• Тұлға
  • 01 Сәуір, 2021

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы: ҮШ МӘДЕНИЕТТІ БІР БОЙЫНА ТОҒЫСТЫРҒАН

Қазақтың даладай дархандығы мен мейірбандығын өмір бойы айтудан, насихаттаудан жалықпаған өзге ұлт өкілдерінің бірі – марқұм Герольд Бельгер болатын. Ал оны бауырындай көрген қаламдастары атын тура атамай Гераға дейтін. Жазушының өмірден өткеніне бес жыл толғанымен, оны әріптестері мен қазақ оқырманы ешқашан ұмытпақ емес. Өйткені ол артына өлмес рухани мұра қалдырған қаламгер. Герольд Бельгер жетпістен астам прозалық және әдеби-сын кітаптардың авторы, 200-ге тарта қазақ жазушыларын орыс, неміс тілінде сөйлеткен аудармашы, Гете мен Абай шығармашылығын салыстыра зерттеген зерттеуші. Жақында Алматыда қаламгер ескерткіші ашылды. Оған көптеген қазақ қаламгерлері мен қоғам қайраткерлері қатысып, Герағаның жазушылық, қайраткерлік қырларына тоқталды. ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. ҚР Мемлекеттік хатшысының осы жиында сөйлеген сөзін жариялап отырмыз. 

Қадірлі қауым!

Күллі қазақтың «Герағасы» атанған  ізгілікті қаламгердің өмір кеңістігі мен өнер жазирасында салған шығармашылық сүрлеуі бүгінде кең көсілген күре жолға айналып отыр. Алатаудың баурайындағы ару Алматының орталығында орын тепкен дара  тұлғаның тас тұғыры осы ойымызды мейлінше айғақтаса керек.

Әрине, Герағаның адамгершілікті биікке ұстаған асыл қасиеті мен ұлтқа деген ақадал ниеті, қайсарлана алға ұмтылып, қайраттана ой толғаған қайраткерлігі туралы үздіксіз айта беруге әбден болады.

Солтүстік Қазақстан өңіріндегі ерке Есілдің жағасында балалық шағы өткен Гераға осы өлкедегі өнерімен танылған Шал ақын мен Үкілі Ыбырайлардың өлеңін құлағына сіңіріп өсті.

Көзкөргендер бала Бельгердің қаламгерлік жолды таңдауына олардың да әсері болған шығар деген ой білдіреді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастамаған жазушының «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Тас өткел», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Гете мен Абай» және басқа да толымды шығармалары бүгінде ойлы оқырманның көңіл түкпіріне қонақтап,  әдеби ортадан лайықты бағасын алған тұғырлы туындылар.

Суреткердің дәуіріміздің көркем бейнесі көрініс тапқан шығармалары қазақ топырағын мекендеген түрлі ұлттар әдебие­тінің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жас ұрпақ рухани азық алатын асыл қазынаға айналды.

Герольд Бельгер өскен еліміздің солтүстік аймағын ежелгі қазақтармен бірге мекен еткен орыс, неміс, поляк және басқа да ұлттардың өкілдері жер иесі қазақтардың пейілі мен мейіріне әрдайым ризашылық білдіріп, қиындықты бірге еңсеріп келе жатқаны тарихтан белгілі. Сондықтан болар, халқымыздың жоғары рухани қасиеттеріне тәнті болған олар түрі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір бауырлас жұртқа айналды.

Еліміздегі әртүрлі этнос өкілдері сол тауқымет тұсында байырғы достығы мен жарасымды сыйластығына дақ түсірмей, бір-біріне шынайы жанашырлықпен көмек қолын созғандығы ұмытылмас ізгілік көрінісі, бүгінгі және келер ұрпақтар жадында мәңгілік жаңғырып тұрар жақсылық екені белгілі.

Мінеки, осындай қарапайым адам­дар­дың адал достыққа құрылған биік адамгершілік ортасынан тәлім алған біздің Гераға да өмірінің соңына дейін қазақтың тілі мен діліне, мәдениеті мен өнеріне деген шынайы қамқорлығы мен жанашырлығынан әсте айнып көрген емес.

Герольд Бельгердің жазғандарын қайта парақтап отырып, мынадай жолдарды оқи аламыз: «Мен Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болуы керек деген идеяның алғашқы авторларының бірімін. Ақыры сен Қазақстанда тұрасың ба, оның мәдениетін мойындауың керек және оны бар жан-тәніңмен қабылдай білуге тиіссің»  ­немесе «Ең тиімді тәсіл қазақ қана емес, қазақстандық зиялы қауым өкілдері, қазақтар, немістер, орыстар, кәрістер, ұйғырлар кез келген арандату мақсатында айтылатын ой-пікірлерді жоққа шығарып, барлығы бірауыздан үн қатуы ­керек. Осылайша, мемлекеттің бөлінбейтінін, біртұтастығын көрсетеміз. Мен өзімнің азаматтық позициямды осылай көрсеткім келеді» деген ойларын кездестіреміз.

Осы арқылы Герағаның ұлтымызға деген сон­шама іңкәрлігіне, Отанымызға деген сүйіспеншілігіне, бірлікті ту еткен берік ұс­танымына, ана тілімізге деген асқақ құрметіне тағы да көз жеткізгендей боламыз.

Мен кезінде Герағамен аралас-құралас бола жүріп, бір жолыққанымызда бір сәтте орыстың «вид» деген сөзінің «түр», «тұрпаттан» келетін қазақша 27 синонимін айтып-жазып бергенде қаламгердің соншалықты ізденімпаздығына, зеректігі мен парасаттылығына, қазақ тіліне деген ерекше көзқарасына қайран қалғанымды жасыра алмаймын.

Бүгін біз Герольд Бельгер ескерткішінің алдында тұрып, тұғырлы тұлғаның рухына тағзым етеміз, сырласамыз, көзі тірісінде ұлт үшін жасап кеткен жарқын істеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Қазақтың жетіспей жатқан жерін сынағанында халқымыздың қаламгерді сырт көздің сыны ретінде емес, қазақтың төл баласының нағыз жанашыр сөзіндей қабылдайтынын еске аламыз. Соны терең ұққан қазақ халқының Герағаға деген өкпесі болған жоқ, керісінше, жанындай жақсы көрді, сыйлады, тілеуін тіледі, ұлағат тұтты. Үш бірдей мәдениетті бір бойына тоғыстырған дарынды тұлға ретінде ұлт руханиятына дара соқпағын, сара жолын салып кеткен салиқалы «сары шалын» қазақ халқы әлі де сағынады, іздейді, ізет тұтады!

Елімізде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен 2016 жылдан бастап 1 наурызда Алғыс айту күні өткізіліп келеді. Бұл замана зобалаңымен Қазақстанға еріксіз депортацияланған ондаған этнос өкілдерінің кезінде тағдырдың тауқыметіне тастамай, құшағын ашып, дастарқанын жайып, суыққа тоңдырмай, аштыққа ұрындырмай аман алып қалған қазақ халқына деген алғысы екені баршаға аян. Уақыт өте келе сол азаматтар қазақтың ажырамас ағайынына, жанашыр жанбауырына айналды. Қазақтың мәдениеті мен өнерін өрге сүйреген өрелі тұлғалар қалыптасты.

Өзге этнос өкілдері арасында қазақтың мәдениеті мен өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан Александр Затаевич, Евгений ­Брусиловский, Латиф Хамиди, Александр ­Селезнев, ­Наталия Сац және басқа да дарынды тұлғалардың еңбектерін ешқашан ұмытпауымыз керек. ­Сондай-ақ бүгін арамызда осы дәстүрлі жолды жалғастырып келе жатқан Юрий ­Петрович ­Аравин, Рубен Суренович Андриасян, ­Александр Николаевич Гарковец, Асылы Османқызы, ­Ахметжан Әшіров сияқты өнер мен әдебиет майталмандарына да ризашылығымызды білдіреміз. Қазақ халқының да ұлттық өнерді өркендетуде жемісті еңбек етіп келе жатқан осындай тұлғаларға деген алғысы шексіз.

Сонымен бірге осы ескерткіштің бой көтеруіне қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімдігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне, дарынды сәулетші Нұрлан Далбайға, белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұловқа, өнерде де, өмірде де өкіл баласындай болған Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы, талантты режиссер Ермек Тұрсыновқа, тілектес зиялы қауым өкілдеріне ­шынайы алғысымызды білдіреміз.

Соңына өшпес із, мол шығармашылық мұра қалдырған Герольд Бельгердің ғұмыры үзілгенімен, тұғыры осылайша биіктей беретініне, жарқын бейнесі халық жадында әрдайым сақталатынына кәміл сенімдіміз!

Ниетіміз қабыл болсын!

 

1506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы