• Руханият
  • 15 Сәуір, 2021

Алаштың ақ жолымен

Алашорда автономиялық үкіметінің төрағасы, ғалым, публицист, аудармашы, өз заманының аса көрнекті қай­раткері – Әлихан Бөкейхан қазақ елінің білім деңгейін, ұлт­тық құндылықтарымызды көтеруді қашан да бірінші орынға қой­ғанын ерекше атап өткіміз келеді.

Жалпы қазақ халқының едәуір бөлігі үшін балаларды оқыту мәселесінің маңыздылығын, XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басында халқына қызмет еткен тұлғалардың барлығы дерлік атап көрсеткен. XIX ғасырдың екінші жартысынан ­бастап, патша үкіметі қазақтардың білімі туралы өзінің көзқарастарын күрт өзгертті. Қазақ даласындағы басқару туралы ережелер жобасын жасаушылар «қазақ балаларын оқыту діндарлық рухында, оны басқа халықтардан оқшаулау рухында тәрбиелейтін молдалардың қолында қалып отыр» деп жазды. Ә.Бөкейханов мектептерді ашуға және мешіттер салуға рұқсат берілмегендіктен олар оқуды «жасырын ұйымдастырғандығын» айтады. Сол себепті де, Алаш зиялысы Алаш партиясының бағдарламасында білім беру ісін жетілдіруді өзінің басты мақсаттарының бірі етіп қояды.

«Алаш» партиясының бағдарла­масы жалпы білім беру барша жұртқа: «Қазақтарға да, орыстарға да, жұмыс­шылар мен шаруаларға да, кәсіпкерлерге де және басқаларға да таратылатын. Мектеп автономиясы, оқу үрдісіне үкіметтің араласпауы, мұғалімдер мен профессорлар сайланып қойылуы тиіс. Оқу ордаларының есігі кімге де болсын ашық һәм ақысыз болу, жұртқа жалпы оқу жайылу, бастауыш мектептерде ана тілінде оқу, қазақ өз тілінде орта мектеп, университеттер ашу, оқу жолы өз алдына автономия түрінде болу, ел ішінде кітапханалар ашылу ...» және т.б. ұсынды. Бұл идеялар қазіргі уақытта да өз құнын жойған жоқ.

Қазақ жерінің дамуына септігін тигізген Омбы қаласының қазақ халқының мәдениеті мен ғылымына, әдебиеті мен өнеріне өзіндік дамына әсер еткенін айтып өткеніміз жөн. Ертістің жағасындағы бұл қала ұлтымыздың талай біртума ұлдарының, оның ішінде Әлихан Бөкейханның да қанатын қатайтты. Тек тілі мен діні бөлек, қылығы мен ырымы басқа мұсылман батасын Омбы секілді ірі қалаларда орыс қоғамы құшақ жая қарсы алып жатпады. Қазақ халқының мәртебесін көтеру, оқу-ағартуды дамыту, қазақ жерінде қазақ балалары еркін білім алу мүмкіндігіне ие болуын, мектептер мен қазақ кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындарының ашылуын армандаған Алаш зиялыларының ой-армандары енді жүзеге асты.

Тәуелсіз Қазақстанда казақ балалары орта мектептерде тегін білім алу құқығына ие, қаншама қазақ баласы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінде, тіпті шет елдерде білім алуда. Алаш­тың, Алаш қайраткерлерінің, Әлихан Бөкейханның бастауымен ХХ ға­сырдың бірінші жартысында талай оқу орындары есігін айқара ашып, қазіргі кезде Қазақстанды әлемге танытуда. Сондай ғылым мен білімнің ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті бүгінде ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттер мойындай­тын алдыңғы қатарлы жоғары оқу орын­дарының біріне айналып отыр.

Р.Жарқынбаева,

тарих ғылымының докторы,

Н.Бекжанова,

магистрант

 

1551 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы