• Тұлға
  • 04 Наурыз, 2021

РЕКТОР ДЕСЕ, РЕКТОР ЕДІ-АУ

Дархан МЫҢБАЙ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Мың жолдың ішінен тура жолды таңдау – кездейсоқ тапқырлық немесе сәуегейлік емес. Бұл – адамның болмысы мен тілегінің, мінезі мен тағдырының үйлесуіне қатысты тылсым дүние. Осы ретте ақиқатты темірқазық ету дос пен дұшпанды айыруға көмектеседі.
Оң мен солды теңгере білетін қайраткерлік, көбінесе, қоғамдық жұмыстарда байқалады. Осы қарапайым қағиданы жастар жағы көп біле бермейді, білсе де іске келгенде бөгеледі. Кез келген ортада сөзімен, парасатымен көзге ілінген адам көпке жол көрсетуді пешенесіне жазылған парыз, өзіне бұйырған борыш санайды. Жас кезінен мұндай сенімге ие болу есейе келе дағдыға айналады, өтініш жасағанды, қолқа салуды тоспайды. Жауапкершіліктің жүгін сезінген соң ол ұзақ ойланып жатпайды, барша іске бірден бел шешіп кіріседі. Оған, әрине, туа біткен мінез керек. 

Сонау бала кезінде Шымкенттегі Қарсыбай Сыпатаев мектебінде оқып жүргенде-ақ алғырлық, өжеттік, ұйымдастырушылық, көшбасшылық қасиетімен танылған Өмірбек Жолдасбековті әлемдік деңгейдегі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне жеткізген де туабітті қайсарлығы және талабы деуге ­болады. Шындығында, балалар арасындағы абыройы мұғалімдердің ынта-пейілін аударса, оқушылар комитетіндегі төрағалығы думанды, мағыналы кештердің шырайын ашты. Сөйтіп, ол зеректігімен, ­талантымен, тапқырлығымен тұтас мектепті алға сүйреді. Осы қасиеті студент кезінде сараланып, еңбекке араласқанда бел-белеске көтерді. Ал Политехника институтындағы проректорлық, КазГУ-дегі ректорлық лауазымы, алты дүркін халық депутат болуы, соның ішінде Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы қызметін атқаруы бірсыпыра аңыз-әңгімеге, елдік-жасампаздық өнегеге ұласқанын зиялы қауым тегіс біледі. Бұл өмірдеректі ел-жұрты әлі күнге дейін аузынан тастамайды. Ғұлама тұлға, кемеңгер басшы туралы көзкөргендер мен ­замандастары не айтып, не жазды екен? Зер ­салып көрсеңіз, тау тұлғаны жете тани түсесіз.

Ө.А.Жолдас­бековтің заманынан оза туғанына дәлел бола алады. Ойлы адамға қоғамдағы күрделі мәселенің бәрі маза бермесе керек. Салдарын сараптап, үнемі шешімін іздейді, қолынан келгенше өз үлесін қосады.

Бүгінгі тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам уақытында қазақ тілін қорғауда бұрын-соңды өзінен басқа адам болмағандай сөйлейтіндер көбейіп тұрғаны жасырын емес. Қылышынан қан тамған совет заманында еңбегін бұлдамай-ақ, ұлтының қанымен, жанымен бірге жасайтын ана тілін ардақтап, ұлтты дамытуға айғайламай-ақ үлес қосу – Өмекеңдер дәуірінің намысты ісі, аза­маттық парызы еді. Қазіргі ұрпақ мәселенің осы жағына бұрылып қараса, тарихтан тәлім алар еді.

Студент Өмірбек Жолдасбеков ғылым жолына түспей тұрып-ақ Мәскеуде өзі ұнатқан қызды (болашақ жары) қызғыштай қорып, екі томдық орысша-қазақша сөздік сыйлауы, күніне 25 сөз жаттатуы қазіргі жастарға өнеге емес пе! Шынында, азаматтығын танытып, қамқорлық жасаған студент қыздың тағдыры аянышты еді. Кезінде ұлтының қамы үшін басын бәйгеге тіккен азаматтардың бірі Т.Рысқұловпен пікірлес болған әкесі Мұхамедәлі Бағызбаевты 1937 жылы тұтқындап, атқан соң, шешесі халық жауының әйелі ретінде КарЛАГ-қа айдалады. Туған бауырларынан көз жазып қалған бес жасар қыз лагерь маңындағы балалар үйіне алынады, анасынан көп ұзамағанын да кездейсоқ біледі. Араға уақыт салып абақты тауқыметінен босап, шешесімен бірге Шымкент жағына оралады. Орыс мектебінде өте жақсы оқыған Мая Бағызбаеваның көрші мектептің үздік оқушысы Өмірбек ­Жолдасбековпен таныстығы да сол қалада басталған еді. Көп кедергі көрсе де намысын қайрап өскен бойжеткен жақсы үлгерімінің арқасында бірден Ленинградқа оқуға түседі, бір жылдан кейін өршіл жігіт Өмірбек Жолдасбековтің көмегімен Мәскеу мемлекеттік университетіне оқуға ауысады. Сол елуінші жылдарда Мәскеуде оқыған қазақстандық жастардың жерлестік ұйымына жол көрсетіп, көп құрдастарына жәрдем беріп, оларды өзінің батылдығымен, бауырмалдығымен баурап алған жас Өмірбек өзі құралыптас қазақ жастарының бойынан жалындаған күш-жігермен қатар, ата-бабаларымыздың өшпес рухы мен аңсаған арманын көруге тырысты.

Жалпы ғалымның көрегендігі – болашақты болжап білуінде. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары үшін қазақ тілінде күрделі сала – механика мен машиналар теориясы, яғни машинатану терминдеріне ана тілінде түсініктеме жазу, оларды түпнұсқадан тәржімелеу – қиынның қиыны болатын. Өмірбек Арысланұлы осы ғылым саласы бойынша екі сөздік, тұңғыш оқу құралы мен оқулық шығаруы – нағыз ерлік, шын еңбек еді. Сол кезде де заманының құлы болып, барлық салада өз тіліне қызмет етуден жерініп, ұлтын менсінбейтіндер болған. Қазір де, өкінішке қарай, жоқ емес. Заманында «қазақ тілі ғылымның тілі бола алмайды» дегендерге ісімен нақты жауап берген Өмірбек Арысланұлы білікті инженерлерді тыңғылықты даярлауды, озық елдермен теңесу мүмкіндіктерін бүгінгі ізбасарларына аманаттап кетті. Ректорлық мансабы мен жоғары білімді ұйымдастыру қабілеті орайымен үйлескен ғалым талантты студент жастарды дер кезінде тауып, жалықпай тәрбиелеудің жөн-жобасын көрсетіп кетті. Қаншама шәкірттің жолын ашты.

1970 жылы 39 жастағы Өмірбек Жолдас­бековтің сол кездегі Қазақстанның жалғыз университетіне ректор болып тағайындалуы – сенім мен жауапкершіліктің, батылдық пен намыстың көрінісі-тін. Мұнда бірден «Биофизика» оқу-өндірістік бірлестігі, тәжірибелік биоклиника, түрлі конструкторлық бюролар, робот жасау орталығы құрылып, өз заманындағы инновацияның қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатты.

Әрине, Ө.А.Жолдасбеков туралы көп айтуға, жазуға болады. Бірақ оның атын тарихта мәңгіге қалдырған бір белгі яки тарихи қолтаңбасы, тіпті ректорлық қызметінің дара шыңы – ҚазМҰУ қалашығының құрылысы. Тәжірибелі басшы әуелі «Университетстрой» арнайы құрылыс-мон­таждау басқармасын, жеке студенттік құрылыс отрядын құрып, күн демей, түн демей оқу кеше­нінің алғашқы бөлігін салып бітірді. Екі даңғыл­дың арасын қосып жатқан, бір жағынан Есентай өзені, екінші жағынан Ботаникалық бақ қор­шаған жасыл аумақ қала ішіндегі ғажайып қалаға айналды.

Оны көзбен көргіңіз келсе, тәуелсіздігіміздің бесігі – Алматыдағы ҚазМҰУ қала­шығына ат басын бұрыңыз. Өркениетті елдердегі оқу корпустарынан, кампустардан кемі жоқ. Қаншама студенттердің ұшқан ұясы ән-жырға, әуенге арқау болды. Солардың ішінде бізге жақыны – түлектер санасында жатталып қалған жыр жолдары. Ақын Қасымхан Бегманов студенттік сағынышты дөп басып, оқу орнымыздың бейнесін былай өрген еді:

КазГУ-дің қалашығы –

Көздерімнің тұңғиық қарашығы.

Сезімдерім секілді мөлдірейді –

Шалғында – дала шығы.

Киелі білім ордамыздың еңсесі алыстан-жақыннан көрінгенде, сәлемдесу орнына немесе жастық шақты еске түсіру ретімен: «КазГУ-дің қалашығы – көзімнің қарашығы!» деп қысқа қайыру ғадетке айналғаны да содан.

Бүгінде 17 қабат бас ғимараттың оң жағынан орын тепкен Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы – бір ҚазҰУ-дың ғана емес, Алматының игілікті мәдени орны. Ал оның алдындағы Өмекеңнің ескерткіші – тұлғаға қойылған лайықты белгі. Ол аға буынның парасаты мен жастардың жалынын жалғастырып тұрған рәміз сынды.

Ел басшылығы қай кезде де үлкен істі үлкен жауапкершілігі бар адамға тапсыратыны белгілі. Оны ұйымдастыру, өзіне де, әріптестеріне де талап қоя білу, әділдік, мамандар мен студенттердің тілегіне құлақ асу, әрдайым көмек қолын созу сияқты тұлғалық қасиеттері сол шақта бүкіл елде де, ұжымда да Өмірбек Жолдасбеков абыройын биікке көтергені анық. Студенттердің ізденісі­не ер­кіндік беру, ғылыми зерт­теу­лерді, оқытудағы жаңа әдіс­темелерді ұдайы қолдау, спортта, өнерде жетістікке жеткен жастарды жүйелі көтер­мелеу – есімі де, қызметі де тарихта қалған арыстан жүрек азаматтың құдай да­рытқан қасиеті еді. Міне, осы сапа, осы қолдау жастарды 1986 жылы желтоқсанның аязында бас алаңға алып шықты. Азат­тықтың қарлығаштарының елге, ұлтқа, кәсіпке, болашаққа адалдығы – тарих тегершігін дұрыс бағытқа бұрды.

Бүгінгі Тәуелсіздіктің 30 жылдық шежіресі тұрғысынан қарасақ, сол кездегі талап қоғамының саналы бөлігіне ой салып, жаңару үдерісін бас­татады. Ежелден еркіндікті аңсаған ата-баба рухымен сусындаған, намысты қолдан бермеген, қымбатымызды аялаған ұрпақтар сабақтастығын сақтау әрдайым маңызды.

Сол кезеңде республикадағы жетекші уни­верси­теттің 19 факультетіне түсуге ниет білдірушілер жылдан-жылға көбеюі заңдылық еді. Өйткені КазГУ одақта Мәскеу, Ленинград университеттерінен кейінгі үшінші орынға шығып, Дүниежүзілік университеттер қауымдастығына қабылданған-ды. Заң, философия және экономика, өзге де факультеттерде бір орынға 20-25 абитуриент таласатын. Сондай бір жылы ауылдан келген 5 «алтын медаль» иегерінің жақсы балл жиса да, студенттер қатарына ілінбей қалғанын білген Өмірбек Жолдасбеков олардың меселін қайтармай, министрлік арқылы қосымша қабылдау қамын заңдастырғанын естігеніміз бар. Оқу бағдарламасын игере алмай шығып қалатын студенттердің орнына білімпаз, талапты жастар сақадай сай дайын тұратын. Және бір ерекшелік – ректор түлектердің жер-жерге жолдама алатын жиындарына өзі тікелей қатысып, жөн сілтейтіндігі. Бұл – жас маманға деген сенімі мен құрметі болса керек. Ол әрдайым қабілетті жастарды қадір тұтты. «Ректор Жолдасбеков қалыптастырған сапа мен мәдениет, жолға қойған тәртіп пен жауапкершілік, тағылымды дәстүр мен қағидат бүгінгі жоғары оқу орындарында сақтала ма екен?..» деген сұрақ та туады.

1986 жылғы Желтоқсан іс басындағы көп азаматтардың тағдырына тұсау болғаны да – ащы ақиқат. Нақақтан жала жабылған Өмірбек Жолдасбеков те партиядан шығарылып, қызметінен кетуге мәжбүр болды. Пендешілікке салынып, аяқ астынан сатып кеткен немесе ат-тонын ала қашқан әріптестері мен шәкірттері де кездескенін ел біледі. Кейін Өмекең ақталған соң, олардың ар-ұятындағы күнә, тіршілігіндегі таңба ұлт тарихында өшпестей жазылып қалды. Арамзалардың жолын Жаратқан ие келте қайырып, көлденең кесетіні тағы бар. Бір таңданарлығы, сол беймаза күндерде ректорды қорғап шыққандар – негізінен оқу ордасындағы түрлі этнос өкілдері екен. Мысалы, жаламен түзілген «Жолдасбеков ісіне» қатысты доцент С.Либерман: «Университеттегі есі дұрыс адамдардың барлығы да мұның қолдан ұйымдастырылып отырғанын білді, білсе де көбі үнсіз қалды. Тек академик З.Қабдолов қана «Өмірбек Арысланұлы – біздің ғылымдағы құбылыс» деп жар салғанын, профессор Виктор Инюшин республика басшысы Г.Колбинмен кездескенде ғылыми еңбектері әлемге танымал Жолдасбековтен айырылу Қазақстанның жоғары біліміне үлкен соққы болғанын жеткізгенін» айтып, ақиқатын жазды.

Тағы бір комиссия ректорға интернационализмге қиғаш әрекетті таңбақ болғанда, С.Либерман мырза телефон анықтамалығынан Пурин, Шварцман, Генкин, Горенман, Слуцкий, Розенфельд, Агушевич, Сперанская, Миркин, Ульман, тағы басқалардың аты-жөнін шұқып көрсетіп: «Меніңше, басқа бірде-бір жоғары оқу орнында осыншама еврейлерді таппайсыз? Бізде одан басқа қаншама неміс пен кәріс бар» дейді. Тексеруші айтарға сөз таппай қиналады... Ал сол тырнақ астынан кір іздегендер ректор жұбайы профессор Мая Бағызбаеваның МГУ-дің түлегі екенін, кезінде «Жамбыл Жабаев шығармаларындағы патриоттық сарын» атты диплом жұмысын жазғанын, М.Әуезовтің өзі оған жоғары баға бергенін білсе де білмегендей болды.

Орыс фольклорының білгірі, славист ретінде мойындалған ғалым, академик Мая Михайловна (Мұхамедәліқызы) Бағызбаева қиын-қыстау кезеңде Өмекеңнің рухын тіктеуге тіреу әрі сенімді сүйеніш бола білді. Кейінгі атқарған қыз­меттерінде де ойын сергек, абыройын асқақ ұс­тауына барын салды. Ғұмыр бойы жанында жүріп, күш-жігер сыйлады, ақыреттік серігіне айналды.

Әдетте ректорлық қызмет оқу орнындағы лауазымның шеңберімен шектелетіні рас. Білім-ғылым, жастарды жетілдіру, мәдениет бұл қызметтің негізгі арқауы болса да, билік пен халық арасында дәнекерлік ету, елдік істерге интеллектуалдық мазмұн беру – университет көшбасшысының жазылмаған парызы.

Ұлт дамуын, білімді ел болашағын ойлаған рек­тордың өнегесін біз көрнекті академик, қоғам қай­раткері Өмірбек Арысланұлы тұлғасынан көреміз.

Алматы қаласы ЖОО ректорлары кеңесін, Ұлттық инженерлер академиясы негізін қалаған, Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің Ғылым, білім және жаңа технологиялар жөніндегі комитетін, Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетін басқарған Ө.А.Жолдасбеков отандық білім-ғылымның стратегиясын айқындау мен жүзеге асыруға қомақты үлес қосты. Ол тәуелсіз еліміздің заңнамаларын, соның ішінде «Білім беру туралы», «Жоғары білім туралы», «Мәдениет туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», тағы басқа да заңдарын пысықтап, қабылдатуға тікелей атсалысты. Мемлекеттік рәміздерді талқылау барысында көшелі пікір айтып, елдік құндылықтардың мән-маңызын түсіндіре білді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі, Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, В.Г.Шухов, Әл-Хорезми (Иран) атындағы халықаралық алтын медаль­дардың иегері Өмірбек Жолдасбековтің аты қашанда ұстаз бен ғалымдығын былай қойғанда, «ректор» ұғымының баламасындай ұлт жадында сақталатыны сөзсіз. Ол мұны КазГУ мәртебесі мен қалашығы арқылы, білім мен ғылым сапасы арқылы айқындап кетті. МГУ-ді М.В.Ломоносовсыз елестету қалай мүмкін болмаса, КазГУ-ді Ө.А.Жолдасбековсіз еске алу мүмкін емес. Бұл құбылысты «ректор эталоны» деу қисынды.

«Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деген халық сөзінің мәні осында.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ:

«Өмірбек Жолдасбеков – жиырма бірінші ғасыр мен үшінші мыңжылдықта қазақ азаматының алдынан шығар терең зерделілік пен іскерлік алғырлықтың, азаматтық қайсарлық пен күрескерлік табандылықтың, ізденімпаздық пен дәйектіліктің мейлінше қатал талабына жиырмасыншы ғасырда жүріп-ақ ойдағыдай жауап бере алған айтулы саңлақ еді».

 

Шерхан МҰРТАЗА:

«Нағыз ғалым Адамзат үшін қызмет етеді. Жалған ғалым, арзан академик тек өз қарнының қамы үшін ғылымның емшегін қанатып сорған ешкіемер кесіртке сияқты. Ал, күні кеше Кеңсайдан мәңгілік мекен тапқан Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков болса, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Асқар, Дінмұхамед Қонаевтардың ізін ала, сол алыптар қатарында тұратын нағыз академик».

 

Сұлтан САРТАЕВ:

«Сондықтан да болар, Өмірбек Арысланұлы бірінші күннен бастап өзін тек қана университет ұжымына ғана емес, бүкіл ғалымдар мен жоғары оқу орындарына өзін таныстыра білуге ­тырысты. Менің сол кездегі бір аса көңіл аударғаным – Өмекеңнің барлық университет факультеттерінің оқу жоспарларын жете білетіндігі болды. Жоғары оқу орындарының бәрін жинап, олардың ­назарларын оқу жоспарының мүлтіксіз іске асырылуына бағыттап, өзі соны бақылап отыратын. Өйткені бұл іс ­мамандарды дайындаудың көп кілтінің бірі болатын».

Дүкенбай ДОСЖАН:

«Тәуелсіздікке жан аямай қызмет қылған кісілерді атағанда, ең әуелі, ауызға Өмірбек Жолдасбеков түскен еді. «Ол кісі барда ғылым әлемін жау алмайтындай, иығымызды жарға тіреп тұрғандай ерекше сезінуші едік; ұстаз айтқан ары бар, ұяты бар үлкеніміз еді» дедім. Президент қабағына қою мұң жиып: «Арыстан мінезді кісі еді» деді. ...Кісінің шын мінезі басына іс түскенде ашылады. Көпірден өтерде сыналады. Үлкен кісі айтқан арыстан мінез ұлтының ең қиын кезеңінде ашылды, тәуелсіздіктің алғашқы шебіне шығып, желбіретіп көк байрақ ұстаушылардың бірі болды. Ұлт мүддесіне беделін, басын тіге білді».

 

Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ:

«Қазір ойласам, Тәңірінің өзі оны о баста жаратқанда жер басқан жұмыр басты пенденің ешқайсысына ұқсатпай, жеке басын даралап бөліп алып, тұлға, тұрпатының өзін сом темірден шомбалдап соға салғандай екен. Тұла бойындағы бар қасиет оның ана мол пішілген палуан тұлғасына лайықтап бәрін ірі, кесек қып жаратқандай еді. Дене бітімі қандай ірі, кесек болса, ақыл, парасаты, азаматтығы ересек ірі, кесек еді. Ол өмірде ештеңені белінен қалқып, тиіп-қашып, жарым-жартылай істемей, не істесе де өзінен кейінгіге ештеңе қалдырмай, қопарып істейтін».

 

Борис ГУСЕВ, академик, Социалистік Еңбек Ері,

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

Халықаралық инженерлік академия президенті:

«Ө.А.Жолдасбеков Ресейде, Қазақстанда, Азия мен Еуропада мойындалған ұлы ғалым және инженер ғана емес, сонымен бірге әлемде инженерлік қозғалыстың аса көрнекті ұйымдастырушысы, Халықаралық инженерлер академиясын құрушылардың бірі. Бүкіл дүниежүзі Х ғасырдағы Қазақстанның ұлы философы Әбу Насыр әл-Фарабиді біледі, бүгінде Академияның барлық мүшелері әлемдік инженерлік қозғалысқа қатысушылардың баршасына академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековті екінші әл-Фараби деп мақтанышпен атайды».

 

 

2325 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы