• Тұлға
  • 25 Ақпан, 2021

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН БАСҚАРҒАН

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының рухы – әлемдік өркениет көшіндегі еліміздің қуат-күшіне еселеп серпін беріп, жаңа белестерге жігерлендіретін ерен патриоттық сезім. Ол небір аласапыраннан аман жеткен тарихымыздың, мемлекеттің саяси-экономикалық, әлеуметтік қуат-күшін арттыра отырып халықтың өмір сапасын күннен-күнге көтерумен айшықталатын бүгініміздің және осы негізде әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына бағытталған ертеңіміздің сабақтастықтағы біртұтас өркендеуінен көрініс табуда. Бұл ұлы үрдісте «Санамыз ісімізден озып жүруі тиіс» деп, Елбасы Н.Ә.Назарбаев көрсеткендей ұлт сапасын арттыру алға шығарылуда. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының ұлт болмысын жаңа сапаға көтеру идеялары осы ұлы мұраттарға қызмет етеді. 

Ұлт болмысының сапасын арттыратын тиімді факторлардың бірі – халыққа ғибрат боларлық тұлғалар өнегесін еске салып отыру. Белгілі ғалым, ұлттану саласының көрнекті қайраткері Көпжасар Нәрібайұлының ұлт болмысын ­сапаландыруда тұлға үлгісі ерекше маңызды екенін айта келіп: «Тұлға – ол ақыл-парасаты биік, қашанда үлкен мақсаттарды көздейтін, сөзімен ісі бір жерден табылатын, ары мен жаны таза, бар ғұмырын халқының асыл мұратына арнаған жан» дегені тарихи тұлғалардың тәлімдік орны биік екенін аңғартады.

Міне, осындай тарихи тұлғала­рымыз­дың бірі Рафиқа Бекенқызы Нұртазина ардақ тұтар жан. Ұстаздар­дың ұстазы, орта білім беру ісінің реформаторы атанған Рафиқа Бекен­қызының туғанына биыл 100 жыл.

Мен өзімнің педагогикалық ­жолым Рафиқа Бекенқызы үлгісімен киелі Алматыда, мектеп аясында тоғысқан бақыт иесімін.

Ол кісінің озат тәжі­рибесіне 1980 жылдарда кездесуімнен ­бұрын-ақ сырттай еліктейтін­мін. 1976-1977 жылдарынан бастап, яғни мектеп та­балдырылған Алматыда мұғалім болып аттаған сәттен-ақ Р.Нұртазинаның педагогикалық әдістемелік өсиетімен өскен жас мұғалім болдым.

Рафиқа апаймен жақын араласып, пікірлес болуым өзімнің 1991 жылы №159 мектепте директор болып тағайындалуымнан басталды. Ол кезде Алматыда төрт қазақ мектебі болды. 1991 жылы Асқар Тоқпанов, Өмірзақ Айтбаев, Жүніс Ыбыраев, Рахманқұл Бердібаев тағы да басқа азаматтар билік табалдырығын тоздырып жүріп ерлік жасады. Тамыз айында №3 орыс тіліндегі мектеп-интернат жабылып, №159 қазақ мектебі ашылып, мені басшылыққа сайлады. Бұл ғимарат Алматыдағы ең алғашқы қазақ мектебінің ғимараты болған екен, сол қара шаңырақты қайта қайтарды, бұл Тәуелсіздіктің алғашқы жемісінің бірі еді.

 Шоқан Уәлиханов атындағы тарихы терең №12 қазақ мектебінен 400 оқушы, 33 мұғалім бөліп берілді. 1968 жылдан бастап, №12 мектепті Рафиқа Бекенқызы Нұртазина 19 жыл басқарып, іскер, жаңашыл, жауапкершілікті, ынтымақшыл педагогикалық ұжым қалыптастырып кеткені маған да үлкен сеп болды. Сондай озат көріктен шыққан мұғалімдер жаңа ашылған оқу құрал-жабдықтан түгі жоқ мектепте қиындықтарға мойымады. Айналдырған 10 жылда Алматы қаласы бойынша ғана емес, республика бойынша ең үздік мектеп болып танылдық. Мектеп тәуелсіз елімізбен бірге өсті, бірге биіктеді, жұрттың №159 мектепті «Тәуелсіздіктің құрдасы» деп атап кеткені содан болар. Мұндай атқа лайық болу, сөз жоқ, үлкен табыс еді, сол табыстың рухани қуаттандырушысы Рафиқа апайымыз болды десем артық емес. Ол кісінің 1968 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағын алуы да мектептерге сіңірген еңбегі. Алматы қаласындағы №12 қазақ мектебінде директор болған жылдардағы педагогикалық ұжымды озат тәжірибелі ұжым деңгейіне көтергені ерекше тарихи белес болды. 1973 жылдың өзінде мектеп Қазақстандағы ағылшын тілін тереңдете оқытуға көшкен еді. Бұл туралы ол өзінің «Продолжение урока» деп аталған кітабында зерттеу сипатында жазған. Кітапта мектептегі ғылыми-әдістемелік жұмыстардың нәтижелері сипатталған, сабақтарда, оқу-тәрбие ісінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланудағы талғампаздық, орыс тілі мен әдебиетін оқыту, техникалық оқу құралдарын қолдану сияқты сол замандағы өзекті мәселелерді өз тәжірибесі негізінде көтерген. Ол өзінің ғылыми, әдісте­мелік, ұстаздық, жазушылық, шығар­маларында «Мектеп. Мұғалім. Оқушы. Адам» субъекттерін біртұ­тастықта жетілдіруді өмір мұраты еткенін айтады.

1981-1991 жылдарда Теледидар және радио комитетінің тапсырысымен «Таня мен Болат үшін радиосабақтар» жүргізді. Олар табиғи тұрмыстық жағдаяттар арасында қазақ тілін үйренгісі келетіндерге арналды. Радиосабақтар күн сайын таңертең және кешке кейде күніне бірнеше рет радиодан беріліп тұрды. Өткізілген радиосабақтар негізінде 1991 жылы «Говорим по-казахски» деп аталған 12 радиокассетадан 101 сабақтан тұратын қазақ тілі оқулығы жарияланды. Бұл жұмыстың жалғасы ретінде 1992 жылы «Разговорник для общения в сфере обслуживания» деп аталған кітап жарыққа шықты.

1998 жылы мектеп ­жасына дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балалар үшін «Мирастың кітабы» жазылды, «Өзге тілдерде сөйлемейтіндер үшін қазақ тілі» Республикалық конкурста ҚР БРМ-нің грантын және Сорос-Қазақстан грантын ұтып алды. Кітап республика балабақшалары мен ­бастауыш мектептерге дидактикалық құрал ретінде пайдаланылып келді. Баланың көрнекі, бейнелі, абстрактілік ­ойлауын жетілдіруге арналған 2001 жылы басылған «Оқимын, ойлаймын, ойнаймын» атты кітап Р.Нұртазинаның педагогикалық бай мұрасын ­байыта түсті. Бұлармен бірге ­сыныптан тыс оқу үшін Л.Асқар және А.Сейсеновамен бірлікте «Наурыз», «Құрбан айт», «Дүниеге сәби келді», «Ораза айт», ­«Рамазан айы» деген кітаптар кішкене оқырмандарға жол тартты. 2002 жылы бір топ авторлармен бірлікте алты жасар балалар үшін қазақ тілін үйрету ­бойынша оқулық және оқу-әдістемелік құралдар кешені мектепке дейінгі тәрбие саласына бағасы өлшеусіз сый болды. Рафиқа апайдың еңбегінің ұлылығын белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов шынайы да әділ бағамдаған болатын: «Рафиқа Нұртазина орыс-украин жұртының Лев Толстойы, Ушинскийі, Макаренкосы, Сухомлинскийі, қазақтың Ыбырай Алтынсарині, Спандияр Көбейі, Құмаш Нұрғалиеві сияқты аса атақты педагогтар қатарына қосылады. Осылардың орнын қазақ ұстаз-әйелдерінің арасынан Рафиқа Бекенқызы толтырды десек, артық айтқандық болмаса керек».

Р.Нұртазина еңбегі қандай марапатқа болса да лайық еді. Ең жоғары Социалистік Еңбек Ері атағымен бірге Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген ­медальдармен және жоғарғы дәрежелі Грамоталармен марапатталғаны еңбегінің жемісі.

1991-2013 жылдар арасындағы жүз­десу­лерімізде ол кісінің қара­пайым­дылығына, еңбек­қорлығына, табандылығына, жаңа­шылдығына және өмірге ғашық­тығына тәнті болдым. Қай кезде, қандай жағ­дайда да тектілік болмысынан төмендеген сөз айтып, мінез таныт­қанын көрген емеспін. Үлкенге құрметпен қарайтын, кішіге көмекке дайын тұратын. Ал 2008 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған шағымда: «Өмір бойы орнымды басатын ұстаз көріп өтсем арманым жоқ деуші едім. Сол арманым орындалды» деп қуанышын білдіре отырып: «Аягүл, енді сенің Отан алдыңдағы қызметін ауырлай түседі, бұрынғынан еселеп артық еңбек етуін керек!» дегені есімде.

Ардақты апайымның сол ақылын ұмытқан емеспін, сол ақыл мені биіктен биікке жұмылдырды деп білем.

 

Аягүл Миразова,

Қазақстанның Еңбек Ері

1622 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы