• Қоғам
  • 15 Сәуір, 2021

ӨЗІМІЗДІ ӨЗІМІЗ КЕМСІТУГЕ НЕГЕ ҚҰМАРМЫЗ?

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Абай

Қазақстан Республикасы Консти­туциясының аса маңызды қағидаттары қамтылған кіріспесі салтанатты сипаттағы мазмұны мынадай мәні аса жоғары мәтіндермен бастау алған: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам...». Негізгі Заңымызда қазақ халқының сонау ықылым заманнан, көз жетпес көне дәуірден бері өз туған Атамекенінде өмір кешіп келе жатқаны айқындалып, қазіргі жағдайда берік егеменді мемлекет орнықтырғаны еліміздегі ең жоғарғы санаттағы құқықтық актімен нық бекіген. Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсан күні өз егемендігін ­жариялады және халықаралық қауымдастық тарапынан 120 елден астам ел Тәуелсіздігімізді толыққанды мойындап, дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.1992 жылдың ­2 ­наурызынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мүшесі болып бекіді. Әлемдегі беделі зор аталған ұйымға мүше болу республикамыздың әлемдік аренадағы дәрежесін айрықша арттырып, халықаралық саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуге және мемлекеттер арасында ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді. Осы айрықша оқиға қазақстандықтардың қуанышын аспанға әуелетті.

Қазақстан өз тарапынан осындай биік дәрежелерге жетіп отырғанда, ендігі жағдайда ұлы мақсат – ашық аспан асты Тәуелсіздігіміздің көк туын биік желбіретіп, әлемге көрсету. Сондықтан қасиетті Тәуелсіздігіміз бекітіп берген Ата Заңымыздағы құндылықтарды зерделі айқындап, жан-жақты терең де жіті түсініп, жадымызға шытынамас таза алмастай түйіп-сақтап, жасампаздық жолға бет алып, әлем елдері арасында лайықты орын алу үшін алға қарай екпінді қадам басу – әр ұлтжанды азаматымыздың асыл парызы.

Қазіргі жер бетіндегі адамзат қатарын екі мыңдай әртүрлі халық құрайды, ал тәуелсіз мемлекет тек 200-ден астам ғана. Сонда, саны 1800-дей халық жеке мемлекетін құра алмай, арманда қалғандар болып есептеледі деуге болады. Сонымен, бұл халықтардың көпшілігі көпұлтты мемлекеттердің санын құрайды. Бұл жағдай олардан әдептілік, төзімділік пен жауапкершілікті талап етеді. Біз, қазақтар Егемен мемлекетіміздің мемлекетқұраушы ұлты болып есептелеміз. Ұлтымыздың әр азаматының ұлттық сипаты ойдағыдай ма? Ұлттық мүдде, адами қасиет, абырой мөлшері қалай қалыптасады?

Ұлттық құндылықтар қатарына халықтың тілі, ділі, мәдениеті, әдебиеті, өнері мен адами қауымдастық қалыптасқанда туындаған салт-дәстүрлер, ұғым-түсініктер, озық көзқарас-ұстанымдар жатады. Ғалымдардың ­ойынша, діл – ұлтқа тән дүниетанымдық және руханияттық ұғымдар жиынтығы. Ол ұлттың басқа ұлттардан оқшауланып, болмысына терең сіңген ішкі және сыртқы табиғи ерекшелігі сипаты. Ең бастысы, қоғами даму құбылыстарынан туа отыра, діл – жеке адамның табиғатқа, өзіне, өміріне, ортасына, қауымға қатысты саналы пайымдауларына негіз болады. ­Сонымен, діл – мен кіммін, не қадір-қасиетім бар деген сұрақтарға да жауап беруі әбден мүмкін.

ОРЫСТАР НЕГЕ

БАТЫСҚА БЕТ БҰРДЫ?

Тақырыпты талдаудан бұрын, қазақ халқының әр жылдағы кең-байтақ өз еліндегі пайыздық үлесіне көз салайық. Бұл мәліметтер ұлтжанды азаматтарға ой салары сөзсіз. 1897 жылғы санақ ­бойынша қазіргі Қазақстан жерінде 4 млн 333 мың адам тұрған. Есепке 60 ұлт өкілі алынған. Олардың ішінде қазақтар – 3 392,7 адам немесе 81,7 пайызды құраған. Ал аталған жылдан кейінгі жылдар санақтарындағы көрсеткіштерінде қазақтың пайыздық үлесіне көңіл бөлейік: 1926 – 58,5%; 1939 – 38,1%; 1956 – 30,0 %; 1970 – 32,5%; 1979 – 36,0%; 1989 – 40,0%; Қазақстан егемендік алған жылдар – 1999 – 53,5%; 2004 – 57,2%; 2009 – 63,1%; ал ең соңғы – 2013 жылы өткізілген халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстанда халықтың этноқұрамы мынадай көрсеткіштермен ерекшеленді: қазақтар – 65,2%, орыстар – 21,8%, өзбектер – 3%, украиндар – 1,8%. Сонымен, қазақтар өз өлкесінде басқа ұлттармен салыстырғанда енді ғана басым көпшілігін құрап тұр. Ал 2019 жылғы мәліметтерге сүйенсек, қазақтар 70,23%-ға жеткен. Қазіргі таңда Қазақстанда қазақтар саны 12,5 млн адамға жуық. Қуанарлық демографиялық өсім. Бас көтеріп, тік жүретін жағымды себеп екен. Бірақ көршілес өзбек халқының өсімімен салыстырғанда (олардың саны 35 миллионнан асты) көңіл толтырарлық та көрсеткіш емес. Әйтеуір, тәубе дейміз.

Егер қазақтар ежелден өсіп-өнген қымбатты елі, кіндік қаны тамған туған жері Қазақстанда, тұрғылықты этностармен салыстырғанда, жалпы халықтың 70 пайызын құраған шақта, Тәуелсіздіктің туы желбіреп рух беріп тұрған сәтінде, неліктен олардың ұлттық болмысы нығыз емес, ал қазақ тілі қолданысы ойдағыдай талаптарға сай емес? Осы сұрақтарға жауап іздегенде, сыртқы факторлардың ықпалына тоқталмай, әуелі тек қазақтың өз басы мен болмысы себептеріне көңіл бөлуді жөн көріп отырмыз. Әуелі сөз басын өзімізден бастайық.

Қазақстандағы қазақтар өздерін толыққанды қазақ есебінде санай ма? Санаған жағдайда да, олардың көпшілігіне күмәніміз бар. Сондықтан үлкенді-кішілі қазақ «ұлтың кім?» деген сұраққа, «Қазақпын» деп жауап берері ықтимал. Өйткені төлқұжатында ұлты «қазақ» болып жазылғандықтан өзін қазақпын деп еріксіз пайымдауы мүмкін. «Қазақ тілінде сөйлейсіз бе? Қазақ тілін қандай дәрежеде меңгергенсіз? Қазақ тілінде қанша кітап оқыдыңыз? Қазақтың қандай ақын-жазушыларын білесіз? Қазақтың ұлы ақындары Абай, Мағжан, Қасым, Қадыр, Мұқағали поэзиясымен таныспысыз, ұлы жазушысы, академик Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқыдыңыз ба?» деген сұрақтарға қазақ қауымының көпшілігі қиналатыны анық. Өкінішке қарай, оны әрдайым көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Аталған сұрақтарға социологиялық ғылыми-зерттеулер қорытындысы қолымызда болмаған соң, бұндай жағдайға неліктен келгендігінің себептері мен салдарын жанама тәсілдерді қолданып, анықтап көрейік. Ден қойған тақырыбымыздың ең басты сұрағы: Қазақ неліктен толыққанды қазақ болғысы келмейді? Неге қазақ ұлтының барлық қасиет-сипатын бойына сіңірмеген? Ақыры, қасиетті ананың ақ сүтімен даруға тиіс ана тілінде қазақ неге сөйлемейді? Осының кейбір себептерінің бетін ашып, айқындап көрейік.

Осы кемістіктердің айтарлықтай бір себебі, қазақтың (бұлай қолдану жалпылама түрінде алынған; шынында ұлттың көпшілігі деген мағынада) ой-санасына кемшіндік түсініктің терең сіңіп, орын алып келе жатқандығы. Қазақтың басым көпшілігі мұны мойындамауы ықтимал. Ол түсінікті де. Жасырғанды ашып, «әшкерелегенді» ешкім ұнатпайды. Бірақ бұл психологиялық құбылыс адамның жадына терең бойлап, қанына сіңгендіктен адамның ажырамас сипаты болып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, орыстар Батысқа (Батыс Еуропаға) табынады, ал қазақтар орысқа табынады. Орыстардың Батысқа табынатын себептері, ертеден бері Батыста адамзат тарихындағы елеулі салалардың озық даму поцестері кең етек алғандығы, жалпы мәдениет өрістегені белгілі. Ежелден Ресей Еуропадағы жан-жақты дамыған Франция, Англия, ­Италия және т.б. жетекші мемлекеттердің қарқындап өсу процестеріне қызығып, сан салалы жетістіктерінен үйренуге тырысып, солардың ықпалында болғаны тарихтан белгілі. Тіпті Ресей патшасы І Петр шет елдерді шарлап, 1697-98 жылдары Кенигс­бергте зеңбірек жасауды үйренді, Голландияда кеме жасаушылардың арасында, тіпті ағаш ұстасы(!) болып істеп, Англияда кеме жасаудың тәсілдерін оқып, үйренеді. Осы сапарынан оралған соң, І Петр Ресейдің дамыған Батыс Еуропа елдерінен артта қалуын жоюға бағытталған реформалар жүргізді. Оның тікелей бұйрығы бойынша шетелден әрқилы оқулықтар, түрлі-түрлі құрал-сайман, жетілдірілген қару-жарақ сатып алынды, әрқилы шеберлер мен білікті ғалымдар шақырылды. Дворян балалары Еуропа елдеріне оқуға жіберілуімен қатар, Ресейдегі дворяндар балаларын оқытып, тәрбиелеу үшін көптеген француз, неміс «гувернерлері» (оқытушы) алдырылады. I Петр мәдениет, оқу-ағарту бағыттарына да үлкен көңіл бөлді. Орта мектептер пайда болып, алғашқы көпшілік театры ашылды. Сәулет өнері дамып, архитекторлар алдырылады. Сонымен, Ресей патшалығына Батыс Еуропаның жан-жақты мәдениетінің ықпалы күшейді. Оқуға қол жеткендері француз тілін меңгерді. Француз тілі ­Ресейде кең көлемде қолданылып, модаға айналады. Дворяндар французша сөйлеуді үлкен мәртебе санап, өздерін қалың шаруа халықтың үстінен қарағандай сезінетін. Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» романында француз тілінде жазылған бірнеше беттері кезігеді. А.С.Пушкин, И.С.Тургенев өздерінің шығармаларында француз тілін кең қолданған. Сонымен, қарапайым орыстар да француз тіліне еліктегені бірқатар әдеби шығармалардан белгілі. Ал қазіргі жаһандану процесінде, компьютер мен жаңа технология тілі болып саналатын ағылшын тілі жер жүзін баурап алғаны анық. Жаһандану тақырыбы бүгінгі күнгі қоғам мен адамтану ғылымдарының өзекті мәселесі. Бұл үрдіс Батыстық мәдениет негізінде пайда болса да, қазіргі негізі жағынан америкалық (АҚШ) болып қалыптасуда. Оның түп-төркінін белгілі бір сипаттағы құндылықтар, мәдени ұстанымдар құрайды. Әлем енді америкалық құндылықтарға еліктеуде. Әлемде экономикалық пәрмені мол доллар үстемдігін жүргізіп отырғандықтан, бұл құбылыс түсінікті де.

 

«ОРЫСТЫҢ ТӘРБИЕСІН

АЛҒАН БАЛА ҰЛТ ҚЫЗМЕТКЕРІ

БОЛА АЛМАЙДЫ»

Ежелгі Ресей империясына бодан болып, орыс тіліне тәуелді болған қазақ та осындай жолды кешті. Қазақ әлі де бодандық түсінік пен еліктегіш дүниетанымнан арылмай келеді. Жат ықпалға бейім, сырт дүниеге таңсық. Әрине, дау жоқ, шет тілін білген тиімді: кімнің де болысын өрісін кеңейтеді, білімін ұлғайтады, жетістіктерге жеткізеді. Бірақ ана тілді жығып, аттап өту, жат тілде сөйлеуді дәреже көру – түпкілікті опасыздық, жөнсіз шүлдірлеу – тіпті асыра тектес мақтаншақтық. Ана тілін бұлай қорлау – пенденің өзін-өзі қорлау. Бұл саналы патриот азаматтың ісі емес. Қазақ орыс болайын десе – түрі келмейді, ал қазақ болайын десе – тілі келмейді. Сонымен, не онда жоқ, не мұнда жоқ – дүбәра. Қазақтың қамқоршысы ұлты неміс ­Герольд Бельгер: «Қазақ таң ата, оянысымен: мен қазақпын, мен қазақпын деп күнде дауыстап қайталауы керек» деген екен. Бұл дұрыс ұсыныс. Менің қосарым, қазақ осы сөздерді айнаға қарап айтса, тиімділігі сөзсіз артар еді.

Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға миллиардтаған теңге жұмсалып, ондаған ресми бағдарламалар қабылданды. «Қазақ тілі» қоғамы да құрылды. БАҚ-тарда тіл мәселесі әлі де «оты лаулап» тұрған тақырып болып келеді. Нәтиже жоқ. Енді 30 жыл Егемен мемлекетпіз, бірақ елімізде орыс тілі нығыз орнынан таяр емес: бәрі орысша. Неге? Бетке ұстар көпшілік Ата Заңымыздағы норма мен заң­дарды «олқы» және «дәр­менсіз» деп кінәлайды. ­Дегенмен, қазіргі саяси жағдайға сай қабылданған Негізгі Заңы­мыздағы 7-ба­бындағы норманы талаптарға сай емес деуге болмайды. Шешуші мәселе, қазақтың өзінің туған Отанында қазақ тілін жіті меңгеріп, күнделікті қолдануға құлқы, құрмет қылуға ықыласы жоқ. Қай жерде болсын, қазаққа қазақша сөйлесеңіз, шіміркене орысша «дік» ете түседі. Олардың теріс пайымынша мемлекеттік тілде – қазақша сөйлесе жоғары дәрежелерінен құлдырап, бетмоншақтары сыпырылып түсетіндей, өте-мөте жасырып жүрген құпиялары ашылып қалатындай шошынады. Сізге таңырқай қарап, басқа планетадан түсіп, адасып жүрген бейбақтай көреді. Ең ­бастысы, қазақта намыс азайып барады. Ана тілін ауызға алмай, алалап жүрмін-ау деген ой жоқ. Мен де мектепте, институтта орысша оқып, бітірдім. Бірақ қазақтың ұлттық құн­ды­лықтарын құрметтеп, қазақ тіліне ынта-ықыласым болды. Ниет болса қандай да болсын тілді жақсы дәрежеде бір жыл мөлшерде игеруге болады. Мысалға, Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің үшінші хатшысы Марико Цунокаке қазақ тілін жұмыс арасы бір жылға жуық уақыт ішінде өте жақсы деңгейде меңгерген екен. Өз басымның мысалы,1998 жылы Алматыда мен АҚШ-тың «USID» бағдарламасы бойынша «Прагма» компаниясында атторней қызметін атқарған кезімде, америкалықтармен бірге жұмыс істеуге тура келді. Негізгі шет тілім неміс тілі болатын. Жұмыс барысы ағылшын тілін білу керек болды. Өзім бір-екі ай талаптандым. Содан ағылшын факультетін бітірген танысым Дәнеш Әбжановадан көмек сұрадым. Ол бір тәжірибесі мол репетитор орыс әйеліне жіберді. Кездескен сәтте мұғалима менің ағылшын тілін меңгерген деңгейімді білгісі келіп, аздап ағылшынша сөзге тартып, бір кітаптың бір-екі бетін дауыстап оқып, аударып беруді талап етті. Тапсырманы ойдағыдай орындаған болдым. – «Негізгі оқыған шет тіліңіз ағылшынша ма?» деп сұрақ қойды. – «Жоқ, неміс тілі» дедім. – «Ағылшын тілін қайдан білесіз?» – «Аздап өзім талаптандым». – «Иә, мына дәрежеге жететіндей өзіңіз талаптансаңыз, мен сізге қарап, Лениннің бірнеше тілдерді өз бетімен меңгергеніне енді сеніп отырмын» дегені. Содан пұлын төлеп, бірнеше рет сабақ алдым. Бірақ, көп уақыт өтпей, америкалық компаниядан кетуге тура келді. Енді мен үшін ағылшын тілін білу міндетті болмады.

Осыдан бір ғасыр бұрын, белгілі Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлының 1918 жылы «Абай» журналында жарық көрген «Ұлтты сүю» атты мақаласындағы «жанды» ой әлі де өзекті. Алаш мұрасы, өнегесі, келешекке аманат іспеттес жазылған мақаланың тақырыбымызға сай тұстарынан үзінді келтірейік: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт, күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң, бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі. ...Орыстың білімін алуға, өнерін білуге, жақсы жағын жаттауға еліктеу дұрыс та... Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды». Осыдан қандай тағылым алуымыз керек? Ол үшін ұлттық құндылықтарды игеріп, дамыту басты парыз. Осыған сай қазақ басының абыройын көтеру керек. Абырой не үшін керек? Абыройды не қасиеттер құрайды? Не жағдайлар төмен түсіреді? Соған тоқталайық. Әуелі абырой сөзінің қазіргі таңдағы мән-мағынасын ашайық. Абырой сөзі парсы тілінен қазақ тіліне терең сіңген сөз. Мағынасы: 1.Бедел, қадыр, жақсы атақ. 2.Ауыс. Көңілдегідей, ойдағыдай. (Е.Б.Бекмұхамбетов. Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері. Түсіндірме сөздік. Алматы, «Қазақстан»,1977, 18 бет); «Абырой-бедел, қадір, жақсы атақ.Ол ар-намыстың тазалығы, адамгершілік, еңбек, шығармашылық, т.б. арқылы көпшілік тарапынан қадір-қасиетке, сый-кұрметке бөлейтін этикалық категория. Жеке адам, ұжым, қоғам тіршілікте абырой үшін еңбек етеді, сол үшін күреседі» (Н.Ақбай. Қазақтың дәстүрлі атаулары: Энциклопедиялық сөздік. – ­Алматы, «Арда+7», 2013, 7 бет). Осы қысқаша түсініктермен қатар, менің өз пайымым бойынша: Абырой – жеке тұл­ғаның адам­затқа, қоғам мен бүкіл елге жасаған елеулі де жемісті еңбегі, әдепті де өнегелі өмірі мен бойына адами биік қасиеттері айқын көрініс ­табуы арқасында қалың қауымның құрметі мен қолдауына лайықты адамның негізі мен сипаты. Сонымен абырой иесі – аса бір қадір-қасиеті мен елеулі еңбегі мол тұлға. Абыройлы, қадір-қасиеті мол адамдар ұлттың қадір-қасиетін көтеріп, мейлінше арттырады. Аса дарындылары оны шырқау биікке көтереді. Қазақтың абыройын әлемге көтерген, қадір-қасиетін арттырған ұлы тұлғалар қатарына ­әл-Фараби, Абай, Шоқан, Шәкәрім, Мағжан, Әлихан, Әлімхан, Жақып, ­Жамбыл, Сәкен, Қасым, Қаныш, Мұхтар, Ғабит, Сабит, Бауыржан, Талғат, Рахымжан, Қадыр, Мұқағали, Тоқтар, т.б. кіреді. Кейінгі толқыннан Оралхан, ­Фариза, Мұқтар, Жарасқан, Сағат, Ұлықбек, ­Дулат, Нұрғиса, Шәмші, Ескендір, т.б. атап өту орынды. Бұл тұлғалардың тек қана есімдерін атап өткен себеп, олардың аттары еліміздің абыройын ертеден асқақтатып тұрған танымал есімдер, қазіргі тілмен айтқанда, жағымды «брендке» айналған. Қазақ арасында басқа да аттары аталмаған белгілі тұлғалар жеткілікті. Қазіргі кезеңде Қазақстанды әлемге кең танытып жүрген қазақтың маң­дайына біткен жарқыраған жұлдыздар Димаш Құдай­берген, Динара Сәдуа­қасова, Жансая Әбдімәлік, Элизабет Тұрсынбаеваларды атап өтуге болады. Бұлар әлемге аттары кең жайылған дарынды жастүлек – әр қазақ мақтанышы, нағыз биік абырой иелері. Олардың бәрі дерлік «...Қазақты көргің келсе, міні осы» деп, /Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын» (С.Мәуленов) бұл жас жеткіншектер, жетістіктері қазіргі жастарға үлгі болатындай, келешектері мол жалындаған өрендер болып қана қоймай, олар қазақ тілі мен ділін қадір тұтқан жандар.

«ҚАРАДОМАЛАҚ»  СӨЗІ ҚАЗАҚТЫҢ БІРІНШІ

СИПАТЫ МА?

Бір мысал. Барша қазақтың мақта­нышы Қажымұқан атамызды (нақты аты-жөні Мұқан Мұңайтпасұлы) алып күш иесі, теңдесі жоқ кәсіпқой палуан, күрестің бірнеше түрінен Әлем ­чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы ретінде білеміз. Бірақ атақты жерлесіміздің өзіне лайықты дарын-тұлғасын дұрыс дәрежеде насихаттап жүрміз бе? Жоқ ­деуге мәжбүрміз. Өйткені көбіне жұрттың назарына ұсынылатын кинохроникада (немесе фотода), күш атасы палуанымыз егде жасқа толған шағында отыз шақты адамдар отырған арбаға жегіліп, тартып келе жатқаны есімізде. Кәріліктің аты кәрілік: келбет те, күш те бойдан кеткен шақ. Осының салдарынан ол жұртқа мақтан тұтып көрсететін халде емес. Ал намысқа тартар жанкүйер-насихатшы, жазушы-биограф, музей қызметкері не істеуі керек еді? Бұл кинохрониканың бетін жауып, бұқараның көзінен тыс ете, Ресей кинофотоархивтеріндегі мол материалдарымен танысып, іріктеп, атақты палуан атамыздың белгілі әлем палуандарының арасында дене бітімі ерекше көзге түсіп, ұтымды көрініс беріп жүргенін (фото болса-тұрғанын) насихаттап, біздің және әлем назарына ұсынуы керек еді. Айту бір басқа – сендіру бір басқа екені белгілі. Күрестен 6 дүркін Әлем чемпионы, 56 медаль олжалаған Қажымұқан атамыз ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінен шыққан жалғыз қазақ еді. Сондық­тан да атақ-даңқы жер жарған Қажымұқан атамызды мақтан тұтайық және бүкіл әлемге лайықты түрде көрсете білейік.

Абырой түсіру оңай. Түскен абыройдың қазаққа зардабы аз болмайды. Соның бірер мысалын келтірейік. Халқымыздың арасында кейбір пенделердің жіті санасына салмай, ой сүзгісінен өткізбей, күйініп аузына жиі түсетін мына сөздер қазақтың абыройын түсіретіні анық: «Е, қазақ ­тыныш жүре ме, тасты тасқа, басты басқа соғады ғой», «не жамандық көрсем, тек қазақтан көремін», «қазақтың жауы қазақ» дегендей, т.т. Осындай кемістіктер газет, журнал, теледидардан да кезігеді. Мысалы, бір газет бетінде, Сәкен Сейфуллин жайлы жазылған естелікте қазақтардың барлығын дерсің қаралағандай былай жазылған: «Қазақ қарап жүре ме, алмағайып, аласапыран заманда бірінің үстінен бірі арыз жазып, талай азаматты қаматқан». Қалың «қазақты» жазғырмай-ақ, тіпті біраз «жұртқа» да тіл тигізу күнә, өйткені ауызға алынатын «кінәлі» бірді-екілі бейбақтар ғана болуы ықтимал емес пе? Сондықтан бүкіл қазақ халқын қаралау – әбестік, жөнсіз абыройын түсіру. Орыстарда керісінше. «Ресей, орыс» деген ұғым үшін орыстар бастарын оққа тігеді. Өз ұлттарына сөз жуытпайды. Мысалы, ел арасы жөнсіз нәрсені көрсе, оғаш қылықты кезіктірсе, орыс көбіне: «Это не верно, это не по-русский» (Бұл дұрыс емес, бұл іс орысша емес) дейді.

Кейінгі кездерде абыройымызды көтеріп жүрген тарихи, рухани биік қазақи дүниелер мен құндылықтарды жаппай жоққа шығару, қаралау үрдісі орын алып келеді. Жуырда бір орыс жүргізушісі телеарнадан деректі-мыс фильм авторы ретінде Мариям Жагорқызының «Дударай» әнін оның өзі шығармағандығын, ол өлеңнің мәтінін бөтен біреудің жазып бергендігін дәлелдеуге тырысқан. Көрсетілім барысында сөзге тартылған бірнеше қазақ азаматтары ел аузындағы кейбір жеңіл өсекке еріп, жалған жаланы растауға тырысқан. Осындайда, қашанда: «Намыс қайда, қазағым?» деген сұрақ қоямын. Олар орыс қызы Мария мен қазақ жігіті Дүйсен (Дудар) арасындағы махаббатты жоққа шығарып отыр ма? Сонда, олардың түпкілікті айтары, орыс қызының қазақ жігітін ешбір сүюі мүмкін емес дегенге сая ма? Бұл не, шовинизмді жанай дәріптеу ма? Бұл теріс пиғыл, тіпті заңға да қайшы.

Тағы бір мақаладан үзінді: «Сыртым – қазақ. Түрім – қазақ. Қап-қара. Қарадомалақ. Көзім – қысық. Бірақ сөзім – қызық... Менің фамилиям қазақ. Түрім қазақ. Бірақ бар ғой, өзім орыс сияқтымын. Сияқты емес. Таза орыспын. ...Қазақстан Кедендік одаққа кіргенде, ең бірінші болып қуанған адам мен шығармын. Әйелім төрт қыздан кейін ұл тапқанда да дәл бұлай қуанғаным жоқ. Кеденге қазақтар барып еді, не болды, былық пен шылық. Қалай орыстар келді, тәртіп орнады». (Тимур Тәниржарылқаған. Сыртым – бүтін, ішім – «Путин»... Айқын апта, 25.10.2012). Осымен, мақала авторының өзін-өзі, қазақты аямай кемсіткеннен кейін қандай жасөспірім қазақ баласы қазақ болғысы келеді? Тағы да, сөз арасы, теледидар мен әлеуметтік желілерде жиі қолданылатын «қарадомалақ» сөзі қазақтың бірінші ­сипаты ма? Осы сипатты қуана қабылдап, көңілдеріңіз тола ма?! Бұл сөзден мүлдем құтылу – тартымды келбетімізді сақтап қалу деп түсінген дұрыс.

Ғұлама әл-Фараби былай деген екен: «Үнінен, тілінен және дінінен айырылған халық жер бетінен жойылып кетеді». Оңтүстік Африка Республикасының тұңғыш қара нәсілді президенті, Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері Нельсон ­Мандела: «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса – шекараңды аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес» деген екен. Келіспеске лажымыз жоқ: айдан-айқын шындық. Жаратқан оның бетін аулақ қылсын.

Қашанда абыройымыз бен қадір-қасиетімізді биіктету үшін білек сыбанып кірісетін ісімізге, жұртқа ұсынар ойымызға, барша ел көңіл бөлер бойымызға мұқият және тиянақты болып, пәтуәсіз міншіл сырт көзге – «жақсылығымызды асырайық, жамандығымызды жасырайық», ағайын.

Нақыпбек Сәдуақастегі,

заңгер-публицист

1199 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы