• Тұлға
  • 01 Сәуір, 2021

ЕЛГЕ БОЛСЫН ДЕЙТІН БЕЛГІЛІ АЗАМАТ, ҰЛТ ЖАНАШЫРЫ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

Дамыған елдерде руханият алдыңғы орында тұрады. Рухани бай адам ғана елінің дамуына үлес қоса алады. Бізде де рухани бай, ел, жер, ұлттық құндылықтар десе жанып сала беретін ағеділ азаматтар бар. Олардың бірі – белгілі қоғам қайраткері, кәсіпкер-меценат, ұлт жанашыры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің белді мүшесі Құсман Кәрімұлы ШАЛАБАЕВ.
Ол – көпбалалы отбасында туып, бауырмалдықтың, адамгершіліктің, көппен бөлісудің не екенін бесігінен көріп, сезініп өскен жан. Өзіне әлі беймәлім үлкен Алматыға шалғай ауылдан арман қуып келгенде 21-ге де толмаған балаң жігіт еді. Өмірдің күнгейімен қатар, көлеңкелі сәттерін де көп көрді. Бірақ ешқашан мойыған емес, жанына әрқашан сабыр деген досты серік етті. Бүгінгі күні де сол болмысын жоғалтқан емес. Істің адамы. Бос сөзге жаны қас. Орнықты. Жастар ол кісінің жүріс-тұрысының өзінен-ақ үлгі алуына болады. Әрқашан қамқор. Осындай азаматтың бізге мәлім елдік, руханият деңгейіндегі бірер қырын әңгімелеп көрейік.

САДАҚ

 

Қызмет бабымен шет елдерге жиі сапарлайды. Жүрген жерінде олардың ең озық деген қандай артықшылықтары бар екен, қай тұсын сіңіруге болар екен деп, жан-жағына зер салып қоятыны тағы бар.

Осыдан екі-үш жыл бұрын Венгрияда, мадиярлар елінде болып, 27 ұлттың басы түйіскен, 240 мыңдай адам жиналған этно-мәдени жиынға қатысқан болатын.

Сол халықаралық құрылтайда, нақтырақ айтқанда, Будапешттен 100 шақырымдай қашықтықта ашық аспан астындағы алқалы жиында жүздеген киiз үй тігіліп, әскери, жауынгерлiк ойындар, садақ ату, бәйге, ат үстіндегі сайыстар, бақсылық салттар, бір сөзбен айтқанда, ежелгi мадияр-ғұндардың, көшпендiлердің дала мәдениетi көрсетіледі. Мажарстанда ат үсті, әскери, әсіресе садақшылық, қылыштасу өнері өте жоғары деңгейде дамығанын байқады.

Жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгені ғылыми дәлелденген. Жылқыны қолға үйрету арқылы бабаларымыз атқа міну мәдениетінің де негізін қалап кеткен. Бес қаруын асынып, үнемі ат үстінде жүрген көшпенді батыр бабамыз сәйгүлігінің үстінде неғұрлым еркін отыруы үшін ер-тұрман мен үзеңгіні де ойлап тапқан. Бұл бұйымдар сарбаздың ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сондай-ақ шауып бара жатып қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына, нысанаға алған қас жауын мүлт кетпей дәл көздеп атуына мүмкіндік берген. Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды да барынша жетілдірген.

Қош делік. Сонымен, әлгі мажарлардың ат үстінде немесе жаяу жүгіріп келе жатып, аспандағы нысананы оп-оңай атып түсіріп жатқанын көріп, «неткен жауынгер халық» деп қатты қызыққанын да жасыра алмайды. Тіпті сол дәуірде жүргендей әсерде болғаны да рас. Әсіресе, осы елде үлкен бизнес көзіне айналған (тіпті оны жасап шығаратын іргелі зауыт ашып алған) садаққа көңілі ауа бергені.

Иә, Мажарстандағы садақ ату мәдениетінің Еділ (Аттила) патшаның даңқы арқылы қалыптасқанын тарихтан білеміз. Аттила – ­Азияны дүр сілкіндіріп, ұлы Қытайды жеңген ғұн-түркілердің ұрпағы. Садақты тас дәуірінен ХХ ғасырға дейін дүниежүзінің барлық халқы пайдаланған. Ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс жорығында қолданылған. Құсман Кәрімұлы сол сапарында «Садақ ату өнері Қазақстанда әлі дами қойған жоқ. Бұл әскери өнерді былай қойғанда, оның өзін біз мыңдаған еуроға шет елдерден сатып әкеліп жатамыз. Біз де жауынгер халықтың ұрпағымыз ғой, сондықтан неге бұл саланы дамытпасқа?!» деген ойды арқалап қайтқаны бар. Көп ізденіп, жан-жақты ойланып, зерделей жүріп, мүлдем өзгеше садақ жасап шығарды. Мұны «Қазақтың ұлттық садағы» деп атап, зияткерлік меншік құқығын да иеленді.

Ол қандай садақ дерсіз. Кәдімгі біз көріп жүрген, біз білетін садақта тиек бар ғой, соны ол кісі – асыққа, ал садақтың екі ұшын доға тәріздес иіп тартып тұратын адырнасын ала жіпке ауыстырыпты. Айтуынша, асықты пайдаланған себебі, қазақта «асығың алшысынан түссін» деген әдемі тілек бар. Болашақта садақ ату өнеріне қатысып жатсаң, ылғи жеңіске жетіп жүргейсің деген мағына береді. Қазақта асық қасиетті саналады. Баласы ұл болса, бесігінің басына бөрінің асығын ілген екен. Бұл – бәле-жаладан аулақ, әрі шымыр-қайратты болсын дегені. Қыз болса, бесігіне еліктің асығын таққан. Ал бұл – көрікті болып бойжетсін деп ырымдағаны. Келіні құрсақ көтергенде, ата-енесі ырымдап асық жинаған, онысы – ұл тілегені. Жаугершілік заманда бабаларымыз соғыс стратегиясын, соққы беретін тұсты асықты шашып жіберіп түсіндіріп, жобалап, жоспарлаған көрінеді. Ғажап, ә?! Біздің қазақ деген дана халықтың осы бір құндылықтарын да ол бір садақтың бойына енгізіп жіберген.

Ала жіптің де біз үшін ұғымы өте кең. Мысалы, баланың тұсауын ала жіппен кескен. Ол біреудің «ала жібін» аттамасын, ешкімге қиянат жасамасын, ақ-адал азамат болып өссін деген мағынаны береді. Ал садақтағы ала жіп те сол мағынаны жоймайды, яғни атқан оғың жазықсыз біреуді жаралап қоймасын, біреудің қанын босқа төкпе деген ниеттен туған көрінеді.

Құсман Кәрімұлы садақты таңдағанда қазақтың қаракөздерін, мектепте оқып жүрген жеткіншектерді ойлайды. Бұл өнер кез келген баланың математикаға бейімін сөзсіз арттырады деп сенеді. Мысалы, тарихи фильмдерде ат үстінде немесе жаяу келе жатқан батыр жебесін көздеп тұрып нысанаға дәл тигізеді. Демек, бұл баланың жүйке жүйесін жастайынан шыңдап, дәл есептеу және көздеу әдісін меңгеруді үйретіп, ептілікке, ұшқырлыққа, батылдыққа, ұстамдылық пен сабырлылыққа тәрбиелемек. Садақ атқанда адамның екі қолы ғана емес, ойлау мүшесінен бастап, иығының бұлшық еттеріне дейін қимылдайды. Міне, Құсман Шалабаев та осы жағына басымдық берген болатын. Ол ат үстіндегі соғыс өнері, садақшылық, қылышкерлік, қамшыгерлік мәдениеті қалыптасқан мажарлардың әлгіндей салт-дәстүрі бізге үйренуге татиды деген пікірде. Осы садақ ату өнерін қолға алып, мектеп қабырғасынан оқушыға үйретсек, оқытсақ дейді. Балаға сөзбен түсіндіріп қана қоймай, тәжірибе жүзінде көрсетуіміз керек, сонда ұғынықты болады деген ойын да жасырмайды. «Бұл өнер ұл, қыз деп бөлінбейді. Болашақта чемпиондар шығып жатса бек қуанар едік» дейді біздің кейіпкер.

 

САЯБАҚ

 

Мың тағдыр тоғысқан, мың ­бояуы қабысқан Алматы – іргелі, экономикалық жағынан қуатты ­мегаполис. Жер-жаһаннан туристер ағылып келетін аймақ. Сондықтан Құсман Шалабаев алып шаһардан «Руханият саябағын» ашу туралы идея­ны біраздан бері айтып келеді. Бұл – Ұлы дала мәдениетінің бөлінбес бір бөлшегі ретінде ұлтымыздың рухын жаңғыртып қана қоймай, туризм саласының ­дамуына серпін беретін тамаша мүмкіндік. Біздің кейіпкеріміздің осы саябақта түрлі ұлттық ойындар, жарыстар өткізіліп тұрса деген арманы бар. Ұлан-байтақ жерімізден бәрі табылып жатыр: бағзы заманғы дала өркениетінің тыныс-тіршілігін паш ететін қару-жарақ, сауыт-сайман, тұрмыстық ыдыс-аяқтар, әшекей бұйымдар, құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициялары, тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсететін заттар, соның бәрін (көшірмелері болса да) осы саябаққа қойса деген ой-арманы да бар. Ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптық фестивальдар, түрлі тәрбиелік жиындар, мәдени іс-шаралар да дәл осы іргелі саябақта өткізіліп тұрса дейді. Бүгінгі ұрпақ соның бәрін көзбен көріп, жүректен өткізіп, қолмен ұстап, ата-бабасының өткен жолдарымен өздері де жүріп өткендей әсерде қалса дейді.

Токиода болған бір сапарында мыңдаған жыл болған жай ғана тал ағашының шығу тарихын әспеттеп жазып, шыны әйнектің ішіне салып дәріптеп қойғанын көргені бар еді. Міне, өткенді қадірлеу деген осы. Өркениетті елдермен тереземізді теңестіреміз десек, тегімізді жоғалтпауымыз керегін де жиі қайталаудан жалыққан емес.

 

ПАРЫЗ

 

Қазақта «Ер жігіт елге болсын дейді» деген жақсы тәмсіл бар. Құсман Кәрімұлының жанына әрдайым «ел» деген сөз аса жақын. Оның белгілі отандық танымал әншілер орындап жүрген «Мәңгілік ел», «Еліме келіп елеулі болдым» деген әндері бар. Бір жылдары «Еліме келіп елеулі болдым» деген тақырып аясында патриоттық әндер шырқалатын рухани концерттер де ұйымдастырып жүрді. Кеудесінен «Елім деп соғар жүрегім» деген жарқыраған төсбелгіні де көзіңіз шалған болар. Айтпақшы, бұл төсбелгі де – өзінің төл туындысы. Оны кім-көрінгенге табыстамайды. Шын мәнінде кім осы тәуелсіз Қазақстанға риясыз еңбек сіңіріп жүр, сол адамның кеудесіне салтанатпен тағады. Ол ұйғыр, қазақ, мейлі тәжік, орыс болсын, кім болса да бәрінің жүрегін, тілегін, мақсат-мүддесін біріктіретін төсбелгіге құндақтайды. Айтуынша, бұл жай төсбелгі емес. Алтын жалатылған, бағалы тастармен көмкерілген, пирамида кескініндегі 9 ұшы бар төсбелгі. Оны бізге былайша тарқатып, түсіндіріп берді.

– Әйгілі Шыңғысхан өмірге келгенде, оң қолына кепкен бауырдай ұйыған қан уыстап туған деген аңыз бар. Ал Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) сол қолында – 81, оң қолында 18 деген жазумен туған дейді. Сонда қарасаңыз, екі алақандағы екі санды да бір-біріне қоссаңыз (8+1 және 1+8), 9 саны шығады. Пайғамбарымыз рухани біліммен туған ғой. Ал Шыңғысханның әлемді соғыспен, қантөгіспен жаулағаны тарихтан белгілі. Мысалы, Нұр-Сұлтандағы пирамида тәріздес Бейбітшілік пен келісім сарайын алайық. Ол – сәулет өнерінің бірегей туындысы. Балама аты – Әлемнің пирамидасы. Жаһандық және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтетін орын ретінде бағаланады. Міне, біз жасап шығарған «Елім деп соғар жүрегім» төсбелгісін таққан адамның көктен күш-қуат алатыны анық, – дейді не нәрсені де тереңінен, философиялық тұрғыдан толғайтын Құсман Кәрімұлы.

Ел демекші, ол меценаттық тұрғыда өшпейтін із қалдырып жүрген тұлға. Жекпе-жегінің біреуінде де жеңіліс көрмеген Қаракерей Қабанбай батырдың 325 жылдығында өзі туып-өскен Семей өңіріндегі Үржар ауданының орталығына биіктiгi 10 метр, гранит тастан қашалған Қабанбай батыр ескерткішін орнатып берді. Мақаншы жеріне кіреберісте «Қабанбай қақпасын» тұрызды. Бабасының батырлығын естіп, қадірлеп өскен ұлдың да рухы мықты, білегі күшті болады деген пікірде. Сол жас ұрпақ игілігі үшін деп, спорт алаңын да салды. Түрлі әлеуметтік жобаларға да атсалысып жүр. Бірақ оның бәрін атын атап, түсін түстеп, жіпке тізіп айтып жатқысы жоқ. Өйткені оның бәрін азаматтық парызым деп санайды. «Ақшаның айналасында жүрген адам оған құнығып кетпеуі керек. Арыңның алдында адал болғаның дұрыс». Алтын емес, алғыс арқалап жүрген Құсман Шалабаевтың ұстанымы осы.

 

ТАҚИЯ

 

Бұл кісі жан-жақты адам. Әлгінде ән жазған дедік қой. Кино да түсірген. Әйгілі Шәкен Аймановтың осыдан жарты ғасыр бұрын түсірілген танымал «Тақиялы періштесінің» ізімен «Тайлақтың тақиясы» атты кинокартинаның сценарийін өзі жазып, өзі түсірді. Ал басты рөлге, әрине басқа емес, күні кеше ғана өмірден өтіп кеткен, өзімізге, көзімізге ыстық «тақиялы періштеміз» – Әлімғазы ­Райымбеков атамыз түскен болатын.

Кеңес Одағы кеңістігінде аса танымал болған және еліміздің бірнеше ­буыны көріп өскен, әлі де сүйіп көретін «Тақиялы періште» картинасында ерке кенжесінің әлі күнге дейін бойдақ жүргені жанына батқан Тана апа (Әмина Өмірзақова) ұлы Тайлаққа қалыңдық іздеп табанынан тозса, «Тайлақтың тақиясында» сол Тайлақ Аңсар атты немересіне лайық жар іздеп Алматы көшелерін шарлап кетеді.

Біз күнделікті тұрмысында, салт-дәстүрінде тазалықты, иман мен инабаттылықты, ізет-әдепті, ынтымақ-бірлікті, адамгершілікті арқау еткен халықтың ұрпағымыз. Небір ықылым заманнан аман қалған осынау ұлттық құндылықтарымыздың түпқазығын босатып алмауды әркім өзінің отының басынан, шаңырағының астынан ­бастап, жүрген жерінде жақсылықтың дәнін көктете жүрсе, ешкімнен кем болмас едік. Қазір, шыны керек, елімізде ерлі-зайыптылардың арасында ажырасу оқиғасы көп. Иә, Құсман Кәрімұлының картинадағы кейіпкері немересінің теңін тапқанын қалайды.

Аңсар – Тайлақ атаның бауырына басқан алғашқы немересі. Соның үйленіп, үй болғанын, көргенді қызбен бас қосқанын қалайды. Оқу, диссертация деп жеке өміріне көңіл бөлуге уақыты жоқ Аңсардың жуық арада үйленер сүйіктісі жоқ. Тайлақ атасы «қашан үйленесің» деп тықсырып барады. Амал жоқ, атасы бір телефон соққанында «үйленемін, жуық арада қуантамын» дейді. Атасы қорадағы бірер малын сатып, тойға дайындалады. Ал Аңсар көп ұзамай, достарының құрған жоспарымен ауылға келін түсіреді. Сәукеле киіп көліктен түсіп келе жатқан келін қара нәсілді болып шығады. Оны көрген Тайлақ ата жүрегін ұстап құлайды. Содан «Мұны мен өзім үйлендірмесем болмас» деген оймен Тайлақ ата алып шаһарға келін іздеп өзі шығады...

Аталған картина Алматының барлық кинотеатрында көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген-ді.

– Бәрімізге жақсы таныс «Тақиялы періште» фильмінде басты рөлді сомдаған, 85 жастағы Әлімғазы Райымбеков ақсақалдың қазіргі бейнесін осы картина арқылы ел-жұртымен қайта қауыштырғымыз келген еді. Өмір көрген, елге сыйлы қарияларымызға қарап жастар ойын, бойын түзесе, сол жандардың алғысын арқалап жүрсе, жаман болмасы анық. Әлімғазы ағамыз жүрегі таза, аурасы керемет, жайлы адам еді. Дауысының қаттырақ шыққанын естіген емеспін. Ол кісі туралы бірде-бір адам жаман айтқан емес. Әдемі қартаю деген осы шығар, бәлкім. Киноға түсіп жүріп те таңғы жаттығуын тастамайтын. Денесі қанша ірі болса да, тамақты асқан талғаммен жейтін. Отырысының, жүріс-тұрысының өзі кейінгі ұрпаққа үлгі еді. Сценарий мәтінін тез жаттай алмай қиналатын. Ал бата бергенде, тебірене ағытылып кетеді. Ол елін, жерін алабөтен сүйген азамат еді, сондықтан әрбір батасы бір-біріне ұқсамайтын, – дейді Қ.Шалабаев.

Айтпақшы, сол «Тайлақтың тақия­сы­ның» тұсаукесерінде мәрт меценат келген көрермендеріне 200 тақия сыйлады. Оның да өзіндік себебі бар.

– Тақияны мешітке барғанда ғана емес, күнделікті өмірде де киіп жүруді дәстүрге айналдырсақ деймін. Көрші қырғыз бауырларымыз айырқалпақтарын ұлықтап, әспеттеп арнайы заң да шығарып қойған. Біздің басымыздан да осы тақияны көріп, өзгелер қазақ екенімізді білетіндей дәрежеге жетсек екен деймін, – дейді Құсман Кәрімұлы. Міне, елжандылық қасиет, қазақы мінез-болмыс осылай да көрініс таппақ.

«Тайлақтың тақиясы» сол жылы әлемдегі ең беделді саналатын, талғампаз көрермендердің басы қосылатын, әр мемлекеттің кинотуындылары ұсынылатын Канн кинофестивалінің Marche Du Film киножәрмеңкесінде көрсетілді. Әрдайым тосын ойлы, ерекшеленіп жүретін Құсман Кәрімұлы онда да шетелдіктерге қазақтың тақиясын да жарнамалап қайтты.

Киножәрмеңкеде өздеріне белгіленген ғимарат маңдайшасына Көк байрағымыз ілінген ақшаңқан павильонға картинаны көруге арнайы ат басын бұрған шетелдік көрермендерге Аймановтың әйгілі кинокомедиясы туралы баяндаған. Қазақ деген іргелі елдің салт-дәстүрін, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет деген ізгі қағидаларын, жар таңдау, шаңырақ көтеру, отбасы құндылықтары сынды ұлттық болмысымыз туралы тарқатып айтып берген. Тіпті қазақтың тақиясының да мән-маңызын түсіндірген.

Құсман Кәрімұлының тағы екі фильмінің сценарийі дайын тұр. Оларды түсіру – уақыт еншісінде. Қазіргідей пандемия жағдайында, бүкіл әлемді «бір тарының қауызына сыйғызып» тұрған бүгінгі індеттің беті қайтпай, қандай да бір үлкен істерге баруға дәті шыдамас та.

 

ЖАҚСЫ СӨЗ

 

Оның өмірдегі ұстанымы айқын. Жас ұрпаққа айтары да аз емес. Кез келген нәрсені, мейлі ол кішкентай ғана болмашы дүние болсын, бәрін жақсылыққа жориды. «Жаман айтқың келіп тұрса да өз-өзіңді тежей білгін» дейді. Әр сөздің киесі барына имандай сенеді. «Ешкімге тиіспе, біреуге зауалың тимесін. Мүмкіндігің болса, қолыңа Құранды ал да, жақсы дүниелерді сүрелерден ізде. Айналаңа кешірімді бол, түсіністікпен қара, қолыңнан келсе түсіндір. Жаман деген нәрседен де жақсы нәрсені көруге, табуға болады».

Өмір оған табанды болуды, ешқашан шегінбеуді үйретті. Өмірдің кез келген сәті – сабақ. Тек сол сабақты ұйып тыңдайтын, қорытынды шығарып, сол түйгендерін дұрыс жүзеге асыра білетін саналы шәкірт бола білді.

Уақытты қадірлей біледі. Бос отырмайды. Бос уақыты бола қалса, көп оқиды. Сондықтан да жан-жақты. Бір нәрсемен тоқтап қалмайды. Тіпті балаларға арналған ертектерді де оқиды. Марқұм інісі айтушы еді, «сен осы тым қиялисың» деп. Рас, ол өзіне, миына, ойына маза бермейтін жан.

Иә, адам алдымен қиялданады. Ол бір жатқан шексіз әлем. Қиялдан ой туады. Ой арманға жетелеп, ол мақсатқа айналады. Сосын мақсатқа жету жолында тынбай еңбектенеміз. Сосын барып жеңіс сіздікі!

Құсман Кәрімұлының жетіп жүрген жетістіктерінің бар құпиясы осы. Ол сіздің де қолдан келеді, сеніңіз.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

1500 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы