы!

 

...Дидағаңның қайтыс болғанына әлі жыл тола қоймаған, екі-үш ай ма, жарты жыл ма, дәл қай күні екені есіме түспей тұрғаны, күз айларының бірі. Өйткені ел әлі жеңіл киіммен жүргені анық. Үстінде ақ-қара араласқан әдемі бір жейдесі бар Тұрсын аға Жұртбаев жоғарыдан түсіп келе жатсам, бірінші қабатта баспалдаққа сүйеніп, ағыл-тегіл жылап тұр екен.

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

 

2067 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5810

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5480

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3218

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2604

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2565

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2544

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2277

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2259

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы