• Қоғам
  • 01 Сәуір, 2021

АРЫЗЫН ЖЕТКІЗЕ АЛМАЙ, ТАУЫ ШАҒЫЛҒАН КӘСІПКЕР

«Қазақ газеттері» ЖШС-на ­Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылының тұрғыны ­Виталий Третьяков есімді азаматтан жергілікті атқарушы билік өкілдерінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізген шағым хат түсті. Хат мәтінімен мұқият танысып, мәселенің шын мәнінде күрделі екенін байқап, Виталий Третьяковты редакцияға шақырып, әңгімелескен едік. Сөйлесе келе білгеніміз, Виталий Третьяков 8 баланы тәрбиелеп өсіріп отырған көпбалалы отбасының отағасы екен. Оның отбасы 2006 жылы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылына қоныс аударып, ауылшаруашылығымен шұғылдануды бастапты. 

Виталий Владимирович – жаратылысынан еңбекқор, нағыз шаруашылықтың адамы екені сөйлеген сөзінен, айтқан әңгімесінен-ақ байқалды. Істің адамдары қашанда ойын нақты жеткізіп, уәжін де бұқпантайламай айта алуымен ерекшеленеді ғой. Өзі де жастайынан еңбектің қазанында қайнап өскен ол ер жетіп келе жатқан балаларын да еңбекке тәрбиелеп, Отанымыздың лайықты азаматтары болып қалыптасуына ерекше мән береді екен. Балалары да шаруашылыққа қолғабыс етіп,  көмектесіп келеді.

Енді кейіпкеріміздің мәселесіне келейік. Барлық түйткіл – Виталий Третьяковқа ауылшаруашылығымен айналысуға заңды түрде бөлініп берілген 300 гектар жерге құзырлы мекемелердің тарапынан жасалған әртүрлі кедергілер мен тосқауылдарға байланысты қол жеткізе алмай жүргені болып отыр.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуі­нің негізі» атты Жолдауында: «Жер – біздің басты байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы керек. Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес» деді емес пе!? Ал Виталий Влади­мирович болса, Президент атап айтқан жерді ел игілігі жолында игеріп, сол арқылы мемлекетіміздің экономикасына пайда келтіріп, өз үлесін қосқысы келетін кәсіп иесі. Бұл мақсатты жүзеге асыратын инвестициялық жобасы да, ол жобаны қаржыландыратын инвесторы да табылып тұрғанына қарамастан, өзіне қарсы жасалған түрлі құйтырқылықтармен бетпе-бет келіп, бір сөзбен айтқанда, тауы шағылып отыр.

«Ешкімнің ар-намысына тиіп отырған жоқпыз. Бар болғаны өзіміздің позиция­мызды қорғап келеміз. Мемлекеттен заңның орындалғанын, қарапайым азаматтар мүддесінің қорғалуын сұраймыз» деп сөзін бастаған Виталий Владимирович басынан өткен жағдаяттарды егжей-тегжейлі баяндап берді: 

«Көпбалалы отбасымызды асырап, сақтау үшін ауылшаруашылығымен шұғылданайық деген мақсатпен жиған-терген қазынамызды алып, 2006 жылы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылына көшіп келгенімізде түрлі тосқауылдарға, кедергілерге, қылмыстық іс-әрекеттерге душар бола бастадық. Біздің шаруашылықпен айналысуға алған жер учаскемізге мал бағу, қасақана өрт қою, қоқыс тастау тәрізді қылмыстық іс-әрекеттер қаптады да кетті.  Бұл туралы Еңбекшіқазақ ауданының құзыретті мекемелеріне талай жаздық. Арыз-шағымымызды Алматы облысының барлық мемлекеттік мекемелеріне де жолдадық. Бірақ мәселелер шешілмеді. Хаттарымыздың барлығына мағынасы екіұшты, сырғытпа жауаптар алдық. 

Мәселен, талап-арызымыз 10 тармақ­тан тұрса, соның біреуіне ғана жауап беріліп, қалғаны ескерусіз қалды. Арада он жыл өтті. Күндердің күнінде талап-арызымызды Алматы облысының бас­шылығына жеткіздік, әйтеуір. Олар бізге назар аударып, кейбір мәселелеріміз оң шешімін таба бастады. Сөйтіп, 2017 жылы инвестор тауып, ешкі фермасын аштық. Адал еңбегімізбен жұмыс істей жүріп, инвестордан алған қарызымызды өтедік. Шаруашылығымызды әрі қарай дамыту үшін 2019 жылы балаларымызбен бірге дайындаған инвестициялық жобамызды Талдықорған қаласында комиссия алдында сәтті қорғадық. Комиссияның мақұлдауымен, жобамызды жүзеге асыруға 300 гектар жерімізге тиісті құжаттарды рәсімдедік. Алайда қуанышымыз ұзаққа бармай, су сепкендей басылды. Жеме-жемге келгенде бізге тиесілі 300 гектар жердің тек 34 гектары ғана берілді. 300 гектар жерге лайықталып жасалған инвестициялық жобамыз жүзеге аспай қалды. Жарайды, әзірге 34 гектардың өзін місе тұтып, шаруашылығымызды бастай берейік десек, 34 гектардың өзі бір жерде шоғырланбаған болып шықты. Күлесің бе, жылайсың ба деген осы. 34 гектар 7 бөлек жер телімінен тұрады екен. 7 телімнің әрқайсысы бір-бірінен 100 шақырым қашықтықта орналасқан.

Шаруашылығымызда трактор көлік­терін пайдаланамыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұл – трактормен Мәскеу қаласына үш рет барып ­келген­мен тең қашықтық. Яғни ол жер телімде­ріне бару, келудің бәрін есептегенде 14 мың шақырым жол жүруіміз керек. Мұн­дай жағдайдың ақылға сыймайтынын, шаруашылыққа қолайсыздығын, бізге жер бөлуді ұйымдастыруда жіберіл­ген олқылықтар екенін айта бастаға­ны­мызда тиісті сала басшылары: «Арыз-шағым­­дарыңмен шаршаттыңдар! Қайда жазсаңдар, онда жазыңдар! Жазған арыз­дарың бәрібір де Алматы облысына қайтып келеді, бұл сұрақтарды бізден басқа ешкім де шешпейді» деген жөнсіз жауап алдық. Айтуларынша, Еңбекшіқазақ ауда­нында бос жатқан жер жоқ екен-міс, қолы­мызда бардың өзін қанағат етуіміз керек екен. Біз де өз уәжімізді аспаннан алып отыр­ғанымыз жоқ, талай гектар жердің игеріл­мей, құры босқа жатқанын көріп келгеннен кейін айтып отырмыз. Сондықтан жергілікті билік өкілдерінің «бос жер жоқ» дегенімен түбегейлі келіспейміз. Оның үстіне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігінен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының жерлері туралы сұрау салып, мәлімет алғанымызда Еңбекшіқазақ ауданында 18 мың (!) гектар жердің игерілместен бос жатқанын білдік. Өкі­ніштісі, ауылдар мен елді мекендерде мем­лекеттік бағдарламалардың орындалу талабы сақталмайды. Сондықтан біз сияқ­ты қарапайым шаруалар іс басында отырған азаматтардың салғырттығынан, нем­құрай­дылығынан зиян шегеді» дейді В.Третьяков.  

Виталий Владимировичтің мына әңгімесін тыңдай отырып, неліктен жергілікті жердегі шенеуніктер аталған азаматтың ауылшаруашылығымен айналысып, кәсібін ұлғайтып, ауқымын кеңейтуге деген талабын орындамайды деген сауал туындады. Олар сонда Президентіміздің: «Шенеуніктердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн. Кәсіпкерлерге көмек көрсетуіміз керек. Өйткені олар – экономикамыздың тірегі» деген сөзінен хабарсыз болып шыққаны ма?

Ауылшаруашылығын дамытудың нақты инвестициялық жобасы бар, ол жобаға қолдау көрсетуге әзір инвесторы табылып тұрған Виталий Третьяковқа неліктен өзіне тиесілі 300 гектар жер осы уақытқа дейін берілмейді? Мәселенің осыншалықты созбаққа салынып келгенінде қандай гәп бар? Сөйтсек, Виталий Владимировичтің айтуынша, Алматы облысының және Еңбек­шіқазақ ауданының жер мәселесімен шұғылданатын құзыретті мекемелер жерлерге ревизия жасалатынын, содан кейін барып мәселе шешілетінін айтыпты. Бірақ «ревизия әлі күнге дейін жасалмаған және алдағы уақытта да жасалатын түрі жоқ» дейді Виталий Третьяков. Ал уақыт болса өтіп жатыр...

Виталий Третьяковтың фермасы ешкі өсірумен айналысатынын жоғарыда айттық. Ешкі өсіріп, адам ағзасына, әсіресе балаларға өте пайдалы саналатын ешкі сүті­нен жасалатын өнімдерді халыққа, әлеу­меттік тұрмысы төмен отбасыларға нарықтан едәуір төмен бағада ұсынып келеді. «Республикалық ешкі фермасы» деген фирманың өнімдері жұртшылыққа жақсы таныс екен.

Әңгімесінен аңдағанымыздай, кәсіп­керге бөлінген 34 гектар жердің өзі кәдім­гідей жырға айналыпты. Третьяков­тар отбасы 2019 жылдың наурыз айында өздерінің инвестициялық жобасын Тал­ды­қорған қаласында сәтті қорғаса да, шаруа­шылығын жүргізуге бөлінген жерлеріне маусым айында бір-ақ қол жеткізеді. Алайда бұл жерлердің өзін біреулер көктем мезгілінде өңдеп, біраз бөлігіне соя дақылын егіп тастаған. В.Третьяков бірден полицияға арызданып, бұл жерлерін әупірімдеп жүріп қайтарып алған. Түсінгеніміз, Третьяковтың кәсіппен айналыса бастаған өмірінде мұндай зардапты мысалдар аз емес көрінеді. Әр күні, тұп-тура он бес жылы шаруашылығы мен кәсібін сақтап қалу, дамыту үшін толассыз күреспен өтіп келе жатқан Виталий Третьков барлығы да көпбалалы отбасының нәпақасы мен ырыздығы үшін жасалып отырғанын айтады. «Менің бар талабым – заңдылық сақталса, мемлекеттің еліміздегі кәсіпкерлікті өркендетуге бағытталған бағдарламалары толық орындалса» дейді В.Третьяков.

«Өзімізге тиесілі жер учаскесін ала алмай келе жатқанымызға байланысты 2019 жылдың 12 қараша күні біз Талдықорған қаласында өткен комиссия отырысына қатыстық. Отырысқа Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес департаменті­нің орынбасары Ж.С.Жұмабаев, Еңбекші­қазақ ауданы әкімінің орынбасары М.Т.Бекетаев, Еңбекшіқазақ ауданы ­бойынша жер қатынастары бөлімінің басшысы К.У.Қадырбаев, инвестиялық-инновациялық даму бөлімінің жетекшісі Д.Е.Даулетов қатысты. Сол отырыста Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары М.Т.Бекетаев маған орынсыз жала ­жауып, айыптай сөйледі. Айтуынша, біз алған жерлерімізді жалға беріппіз. ­Сонда тек маусым айында ғана қолымызға тиген жерлер бізге дейін өңделіп, егін егіліп қойылған болса, біз оны қалай жалға бермекпіз? Оның үстіне нақты инвестициялық жобамыз бола тұра, өзгелерге жалға беру үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін дүние. Ол жерлердің бізге дейін өңделіп қойылғаны туралы барлық дәлелдемелеріміз, топографиялық суреттеріміз де қолымызда. Неліктен Еңбекшіқазақ ауданы Жер қатынастары комитетінің басшысы У.Қадырбаев біздің тарапымыздан оның бас маманы А.А.Халиловаға «бізге бөлінген жерлерді біреулердің өңдеп қойғаны жөнінде» айтқан мәселеміз туралы жұмған аузын ашпады. Қолымызда бар 34 гектардың өзі арақашықтығы 100 шақырымнан тұратын 7 телімнен тұратын болса, ол жерлердің өзіне маза көрсетпей, «басып алу, иеленіп кету» жағдаяттарына душар қыла беретін  болса, біз ойға алған шаруашылығымызды қалай дамытпақпыз? Көпбалалы отбасы болсақ та, мемлекеттен жәрдемақы сұрап, қол жайып отырған ештеңеміз жоқ. Қайта өз күнімізді өзіміз көріп, адал кәсібіміздің салығын төлеп, ел экономикасына пайдамызды тигізіп келеміз. Мәселеміз оңынан шешілмейтін болса, шаруашылығымызға демеушілік көрсетіп келе жатқан инвес­торымыздан да айырыламыз.  Ол бізге ешкі сүтін, ірімшігін сақтау үшін қажетті қоймаларды салуға, тоңазытқыштар алуға қосымша қаражат бөлді. Ешкі азығын дайындауға керекті барлық жабдықтармен қамтамасыз етті. Асыл тұқымды мал өсіру де жоспарымызда тұр. Мұның барлығы өтелуі тиіс өте қомақты ақшалар. Енді осылардың бірі де жүзеге аспайын деп тұр. 

Уәжімізді айтсақ, ешкім де құлақ асқысы келмейді. Әкімдіктерден қайран жоқ. Кезінде республикалық ешкі фермамызбен талай фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Балаларымның бәрі де еңбекқор. Өз күшімізбен кәсібімізді дөңгелетіп келеміз. Бірақ жергілікті жерлердегі заңсыздықтардан, ол заңсыздықтарға іс басындағы азаматтардың көз жұма қарауы­нан шаруашылығымыз шатқаяқтап, зардап шегіп, алға қойған жоба-жоспарларымыз жүзеге аспай тұр» дейді Виталий Третьяков.

Барлық мәселенің шешілу түйіні – ­Алматы облысы әкімдігі мен Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігіне қатысты болып тұрғаны айдан анық. Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылының тұрғыны, жеке шаруашылық иесі Виталий Третьяковтың мәселесі оңынан шешіле ме, шешілмей ме, біз бұл мәселені арыз иесімен хабарласа отырып, назарымызда ұстайтын боламыз. Бұған дейін бірнеше сұрақтарымызды Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне жолдағанбыз. Оған да бір жыл уақыт өтті. Ешқандай ресми жауап жоқ. Соған қарағанда Виталий Третьяков мәселелерінің жергілікті ауданы мен ауылында 15 жыл бойы шешілмей келе жат­қанына таңғалмасақ та болатын сияқты.

Мақаламыздың соңын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемле­кеттік қызметшілердің жұмысы – аяқталып бітпейтін хат алмасулар мен жауапкершілікті өзгелерге жүктеуге емес, нақты нәтижеге бағытталуы ­керек» дегенімен, сондай-ақ «Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауы­мыз керек. Бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуға тиіс» деген сөздерімен аяқтағымыз келіп отыр. Бәлкім, сонда ғана жергілікті жердегі шенеуніктер ­Виталий Третьяковтың мәселесін оңынан шешейік деп білек сыбана іске кірісетін болар.

Дәуіржан Төлебаев

877 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы