• Cұхбаттар
  • 11 Наурыз, 2021

НОБЕЛЬ. ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ. ҚАРА МАЙ

2006 жылдың көктемі еді. Редакциядан: «Атырау өңірінде туып-өсіп, әлденеше ұрпағы мұнай кәсіпшілігінде еңбек еткен Шырдабаевтар әулетінің аталмыш саладағы жалпы жұмыс өтіліне 936 жыл толыпты. Соны, яғни қазақ даласында тұңғыш қара май өндіруші олардың аталары мен әкелерін, мұнай ұңғымалары және ондағы телімдерді басқарып жүрген балалары мен немере-шөберелерін қамтыған талдамалы мақала жазу керек» деген тапсырма алдым. Осы тақырыпты игеру үшін ізденіп, мұрағат материалдарын ақтарып жүргенімде, атақты Нобельдердің ХХ ғасырдың басында Гурьевтегі мұнай өндірісіне байланысты кеңсе ашқаны туралы деректі көзім шалып қалды. Таңғалдым. Бұл мүмкін аталмыш сала мамандарына белгілі нәрсе шығар, бірақ газет қызметкері мен үшін үлкен жаңалық еді.
Содан көп кешікпей Шырдабаевтар әулеті жайлы мақала жазғанмын. Ол газетке шыққан. «Берілген тапсырма орындалды. Болды. Бітті» деп бұл тақырыпты ұмытқанмын. Бірақ ағайынды Нобельдердің қазақ даласындағы мұнайға қатысы туралы дерек ойымнан кетпеген. Өстіп жүргенімде бір күні осыдан ширек ғасыр шамасы бұрын жарыққа шыққан «Қазақ мұнайының тарихы» атты монографияның қолыма түспесі бар ма?! Авторы – Әбілсейіт Мұхтар. Бұл өзіміз жақсы білетін білікті ғалым, тәуелсіздік жылдарында оқырмандарға Әбілқайырдың Жоңғар қонтайшысымен, Әбілмәмбеттің Иран шахы Нәдірмен, Абылайдың, Ауған билеушісі Ахмедпен арадағы қарым-қатынасын зерделеген қызықты мақалалары арқылы есте қалған автор ғой. Сөйлесе келіп білсек, жоғарыдағы монография оның кандидаттық диссертациясы екен. Докторлығын кейін басқа тақырыптан қорғапты. Осыны білген соң біз бұл күндері Атырау қаласында тұрып, Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры болып қызмет істеп жатқан ғалым інімізден Нобель және Қазақстан тақырыбы туралы айтып беруін сұрадық. Ол бұған ризашылықпен келісіп, төмендегі сауалдарға былай деп жауап берді. 

− Әңгімені атақты Нобельдер әулетінен бастасақ. Содан кейін...иә, олардың кәсіпкерлігі бастауында тұрған Альфред Нобель туралы осы біз не білеміз?

− Альфред Нобель ­Стокгольмде 1833 жылы дүниеге келген. Оның әкесі Эммануил кеме матросы ретінде әлемнің талай жерін аралаған. Швецияға оралған соң химияға ден қойып, архитектор мамандығын игереді. Кейін үлкенді-кішілі көпір құрылысын сала жүріп, жарылғыштар жасаумен шұғылданады. Бұл бағыттағы ісі сәтсіз болған соң Финляндияға ­аттанады. Сонда, ­Стокгольмде ­зайыбы Андриеттаның жанында Людвиг, Роберт және Альфред атты ­балалары қалады. 1837 жылы Эммануил Санкт-Петербургке тұрақтап, теңіз жарылғыштарын жасаумен және қару-жарақ шығарумен айналыса бастайды. Бұл мақсатқа Ресей үкіметі Эммануилге алдымен 25 мың, кейін 40 мың рубль бөледі. Нәтижесінде ол қор жинап, отбасын 1845 жылы өзіне көшіріп алады. Осында оның ұлы Альфред химияға шындап ден қояды. Үйден білім алған жеткіншектің ұстазы сол кезеңдегі ірі химик Н.Зимин болатын. 1850 жылы 17 жастағы Альфред әкесінің тапсырмасымен АҚШ пен Францияға оқуға аттанады. Сол сапарының алғашқысында алғыр жас АҚШ-тағы тұңғыш жылу машинасын жасаған және әскери кеме конструкторы Джоном Эриксонмен кездессе, кейін Парижде ғалым Жюль Пелузаның лабораториясында жұмыс жасап, химиямен қатар физиканы меңгереді. Бір сөзбен айтқанда әлем елдерін аралау Альфредтің пайдасына шешіледі.

Бұл кезеңде оның әкесінің кәсібі де аяғынан тұрған-ды. Араға уақыт сала осы отбасындағы Альфредтен басқа тағы бір жеткіншек Людвиг 1862 жылы механикалық зауыт ашып, өндіріс пен ғылымды қатар ұштастырады. Сөз арасында айта кетер жайт, олардың кәсіпкерлігі Қырым соғысы біткен соң да өрледі деу қиын. Өйткені жарылғыш заттар майданға ғана қажет болатын. Сондықтан олар ойлана келе су кемесін жасауға ұмтылады. Уақыт өте келе бұлардың корабльдері Каспий мен Еділ бойынан көріне бастайды. Сөйтіп, өзіміз сөз етіп отырған әулет осы арқылы Каспий теңізі байлығына жақындай бастайды. 1859 жылы Альфред әкесімен бірге Швецияға оралып, ел үкіметінен қарызға 100 мың ақша алып, жарылғыш заттармен шұғылдануды жаңаша қолға алады. Содан динамит жасалады. Ал 1876 жылы динамиттен де жоғары қопарғыш зат дүниеге келеді. Көп ұзамай бұлар әлемде алғаш рет баллист атауымен танылған түтінсіз оқ-дәрінің иесі атанады. Әкелі-балалылар іле-шала оны дамытып кордит шығарады. Бұл баллистің жетілдірілген түрі болатын. Оны Альфред бірнеше елде патенттейді. Бір қызығы кордиттің патенті ағылшын ғалымы ­Абельде де бар екен. Зерттеушілер Абель ­Альфредке Ұлыбританияда патент алуын ұйымдастырып, соңында өзі иеленіп кетті деген пікірді де айтып жүр. Қайткенде де тарихта кордит патенті Нобельде қалды.

Осы жаңалықтың соңы Альфредті қолы қанға малынған миллионер деп атауға да ұласты. Өйткені ол мыңдаған адам өліміне әкелетін жарылғышты соғыс болып жатқан аймақтарға сатып, мол пайда тауып жатты. Мұндай сөзді журналистер 1888 жылы Альфредтің ағасы Людвиг өмірден өткен кезеңде «Альфред қайтыс болды» деп ­шатастырып, баспасөзге жарияланған ­некрологта жазып жіберген. Газет ­материалымен танысқан А.Нобель ендігі жерде өзін тарихта оң бағалайтын істі ойластыра бастайды. Нәтижесінде 1893 жылы ол ұрпақтарына өсиет қалдырып, кейін 1895 жылы оны қайта өзгертіп жазып, қаржысының құнды бағалы қағаздарынан жиналған ақшаны 5 ғылым саласына – физика, химия, физиология немесе медицина, әдебиет және бейбітшілікті сақтауға бөледі. Байқап қараған жанға бұлардың ішінде математика ғылымы жоқ. Оның себебін біреулер ғалым Миттаг-Леффлермен арадағы қарым-қатынасының нашарлығына байланысты десе, енді бірі Альфредтің математика ғылымын химия мен физикаға қосымша сала деп бағалауынан іздейді.

Осылайша артына игі іс қал­дырып, ұлы жаңалықтарға қолдау көр­сеткен ғалым 1896 жылы 10 жел­тоқсан­да Италияның Сан-Ремо қаласында қайтыс болады. Сүйегі Стокгольмге әкелініп, сондағы Норр зиратына жер­ленеді. Альфред өсиетін алғашында швед королі қабылдамай, күшін жоюға әрекет жасаған. Бірақ немере інісінің ұлы Эммануил уәдеге беріктігін танытып, 1897 жылы оның бар жинағы – 2 млн фунт-стерлингті Нобель қорына аударады. Осылайша бұл ақша әлемге аты белгілі сыйлықтың қаржылық негізіне айналады.

− Жоғарыдағы әңгімеден байқа­ғанымыз, Нобель әулеті байлығының негізі әскери-соғыс өнеркәсібі өнді­рісінен құралған екен. Ал олар мұнай кәсіпшілігіне қалай келіп жүр?

− Жалпы Нобельдер тек жарыл­ғыш заттармен емес, қаржы әкелетін нәрсенің барлық саласымен шұғылданған деуімізге болады. Соның негізі химия ғылымы болғандықтан, олар мұнай өндірісіне де жедел араласа бастайды. Өйткені сөз етіп отырған отбасы кәсіпкерлікпен мықтап шұғылдана бастаған кезеңде әлемде «қара алтын» − қара май дақпырты бел алады. Дүниежүзінде мұнайды бұрғылап алу 1847 жылы Ресей империясына қарасты Баку маңындағы Бибі-Әйбат аймағында басталған. Бұл идеяның авторы Нью-Йорк қаласының заңгері Георг Бисселл еді. Ол 1857 жылы Эдвин Л.Дрейк есімді адамды жалдап, АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы мұнайлы шығанақты бақылауды бұйырады. Араға екі жыл салып, 1859 жылы 27 тамызда ұңғымадан алғашқы мұнай алынады. Осымен әлемде мұнайды өндірістік негізде өндіру ­басталды деп есептелінеді. Жаңалықтарға Роберт Нобель бірден ден қояды. Ол 1873 жылы Ресей империясының оңтүстігін аралау барысында Бакудегі мұнай кәсіпшіліктерімен танысады. Көп ұзамай Роберт кішкене жер, шағын мұнай өңдеу зауытын сатып алады. Ал Людвиг Нобель 1878 жылы ­Каспий теңізіне түскен алғашқы мұнай тасымалдайтын «Зороастр» атты танкерді құрастырады. Сөйтіп бұл әулет И.Я.Забельский, А.А.Бильдерлинг, Ф.А.Блюмберг, М.Я.Белямин, А.С.Сундгрен, Б.Ф.Вундерлих ­деген іскерлермен күш біріктіріп, 1879 жылы «Ағайынды Нобельдердің мұнай өндірісі серіктестігі» компаниясын құрады. Оның төрағалығына Людвиг бекітіледі. Компанияның негізгі капиталы 3 млн рубльді құрайды. Әр пайы 5000 рубль тұратын қор капиталының 50 пайызы Нобельдердікі еді.

Серіктестік акционерлік қоғамға айналғанда, оларға көмекке інісі атақты Альфред келеді. Ол 1878 жылы қоғамға құрылтайшы болып, құбыр арқылы үздіксіз мұнай тасымалдау тәсілін тауып, 1880 жылы Бакуден Қара теңіз порттарына сондай желі жүргізуді ұсынады. Содан бастап Ресей мұнайына ықпалын арттыру мақсатында Нобельдер, Ротшильдер және әлем бойынша мұнайды игеруші «Стандарт Ойл» компаниясының иегері Рокфеллер арасында бәсекелестік ­басталады. Бұл арада Ротшильдер француз банкирлері құрған, ал Рокфеллер 1870 жылы құрылған америкалық «Стандарт ойл» компаниясының иесі екенін атап өту орынды. ХІХ ғасырдың аяғында мұнайды тез арада игеру мақсатында Ресей өзінің ішкі нарығына француздық еврейлерді жіберіп, оларға несие де береді. Нәтижесінде Ротшильдер 1883 жылы Баку-Батум теміржолын бітіріп, Батумды әлемдегі ірі мұнай порты бар қала ретінде танытады. Іле-шала «Батум мұнай өңдеу серіктестігін» құрады. Осылайша Ресей мұнайы Еуропа нарығына шығады. Мұндай жетістік Нобельдер, Ротшильдер, Рокфеллер арасындағы бәсекелестікті күшейтеді. 1895 жылы наурыз айында үш компания АҚШ және Ресей мұнай өндірушілері атынан келісімге келіп, әлемдік нарықтағы экспорттық мұнайдың 75 пайызы АҚШ-қа, 25 пайызы Ресейге тиесілі болатынын бекітеді. Оған қарамастан Нобельдер, Ротшильдер өз саясатын жүргізуге күш салады. Бір қызығы Бакудегі ­Ротшильдер шаруашылығында инженер Давид Ландау еңбек еткен. Ол болашақтағы физика бойынша Нобель сыйлығына ие болатын кеңес ғалымы Лев Ландаудың әкесі еді.

Нарық бәсекелестігіне қарамас­тан Альфред Нобель «Стандарт Ойл» компаниясымен келісімге ұм­тылған.Оның себебін ол «үмітсіз бәсекелеспен қасірет шеккенше, екі қалтаның толғаны дұрыс» деп түсіндіреді. Осындай саясатты шебер жүргізген ­Нобельдер Баку мұнайын игере жүріп, Ресей геологтарының далалық аймақ­тарындағы зерттеу жұмыстарын да ­назардан тыс қалдырмайды.

– Сонымен, Нобельдер компаниясы Қазақ­станға қашан келді?

−  Бұл туралы бүгінде екі пікір қалып­тасқан. Бірі 1899 жылғы Қарашүңгіл кен орнының игері­луімен түсіндіріледі. Бірақ архив деректерінде олар аталмыш аймақ маңынан көзге түспейді. Қарашүңгілді Ресей кәсіпкері Н.Н.Леман игереді. Ол сол өңірде іздестіру және барлау құқығын ала отырып, 1898 жылы «Леман және К» компаниясын құрады. Осы арқылы қазақ жеріндегі алғашқы мұнай мекемесінің иесі атанады. Н.Леман құрған компанияға белгілі кен орындарының көпшілігі концессияға беріледі.

Менің 1993 жылы қорғаған кан­дидаттық диссертациям тікелей «Жайық-Жем аралығындағы мұнайға» қатысты. Зерттеу барысында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде, Мәскеудегі, Санкт-Петербургтегі архивтерде еңбектеніп, Нобельдердің ХІХ ғасырдың соңына дейінгі қазақ мұнайына қатысына көзімді жеткізе алмадым. Архив құжаттары бойынша Нобель ұрпақтары 1911 жылы Доссор мұнай кен орны ашылғаннан кейін келген. Жайық-Жем аралығындағы жаңалықтардан хабардар Э.Л.Нобель сол жылы алдымен «Ағайынды Нобельдердің» кеңсесін Гурьев қаласында ашады.Көп ұзамай Санкт-Петербургте Орал өңірі мен Кавказда мұнай іздестіру және табылған мұнайды сату мақсатында «Ембі» акционерлік қоғамын құрады. Бұл мекеме үкіметтік шешіммен 1912 жылы 10 сәуірде бекітіледі. Оның құрылтайшылары Э.Л.Нобель, стат кеңесшісі Т.В.Белозерский және И.И.Стахеев болды. Гурьев қаласында қоғамның кеңсесі ашылады. 1912 жылы 12 мамырда Санкт-Петербургте қоғам акционерлерінің алғашқы ­жиналысы болып, өз жұмысын бастайды. Міне, осы күнді Нобельдердің заңды түрде Қазақстан мұнайына келуі деуімізге әбден болады. Осы пікірді ресейлік тарихшы Ф.А.Селезнев 1917 жылғы Ресейдегі төңкерістерге арнаған зерттеуінде қолдайды. Ғалым: «Орал өңірінің Ембі өзені бойындағы зерттелген мұнайлы кен орындарын ХХ ғасыр басында И.И.Стахеев қана иеленді. Мол байлық хабары естілген соң оған Нобельдер келді. Содан екеуі бірігіп 1912 жылы «Ембі» мұнай өндірісі және сауда қоғамын құрды. Ал келесі 1913 жылы «Ембіге» бәсекелес Орыс-Азия банкінің иесі А.И.Путилов «Ембі-Каспий» қоғамын құрып, басқаруды А.И.Вышнеградскийге жүктеді. «Ембі-Каспий»құрамына И.И.Стахеевті де қосып алды. Содан 1915 жылы Нобель А.И.Путиловпен келісімге келіп, Ембі ауданындағы қосалқы мекемелерді біріктіріп, акционерлік қоғам құрды»  деп жазады. Мұның өзі Нобельдің біз жазған кезеңде келгенін айғақтайды.

Сонымен, қазақ мұнайын игеру жолындағы Нобельдер қаражаты «Ағайынды Нобельдер серіктестігі» мен «Ембі» қоғамында шоғырланады. Олардың біріншісі дербес акционерлік серіктестік ретінде тіркелсе, екіншісі орыс серіктестігіне мүше болды. 1914 жылы Жайық-Жем ауданында ­Нобельдермен қатар «Колхида», «Ембі-Каспий» қоғамдары мұнай іздеу, өндірумен шұғылданады. Аталған «Колхида» компаниясында да ­Нобельдер үлесі болды. Қоғамдар ішінен 1912-1914 жылдар аралығындағы аталмыш ауданда өндірілген 14.101.169 пұт мұнайдың 37 пайызы Нобельдерге, ал 63 пайызы «Жайық-Каспий» қоғамына тиесілі еді. Бұл бәсекелестік кейін де жалғасады. Қазан төңкерісіне дейін ең көп мұнай өндірілген 1914 жылы (272,2 мың т.) Нобельдер өз үлесін 39,4 пайызға жеткізеді.

Атақты әулет қазақ даласының мұнайын алып қана қоймай, үнемі барлау және бұрғылау әдістеріне назар аударады. Соның әсерімен олардың игерген ұңғымаларының саны 43-ке жетеді. Осылайша Нобельдер Қазақстандағы мұнайлы кен орындарын игерудегі екінші ірі компания деңгейіне көтеріледі. Оның негізгі ­капиталы жылдан-жылға өседі. Ол 1913 жылы 20 млн. рубльді құраса, 1916 жылы 45 млн. рубльге жеткен. Ал 1916 жылы Эммануил Нобель «Орыстың бас мұнай корпорациясының» бақылау пакетін алған соң ­Нобель компаниясы Ресейдегі мұнай өнеркәсібінің тірегіне айналады.Олар Ескенені, Доссорды, Мақатты, Новобогатты, Қара өзен бойларын, Шеңгелді, Сатыбалды, Жоса, Мәртөк, Итассай, Мәтенқожа аймақтарын зерттейді. Үлкен жұмыстар Новобогатта жүргізіледі. 1915 жылы 31 мамырда Мақат кен орнында мұнай атқылады. Оның басында «Жайық-Каспий» қоғамы мен «Колхида» тұрды.

Зерттеушілердің пікірінше, Нобельдер қолға алған жұмыстарында асқан ыждағаттық танытқан. Өз дәсүрлерін сақтауға, жергілікті мұнайшыларға жағдай жасауға талпынған. Бір қызық дерек бар. Сол заманда мұнайлы кен орындарында жатақхана, монша, асхана, демалыс паркі салыныпты. Олардың осындай нәтижелі де, қарқынды жұмысына 1917 жылғы Қазан төңкерісі кедергі жасаған. 1918 жылғы 20 маусымдағы мұнай өнеркәсібін национализациялау декреті кәсіпшіліктің бірлігін біржолата тоқтатады. ­Содан Э.Нобель Швецияға қоныс аударады.

Қорыта келгенде, Нобельдердің ақыл-ойы мен іскерлігінің тарихта қалдырған ізі бүгінгі Нобель сыйлығы екенін мойындасақ, адамзат үшін жұмсалып жатқан мол қаражатқа 1912 жылдан кейін қазақ мұнайы да өз үлесін қосты деп сенімді түрде айта аламыз. Сонымен бірге Нобельдер және өзге де шетелдік компаниялар қаражаты мен тәжірибесі мұнайлы Қазақстанды сол заманда әлемдік нарыққа шығарып қана қоймай, өндіріске өз уақытындағы алдыңғы қатарлы технологияны енгізіп, қазақтардан мұнайшы мамандарын дайындауға оң септігін тигізді. Сөз жоқ бүгінгі дамуымызда үлкен іске ізашар олардың үлесін жоққа шығаруға ­болмайды.

Жанболат АУПБАЕВ

АТЫРАУ

 

4665 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы