• Қоғам
  • 07 Сәуір, 2021

ӘДІЛДІКТІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУДЕГІ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Республикадағы Президенттік, Орталық мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне қарасты архивтердің басшылары Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысына қандай қолайлы жағдайлар жасап жатқанын, сондай-ақ құпия құжаттармен жұмыс істеуде қандай шектеулер барын таяуда Алматы қаласы әкімі құрған комиссияда да баян етті. Ғалымдар алдағы міндеттер жайындағы ойларын ортаға салды. Атқарылмақ жұмыс ауқымы орасан зор. Көздеген мақсатқа жету үшін зерттеулер айлап, тіпті жылдап жүргізілуі ғажап емес. Ал жұртшылық, сөз жоқ, Мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижелі боларына осы бастан сеніммен қарағысы келеді. Сондықтан да, көп үмітін ақтау үшін, көп созбай, іргелі жұмыстар бастау алатын бастапқы тұжырымды алда келе жатқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне – 31 мамырға дейін жария еткен жөн. Біздің ойымызша, ондай мәлімдемеде төмендегі жайттарды қамтуға болар еді. 

1. Репрессияның алғашқы тол­қыны 1930 және 1932 жылдарғы жаза­лау­ларымен Алаш қозғалысына қатысушылардың елеулі бөлігін сыпырып әкетті. ОГПУ-дің Қазақстан бойынша Толық өкілетті өкілдігі ­«Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқаларды, барлығы 44 адамды айыптап», Мәскеуге тұтқындармен бірге жолдаған №78754 тергеу ісін Мәскеуде ОГПУ аяғына жеткізіп тергеді де, 1930 жылғы 12 наурызда Айыптау қорытындысын шығарды. Онда «Алаш-Орда» партиялық және үкіметтік ұйым ретінде қызметін тоқтатқанмен, оның сақталып қалған контрреволю­ция­лық өзегі өзінің ан­тисоветтік қызметін жал­ғастыра берді» деген ұйға­рыммен тұт­қын­дарға түрлі репрессиялық шаралар қол­дануды ұсынды. Сол 1930 жылғы 4 сәуірде Айыптау қорытындысына сәйкес үкім шығарылды. Контрреволюция жасамақ алашордашылар ретінде таңбаланғандардың Мұхамеджан ­Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев, Жанша Досмұхамедовтер бар екінші тобы 1932 жылы ­сотталды. ОГПУ жазалаған алашордашыларды араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, 1988 жылғы 4 қарашада, Қазақ ССР Жоғарғы соты ақтады. Осы орайда, мүшелері ақталғандықтан, қазақ ұлт-азат­тық қозғалысын көздеген мақ­сатына жет­кі­зуді көздеген мем­­лекеттік бір­­лік – 1917 жылғы 12 (25) жел­тоқ­санда сайланған авто­номияның «Алаш-Орда» үкі­меті де ақталуға тиіс екені түсінікті жайт. Халық әлдеқашан әділ бағасын берген «Алаш-Орданы» осы науқандағы Мемкомиссияның бастапқы қадамында ресми түрде саяси тұрғыдан жаңаша бағалау сұранып тұр. Төрт ғасыр дербестіктен кейін ХІІІ ғасырда әуелі протектораттық, одан, ХІХ ғасырда отарлық қамыт киіп, мүлдем айрылып қалған ұлттық мемлекеттілікті ХХ жүзжылдықта «Алаш-Орданың» тұңғыш жаңғыртқанын атап өту жөн болар еді. «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің барлық мүшелерін, орталық үкіметтің және Шығыс бөлімшенің төрағасы, ұлт көсемі лауазымын халық берген Әлихан Бөкейхановты, Алаштың аса көрнекті қайраткерлерінің бірі, республикалық режимде екі жыл бойы жұмыс істеп тұрған Батыс бөлімшенің төрағасы Жаһаншаһ Досмұхамедовті, «Алаш-Орда» Оқу комиссиясының мүшелерін, барша белсенді күрескерлерді атап айтып, шын мәніндегі реабилитация ретімен көрсетілуге тиіс құрметтерді жария ету абзал.

2. Аталған қылмыстық істе «ұжымдас­тыруға қарсылық көрсеткен бандыны ұйымдастырушы» ретінде аталғанмен, жазаланушылар тізіміне кірмеген бір тұлға бар, ол – азаттық қозғалысына, одан кейін совет өкіметін орнатуға белсене қатысушы, алғашқы ҚазЦИК мүшесі Байсейіт Әділов. Тұтқындау кезінде оққа ұшқан, әскерилердің бақылауымен жер қойнауына беріліп, «халық жауы» санатына жатқызылған. Елге сіңірген еңбегін білетін және қатты қадірлейтін жерлестері оның сүйегін 90 жылдан кейін қаралы-салтанатты рәсіммен қайта жерледі. Мем­комиссияның осы 31 мамырға дейін жария ететін мәлімдемесінде бұл жайтты атап өтіп, әділ бағасын беру өте дұрыс болар еді.

3. Қазақ азаттық қозғалысында Жоғарғы Билік тарапынан әлі әділ бағасын алмай келе жатқан Мұстафа Шоқай жайында арнайы саяси мәлімдеме жасау орынды болуға тиіс. Құлаған самодержавие сынықтарын Совет өкіметі қарулы күшімен қайта жаулап алып, таптық негіздегі жаңа коммунистік империя құруға ашық кіріскен алғашқы кезеңде-ақ түрк халықтарының азаттық қозғалысындағы орындары ерекше тұлғалар – М. Шоқай тәрізді эмиграцияға кеткен Мәмед Расулзадені Әзербайжан Республикасы, Ахмет-Зәки Валидовты Башқұртстан қызыл империя ыдыраған бетте халық батыры ретінде танып, мемлекеттік дәрежеде бағалады. Ал біз есімі мен ісі әлемге әйгілі Мұстафа Шоқай сынды қайраткерімізді отыз жылдан бері лайықты бағалай алмай келе жатырмыз. Осы жолы, 31 мамыр қарсаңында, алғашқы әділ де, адал, саяси тұжырымды Мемкомиссия деңгейінде жұртқа ұсынсақ, қоғам тек қана ұтар еді.

4. Алаш-Орда үкіметінің әскерін құрушылар әлі толық зерттелмеді, тиісінше лайықты бағасын алмай келеді. Соның бірі және бірегейі – 1919 жылы қызыләскерлер оғына ұшқан Алаш-Орда әскери бөлімінің басшысы капитан Хамит Тоқтамышев. Мемкомиссия мәлімдемесінде оны да арнайы атап өту керек.

5. 30-шы жылдары «бандылар бүлігі» ретінде аяусыз басып-жаншылған халық көтерілістерін өз тарихи дәл атауымен атап, солақай реформаға қарсылық білдіргені үшін ғана жазықсыз қырғынға ұшыратылған көтерілісшілерді толық ақтау жүзеге асырылатынын осы мәлімдемеде атап көрсету қажет.

6. Қазақ халқын Ұлттық апатқа ұшыратқан солақай реформалар ­республика астанасы Алматы қаласынан бастау алып, бұрмалаулы іс-шаралар жобаланды, оларды жүзеге асыруға бағытталған түрлі нұсқаулар шықты. Ашық­қан жұрт ас­танаға шұбырып, Алматы көшеле­рінде сұлап жатты, мың-мың­дап өлім құшты. Сонда қала билігі тарапынан олардың мәйіттерін арбаларға тиеп қала сыртына апарып көму ұйым­дасты­рылды. Қайда тасымалданды, қай маңда жер қойнауына берілді, мұны милиция, құ­пия полиция ар­хивтерін зерттеу, басқа да жолдармен іздестіру арқылы анықтап, 31 мамырға дейін құрбандар басына белгі қою керек.

7. Үлкен террор жылдары Мәскеу­де атылғандардың мәйіттерін зираттарға арнайы жөнелтпе жазбамен тасыған, бізде де сондай тәжірибе болуға тиіс. Құпия полиция архивын сақтаушылардан сол деректерді ашуды сұрап, Жаңалық қорымынан өзге жерлерді түгел анықтауға және құрбандар басына белгі қоюға тырысу керек.

8. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы шаңырақ көтерген 1989 жылдан бері үнемі назарда ұстап, көтеріп жүрген мәселерінің бірі бұрынғы НКВД ғимаратында ­Саяси қуғын-сүргін тарихы музейін ашу мәселесі еді. Музей ашылған, бірақ халықтың қаралы тарихын қастерлеп, тәрбие жұмысына пайдаланудан гөрі ғимаратты табыс көзіне айналдыруға құмарлық танытқан шенеуніктердің санасыз әрекеті салдарынан жеке қолға сатылып, 1,5 жылда жабылып қалған. Қазір оны әлдебір алпауыт қонақүйге айналдырып алды. «Әділет» қарамағына алуды көздеген тағы бір ғимарат – ­Алматы қаласы, Төлеби көшесіндегі 29-үй. Бұл үй Үлкен террор құрбандары, алғашқы Қазақ университетінің, медицина институтының ­басшылары, ғалымдар Санжар Аспандияров, ­Халел Досмұхамедов және КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалында Ұлт мәдениеті институты жұмысын жолға қоюшылардың бірі, шығыс қолжазбаларын жинап, тәржімелеуші, зерттеуші Қоңырқожа Қожықовтардың өмірі мен қызметіне тығыз байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында онда Түрік елшілігі орналасты, ал қазір Түрік консулдығы ауласында бос тұр. Осы ғимаратты қала әкімдігі «Әділет» тарихи-ағарту қоғамына беру мәселесін шешсе – онда «Әділеттің» жарғылық ­жоспарына сай «Жаңғырған ұлт зиялылары музейін» ашуға зор мүмкіндік жасалары, яғни халық игілігіне бағытталған үлкен іс ­тындырылары сөзсіз.

Мемлекеттік комиссия жұмысқа енді кіріскен шақта Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жо­ғарыда қозғалған мәселелерді қамти­тын мәлімдеме жасаса деген идеяға әріп­тестеріміз терең мән берер және қолдар деген үмітпен осы жазбаны ортаға салуды орынды көрдік.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

Репрессия құрбандарын

толық ақтау жөніндегі

мемлекеттік комиссия мүшесі

1796 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы