• Тұлға
  • 25 Ақпан, 2021

АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН «ЕРТЕГІ»

Қазақ ғылымы академиктерге кенде емес. Бірақ солардың аты-жөнін ғылыми орта болмаса былайғы жұрт түп-түгел біле бермейді. Дегенмен, көзден кетсе де, көңілден кетпейтін дара тұлғалар бар. Академик Өмірбек Жолдасбеков десе елең етпейтін жан жоқ-ау. Оның механика-математикаға салған сара жолы ұлттық ғылымды биік шыңға көтерсе, ұлттың болашағына арнаған азаматтық ісі халықтың жүрегінде қалды. Тағдырдың талай сындарында ары мен абыройын биік ұстанған жан ешқашан ұмытылмайды. Менің бұл ойыма өзім кездесіп, пікірлескен мына төмендегі азаматтардың жүрекжарды сөздері де анық дәлел болса керек. 

Профессор Әбілфайыз Ыдырысов­тың сөзінен:

«Арманым журналист болу. Алматыға сол үшін келіп, университеттің сынақ емтихандарын өте жақсы бағаға тапсырдым. Ертеңіне үздіктерді ректор Төлеген Тәжібев қабылдауына шақырып жатыр деген хабар келді. Есік көзінде отыратын хатшы қыз бір шаруаларымен шығып кетсе керек, орнынан көре алмадым. Кабинетінің есігін ашып, ішке ендім. Академикті бірінші рет көруім. Орта бойлы, толықша келген кісі екен. Жас шамасы елудің бел ортасынан асқан-ау. Өзім солай топшыладым. Жылы шарай танытып, қарсы алды. Қарсы алдында өзім құралпы бір жігіт тұр. Бұйра шашты, дөң­­гелек жүзді, шымыр денелі. Академик оған:

– Айналайын, Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне барасың ба? – деп сұрады.

– Аға, қайда жіберсеңіз сонда барып оқимын, – деді жігіт көздерінен ұшқын шашып. Академик дән риза.

– Міне, жолдамаң! – Ол қолына мөр басылған бір парақ қағазды ұстатты. – Жолың болсын!

Академик менің фамилиямды сұрады. Айттым. Алдында жатқан тізімнен тауып алып, қызыл қаламмен белгі салып қойды. Сосын басын көтеріп:

– Әбілфайыз, айналайын, филоло­гия­ның журналистика бөліміне құжат тапсырған екенсің. Бізде техникалық мамандық иелері жоқтың қасы. Әсіресе авиа­ция саласында. Ресейдің сондай жоғары оқу орнына жіберсем қалай қарайсың? – деді қоңырқай үнмен.

– Аға, менің арманым журналист болу. Осында оқығым келеді, – дедім. Сәл кідірдім де сөзімді жалғадым. – Оның үстіне орысшаға шорқақпын.

Ол Үстелдың арғы жағындағы орнынан тұрып, жаныма жақын келіп, иығыма қолын қойды.

– Шырағым, тілді тез үйренесің. Стипен­дияң болады. Оның үстіне осында­ғы Оқу министрліктен сыртта оқып жатқандарға қаржы бөлінеді. Ештеңеден тарықпайсың. Жаңағы жігіттің «Қайда жіберсеңіз, сонда оқимын» дегенін естідің ғой. Сен де оқып, бізге аса қажетті авиация маманы болсаң деймін. Сенің жарқын болашағың авиа­цияда. Ойлан. – Өтініп тұрғандай үні биязы шықты.

– Аға, айып етпеңіз, журналист болғым келеді, – дедім үзілді-кесілді. Алған бетім­нен қайтпайтынымды сезді ме ол бұрылып, орнына отырды. Күлімдеген жылы өңін өзгерткен жоқ.

– Иә, Отанға журналист те қажет. Тала­быңа нұр жаусын! – деп шығарып салды.

Университетті бітіріп, бала күнгі арманыма жеткендей болдым. Журналистік іссапармен облыстарға көбіне ұшақтармен барып-келіп жүрдім. Сол кездерде ­Тәжі­баевтың айтқандары есіме оралатын. Шынында, бізде авиация ­мамандары жоқтың қасы екен. «Академик біліп айтыпты. Сонда неге құлақ аспадым?» деген өкінішке де бой алдырған сәттерім де болды.

Жылдар жылжып, университеттің Журналистика факультетіне шақырды.  Ғылыммен айналысып, кандидаттық ­диссертациямды қорғадым. 1970 жылы «Ректор Асқар Закарин қызметтен кетіп, орнына Өмірбек Жолдасбеков деген жас жігіт келді» деген хабарды естідік. «Ол кім? Университетті басқаруға шамасы келе ме? Мүйізі қарағайдай профессорлар оның айтқанына көніп, айдауына жүре ме?..». Өзін әлі көрмесек те, ойға оралғаны осы болды. Оқу орнының бас ғимараты бұрынғы бірінші хатшы Шаяхметов отырған жайда еді. Көп ұзамай-ақ  жаңа ректор барлық профессорлар мен оқытушыларды соның үлкен залына жинады.

Сахна төріндегі проректорлардың қақ ортасында отырған бұйра шашты, дөңгелек жүзді, толық денелі жігіт көзіме оттай басылды. «Иә, академик Төлеген Тәжібаевтың қолынан Мәскеуге жолдама алған жігіттің тап өзі». Проректордың бірі жиналысты ашып: «Сөз техника ғылымдарының кандидаты, университетіміздің жаңа ректоры Өмірбек Жолдасбековке беріледі» деп орнына отырды. Жолдасбеков екі тілге бірдей жүйрік екен. Мінберге барып, университеттің материалдық-техникалық жағдайынан толық мәліметтер бергенде еңсеміз түсіп кетті. Одақ көлемінде ғылым мен білім беру жағынан да соңғы орындарда екенбіз. Ол сөзінің соңында: «Таяу жылдарда университеттің өз қалашығы болады. Барлық факультеттер заманауи ғи­мараттарға жайғасады. Ғылыми лабо­раториялардың материалдық-техника­лық базасы жаңарады. Студенттерді жайлы жатақханалармен толық қамтамасыз етеміз. Қалашықта профессорлар мен оқытушыларға, аспиранттарға  арнап үйлер салынады» деді.

Залдағылар оның бұл сөзіне сенер-сенбесін білмей аң-таң. Менің жанымда отырған екі профессордың бірі: «Мына жас жігіт не айтып отыр? Бізді ертегілер әлемімен елітпекші ме?» деп езу тартса, екіншісі: «Өзінен зорлар істей алмаған шаруаны бұл қалай жүзеге асырмақшы? Бізді өтірігімен қарқ қылмақшы ғой» деп кекесінмен мырс етті. Байқаймын оның сөзіне ешкім де сенер емес. Менің өзім де екі ұдай ойда болдым». Кейін айтқандарының бәрін орындады.  Жоқтан бар жасады. Қалай айтсақ та Өмірбек Жолдасбеков ұлттың рухын көтерген азамат еді».

* * *

«Казгуградтың» бас құрылысшысы ­Тарас Төлегеновтің сөзінен:

«Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен университет қалашығына Алатаудың бөктерінен жүз гектар жер бөлінген. Өмірбек Арысланұлы мені «Казгуградтың» бас құрылысшысы қызметіне шақырды. Келістім. Өзімнен жеті-сегіз жас қана үлкендігі бар. Сол кезге дейін біраз ғалымдармен бірге жұмыс істедім. Бәрінің ғылымнан басқаға қырлары жоқ. Алғашқыда Өмірбек Арысланұлын да солардың бірі шығар деп едім, қателескен екенмін. Қай іске де екпіндеп тұр. Талапшылдығы, құлшынысы бірден байқалды. Сөздің емес, істің адамы.

Қазақ КСР ауыр өнеркәсіп министр­лігінің Алматы құрылысы Бас бақармасы бас мердігер. «Университетстрой» тресі құрылды. Құрылысшы жастардың біразы қаланың әр тұстарында пәтер жалдап тұрады. Кейде олар жұмыс уақытынан ­ке­шігіп келеді. Трестің инженерлері Өмекеңе:

– Құрылысты оқу ғимараттарынан бастаймыз ба? – дегенде ол: – Жоқ жатақханалардан бастаймыз, – деп кесіп айтты.

Құрылыс жұмыстары қызу жүрді. Бір­неше айдан соң тау бөктерінен соңғы үлгідегі бес және тоғыз қабатты жатақ­ханалар бой көтерді. Секциялық бөлмелері екі және үш студенттерге арналған. Әр­қайсысының жуынатын бөлмесі мен әжет­ханасы бар. Жатақха­наларға жайғасқан студенттердің қуанышында шек жоқ. Тоғыз қабатты жатақхананың бірі уақытша жұмысшыларға бұйырды. Содан кейін жұмысқа кешігу сап тыйылды. Таңғы сағат сегізден бастап-ақ құрылыстағы еңбек майданы қайнап шыға келеді.

Жолдасбековтің екі ауысымдық жұ­мысқа көңілі толмады.

– Тарас, құрылысты үш ауысымдық ету керек. Сонда ғана ісіміз өнімді болады.

– Өмірбек Арысланұлы, оған ми­нистр­лік көне ме? – дедім күмәнді үнмен.

– Көндіруге тырысып көрейін, – деді ол.

Ондағылар Алматы құрылыс Бас басқармасының бастығы Ұзақбай Қарманов бар жауапкершілікті мойынына алса, біз қарсы емеспіз десе керек. Өмекең оған да жол тапты. Ұзақбай Қарамановты әйелімен үйіне қонаққа шақырған. Дастарқан ­басында өздеріне ортақ әңгіме университет құрылысы жайында өрбиді. Өмекең құрылысты үш ауысымда жүргізу жөнінде ұсыныс жа­сайды. Ұзекең түнгі жұмыста қауіпті жағдай­лардың көп туындайтынын айтып, келісім беруге жүрексінгенімен, Өмекең оны көндіріпті.

Өмекең құрылысқа жанын салды. Кейде Мәскеуден, не шетелдерде өт­кен ғылыми симпозиумдардан түнгі үш-төртте ұшақпен ұшып келеді. Жол жүру де оңай емес. Үйіне барып, демалып, қыз­­метіне ертеңгісін келсе болады ғой. Жоқ, ол аэропорттан бірден құрылысқа келеді. Бой көтере бастаған ғимараттарға қуатты жарық түсіріп тұрған электр қондыр­ғылар мен дәнекерлеушілердің көз қарық­тырған жарқыл-жұрқылы, алап жүк көтер­гіш крандар қозғалысына қарап көңі­лін орнықтырады. Оның құрылыс алаңдарын түгел аралап, бригадирлер мен құрылыс мастерлерімен сөйлесіп, жағдайларын сұрап, қандай материалдар қажетін қойын кітапшасына жазып алу дағдысына айналғаны қашан. Өмекең шаршауды білмейтін секілді. Ертеңіне сағат 9-да кабинетінде отыр­ғаны.  Проректорларға тапсырмаларын беріп, келу­шілерді қабылдап, ­содан соң кі­тапшасына жазып алған ма­териалдар бойынша қала меке­мелеріне телефон шалып, немесе өзі іздеп кетеді.

Кейде түнде мені де жолай құрылысқа ала кетеді. Әдеттегідей нысандарды аралаймыз. Бригадирлер бізден бұрын жоғары қабаттарға көтеріліп, шылым шеккенді сылтауратып отырып қалған жұмысшыларға: «Ректор келе жатыр! Тез тұрыңдар!» деп ескертіп жатқаны. Сондай сәттерде Өмекеңнің көзін ала бере олар біріне-бірі: «Мына ректорды жылы төсегінен біреу қуған ба?.. Өзі неткен тынымсыз адам еді. Мұнда келгенше үйінде рақаттанып жатпай ма?» десе, екіншісі: «Түн ұйқысын бөліп, қашанғы келе берер дейсің. Ары десе екі, үш рет төбесін көрсетер. Сосын өзі де жалығып қояды да» деп күбірлегендерін құлағым шалып қалады.

Құрылыс нысандарын аралап шығудың өзі білдей бір адамды болдырып, шаршатады. Әсіресе жауын-шашынды түндердің лайсаңында аяғымыз тайғанақтап, сүрініп қабынып жүргеніміз. Өмекеңнің соншалық ауыр тартқан денесіне қарамай жүрісі өте жеңіл, қимыл-қозғалысы ширақ. Мен ілесе алмаған соң соңынан жүгірумен боламын. Аптаның кез келген күні түнде құрылыс нысандарын аралау, ондағы жұмыс барысын өз көзімен көріп шығу әдеті. Кейде жұмысшылар жайғасқан жатақханаға барып, жағдайларымен танысады. Он­дағы дәмхананың тағамдар түрлерін де бақы­лауды қаперінен шығарған емес. Өзіне де, маған да, тыныштық жоқ. Үйге қайтып оралғанымызда таңғы сағат төрт болады.

Жаңылмасам сәуір айының ортасы-ау. Күннің көзі қызып, ағаштар жапырақ ­жайып қалған. Өмекең университеттің барлық оқытушыларын жинап, аптаның соңғы күнінде сенбілікке шығуын өтінді. Сонда зал ортасынан жас шамасы алпыстан асқан бір профессор ыңырана дауыстап:

– Өмірбек Арысланұлы, қолымызға қалам ұстап, студенттерге дәріс оқуға дайындаламыз ба, жоқ әлде күрек ұстап, сенбілікке шығамыз ба? Осы екеуінің қайсысы біздің міндетіміз? – деді орыс тілінде. Зал іші сілтідей тынған. Өмекеңнің қоңырқай өңі күреңітіп:

– Сіз осы университетте жалғыз профессор емессіз. Анау жаныңызда отырған Тарас: «Құрылысқа шеге жетпей жатыр» десе мен соны іздеп тапқанша, табанымнан тозып, бүкіл қаланы шарлаймын. Ал сіз бір, екі сағат күрек ұстауға арланасыз.  Ертең немереңіз не шөбереңіздің осы университетте оқымайтынына кепілдік бере аласыз ба? Біле білсеңіз осының бәрі де ұлтымыздың ұрпағы үшін жасалынып жатқан жоқ па? Күректің шаңы қолыма жұғып қалады деп қамықпаңыз. Таза ­ауада жұмыс істеген де денсаулыққа пайдалы. Сенбілікке өзіңіз басқарып отырған ­кафедра ұжымын бастап шығасыз, – деді қатқыл үнмен. Жұрт қол шапалақтап, Өмекеңді қолдады.

Өмірбек ағам мені үнемі таңғалдыруы­мен болды. Ол механик-математик қана емес, білікті архитектор, құрылысшы да. Өйткені оқу ғимараттарының құрылысы қызу жүріп жатқанда біз күтпеген істерге барады. Кейбір бөлмелердің қабырғаларын бұздырып, басқаша жасауға пәрмен береді. Трест басшылары:

– Өмірбек Арысланұлы, универси­теттің сызба жобасын Мәсекеудің жобалау институты жасағанын жақсы білесіз. Оны мемлекеттік комиссия бекіткен. Жобасын бұзуға болмайды. Бұл үшін бас кетеді, – деп азар да безер болды. Одан тайсалатын Өмекең бар ма?!

– Жоқ, бұл сызба жобаны да біз секілді пенделер жасаған. Қателіктері көрініп тұр. Кейін өкініп қалмау үшін қазір оны түзеткен жөн, – деп өз дегенін істететін.

 

Бой көтере бастаған ғимараттарға қуатты жарық түсіріп тұрған электр қондырғылар мен дәнекерлеушілердің көз қарықтырған жарқыл-жұрқылы, алап жүк көтергіш крандар қозғалысына қарап көңілін орнықтырады. Оның құрылыс алаңдарын түгел аралап, бригадирлер мен құрылыс мастерлерімен сөйлесіп, жағдайларын сұрап, қандай материалдар қажетін қойын кітапшасына жазып алу дағдысына айналғаны қашан.

 

Ғимараттың әр қабаты біткен ­сайын мемлекеттік комиссияның өкілдері келіп, тексеріп, қабылдап алады. Сонда «Өмекеңнің өзгерткендерін көріп, үлкен айыппұл салып, сөгіс беретін болды-ау» деген қорқынышты оймен жүремін. Өмекең өзінің дұрыс істегенін дәлелдеп шыққанда бір-ақ дем алушы едім. Алғашқыда трестің базбір инженерлері ғимараттың әлде бір жерлерін жеңіл-желпі материалдармен жамап-жасқап, көзбояшылық жасамақшы да болған. Бұл құрылыстың сапасына нұқсан келтіреді. Мен байқамай қалсам да Өмекеңнің назарынан ондай қулықтар тыс қалмайтын. Қай жерде қандай жұмыс істелініп жатқанын жатқа білетінін қайтерсіз. Инженелер де Өмекеңді айналып өте алмайтындарын біліп, бәріне жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты істейтін болды.

Өмірбек ағаны шаршатқан құрылыс жұмыстары емес, үстінен жоғарыға жазыл­ған домалақ немесе топтасқан жандардың арыз-шағымдары. «Жолдасбеков құры­лысқа бөлінген ақшаны ішіп-жеп қойды», «Оңтүстіктің балаларын оқуға көп қабыл­датады», «Жұрттан алған парасына алтыннан тіс салдыруда». Домалақ арыздар дөңгелеп келе береді. Сол арыз-шағымдар бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен, республикалық, қалалық прокуратурадан, Ішкі істер министрлігінен, ОБХС-тан, қала берді Халықтық бақылау комитетінен келген мамандар, құрылыстың қисық шегесіне дейін санап, Өмекеңнің алтын уақытын алып, қатты өкіндіретін. Мәскеудегі Орталық Комитеттің идеология хатшысы Сусловтан келген комиссия ше. Бұл аз десеңіз осыған КСРО-ның «Госстройдан»  келген тексерушілерін тағы қосыңыз. Бірақ арызқойлар жапқан жаланың бірде-бірі анықталмады. Бір байқағаным, Өмекең үнемі асығатын. Оны кейін білдім. Өзінің өмірден ертелеу кететінін сезген-ау. Содан болар ректор кезінде университет құрылысын толық бітіріп кеткісі келген екен ғой».

* * *

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Ғылым және білім бөлі­мінің меңгерушісі Сәдуақас Темірбековтың сөзінен:

«1986 жылы Желтоқсан көтерілісінен кейін ел іші ахуалы күрт өзгерді. Мәс­кеуден келген тергеушілер алаңға С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік универси­тетінің студенттері көп шыққан деп жаппай тергеу жұмыстарын жүргізіп жатты. Өмірбек екеуміз ауруханада емделіп жатқанбыз. Оның қан қысымы шамадан тыс көтеріліп кеткен. Дәрігерлер ем-домын жасап-ақ жатыр. Бірақ қалыпты жағдайға түсер емес.

Ертеңіне «Социалистің Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газетінен Журналистика факультетінің деканы профессор Темірбек Қожакеевті партиядан шығарғаны туралы мақаланы оқыдық. Өмірбек төсектен басын жұлып алып, «Жала! Бәрі де өтірік, қолдан құрастырылған! Бұл Камалиденовтің ісі» деп орнынан атып тұрды да шифонерден сырт киімдерін алып, киіне бастады. Мен:

– Өмірбек, қайда жиналдың? – деге­німше есіктен емдеуші дәрігер кіріп келді. Ол апыл-ғыпыл киініп жатқан Өмекеңе шошына қарап:

– Сіз қайда шығып барасыз? Отырыңыз. Қан қысымыңызды өлшемей ешқайда жібере алмаймын, – деп қолынан ұстап төсегіне алып барды. Қысымды көрсететін құралдың жіңішке тілі екі жүзге жеткенде іркіліп жылжи бастады. Дәрігер:

– Өмірбек Арысланұлы, мынандай қан қысымыңызбен сізге сыртқа шықпақ түгілі, төсектен тұруға да болмайды. Жатыңыз, қазір қыздар система салады? – деді де шығып кетті. Мен де дәрігердің айтқандарын қоштадым. Өмекең сыралғы дос қой. Алған бетінен қайтуы қиын.

– Жоқ, Сәдуақас, Камалиденовке барып, өтірігін бетіне басуым керек...  

Едәуір уақыттан соң қайтып келді. Реңі қашып, сұрланып кеткен. Көзінің ағы қызара бөрітіпті. Камалиденовпен қатты салғыласқаны көрініп тұр.

– Жаласын жоққа шығара алдың ба? – дедім тағатсызданып. Ол:

– Абайдың: «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас» дегені бар емес пе. Оған айттың не, айтпадың не. Сол жартастың өзі екен.

Біз екі аптадан соң ауруханадан шықтық.

Университет партия ұйымының ­жиналысы болған. Өмекеңнің жаулары өре түрегеліп, жөнсіз ­айыптапты. Тек академик Зейнолла Қабдолов: «Жолдастар, әділдікке жүгінейік. Мына университетті ­Жолдасбеков салдырды. Ол –  ұлттық тұлға! Мен оны партия қатарынан шығаруға қарсымын» деп басу айтқан. Дауысқа салғанда аналар жағы басым болып, Өмекеңді партия мүшелігінен шығарған. Оны республикалық газеттер жариялады. Артынша ректор қызметінен де босатты. Оған сол кездегі басшылық кафедра меңгерушісін де көп көріп, зорға тағайындайды.

 

Аптаның кез келген күні түнде құрылыс нысандарын аралау, ондағы жұмыс барысын өз көзімен көріп шығу әдеті. Кейде жұмысшылар жайғасқан жатақханаға барып, жағдайларымен танысады. Ондағы дәмхананың тағамдар түрлерін де бақылауды қаперінен шығарған емес.

 

Ер жігіттің басына нелер келіп, нелер кетпеген. Мәскеулік тергеушілердің Өмекеңді тіміс­кілеп, тінтімеген жері қалмады. Әуелі қазақ жастарын, әсіресе оңтүстіктен келген­дерді оқуға көп қабылдағансың деп айып тақты. Құжаттардан басқа ­облыстан келген талапкерлердің бәрі оқуға қабылданғаны шықты. Орыс ұлтының ­жастары да оқуға түгел түскен. Талапкерлердің білімін баға­ла­ған сынақ кітапшаларынан да, шығарма­ла­рынан да бұрмалаушылық таппаса керек. Екі ­«Волга» көлігі бар деген жалған ақпаратпен оларды да іздемеген жері қалмаған. Жоқ көлікті қайдан таба қойсын. Топпен жазылған арызда «Қырғыздың Ыстықкөлі жағалауында өзіне арнайы салдырған сая­жайы бар» деген соң бір топ тергеушілер сонда барыпты. Ондай саяжайды таппайды. Ең соңында тергеушілер: «Университетке Чехославакиядан сатып алған қымбат ­мебель жоқ болып шықты. Демек, Жолдасбеков оны басқа біреулерге сатып жіберген» деген лақап қала тұрғындарына ілезде тарап кетті. Проректорлардың бірі үйіне барып, мәскеулік тергеушілердің мебельді іздеп жатқанын, өзін оны кімге сатқанын біліп кел деп жібергенін айтады. Өмекең: ­«Мебель сол университетте. Жақсылап іздесе табады» деп қайтарады.

Бұл кезде Өмекеңді Орталық Комитеттің пәрменімен кафедра меңгерушісінен де босатқан. Әлдеқалай көмегім тиіп қала ма деп үйіне бардым. Жұмыс бөлмесінде отыр екен. Үстінде ұзын етекті жеңіл халат. Үстеліміз үстінде бірнеше аспиранттарының қалың-қалың диссертациялық жұмыстары жатыр. Соларды бірінен соң бірін оқып, ара-арасына өз ойларын қосып жазыпты. Өң-басынан күйініштің табын көре алмадым. Баяғы Өмекең. Қаннен қаперсіз жұмыс істеп отыр. «Қанша жала жапса да сағыңды сындыра алмаған екен ғой сенің». Ішім жылып қалды. Амандық-саулықтан соң көзілдірігін алып, талған жанарын қолымен уқалады да:

– Мына шәкірттерімнің ғылыми жұмыстарын оқып, риза болып отырмын. Біздің жастар талантты ғой, Сәдуақас, – деді жарқын үнмен. Оның бұл сөзі менің де мерейімді өсірді. Өмекең үзілген сөзін қайта жалғады. – Ауылдан келген қазақ студенттері орысша оқулықты бірден түсіне қоймайды. Соны ойлап Сағитов екеуміз «Теориялық механика» оқулығын қазақ тілінде жазып шыққан едік. Жуырда соны тағы бір қарап, баспаға дайындап қойдым». (Университеттер мен жоғары техникалық оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы 2002 жылы ғана жарыққа шықты. – К.А.). Қайран Өмірбек досым, ұлтын, оның жастарын шын жүрегімен сүймесе, сол оқулықты көзінің майын тамызып, қазақша жазар ма еді? Біз сол күні ұзақ сөйлесіп, өткен өмір жолдарымызды еске түсірдік. Кетер кезде ол:

– Сәдуақас, қазір жағдайдың ушығып тұрғанын білесің ғой. Мені Колбин мен Кама­лиденов қалайда қылмыскер атап, түрмеге отырғызғысы келеді. Онысы бола қоймас. Мына сүргіннен Дінмұхамед Қо­наев­қа барып, жағдайын сұрай алмай жатыр­мын. Ол кісіге де бұлардың жаппай жат­қан жалалары жоқ. Қазақ не көрмеді. Бұл қа­терден де өтерміз әлі, – деді торыққан үнмен.

 

 

Өмекеңнің жаулары өре түрегеліп, жөнсіз айыптапты. Тек академик Зейнолла Қабдолов: «Жолдастар, әділдікке жүгінейік. Мына университетті Жолдасбеков салдырды. Ол –  ұлттық тұлға! Мен оны партия қатарынан шығаруға қарсымын» деп басу айтқан.

 

Мен жуырда ғана Қонаевтың үйіне барғанымды, есігінің алдынан Колбиннің торауылдаушыларын  көргенімді, Амангелді Шабдарбаевтың келіп-кетіп тұратынын, өзінің сабыр сақтап отырғанын жеткіздім. Өмірбектің өңіне қан жүгіріп, шүкірлік етті.

Сол күннің ертеңіне университеттен тағы біреулер келіп, тергеушілердің құны өте жоғары мебельді іздеп таппағандарын, енді өзін тұтқындауға дайындалып жатқанын айтқан. Өмекең: «Барлық декандардың кабинеттеріндегі мебель бөліктерін жинап, ректордың кабинетіндегі бөлігіне қоссын. Олардың іздеп таппай жүргендері солар» дейді. Бөліктер жиынтығынан тұтас мебельдің шыққанын көріп, тергеушілер тағы да қапыда қалыпты.

Мызғымайтын Одақ тарап, қоғам күрт өзгерді. Өмекең 1990 жылы өз алдына Инженерлік академияны ашып, ғылымға қаншама жаңалықтар алып келді. Шет елдердегі ғылыми орталықтармен байланыстар жасап, аз ғана уақытта академияны халықаралық деңгейге дейін көтерді».

* * *

Университеттің алдына жиналғандар құмырсқаның илеуіндей иін тіресіп тұр. Жолдасбеков атындағы сарайдың жанынан Өмірбек Арысланұлына қойылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтуде. Академиктің көзін көріп, қызметтес болған белгілі ғалымдар, қала басшылары бірінен соң бірі сөйлеп, жиналған қауымды қуаныштарымен құттықтауда. Сол топтың ортасында мен де бар едім. Артқы жағымнан біреу қарымнан ұстап өзіне тартты. Бұрылып қарасам, республикаға белгілі журналист-жазушы Қайнар Олжай екен. Жымиып күліп:

– Көлеке, «Түркістан» газетіне акдемик Өмірбек Жолдасбековке өзі салдырған университет алдына ескерткішін қою керек деп қайта-қайта жазып едіңіз. Бүгін, міне, сол ұсыныңыз жүзеге асты. Сізді және осы мәселені жиі-жиі көтерген «Түркістан» газетін құттықтаймын! – деді.

– Қайнар, Жолдасбеков болмағанда мұн­дай университет болар ма еді, болмас па еді. Алғашқыда ғалымдар оған сенбей ерте­гідей көрген. Енді, міне, ертегінің де ақиқатқа ай­налатыны болады екен, дедім мен... 

 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ,

ҚР Президенті сыйлығының иегері

1638 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы