• Мәдениет
  • 07 Сәуір, 2021

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҚАҚПАСЫ

«Мәңгілік ел» қақпасы – Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойына орай тұрғызылған көрнекті сәулеттік құрылым. Әлемдегі санаулы қалаларға тән сәулеттік туынды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы бойынша бой көтерді. 

«Мәңгілік ел» сәулеттік-монументалды туындысы әсем де еңселі ерекшелігімен көз тартады. Құрылымның биіктігі жиырма метр. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын білдіреді. Тұғырларда қазақ ұлтының менталитетін бейнелейтін бедерлі мүсіндер орналасқан. Арканың сол жағында халық парасаттылығы мен рухани байлығының белгісі, даналықтың символы – Ақсақал мүсіні бедерленген. Қазақ ұғымында ақсақал көпті көрген данышпан, пайым-парасат пен ақылгөй ретінде ерекше мәнге ие. Ал арканың оң жағында әйелдің, яғни ошақтың қамқоршысы – ананың мүсіні орналасқан. Әйел-ана ұғымы қазақ халқында отанасы, отбасының ұйытқысы ретінде құрметтеледі. Әр мүсіннің жоғарғы жағында Елтаңба бейнеленген. Ал триумфальды арканың маңдай бөлігінің жоғарғы жағында мағыналық мәні зор «Мәңгілік ел» деген жазу бар. Бұл қазақ халқының болашағы мәңгілік дегенді білдіріп тұр. Қабырғалары қазақтың ұлттық өрнектерімен безендірілген. Сондай-ақ қазақ жауынгерінің бес қаруының бірі – қалқан орналасқан. Қалқан – қауіп-қатердің қорғаны, тұрақтылық пен жеңістің белгісі. Нысанның екі жағында «Тайқазан» мүсіні орналасқан. «Тайқазан» тоқшылық пен қонақжайлықты білдіреді.

Арка ішіне көтерілу кезінде баспалдақтар бойында келушілерге қала тарихын баяндайтын пейзаж, репортаж және жанрлық фотосуреттер орналастырылған.

«Мәңгілік ел» қақпасы  2017 жылдың 11 мамырында ашылды. Триумфальды аркадан көрермендер қаланың және астананың тарихымен таныса алады. Мерзімді көрмелер залына барып, бақылау палубасына көтерілмес бұрын көрермен жауынгерлер мүсінінің салтанатты бейнелерін тамашалайды. Бұл жерде үнемі «Ақмола-Целиноград-Ақмола-Астана қаласының тарихы» және «Қазіргі Астана» тұрақты фотокөрмелері өтіп тұрады. Сондай-ақ «Мультимедиялық астана», «Әлемнің салтанатты аркалары», «Қала тарихы», «Қазіргі Астана» және «Астананың тарихи-мәдени мұрасы» материалдары топталған бес сенсорлық ақпараттық дүңгіршектер бар. «Мәңгілік ел» қақпасына барғанда сіз тек мәдениетті ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның жаңа тарихымен танысасыз. Қазақстан Республикасының қалыптасуының бүкіл тарихы және қазақ халқының мұрасы салтанатты монумент идеясына енген.

Нұр-Сұлтандағы «Мәңгілік ел» қақпасы – бұл Елорданың әрбір тұрғыны мен қонағы үшін міндетті түрде баруға тұрарлық сәулет өнерінің жетістіктерінің бірі. 

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

 

19724 рет

көрсетілді

33

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы