• Қоғам
  • 01 Сәуір, 2021

ЖЕР – БАБАЛАРЫМЫЗДАН ҚАЛҒАН АМАНАТ

Қазақстан Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салу туралы норманы заңдастыруды тапсырды. Осыған орай Президент: «Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды» деп үн қатқан болатын. Осылайша, Мемлекет басшысы шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауылшаруашылығы жерлерін сатуға және жалға беруге заң жүзінде біржолата тыйым салуға бастамашылдық жасады. Президент осыған орай наурыз айының 15-де жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасына қатысты өзінің твиттер парақшасына: «Бүгін мен өзімнің Президент ретінде заң шығаруға бастамашылдық ету құқымды пайдаланып, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдадым. Парламент оны белгіленген регламентке сәйкес қарастырып, тиісті шешім қабылдайды» деп жазды.

Жалпы кез келген Заң жобасы Үкіметтің, Парламент депутат­тарының немесе Прези­денттің бастамасы бойынша әзірленеді. Бұл мәселеде шешім қабылдаудың үш түрлі рәсім­мен түзілетін қалыптасқан қағидасы бар. Егер Заң жобасы Президенттің бастамасы бойынша әзірленсе, жерді шетелдіктерге са­туға тыйым салуды заң жүзінде тезірек рәсім­деуге мүмкіндік туады және оның заңдық күші ­болады.

Ширек ғасырдан бері қоғамда үлкен дау тудырып, ең көп талқыланған жер мәселесіне қатысты әңгіме өз шешімін ұзақ уақыттар бойы таппай келді. Ол дау Қытай елінің жалпы құны 24,5 миллиард долларды құрайтын 56 кәсіпорын ашатыны туралы әңгіме шыққалы қатты ушығып кетті.

Жалпы инвестиция тарту әлемдік тәжірибе. Одан бүгінгі алпауыт елдердің барлығы өткен. Бүгінгі бай деген Араб елдері де инвестиция тарту арқылы экономикасын жолға қойып алған. Бірақ олар инвесторларды өз елдеріне тарта отырып, олардың барлық іс-қимылдарын қатаң бақылауға алған. Мәдениет, тіл, рухани, саяси істеріне араластырмаған. Уақыты келгенде оларды шекараларынан шығарып жіберіп отырған. Сондықтан олардың Араб елдерінде тұрақтап қалуларына мүмкіндік болмады. Өз елдеріне инвестиция тарта отырып, жоғарыдағы мәселелерді ескермеген Азияның 20-ға жуық елі бүгінде қосарланған Қытай елінің көшірмесіне айналып отыр. Егер дүние саудаға түсетін болып, Қазақстан аймағына келетін инвесторлар жөніндегі мәселелер талқыланған жағдайда Жер реформасы жөніндегі комиссия осы мәселелерді жан-жақты қарағаны абзал болар еді.

Халықтың арыз-талабын ескерген билік Жер мәселесіне қатысты мораторий енгізді. Әйтсе де, Мемлекет жерді шетелдіктерге беру ниетінен бірден бас тартпады. Лоббистер келер күннен үмітін үзбеді.

2021 жылы 5 жылдық мораторий мерзімі аяқталғаны сол еді, жер дауы қайтадан қоғам талқысына түсті. Осы уақыт аралығында Үкімет нақты шара қабылдай алмады. Қазақстандағы ірі жер иеленушілердің кім екені сол күйі ашылмай қалды.

 

Осыған орай күні бүгінге дейін шетелдік банк­терде жүздеген мың гектар жерлердің кепілдікте тұрғаны ешкімге белгісіз күйде қалып отыр. Олардың иелері кім?! Қоғамнан жасыруға болар, бірақ айдың бетін көлеңкелей алмайтының анық. Уақыты келгенде ол да ашылар.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тым сирек қолданылатын Президенттің заң шығару бастамасы құқығын пайдаланып, жерді шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға сатуға, жалға беруге тыйым салатын заң әзірлеуді тапсыруы қоғам тарапынан қолдау тауып отыр. Мемлекет басшысы осыған сай, енді лоббистердің халықты алдап соғуына, билікке қысым жасауына жол беретін мүмкіндік қалдырмады. Елімізде ірі латифундистердің ат төбеліндей шағын тобы бар, енді олардың иелері өз жерлерін шетелдіктердің жекеменшігіне жаздыртып қойып, оны Қазақстан азаматтарына жалға беруінің жолы кесілмек. Бұдан біз Президенттің бір күндік саяси ұпай емес, Қазақстанның болашағын әріден ойлайтын мемлекеттік қайраткер екенін көреміз.

Жер алтынмен өлшенбейді, оның құны жоқ. Әлемдік өлшем солай. «Саяси организмді екі әдіспен өлшеуге болады. Біріншісі – территориялық көлемі және ондағы халықтың саны. Осы өлшемдердің біріншісі мен екіншісінің арасында мемлекетке сай келетін жер көлемін анықтауға мүмкіндік беретін қатынас бар. Мемлекетті адамдар құрайды, ал адамдарды жер асырайды. Яғни бұл қарым-қатынаста мемлекет тұрғындары күн көру үшін жер жеткілікті болуы шарт, ал олардың саны жер асырай алатындай болуы керек. Түптің-түбінде жері жеткілікті халық дәулетті болады» дейді атақты француз философы Жан Жак Руссо.

Біріншіден, Жер – ата-бабаларымыздан қалған аманат. Ал аманатқа қиянат жасамау бізге берілген ұран іспетті! Оны құлатпағанымыз абзал. Екіншіден, қазақтар ешқашан жерге жекеменшік құқығына ие болған емес. Ата-бабаларымыз жерді қауым, ру болып пайдаланған, оны ұрпағына аманат етіп тапсырған және ол топырақты аялай білуді үйреткен! Ұрпақтан-ұрпаққа қалдыратын басты қазына бұлағымыз да осы Жер! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында көзіміздің қарашығындай сақтап, қызғыштай қорғағанымыз да, қасиетті осы Жеріміз!

Өмір қағидасында ең құнды материалдық байлық – Жер. Бір қаланың ішінде тұрып, шекарасын айқындап алған Ватикан мемлекеті өзіне тиесілі бас-аяғы 44 гектар жерде мемлекет атынан ресми қабылдаулар жасап, түрлі шараларға қол қояды. Шақырусыз келген жанға қасиетті жерлерін таптатпайды. Еуропа құрылығындағы барлық мемлекеттер жерді аялап, оған аса маңыз береді.

Жер қадірін білетін халықтың бірі – Корсика аралының тұрғындары. Өзінің жері мен бостандығын ерлікпен, табандылықпен қорғайтын корсикандықтар кейінгі жас ұрпаққа мектеп табалдырығынан Жерді құрметтеу жөнінде өмір сабақтарын өткізеді. Билік буынының ерекше ойлап тапқаны – мектепке барған жас өскінге алғашқы сабақты Жерді сүю дәрісіне арнайды. Қазір осы бір кішкентай ұлтарақтай арал тұрғындары Жерді сүю құрметімен бүкіл Еуропаны таңғалдырып жүр.

Әлем елдерінің көпшілігі өз банкноттарында елтаңбаларын орнатса, енді бірі аң-құс, мәдени ескерткіштер көрінісін таңбалағанды жөн көреді. Ал өзімізбен кешегі бір лагерде болған Әзербайжан елі ұлттық ақшасына мемлекеттің картасын орналастырған. Бұл да бір ұтымды ойластырған саясат па дерсің?!

Жалпы қасиетті Жер туралы әңгімелер көп. Солардың бірі мынаған саяды: Адамзат қоғамының қалыптасу кезеңінде Жер үшін болған соғыс ең қасиетті соғыстарға жатқызылған. Ол туралы Түркия көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің ой-толғамдарына көз жіберсек те болар еді.

Қазақстан Президентінің бастамашыл­дығымен жасалып отырған ұсыныс та мемлекеттің аса маңыз­ды шешімдерінің бірі ретінде тарихта қалатыны айқын.

«Адам – Жердің мүлкі» депті үндістердің көсемі Сиэтл Дювамаш АҚШ Президенті Франклин ­Пирске 1855 жылы жазған хатында:

«Вашингтондағы үлкен кісі. Сіз біздің жерімізді сатып алу жайлы айтыпсыз. Сіздің ол ойыңыз біздің көңілімізді көншітпейді. Аспан аясын, жер жылуын сатуға немесе сатып алуға бола ма екен?! Жердің жібек желі, өзен-көлдің айдыны біздің меншікті мүлкіміз емес, оны бізден сатып алу деген қандай сөз? Бұл Жердің әрбір төмпешігі біздің халқымыз үшін аса қымбат. Орман-тоғайымыздың әрбір сыбдыр қаққан жапырағы, өзен-көлдеріміздің әрбір қиыршық тасы, әрбір ағашымыздың бойындағы шырын сөлі, сол жердің иесі – қызылтерілілерге қасиетті нәр берер – Жер Ана!

Адам – өмірдің өрнегін тоқушы емес, ол сол өрнектің бір тал иірім жібі ғана. Өрнектің сәнін бұзғаны, өмірінің сәнін бүзғаны.

Біз – Жер адамның мүлкі емес, адам – Жердің мүлкі деп білеміз. Ғалам біртұтас, оны бір атаның баласындай қаны бір, жаны бір деп білеміз. Топырағымыздағы қызылтәнді ақырғы адам көз жұмып, аруағы аспан әлеміндегі ақша бұлтқа айналып кетсе де, халқымыздың өлмес, өшпес рухы орман-тоғайымызда, өзен-көлімізде мәңгі бақи өмір сүре береді. Себебі: бұл Жер – менің халқыма, яғни болашақ бөбегінің жүрегі елжірей еміренетін Ана сүтімен суарылған!

Сен бұл Жерді түптің-түбінде сатып алар болсаң, оны бізше сүйе білуің керек, оны бізше аялай білуің қажет. Оны есіңнен бір сәт шығара көрмегейсің! Оны балаларыңның Жер-Ана бесігі деп біліп, бүкіл жан-жүрегіңмен аялағайсың, жан дүниеңмен қорғауға, сақтауға, Құдайдың бізді сүйгеніндей мейірімімен сүюге тиіссің!..».

Үндістер көсемінің сиямен емес, жүрек канымен, жан-тәнімен, ділімен жазған хаты адамзатқа айтылған өсиетке айналған. Бұл бүгінге ғана емес, ертеңге де керек асыл сөз! Асыл сөз ешуақытта ескірмейді! Сондықтан оны сатуға ешкімнің де құқы жоқ. Демек, Мәжіліс халық сұранысына құлақ асып, Президент ұсынған заң жобасын қолдауы тиіс!

Жер – тіріде төрің, өлгенде көрің. Жерсіз елдің де, ердің де күні қараңғы түнек. Жерсіз өмір жоқ! Мұны бір кісідей білетін Қазақстан Президентінің қасиетті Жер-Анамыз туралы үлкен тебереніспен айтқаны көпшілігімізді ойландыруы тиіс.

Осы сарындас сөзді Президентіміз де халыққа арнай отырып, мәселенің мәнісін жан-жақты түсіндіріп берді. «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұлттың ұлы мұратының бірі осы емес пе?!

Қазақ байлықты қолдың кірі, келеді, кетеді деп есептеген. Ал Жерді – қасиетті Анаға теңеген. Сонда қасиетті Ананы сатуға, өзгеге уақытша беруге бола ма!? Оған бәрі сыяды! Жерді қасиет тұтпаудың кесірінен, жерінен айрылып, барар жері, басар тауы жоқ тұтас бір ұлт ұлтарақтай жері қалмай тозып кеткен оқиғалар да тарихта болған. Кезінде Басраның ғажайып өлкесін иеленген 40 миллион күрт халқы өзара қырқысудың әсерінен қасиетті жерлерінен айрылып, қаншама жылдардан бері босып жүр. Қазір ол топырақта Ирак, Сирия, Иран, Түркия елдері орныққан. Соның әсерінен бүгінде аймақта тыныштық жоқ. Ол тыныштық таяу арада орнамасы да анық. Себебі қуғында жүрген күрд үкіметінің мақсатында соңғы күрд ұланы қалғанынша Жер үшін күрес жалғаса береді деген мақсатты ұран бар.

Сондай-ақ кезінде Кения елі де сырттан келген миссионерлердің алдау-арбауына түсіп, жерлерінен айрыла жаздаған. Ол туралы Кенияның Президенті Жомо Кениаттаның: «Батыстың адамдары келгенде қолдарында Інжіл, ал біздің қолымызда жеріміз болатын. Олар біздің көзімізді байлап, шоқынуды үйретті. Көзімізді ашқанда алақанымызда Інжіл, ал олардың қолында жеріміз тұрды» деп көз жасын төккенін ұмытпағанымыз абзал. Жер үшін қасиетті соғыста Кения 12 миллионнан астам азаматынан айрылды.

Жер туралы Алаш көсемдері де аз айтпаған. Олардың ең соңғы қоштасар сөзі де қасиетті қазақ топырағы болған. Ұлт көсемі Әлихан Бөкей­ханов­тың: «Жер, жер және жер. Өйткені жерсіз Отан жоқ, жерсіз мемлекет болмайды» деген сөзі ұлық ойымен үндесіп жатқан ұлағатты сөз бұл!

Ал Ахмет Байтұрсынов: «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін. Атадан балаға мирас болып екі-ақ нәрсе қалады, бірінші – бай тілі, екінші – байтақ жері. Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны – жер қазыналық болғандықтан: әйтпесе, бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін – жерін сатып тойып, ертең – тентіреп кетер еді» дейді.

Ал Сұлтанбек Қожанов Жер туралы күрес ең қасиетті күрес екенін айтудан тартынбаған. «Шекара аспанмен белгіленбейді, жермен белгіленеді. Әр ұлт өз қонысын сақтап қалып, сол қоныс қылған жерлерін мемлекет деп жариялайды. Қазақстан аспанда емес, жерде болмақ. Қазақ ұлты қоныс қылып пайдаланып отырған жердің барлығы Қазақстан мемлекетіне кірмек» дейді.

Өз басына, қызметіне қаншама қауіп төнсе де, ұлт қайраткері Жұмабек Тәшенов қазақтың жеріне келгенде ештеңеден тартынбаған. КОКП ОК-нің бірінші хатшысы Н.Хрушевтің Қазақстанның жерін бөлуіне жеке дара шешім шығаруына қарсылық танытқан ол: «Мен елімнің жерін таққа айырбастамаймын» деуі шын мәнінде ұлы ерліктің үлгісі еді. Одан артық не айтуға болады?!

Бүгінгі таңда Қазақстан Үкіметінің шекаралық облыстарды жергілікті ұлт өкілі есебінен көбейтуді көздеп жатқан шарасы қуантарлықтай. Алайда ол аздық етеді. Солтүстік облыстарға жастарды шоғырландырудың бір шарасы ретінде бұл облыстарда жоғары оқу орындарын ашып, жұмыс орындарын көбейтуді қолға алу керек.

Ақын Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай:

– Қой ағайын,

Іздер болсаң, жөнді ізде!

Татулыққа бекер қауіп төнгізбе,

Бөлетіндей тұтас Қазақстанды

Жер арқалап келіп пе едің, сен бізге?

Қой ағайын!

Іздер болсаң, жөнді ізде! – деп жауап беру керек болып тұр.

Себебі қасиетті қазақ жерін қорғау – осы топырақта кіндік қаны тамған әрқайсымыздың азаматтық парызымыз!

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

 

1403 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы