• Тұлға
  • 07 Сәуір, 2021

ЭТНОПЕДАГОГИКАНЫҢ АТАСЫ

Қазақстанның әрбір азаматының бойында ұлттық патриотизмді қалыптастыратын жолдардың бірі – халыққа ғибрат боларлық өнегесі мол тұлғалар бейнесін үлгі тұту ерекше маңызды. Тұлға – ол ақыл-парасаты биік, қашанда үлкен мақсаттарды көздейтін, сөзі мен ісі бір жерден табылатын, ары мен жаны таза, бар ғұмырын халқының асыл мұраттарына арнаған жан. Ұлттық рух қашаннан да осындай тұлғаларының үлгісімен толығады, қуаттанады, нығаяды, беріктенеді. 

Міне, осы орайда әдебиетімізде ұлттық рух туын көтеріп туып жатқан шығармалар аз емес. Олардың қатарында Серғазы Қалиұлының «Өмірі өнегелі тұлғалар» атты өмірбаяндық эсселер жинағы (С. Қалиұлы. Өмірі өнегелі тұлғалар – Алматы: 2019, 272 бет.) ұлттық құндылықтарды темірқазықтай бағдарға алуымен көңіл аударады.

Бұл кітап – ұлттық салт-дәстүрлерді, ұлттық тарих пен мәдениетті, ұлттық әдебиетті сақтауды, оларды келешек ұрпаққа аман-есен аманат етіп табыстауды өсиет ететін шығармалардың бірі. Кітап, негізінде, халқымыздың ізгі рухани-адамгершілік қасиеттерін жеке тұлғалар туралы естеліктер арқылы ұсынып, оларды ұлттық құндылықтар ретінде қымбат тұтудың үлгілерін көрсетуге арналған. Автордың бұл идеясы – өзінің 70 жылдық азаматтық-қайраткерлік, 40 жылдық ғалымдық-шығармашылық еңбектерінің туы деуге толық негіз бар.

С.Қалиев өз кейіпкерлерін өмір жағ­дайында көрсете отырып, олардың мемлекетке, қоғамға, адамдарға қатынасы, көзқарасы арқылы ұлтының да этникалық қазынасының бай екенін паш етеді. Автордың кімді қалай мадақтағанын емес, кім арқылы қандай құндылықтарға меңзейтінін оқырманның аңғарары кәміл.

М.Әуезовпен бір кездесуінде: «1945 жыл­дың тамыз айы еді.  Ұлы ақын Абайдың  100 жылдық мерейтойын тойлауға ақынның туған жері – Қарауыл селосына еліміздің түпкір-түкпірінен көптеген ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері ағылып келе бастады. Сондағы Мұқаңның (М.Әуезовтың С.Д) салтанатты мәжілістегі жасаған баяндамасы бізді үш түрлі ерекшелігімен қызықтырады.

Біріншіден, Мұхаңның орысша және қазақша таза сөйлейтіні тыңдарман жұртты тәнті етті.

Екінші – Мұхаң әдеттегі баяндамашылардай қағазға қарамай, баяндамасын басынан аяғына дейін жатқа айтып шықты.

Үшінші – сол 40 минуттық баяндамасында басқа тілден бірде-бір қыстырма сөз кіргізбей, кіршіксіз таза әдеби тілде жасауы бізге ерекше ой салды.»

Міне, мұнда автор М.Әуезов әрекеті арқылы қазақ тілінің ең асыл, ең қымбатты құндылық екеніне оқырман назарын аударады, әрі шешендік өнерімізге деген құштарлықты арттырады.  «Әлемге аты әйгілі ұлы Мұхаңмен әр кездесулерде менің ойға  түйгенім: ол кісінің әлем халықтарының мәдени байланыстарын аса терең білетіндігі, үлкен-кішіге, туған халқына деген ыстық ықыласы мәңгі есте сақталып, кейінгі ұрпақтың жүрегіне отансүйгіштік рухты себуге деген ынта-жігері еркін сезіліп тұрды.

Тұлғаның үлгісі –  бүгіннің ырзығы, ертеңнің қамы екенін  автор  өзінің классик жазушы Ғабиден Мұстафинмен кездесуінде ойға салады. «Сайлаушылармен кездесу жиналысынан кейін ­совхоз директоры М.Әмірғалин бізді үйіне түскі асқа шақырды. Дастарқан басында Ғабең әртүрлі әңгімелер айтып отырып, сөз арасында: «Кейбір басшылар болмашы нәрсеге бола қызбалық жасап, қол астындағыларға айбар көрсетеді. Бастық болсаң, бақырып болма! Кресло ақылдыны нұрландырады, ақымақты жындандырады» деп айтқанда, совхоз директоры құлағына дейін қызарып, ұяттан жарылып кете жаздады да: «Ғабе! Шаруа адамдары кейде өзін-өзі ұстай алмайды. Менің бағанағы әбестігіме Сізден кешірім сұраймын. (Бұның алдында Ғ.Мұстафин мен С.Қалиұлы совхоз директорының өзінің бір қызметкерін жерден алып-жерге салып, ұрсып жатқанының үстінен түскен). «Ат-шапан айыбым» деп, Ғабеңнің иығына шапан жауып, өзінің таяуда ғана сыйлыққа алған су жаңа «Волга» машинасын тарту етті. Ғабең: «Әр совхоз басшысынан «Волга» ала берсем, мен миллионер болармын. Машинаңды өзің игілігіңе жұмса, ағаңның қатты айтқан ескертуін сен де көңіліңе алма!» деп сыпайылық білдірді.»

Бұл көріністен ешбір түсініктемесіз-ақ автордың тұжырымынан қазақ жұртының адами қасиеттерінің айрықша бағаланылатыны көрінеді: ел мен жер тарихына деген қызығушылық, сөз құдіретіне деген құштарлық, сөйлеудегі терең пайымдылық, сыпайылық, салмақтылық, кісі жанына тиерлік сөз айтып, іс істемеу, оны астарлап әдеппен ұғындыру, дүниеқоңыздыққа салынбау, өз қадір-қасиетін сақтау, жомарттық, қонақ сыйлап күте білу, т.б.

Тоқсан ауыз сөз түйіні: Сер­ғазы Қалиұлының «Өмірі өнегелі тұлғалар» атты эсселер жинағы әдебиетімізге, этно­­педагогикамызға,  әлеу­меттануға, тұлғатануға қазақ халқының рухани мәдениетін, ұлттық тәлімін өз қадір-қасие­тімен көрсетіп қосыла алатын кең арналы қайнар деп тануға лайық кітап. 

 

С.Дүйсебаев,

Қазақстан Педагогикалық ғылымдар

академиясының мүшесі

Тараз өңірлік университетінің

 Құрметті профессоры

 

Т.Жұмажанова,      

Педагогика ғылымының

докторы, профессор

1248 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы