• Руханият
  • 07 Сәуір, 2021

ОТБАСЫ ТАРИХЫ – ОТАН ТАРИХЫНЫҢ БІР ТАМШЫСЫ

Кезінде байтақ еліміздің – батыс, шығыстағы бірнеше қаласында жауапты қызметтер атқарған соң, кіндік қаны тамған топыраққа оралып, Шарап және минералды су құю бірлестігінің бас директоры, Сарыағаш қаласының әкімі лауа­зымын атқарып, зейнетке шыққан, көптеген атақ-дәреже, марапаттар иегері, ­Елбасы Н.Назарбаевтан төрт рет Алғыс хат алған айтулы тұлға, белгілі азамат Мұстафа Сүлейменовтің қазақ қамы, ұлт бірлігі хақында жазған өмірбаяндық жазбасымен танысқан соң, аз-кем пікір білдіру жоралғысын (дұрысы сол шығар деп) осылай бастап отырмыз. 

Неге десеңіз, Мұстафаның жазбаларында, негізінен, өз төңірегі, ата-баба, ата-ана, аға-іні, апа-қарындас, өзге де ет жақын тума-туыс, олардың ұрпақтары, қазіргі хал-ахуал, бастан өткен тәшпіштер мен көрген жақсылықтар, күллі тарих-тағдыр сөз болатынына қарап, оны өз төңірегіндегілерге бағышталған отбасылық туындыға балауға да болғандай. Қазір қолы жеткендер ұрпағына қажет болар деген оймен көбіне отбасылық кітаптар шығара­тынына куә боп жүрміз ғой. Ол да дұрыс шығар, әсіресе осы күндерде ата-баба, үрім-бұтақ, тегін білмей өскен (оған мүмкіндік те болмаған) буын өкілдеріне сабақ, үлгі дер едік. Ең бастысы...

Өз қалауымен таралымы жүз дананың о жақ, бұ жағында отбасылық шежіре іспетті еңбек шығаратын, ақын-жазушылардың егінінен алты қыр алыс ағайындардың ешкімде, ештеңеде шатақтары жоқ, ешкімге салмақ артпай, өз борыштарын өтедік деуден аспайтыны құптарлық. Сондықтан «ондайларды кітап деуге болмайды» деп сұңқылдайтын керауыздардың өздерін сәл тежеп үйренгені жөн шығар (дейміз).

...Ниет таза. Мұстафа баяндаула­рының өз айналасы емес, барша қауымға ұялмай ұсынуға болардай дүние екенін айшықтау біздікі. Оған дәлел жеткілікті. Мұстафаның жазбаларында ары таза адам болу, кісілік қасиет, қадір-құрмет, жеке өмір, дос-жаран, сырлас-мұңдас, ыстық-суық, не керек, күнделік ғұмырдағы пендеге тән иірімдер ашық, айқын көрініс табады. Ойлантады, толғантады, есте қалады. Ендеше, Мұстафаның қаламынан туған дүниені кітап демей, не дейміз. Айтары мен берері мол, ойлы, ғибратты еңбек екенін оқысаң білесің. Тек таралымын молайтып, алты Алаш баласының бәрі болмаса да, біразының қолына тиетіндей етіп (қайта) шығарса болғандай. Өйткені Мұстафа қазақ елінің барлық аймағында із қалдырған, қайда да етене таныс қайраткер. Бір ғана (қазіргі) Атырау облысында өткен жылдар, абыройлы асулар, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашев, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Равил Шырдабаевтың қамқорлық-қолдау, желеп-жебеу, жанашыр, аға-інілік ықылас-пейілдері көкірек-көкейінде сайрап тұр емес пе? Ондағы аяулы жандардың біразымен әлі күнге хабар-ошар алысып тұратынын айтады Мұстафа.

Мұстафаның өмірбаяндық жазбаларына ескі тәсіл, таптаурын жол, жауыр болған мәнзаладан бұра тартып, өзгеше қыр, соны тұстардан түрен салуды құп көрдік. Оқырман қалтқысыз қабылдап, ұғарына сенгендіктен. Мақсат – жазбаны қайталап, тізіп шығу еместіктен (Айттық қой, оны өзің оқып, біле жатасың деп).

Бұларға қоса, әсіресе соңғы ­жылдарда бір әулеттің өмірбаяндық хикаяларын ғана қаузайтын отбасылық кітап шығару жиі ұшырасады дедік. Құптарлық. Бірақ солардың ішінде отбасылық ­дегенмен, ішкі мазмұн, жәй-түйлердің ол шеңберге сия бермейтінін, қалың көпшілік білсе де жарасатын сирек жайлар да қамтылатынын сол жазбалар авторларының өздері де аңғармай ма, әлде, мән бермей ме, шамасы, сол айнала. Өз басым солай пайымдаймын. ­Немесе, қарапайымдық, кішіпейілдік. Бұл ойларды сәл тірілтіп, кеңірек қаузасақ, осының алдында, тіпті таяуда Мұстафа жазғандай тағы бір кітап қолға түсіп, жоғарыда сөз болғандай толғаныстар соның әсерінен туындағанын жасырып неғыламыз. Яғни отбасылық кітаптардан да есте сақтап, айта жүрердей тәлімді, тіпті ұрпақ тәрбиесіне игі әсері мол мағлұматтар табуға болатынын зерделей жүру артық емес. Әлгі таяуда қолға түсті деген кітап нақ солай. Атауы «Сөнбейді әке, шырағың». Авторы – белгілі тұлға Әсен Беспаева. Кезінде комсомол, партия, кеңес органдарында басшылық лауазымдар атқарған қайраткер. Әне, сол кітаптан Әсеннің өмірбаяндық деректерінен бөлек, оның қызмет істеген жылдарда Алматы қаласындағы қараушысы жоқ, тағдыры қиын қарттар үшін Ардагерлер үйі, Әлеуметтік тұрғын үй, Кеңес үкіметімен қоса жоғалған 1 май мейрамын «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп қайта тірілткені, мүгедек балаларға үйде қызмет көрсету – осының бәріне бастамашы боп, жүзеге асырғаны бұлтартпас фактілермен айшықталады. Ешкім зәредей күдік келтіре алмайды. Олардан басқа да атқарылған игі шаралар қаншама. Әсен Беспаеваның қоғам, халық, айналадағы түрлі өзгеріс, саяси ахуалдарға жеке көзқарас, пікірлері қандай салдарлы, салмақты десейші! Мәселен, өткенге топырақ шашып, өздерін батыр етіп дәріптейтін екіжүзді, табаны тайғанақ  мұндарды астарлап отырып-ақ бетперделерін сыпырады. Кітапта өзге де құнды дерек, мәліметтер жетерлік (бәрін бірдей келтіру шарт та, мүмкін де емесін өзіңіз де білесіз). Осындай туындыны Әсен отбасымыз үшін шығардық дейді екен. Тіпті, тым болмаса, бір-екі данадан Кітап палатасы мен Ұлттық кітапханаға өткізбеген. Айтыңызшы, жоғарыда келтірген (келтірмегендер одан көп) айғақтар қай кітаптың тақиясына тар келуші еді? Осылай  деп жуырда «Ана тілі» газетінде шыққан мақалада  айтылғаны оқырмандар есінде болар деп ойлаймыз. Демек, отбасылық делінетіндер ішінде көпшілік қауымға ұялмай ұсынуға лайық кітаптар да болады екен. Құдайдың құдіреті ме, кім білсін, Әсен Беспаеваның кітабынан соң, көп ұзамай қолға түскен Мұстафа Сүлейменовтің жазбалары да бір отбасы емес, көпшілік қауымның рухани талап-тілегіне қажет дүние екенін аңғардық. Алда екеуін де көп тиражбен шығарып, тіркеуден өткізіп, сақталуы лазым кітапханаларға өткізу жөн (дер едік).

Енді Мұстафа Сүлейменовтің жазбаларына қайта оралсақ, мына жайларды шетпұшпақтап десе де, айтпай кетуге болмастай. Ең бастысы, аруақ сыйлау, ата-баба рухын ардақтау кім-кімге де міндет, парыз. Тәуба!

Ташкент қаласында бірнеше ғасыр бойы билік құрған қазақтар арасында асқан білімді, орысша сауатты, бірнеше рет Петербургке барып, мемлекетаралық жұмыстар тындырған, Қоқан хандығында біраз уақыт әскери бас қолбасшы міндетін атқарған Молда Қошық деген датқа болған-ды. Аты-жөні, істеген істері тарихта жазылып, сайрап тұрған Молда Қошықтың алдағыны болжау, көрегендік қасиеттері әлі күнге ел есінде. Ташкенттің ғасырлар бойғы тұрғындары Абылай ханның ақырғы батыры, сүйегі Арқа жерінде жатқан әйгілі Бердіқожа шыққан Шанышқылы тайпасының өкілдері еді. Шанышқылыға жататын Дархан руының көсемі Молда Қошық датқа қаланың қақ ортасынан Дархан арық және Салар деген екі канал қазып, күллі қазақ берекелі ғұмыр кешеді. Сол екі канал Ташкенттің қақ ортасында қазір де бар, атаулары өзгермеген. Ал сол кездердің өзінде болашақты ойлаған Молда Қошық көппен бірге өсіп-өніп, ештеңеден кемдік көрмей, алаңсыз ғұмыр кешіп жатқан Дархан руының негізгі бөлігін қазіргі Сарыағаш қаласы орналасқан жерге көшіреді. Екі ара алыс емес, он бес, жиырма шақырым. Дарханның Оршақ, Еңкес, Құлтума, Шошым аталары бүгінгі Сарыағаш ауданының орталығынан бастап, Сарыағаш курорты орналасқан аумаққа дейін қатарласа қоныстанады. Төрт атаның өкілдері көшіп келген бойда төрт канал қазып, әрқайсысы өз аталарының атымен атайды. Халыққа құт-береке дарытқан төрт арық та әлі бар. Оршақ, Еңкес, Құлтума, Шошым арықтарының арқасында шаруасы шалқыған елдің әрқашан да еңсесі биік, иншалла.

Молда Қошық дархандарды көшірумен шектелмей, Шанышқылының өзге де руларымен қоса, Ташкентте ежелден тұратын Қаңлы, Сіргелі тайпаларының едәуір бөлігін Келес бойына көшіреді. Қазіргі көзбен қарағанда, бұл үлкен білгірлік, көрегендік еді. Бүгінде Сарыағаш пен Келес аудандарының негізгі тұрғындары, азын-аулақ өзгелерді айтпағанда, сол тайпалардан құралады. Егеменді қазақ елінің азаматтары!

Мінеки, құрметті дос, біз сөз етіп отырған Мұстафа Сүлейменовтің еңбегі түгел болмаса да, туған ел тарихын түгендеуге қатысты осы тектес дерек-мәліметтермен құнды. Сол үшін ауызға алып отырмыз. Рақмет, Мұстафа! Елдің өткені мен бүгініне мән беру, арғы-бергіні білуге ынта кемшіндеу бүгінгідей шақта бұл бастамаң өзгелерге өнеге, жұғысты болғай!

Енді Мұстафаның өзі туып-өскен ­отбасы, әулет сойына келсек, олар да ащы-тұщы, қызық-шыжығы аралас өзінше хикая, тұнып тұрған үлгі-өнеге, ғибрат, құнды, қызықты оқиға, жай-жапсарлар. Мұстафаның әкесі Сүлеймен 1909 жылы дүниеге келіп, 1920 жылдардағы аласапыран сүргіндерден әупірімдеп аман қалады. Колхозда жұмыс істейді. Отан соғысына қатысып, аман оралған соң да, колхозда, тағы басқа жерлерде еңбек етеді. Уақыты жеткенде 1950 жылы туған Мұстафа, басқа да ұл-қыздарының алдында бақиға озады. Анасы Мария да солай. Сүлейменнің әкесі Мықтыбай, анасы Зәуре – Мұстафаның ата-әжесі. Бұлар жайлы көрген-білгендерін көкейге тоқып, көңілге түйгендерін Мұстафа кеңінен толғап баяндайды. Біз шет жағасын әңгіме еттік. Ат жалын тартып,  айтулы азамат болғанын да қысқа қайырып, баяндаумен шектелдік. Енді Мұстафа туралы айтпасқа болмастай тағы бір тағылымды жағдаятты ортаға салайық та, сонымен доғарайық.

Сарыағашты мекендейтін Сүлейменов­тер әулеті зәулім үй салып, «Қара шаңырақ» деп атады. Ол Мұстафаның әкесі Мықтыбайдан тарап, қазір қазақ елінің батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік, орталық – барлық өңірінде тұратын 30-дан астам немере мен 70-ке жуық шөбере-шөпшектердің бастарын қосып, бір-бірімен көрісетін, табысатын қастерлі ұя. Бұл деген әрі Елбасымыз көтерген «Мерейлі отбасы» сынды игі бастаманы қолдау, рухани жаңғыру аясында жүзеге асқан игілікті шара дер едік. Сарыағаш қаласына әкім боп тұрғанда орталық алаңға Төле би бабамызға еңселі ескерткіш тұрғызуға бастамашы болған Мұстафа Сүлейменовтің өз әулетінің тірегі – «Қара шаңырақ» босағасын берік ұстап отырғаны жайында, бұйырса, алда егжей-тегжейлі айтылар деп үміт етеміз.

Зәкір АСАБАЕВ,

жазушы, «Сарыағаш ауданының

Құрметті азаматы»

1379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы